ӘОЖ: 37.016:581.1
"Өсімдіктер физиологиясы" пәнін
оқытуда бірлескен топтық жұмысты пайдалану
Г.Р. Оңғарбаева
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қызылорда,
Қазақстан
Әлемдік білім
саласында болып жатқан
жаңалықтар әсерінен еліміздің білім беру жүйесі
өзгеріп, түрленуде. Білім беруде
оқушылардың қызығушылығын жоғарылату,
шығармашылық қабілеттерін дамыту, өздігінен білім
алуға құштарлығын арттыру арқылы оқу үдерісін жаңаша
ұйымдастыру барысында өзін-өзі реттейтін тұлға
қалыптастыру көзделуде.
Бұл сындарлылық теориясына негізделген
оқытудың нәтижесінде жүзеге асады. Сындарлы
білім берудің басты идеяларының бірі- сабақта
топтық жұмыс арқылы бірлесе әрекет ету болып табылады. Құрастырылған
(конструктивтік) білім іздену, тану және ой-толғау
секілді білім алушылардың
өзіндік белсенді әрекеттері негізінде игеріледі.
Құрастырылған білім ұзақ уақыт есте
сақталып, өмірде кең қолданыс табады, өйткені
олардың мазмұны студенттердің өз мүдделері мен
қызығушылығынан туындайды.
Шағын топтық
(немесе жұптық) жұмыстар студенттерде бірлік,
командалық сезімдер қалыптастырып, сол арқылы
өздерінің ұжымға тікелей қатысы бар екендігін
аңғартады. Бірлескен жұмыс барысында шағын топ
мүшелерінің барлығы да өзара
қарым-қатынасқа негізделген әрекеттерді, атап
айтқанда тыңдай білу,
өз пікірін ұтымды және дәлелді түрде жеткізе
білу, ортақ пікір қалыптастыру, туындаған дау-дамайларды шеше
білу, бірлесе шешім қабылдауды жүзеге асырады. Мұнда
біреудің жұмыстан тыс не қалыс қалуы екіталай:
барлығы да қызу әрекетте болады, барлығы да жұмыстың
қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосады [1].
ЖОО
практика кезінде 5В011300-Биология
мамандығы студенттеріне "Өсімдіктер физиологиясы"
пәні бойынша
"Өсімдіктердің су алмасу физиологиясы", " Фотосинтез. Фотосинтездің жарықтағы
және қараңғыдағы сатылары ",
"Өсімдіктердің тыныс алуы" тақырыптарында сабақ өткіздім. Бастапқы
сабақта студенттерге шағын топтарда бірігіп жұмыс
жасайтындығы түсіндіріліп, оның негізгі мақсаты ұсынылды. Бірлескен
топтық жұмыстарды ұйымдастырудың мақсаты пікір алмасу, мәселені
бірлесіп шешудің жолын іздеу, барынша жоғары ұжымдық
нәтижелерге қол жеткізу, бәсекелестік туындату, бірін-бірі
оқыту болатын. Табысты оқу мен
оқытудың мәні оқыту үдерісінде жеке
тұлғалар өздерін еркін және сенімді сезінуіне
жағдай жасаудан тұрады. Сол себепті бірлескен топтық
жұмыс ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудан
басталғаны дұрыс, осы кезде студенттер өзара
сыйластықпен білім алуға ынталанып, топтар арасында білім
бәсекесі туындайды [2].
Сабақтарды студенттерді топқа бөліп, топтардың бір-біріне жылы тілектер айтуымен бастау бірлесіп жұмыс жасауға оң
ықпал тигізетінін байқадым. Студенттерге
топтық жұмыс туралы
видеолар көрсету арқылы топта бірлесіп жұмыс істеудің
негізгі мақсатын өздеріне ашқызып, топтық жұмыс
ережесін құрастыртып үйреттім. Алғашқы
сабақтарда студенттерде топқа бірігу, топтасып ортақ
жұмысқа жұмылу қиын болып, топта тек екі-үш
студент жұмыс жасаса,
соңғы сабақта топ мүшелерінің ауызбіршілігі пайда болып,
ынтымақтастық атмосферасы орнады. Оны студенттердің
берген кері байланысынан білдім.
