Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Жолдасова Б.Б.
А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университеті, Түркістан қ.
КӨРКЕМ БІЛІМ
БЕРУДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ БАУЛУ
Қазақстанның XXI ғасырда өркениетті
әлемнен орын алып, дамыған елдер деңгейіне жетуіне
ықпал етер бірден-бір құдірет - білімді ұрпақ
болмақ. Қазіргі кезде Қазақстан сияқты көп
ұлтты мемлекет алдында, біріншіден,
біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру міндеті
тұрса, екіншіден, ұлттың
этнопедагогика мен этнопсихологиялық озық дәстүрлеріне
сүйене отырып, жеткіншектер санасына туған халқын
қадірлеуде ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ
ұлттық салт-дәстүрін меңгеру, тілі мен
әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеу тарихи
қажеттілік болып отыр [1].
Болашағынан зор үміт күтетін кез-келген тәуелсіз
елдің, азат өмір сүру жолындағы кез-келген
ұлттың ең қастерлі міндеті - сол ұлттың
төл болмысымен санасу арқылы өткен тарихымен үндес бола
алатын, жас ұрпақтың санасын шыңдауға кызмет
ететін білім жүйесін қалыптастыру. Сол себепті қазіргі
таңда жастарды халықтық тәрбиенің негізінде
оқыту, ұлттық өнердің өркендеуіне жол ашу
қажеттілігі туып отыр. Бұл мәселе Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің
басты міндетінің бірі ретінде «Ұлттық және жалпы
адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері
негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және
кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін
қажетті жағдайлар жасау» керектігі белгіленген [2].
Осы тұрғыдан қарастырғанда халықтың
дәстүрлі өнер түрлерін жинақтап зерделеу,
оның айналасындағы тәлім-тәрбиесі мол тәжірибесі
негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеу бүгінгі
күннің талабы саналады. Мектептерде оқу үдерісін
дидактикалық тұрғыдан қайта қарастыру жергілікті
халықтың ерекшеліктері мен дәстүрлерін тиімді
қолдануды жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетке
баулу маңыздылығы жөніндегі мәселелердің де
көкейкестілігі арта түседі. Бұл мәселе білім
берудің түрлері мен әдістерін жаңарту, әрбір
оқушының шығармашылық қабілетін барынша дамыту,
ұлттық өнердің түрлі жанрларын, сайып келгенде,
жалпы ұлттық мәдениетке баулу арқылы шешімін табуы
тиіс. Әрбір оқушының шығармашылық
қабілеттері тек оның жеке басының туа біткен
қабілеттеріне ғана емес, сондай-ақ оны тәрбиелеп
отырған қоғамдық ортасының тарихи
қалыптасқан дәстүрлі ұлтының
дүниетанымына да байланысты. Ал қазақтың
ұлттық дүниетанымы ежелден келе жатқан
дәстүрге айналған рухани қазынасы арқылы
қалыптасатыны анық.
Ұлттық
мәдениетiмiздi танып бiлуге, оны бағалауға
Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев,
А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев пiкiрлерi
тұжырымдамалық негiз болып табылады. М.О. Әуезов, Е.Б. Бекмаханов, М. Ғабдуллин,
С.А. Қасқабасов, Ә. Марғұлан,
Б.Р. Қазыханова, Б. Байжiгiтов, Н. Сәрсенбаев
және т.б. зерттеушi ғалымдар еңбектерiнде бұл
мәселелер одан әрi дамытылды.
Бейнелеу өнерінде мектеп
оқушылары қажетті білім, білік, дағдыларды меңгерумен
қатар, кейбір ерекше қасиеттерді қалыптастыруы тиіс,
оларға ең алдымен нақты өмір құбылыстарын
бақылауда көре білу, сол құбылыстарды бейнелеуде
шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту. Бейнелеу өнері
тек көркем бейнені құрып қана қоймайды, сонымен
бірге олар белгілі бір мазмұндық ойды, түрлі сезімді,
дүниетанымды білдіреді. Сонымен бірге бейнелеу өнерінде не
бейнеленгені маңызды болып қоймайды, мұның қалай және
қандай көркемдік құралдармен бейнеленгені де
маңызды мәнге ие.
