Асетова Ж.Б., Медиева С.Х., Ахметова Б.Б.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

№34негізгі орта мектеп

Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтарын арттыруда ииновациялық технологияларды пайдаланудың ерекшеліктері

Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістеріне сай білім беруді жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – білім беруді ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын жаңа жағдайда қолдану арқылы жеке тұлғаның танымын зияткерлік әлеуетін дамыту негізінде әлемдік білім деңгейіне қол жеткізу. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде ... қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану» – деп, ақпараттық-коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамыту және оның мүмкіндіктерін әлемдік ақпараттық ортаға ену мақсатында қолдану ұсынылып отыр[1].

Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында білім беру жүйесінде жеткілікті нысана – білім, білік, дағды жиынтығын меңгеру ғана емес, оқушылардың ақпаратты өздігімен табу, талдау, құрылымдау және тиімді пайдалану дағдысын бойына сіңіру, ақпараттық процесті түрлендіру арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруға назар аударылған[2].

Білім беру мекемелеріндегі ақпараттық орта оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың қайнар көзі екендігін көптеген ғалымдар зерттеу нәтижелерінде және  педагогикалық тәжірибелерінде дәлелдеген.

Зерттеу жұмыстарында инновациялық технология құралдары оқу әрекетінің тұтастай құрылымының бір элементі,  танымдық процестерді дамыту және нәтижені бақылау құралы ретінде қарастырылып, барлық мүмкіндіктері сараланған. Соның ішінде мультимедиялық технология құралдарын оқу процесінде қолданудың педагогикалық мүмкіндіктеріне білімдік, дамытушылық, тәрбиелік, дербестендіру, ынталандыру, бейімдеуші, білімді меңгертуді басқару, бағдарлаушы, белсендіруші, қорытындылау, ізгілендіру қызметтері алынады. Осы аталған педагогикалық мүмкіндіктер оқушының танымдық қызығушылығын қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

 Психологиялық-педагогикалық зерттеулерге сүйенсек, танымдық қызығушылық әртүрлі пәннен білім алу барысында қалыптасады. Сондықтан оны дамыту осы пәндер бойынша білім мазмұнын ашуда ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарының тиімді қолданылуына тікелей байланысты. Себебі, білім беруді ақпараттандыруға бетбұрыс жасау, осы үдерістің заңдылығын зерттеуді оңтайландырып, оқу мазмұнын құру компоненттеріне елеулі өзгерістер әкелді. Білім беру мазмұнын өзгертудің бірнеше бағыттары ақпараттық қоғам мүшесін дайындаудың сапалы және нәтижелі үлгісін, олардың қарым-қатынасын, шығармашылық іс-әрекетін, танымдық қызығушылығын қалыптастырумен түсіндіріледі. Демек, бастауыш мектептің оқу мазмұны оқушылардың білім, білік, дағдысын, құзыреттілігін қалыптастыру көзделіп, танымдық қызығушылығын, шығармашылық ойлауын, өздігімен білім алуын, өзін-өзі бақылау және өзін-өзі дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан оқу мазмұнын мультимедиялық технология құралдары арқылы беруде көрнекілік, жүйелілік,  бірізділік, лайықтылық, теория мен практиканың байланыстылығы, пәнаралық байланыс, жағымды мотивация және оқытуда эмоционалдық ахуал құру қағидалары ескеріледі. Өйткені, қазір ақпараттық қоғам бастауыш мектептен бастап оқушылардың ұлттық сана-сезімі, ақпараттың ағынын қабылдау білігі, компьютерлік сауаттылығы және ақпараттық құзыреттілігі және мәдениеті танымдық қызығушылығына ықпал ететіндіктен, бұл қағида аталған механизмді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Инновациялық технологияларды қолдану арқылы  білім беру барысында оқушының зейіні, есі, қиялы, ойы мен тіл байлығы артып, шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпалын молынан тигізеді. Инновациялық технологиялар арқылы  оқушыларға білім бере отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды ескеруде, жан-жақты ерекшеліктерін қарастырған орынды. Егер кешегі күні дәстүрлі сабақ берудегі қатысымдық үрдісте мұғалім тек қана ақпарат беріп, оқушы ол қатысымдық үрдіске белгілі бір жағдайларға байланысты кіріге алмайтын болса, ал бүгінгі таңда инновациялық технологияны қолдану арқылы берілетін сабақта оқушы мұғаліммен үнемі қатысымдық әрекет жасап, екі жақты байланыс жүзеге  асады. Ал бұл әрекет осы негізде жалғасын тапса, ертеңгі күні оның жемісті  нәтижелер беретіндігі күмәнсіз.

Бастауыш мектептің оқу үдерісінде инновациялық технологияны қолдану ең алдымен оқушылардың пәнге деген ынтасын, қызығушылығын арттырады. Оқушылар теориялық білімін өздерін-өздері тексеру арқылы әрі қарай жандандырады. Сабақта қолданылатын жаттығулар көлемі ұлғайып, оқушылардың ойлау, жұмыс істеу қабілеті дамиды. Өз беттерінше де ізденіп бағдарлама дайындауға шығармашылық шабыт алады.

Демек инновациялық технологиялардың келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1                    «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы./ «Егемен Қазақстан» , 2007 .- 15 тамыз

2                    Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы /Егемен Қазақстан, 2010.- 5 желтоқсан

3              Аренова А.Х. Активизация познавательной деятельности младших школьников.-Автореф. дисс...канд.пед.наук.-Алматы, 1996.-25 с.

4              Айтмухамбетов А., Боранбаев С. Роль компьютерных и информационных технологий в формировании познавательной активности и самостоятельности // Высшая школа Казахстана. – 2001. – № 2. – С. 60-62.