Өткізілген сабақтар барысында студенттер топ болып ассоциация,
ББҮ, ИНСЕРТ, Ойлан, жұптас, топта
талқыла, ДЖИГСО стратегиялары бойынша тапсырмалар орындады.
Тапсырмаларды орындау барысында алғашқы
сабақта топпен жұмыста топ мүшелерінің
жұмысқа араласуы, ой-пікірлерін ортаға салуы мен бірін-бірі
тыңдауы төмен деңгейде болса, соңғы сабақта
студенттердің топ ішінде де, топ арасында да тақырып бойынша дискуссияға қатысуы, талқылауы жүргенін, яғни
белсенділік деңгейі жоғарылағанын байқадым.
Жақсы
ұйымдастырылған топтық жұмыс студенттер арасындағы
қарым- қатынасты,
мәселеленің шешімін
бірге табу дағдыларын, көшбасшылыққа
ұмтылу және өзіне деген сенімділігін дамытуға
ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде білім алушыларды
өздерінің оқуларына белсенді қатысуға
итермелейді. Топтық жұмыстар кезінде тапсырмалар орындау барысында
олар тек қана өз жұмысының ғана емес, топ
жұмысының нәтижесіне де жауапты екенін сезінеді [3]. Осындай
жағдайларда өз өзін реттеу, өзара бақылау мен
бірін- бірі оқыту процесі жүріп отыратындығына көзім
жетті.
Егер
дәстүрлі оқытуда топтағы 4-5 студент ғана
белсенділік танытып, қалғандары пассивті тыңдаушы ретінде
отыратын болса, топтық жұмыстар кезінде мұндай студенттер
топтық жұмысқа өз үлестерін қосып, өз
ойларын айтып, белсенділік танытатынын
байқадым. Алғашқы сабақта пассивті отырған студенттер топтың жұмыстарын бағалау кезеңдерінде өз үлестерінің
болмай жатқандықтарын біліп, келесі сабақтарда
сұрақтар құрастыру, ақпарат іздеу, топ
жұмысын таныстыру жұмыстарына араласып отыруға тырысты.
Жүргізілген сабақтар барысында
топтық жұмыстар ұйымдастыруда мынадай табыстарға
қол жеткіздім:
·
студенттер өз бетінше іздену, бірін-бірі
оқыту, басқаларының
көзқарасымен танысу арқылы тақырыпты өз
бетімен меңгеруге қол жеткізді;
·
берілген тапсырма бойынша студенттер өздері игерген
мәліметті бұған дейін меңгерген білімдерімен
байланыстырды, талдады, бұл механикалық есте сақтау мен
қайталаудан гөрі олардың тапсырма орындауға белсенді қатысып, ақпараттарды
өңдеуі мен қорытуына
ықпал етті;
·
студенттер әлеуметтік және эмоционалдық
тұрғыдан да дами түсті, өйткені олар түрлі
көзқарастарды тыңдап, өз пікірлерін айтып және оны қорғай білуді
үйренді;
·
студенттер арасында командалық рух дамыды,
топтық қарым-қатынас орнады.
Сонымен қатар
студенттердің берген кері байланысын
талдай отырып және өзіндік талдау жасай отырып, бірлескен топтық жұмыстар
жүргізуде сәтсіздіктерге кездескенімді білдім.
Алдағы
уақытта топтық жұмыстарды ұйымдастыруда осы
сәтсіздіктерді болдырмау және бірлескен топтық
жұмыстарды ұйымдастыруды жетілдіру үшін оқытудың
басқаша тәсілдерін пайдалануды кеңейтемін деген ойдамын.
Әдебиеттер тізімі:
1. А. Әлімов. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу
орындарында қолдану. Алматы, 2009ж
2. Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К.
Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды
оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген V-
құрал. - Алматы, 1998. – 78 б.
3. Мұғалімге арналған
нұсқаулық, ресурстар. www.cpm.kz
В
статье рассмотрены значение и методика организации групповой работы студентов
для улучшения качества образования. Анализировано применение групповой работы при обучении дисциплины
"Физиология растений" и сделан вывод об эффективности
конструктивистского образования.