Бейнелеу өнерінің оқытудағы педагогикалық
ұстаным – жас ұрпақты өз елiнiң мәдениетi
мен өнерiнен бастау алатын жалпы адамзаттық көркем
мәдениетке қарай жетелеу. Бейнелеу өнерi сабақтарында
оқушылар жан-жақты бiлiм, бiлiктiлiктi меңгередi, көне
мәдени тарих, сәулет өнерi, табиғат әсемдiгi мен
құбылыстары мен әртүрлi халықтардың
сәндiк қолданбалы өнерiнiң ұлттық
ерекшелiктерге толы өнерi жайлы мағлұматтар алады. Осылайша
оқушылар өздерiнiң ата-аналарымен бiрге бейнелеу
өнерiнiң қызықты бiлiм мазмұнын бiрнеше жылдар
бойы жинақтайды, нәтижесiнде отбасы өмiрiнде де рухани
мәдени атмосфера орнайды. Мектеп оқушыларының рухани жан дүниесінің
дамуына, шығармашылық қабiлетiнiң артуына,
көркемдiк-эстетикалық дамуының толық қалыптасуына
бейнелеу өнерiнiң қосар үлесi зор [3].
Қазақстандағы көркемдік білім берудің дамуы
мен қалыптасуын сөз еткенде, біздің өткен
тарихымызға көз салмай кете алмаймыз. Өнер халықпен
бірге жасап, бірге өмір сүреді. Өнердің дамуы,
халықтың тарихымен, қоғамдағы
өзгерістерімен тығыз байланысты.
Ұлтымыздың мәдениетін
сақтап, оны келер ұрпаққа жаңа
көзқараспен жетілдіріп жеткізуде білім беру ісі басты
құрал болып саналады. Қазіргі таңда білім берудің
негізгі мақсаты – білімін, біліктілігін, дағдысын
қалыптастыруға қол жеткізу ғана емес,
ұлттық тәрбие негізінде ертеңгі
қоғамның белсенді азаматы – бүгінгі оқушы
тұлғасын қалыптастыру. Ұлттық
мәдениеттің негізі болып табылатын этнопедагогикалық білім
беру мен ұлттық тәрбие берудің басты
құралдарының бірі – қазақтың
ұлттық өнері. Қоғамдағы болып жатқан
өзгерістерге сәйкес әлеуметтік-экономикалық
қатынастарды түбегейлі қайта құру қазіргі
мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие берудің ролін
айрықша арттырады.
Халықтық
мұрадағы ұлттық өнер – адамның
қалыптасуына, дамуына, тәрбиесіне ықпалын тигізетін ең
күшті құралдардың бірі. Болашақ
ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, білім
сапасы жоғары, халқымыздың асыл мұрасын,
салт-дәстүрін сүйетін, ұлтын, жерін, елін
қадірлейтін, адамгершілігі мол етіп тәрбиелеудің негізі
мектептен басталатыны белгілі. Осы ұлттық өнер
құралдары арқылы жас ұрпақты ұлттық
мәдениетке тәрбиелеу және білім беру бүгінгі
таңда көптеген педагог-ғалымдардың және тарихшы
этнографтардың зерттеулерінің өзегі болып отыр.
Ғасырлар бойы
қалыптасқан өнер мұрасының бүгінгі
күнге жетуіне халық шеберлерінің үлесі мол. Халық
шеберлері жасаған қолөнерінің даму тарихын,
түрлерін, оларды дайындау технологиясын зерделеген
ғалымдардың еңбегін саралап көрелік.
Ә. Марғұлан
«Казахское народное прикладное искусство» (1984) деген кітабында қазақ халқының
ұлттық қолөнерінің шығу тарихын, экспедициялық материалдарды, тұрмыстық заттары мен
жұмыстарына түсінік береді.
X. Арғынбаев «Қазақ
халқының қолөнері» (1995) атты
кітабында қазақ халқының қолөнер
үлгілерін этнографиялық тұрғыдан жан-жақты
суреттермен түсіндіріліп,
қолөнер салаларын: ағаш, металл, тас
өндеу, тері өндеу, мүйіз ұқсату өнерін
жанжақты баяндайды.
Ә. Тәжімұратов
«Шебердің қолы ортақ» (1981)
деген
кітабында өнердің де тілі ортақ дегендей халқымыздың
ұлттық қолөнер бұйымдарын баршаға
таныстырып, оның қыры мен
сырын оқырманға қолөнердің әсем де, көркем нұсқаларын,
өнер байлығы жайлы әсерлі әңгімелейді.
