Абильдина С. Қ., Оразбекова Н. Т.

 Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті, Қарағанды

Оқытудың үш өлшемдік әдістемелік жүйесі технологиясының тиімділігі

Қазіргі кезде біздің Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің жаңа мазмұны пайда болуда:

• білім мазмұны жаңа біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде;

• ақпараттық дәстүрлі әдістері – ауызша және жазбаша, телефон және радиобайланыс – қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға ығысып орын беруде;

• баланың жеке басын тәрбиелеуде, оның жан дүниесінің рухани баюына, азамат, тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде;

• мектеп, отбасы мен қоршаған әлеуметтік ортаның бала тәрбиесіндегі бірлігіне ұмтылыс жасалуда;

• қоғамдық біліммен бара-бар педагогикалық технологияның кеңінен қолданылуына және ғылымның рөліне мән берілуде [1].

Осыған орай Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында»: «Білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» – деп көрсетілген [2]. Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында білім ордаларында жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың негізгі мақсатын айқындап алуда, яғни «берілген үлгі бойынша өнім алу», оқытудың тиімділігін, сапасын көтеру.

Оқу технологиясы бірқатар маңызды да ұнамды талаптарымен еленген. Олар – үнемділігі, күрделі материалды түсінуді жеңілдетуі, білім-тəрбие процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етуі, білім ұсынудың жаңа əдіс – тəсілдерін пайдалануға икемді келуі.

Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшілігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын өмірге енгізуге ұмтылуы. «Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің: оқу-тәрбие процессін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, тұрпаттары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әрбір құрамның басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды» [3].

Жаңа технологияны пайдаланудың тиімді тұстары:

·                   Оқушының пәнге деген жеке қызыушылығын оятады;

·                   Танымдық қабілеттілігін қалыптастырады;

·                   Әлеуметтік мәдени тәрбие қалыптастырады;

·                   Оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды;

·                   Оқытушының уақытын үнемдейді

·                   Қосымша мәліметтер береді.

Жаңа технологияны пайдаланудың оқытушыға береріне келсек:

·                   Барлық баланы оқыту;

·                   Оқу тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға көмектесу;

·                   Білім берудің формасын оңайландыру міндеттерін атқару;

·                   Оқушының жеке қабілетін айқындау, іздену [4].

Қазір оқу орындар, педагогикалық ұжымдар ұсынылып отырған көпнұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды. Бұл бағытта білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әртүрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңызы зор.

Бүгінгі таңда педагогикалық технологиялардың 300-ге жуық түрі белгілі, солардың ішінде «Үш өлшемді әдістемелік жүйе» (УӘЖ) педагогикалық технологиясы(Авторлары: Ж.А.Қараев және Ж.У.Кобдикова).

Бұл технологияның ерекшелігі қандай, оның мақсаты мен мазмұны және оқу процесіндегі тиімділігі неде?

Үш өлшемді әдістемелік жүйе технологиясы дегеніміз – оқушының туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке даму жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі [5]. Бұл технология үш деңгейде берілген. Деңгейлеп оқыту оқылатын ақпараттың азаюы арқылы емес, оқушыларға қойылатын талаптардың әр түрлілігі арқылы жүзеге асырылады. Бұл технологияда бірінші орында оқушы тұрады және оның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады. 

Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі технологиясы - ол мұғалімнің шығармашылық қызметін және өзекті даму аймағынан ең жақын даму аймағына көшетін оқушының белсенді өздік танымдық іс-әрекетін көздейді. Мұнда оқу материалының мазмұны дайын ақпарат күйінде берілмейді, оқушының өздік еңбегі арқылы сапалы білім алу құралы ретінде ұсынылады. Әрбір оқушының дамуы басқа оқушымен емес, өзімен салыстырылады. Оқушыға өзін-өзі бағалауға мүмкіндік береді. Бұл технологияда жеке және топтық оқу түрлері негізгі болып табылады. Топтық оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларды шағын топтағы бірлескен жұмысқа тарту. Мұндай топта оқушы өз даралығын жоғалтпайды. Қажетті жағдайда оқушылар бір-бірінен көмек сұрай алады, ортақ міндеттерді шешеді. Бұл жағдайда әрбір оқушы тек өзінің жетістіктерін бағалап немесе кемшіліктерін түсініп қана қоймайды, сонымен бірге ортақ нәтижеге өзі қалай әсер ететінін көре алады. Жеке оқыту түрі оқушыға кейбір тапсырмаларға тереңінен тоқталуға мүмкіндік береді, өзінің де, мұғалімнің де алдында тапсырмалар жүйесін орындау нәтижесіне жауапты болуға үйретеді. Оқытудың бұл түрлерінің негізгісі – оқушыға сенімділік, өзіне жауап беру қабілетіне сүйену, ар-намыс және өзін-өзі сыйлау қасиеттерін ынталандыру. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту немесе қазақ сыныптарында оқыту болсын бұл технология барысында белгілі бір модульдік жүйеге негіздеу тиімді [6]. 