С.Қасимановтың
«Қазақ халқының қолөнері» (1995) атты
кітабында қолөнердің көптеген түрлеріне: киіз
басу, өрмек, кілем өнері, қайыс өру өнері, тас
өңдеу өнері, зергерлік өнері зерттеліп,
бұйымдарды әсемдеу, ою-өрнектермен олардың
мәніне, түрлеріне байланысты кейбір атауларының
түсіндірме сөздігі беріледі.
Қазақстанның егемендік алуы, қазақтың
көркемдік мәдениетін қайта қарап, өнердегі
олқылықтардың орнын толтыруға көне мәдениет
үлгілеріне баға беріп, жаңаша талдау жасауға
бетбұрыс жасады. Осы тұрғыдан алып қарағанда,
Ө.Жәнібековтің «Уақыт керуені» (1992) еңбегінде
қазақтың көне қару-жарақтары, ұлттық
киімдері, құрал-саймандары, зергерлік бұйымдары,
салт-дәстүрі, сәулет өнерінің ескерткіштері,
шаруашылығы және тері өңдеу, киіз, кілем, алаша, ши
тоқу, кесте тігу, құрақ құрау сияқты
сол өнердің түрлерінен мол мағлұматтар берілген.
Автордың бұл еңбегі соңғы кезде жастарды
әсемдікке, халық дәстүріне тәрбиелеуге
қажетті құралға айналды.
А.Ғалымбаеваның «Қазақтың
ұлттық киімдері» атты еңбегінде қазақтың
ұлттық киімдерінің суреттері түрлі-түсті бояумен
салынған және оның қасына қай аймақта
жасалғаны, киімнің киілген жылдары жазылған, зергерлік
бұйымдардың да суреттері берілген.
С. Төленбаев «Қазақ халқының
ою-өрнектері» (1997) деген еңбегінде
ою-өрнектердің түрлерін,
әр түрлі формаға,
бітпес ою-өрнектердің түрлері мен салыну технологиясын
реттілікпен көрсетеді.
М.Ш.Өмірбекованың «Қазақтың
ою-өрнектері» атты еңбегіне мыңнан астам ежелгі және
қазіргі заманғы ою-өрнектер енгізілген, сондай-ақ
олардың мазмұны мен құрылымына қарай
жүйеленіп, топтастырылған. Еңбекте халқымыздың
ежелгі өнерінің даму тарихына, теориялық және
өзіндік ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасалынады.
Аталған еңбектер мектептің бейнелеу пәнінің
мұғалімдерінің көркемдік білім беруде оқу
тәрбие жұмыстарына қолданылған құралдары
қызметін атқарды, ұлттық оқу мен тәрбие
мазмұнын айқындауға игі ықпалы болды.
Қазақстанда мектеп оқушыларын бейнелеу өнеріне
оқыту ережелері мен талаптары, заңдылықтарының пайда
болуына, балалардың өзіндік психикалық ерекшеліктерін ескере
отырып, дұрыс әдістемелік нұсқаулардың
қалыптасуына педагог – ғалымдар Қ.Ералин, Ә.Қамақов,
Б.Әлмұхамбетов, Е.Асылханов,
Қ.Әмірғазин, Е.Әуелбеков, Т.Бүркітбаев т.б. айналысып, оқыту саласына қомақты үлес қосып келеді. Олардың
тұжырымдары мен әдістемелік ғылыми жұмыстары бастауыш
мектепте, орта мектепте және жоғары оқу орындарында бейнелеу
өнері пәнін оқытудың маңыздылығын
көтеріп, оқушылардың жан-жақты дамуына,
дүниетанымын қалыптастыруына, эстетикалық, адамгершілік
тәрбиесін күшейтуге үлкен серпін жасады.
Көркемдiк тәрбие беруде бейнелеу
өнерiнiң тағы бiр негізгі атқаратын мiндетi – ол әрбiр жасөспірімнің
бойына мәдениеттілікті қалыптастыру, табиғи қабiлетiн дамыту, соған
қолдау жасау, болашақта суретшi мамандығын
меңгермесе де, өмiрге қажетті қандай да болмасын мамандықтың білікті
иесі болып шығуына ықпал жасау. Бейнелеу өнері пәні
оқушының сурет салудағы біліктілігін дамытып қоймай,
адамның рухани және ұлттық сана-сезімін
қалыптастырады, жалпы егемен
еліміздің өркендеп дамуына
зор әсерін тигiзедi. Сондықтан, орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту кезiнде тәрбие мен
оқытудың бiрлiгi, тек педагогикалық жағын емес, адамның
мәдени құндылығын мағыналы түрде арттырады.
Мектеп мұғалiмi балалардың сурет салу қабiлеттерiнiң ғылыми негiздерiн түсiнiп, баланың салған суретiн бағалау кезiнде оның
табиғи мүмкiншiлiгiн ескерiп, әрбiр салған баланың суретiн
шығармашылық туынды ретiнде қарауын басты назарда алуы ең негізгі
талап болып саналады. Әрбiр сыныпта өтiлетiн бейнелеу өнерi пәнiндегi затқа қарап
салу, тақырыпқа байланысты композиция орындау, сәндiк сурет
сабақтарында берiлетiн тапсырмалар, бiр-бiрiмен өзара байланыста болуы басты шарт [4].
Әрбір адам өнердің игілікті күшін
бала кезден бастап сезінеді. Ол біздің рухани жағынан жетілуімізге
ықпал етеді, жеке бастау және қоғамдық
өмірде кездесетін мәселелердің шешімін табуға, тіпті
кей жағдайда өмірден өз орныңды табуға
көмектеседі. Мектеп оқушыларының талғампаз болуы сурет
салу, қолөнеріндегі сұлулықтарды түсінуі
олардың рухани азығын молықтырады, адам баласы жасаған
мәдени мұралармен таныстырып, соны терең түсінуге
тәрбиелейді. Осылайша оқушылар бейнелеу өнерiнiң
қызықты бiлiм мазмұнын бiрнеше жылдар бойы жинақтайды,
нәтижесiнде олардың өмiрiнде рухани, мәдени атмосфера
орнайды.
Мектеп оқушыларына бейнелеу өнері
пәнін оқыту арқылы ұлттық мәдениетті дамыту
негіздері мынадай міндеттерден көрініс табады:
- бейнелеу өнерінің мәнерлеу
тілін үйрену;
- сурет салу өнерінің
заңдылықтарын меңгеру арқылы қоршаған
ортаға қарым-қатынасты
қалыптастыру;
- қоршаған ортаны эстетикалық
тұрғыда бағалауға қажетті білім мен дағдыны
қалыптастыру;
- бейнелеу өнері сабақтарында
оқушының шығармашылық іс-әрекеттерін жетілдіру;
-оқушылардың ұлттық
өнерге деген мақтаныш сезімін арттыру.
Мұндай міндеттерді шешудің
мүмкіндігі
бағдарламалардағы берілген тапсырмалардың
мазмұнындағы
ұлттық мәдени мұраны тиімді пайдаланғанда
ғана артады.
Ойымызды нақтылай
келе, мектеп алындағы басты міндет – оқушыларды
халқымыздың ұлттық игіліктері мен адамзат мәдени
мұралардың сабақтастығын сақтай отырып жас
жеткіншектің бойында ұлттық мәдениеттің
қалыптасуына жан – жақты мүмкіндік жасау.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Қожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика:
методология, теория, практика. –Алматы: Ғылым, 1998. -317 с.
2 Қазақстан Республикасының «Білім
туралы» заңы //Егемен Қазақстан, 1999. - 7 маусым
3 Ералин
Қ., Айменов Ж. Қазақстан бейнелеу өнері арқылы
эстетикалық тәрбие беру (Оқу-әдістемелік құрал) -Түркістан:
Қ.А.Ясауи атындағы
ХҚТУ, 2009, -93 бет
4 Аманжолов
С.Ә. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. –Астана:
ЕҰУ, 2010. -320 б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада мектеп
оқушыларына бейнелеу өнерін оқытуда ұлттық
мәдениетке баулу мәселесі қарастырылады
РЕЗЮМЕ
В данной статье рассматривается вопрос приобщения
учащихся школ к национальной культуре путем обучения изобразительному искусству
SUMMARY
In this article the question of attaching of schools of pupils is examined
to the national culture by educating to the graphic art