Атаулы технология бойынша деңгейлік тапсырмалар мазмұны: 

1-ші деңгей - стандарттың ең аз қажетті көлемін қамтиды; 

2-ші деңгей - бірінші деңгейдегі тапсырмалардан тереңдетілген, олардың себеп-салдарын анықтайтын деңгей; 

3-ші деңгей - жалпылауға, қорытындылауға арналған тапсырмалар. 

Бұл әдістеменің тағы бір ерекшелігі, оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандырып, арттыратын құрал ретінде «ашық журналда» қолдану аталмыш технологияның оқушыларды бағалаудың ынталандыру  жағын күшейтетін ұтымды бөлігі болып табылады. «Ашық журнал» арқылы әр оқушы орындаған тапсырмасын осы журналға тіркеу барысында олар бір – бірінің алға жылжуын бақылау мүмкіндігіне ие болады және деңгейлік тапсырмаларды орындау дәрежесі туралы ақпарат ала алады.

Технологияның тиімділігі:

1.                 Технологияның «психо сақтаушы» екендігін айтуға болады, өйткені ол оқу процесінің барлық қатысушыларына қолайлы жағдай туғызады.

1.                 Баланың жеке қасиеттерін, оның темпераментін, оқу материалын қабылдау ерекшеліктерін ескеруге жағдай жасайды.

2.                 Мұғалім технологияны жұмыс барысында қолдануда үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.

Қорыта келе, « Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі » педагогикалық технологиясы арқылы төмендегі көкейтесті мәселелер шешімін табатынын айтуға болады:

1. Оқушылардың білім сапасы көрсетіледі олар әрбір пән бойынша мемлекеттік стандарт деңгейінің ең аз қажетті көлемін 100% үлгеріммен қамытуына кепілдік алады;

2. Қабілеті жететін пәндерден жоғары деңгейлерге дейін жете алатын болады;

3. Әр оқушыға үй жұмысы жеке басының қабілетіне сәйкес сараланып берілетін болады. Сол арқылы артық жүктемені жою мәселесі шешімін табады.

4. Дарынды балалар дер кезінде анықталып, дами алады.

5. Оқу сапасының мониторингісі және диагностикасы оқушы білімін бағалаудың әділеттілігі қамтамассыз етіледі.

6. Оқытуды ақпараттық технологиялар тиімді пайдаланады.

Бүгінгі күнгі адамзат ойының қарыштап дамып бара жатқан кезеңінде қабілетті тұлға дайындаудың жүгі өте ауыр. Ол үшін бүкіл оқыту әрекетінің ең тиімдісі сұрыптала қолданылуын қажет етеді. ОҮӘЖ технологиясынының мақсаты түбегейлі орындалуы үшін мектеп бала үшін қызмет атқаруы керек. Ол білім алып қана қоймай, оны өмірде қолдана білетін, қажетті білімді өзі біліп, табуға үйреніп, іс-әрәкет жасай алатын болу керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Халықова К.З., Абдулкәрімова Г.А. «Педагогикалық информатика /білім беруді ақпараттандыру», – Алматы, 2007.

2.     Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.  2007 ж.

3.     Таубаев Ш.Т, Барсай Б.Т «Оқытудың қазiргi техналогиялары», // Бастауыш мектеп, 1999. - №3.

4.     Омарбекова Т. «Жаңа педагогикалық технологияның ерекшелігі мен тиімділігі»  // Бастауыш мектеп, №8-9, 2007 ж.

5.     Кобдикова Ж. У. «Үшөлшемді әдістемелік жүйе - білім беру сапасын арттырудың тиімді құралы» «Арман - ПВ» баспасы, 2013. 

6.     Қараев Ж.А., Көбдікова Ж.У. «Технологиялық тәсіл негізінде педагогикалық жүйені жаңартудың өзекті проблемалары», - Алматы, Жазушы, 2005 ж., - 200-б.