ӘӨЖ 159.923.2

Торгауыт. Ж

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Басқа мемлекеттен келген студенттердің кәсіби даярлығы, кәсіби іс-әрекеттінің психологиялық анықтауышы ретінде

Профессиограмманың маңызды құраушысы психограмма болып табылады. Ғылымға «психограмма» терминін алғаш рет ХХ-ғасырда неміс психологі В. Штерн енгізген.

Психограмма кәсіби іс-әрекетті психологиялық талдау арқылы құрылады (О.И. Галкина, Ю.В. Котелова, А.А. Крылов, В.Д. Шадриков, А.К. Маркова, Ю.П. Поваренков, және т.б.).

Психограмма кәсіби іс-әрекетті тиімді орындауға; қарым-қатынасқа; кәсіби дамуға; еңбектегі төтенше жағдайларда шешім қабылдауға қажетті психологиялық қасиеттердің жиынтығы болады. Басқаша айтқанда, психограмма мамандықтың психологиялық портреті, болмысы болып табылады.[1]

Психограмманы нақты бір мамандық түріне тән психологиялық қызметтер анықтайды. Дегенмен, психограмма – кез-келген іс-әрекет бойынша маманның мотивациялық, еріктік, эмоциялық саласындағы және оның кәсіби қызметті атқару мүмкіндіктерінің сипаттамасы. Психологиялық зерттеулерде олар төмендегідей нақтыланады:

1.          Адамның мотивтері; мақсаттары; міндеттері; қажеттіліктері; қызығушылықтары; қатынастары; құндылық бағдарлары; психологиялық ұстанымдары.

2.          Тұлғаның кәсіби амбициялары; кәсіби ұмтылыстары; маман ретінде өзін-өзі бағалауы; кәсіби санасы.

3.          Маманның эмоциялары; психикалық күйлері; эмоциялық болмысы.

4.          Тұлғаның өзінің кәсіби іс-әрекетіне, оның барысы мен нәтижесіне  қанағаттануы.

5.          Адамның өзі таңдаған мамандығының және еңбек етудің психологиялық астарлары бойынша психологиялық білімі.

6.          Маманның психологиялық негіздегі әрекеттері, тәсілдері, икемділіктері, қолданатын психотехникалары мен психотехнологиялары.

7.          Тұлғаның нақты бір кәсіби іс-әрекетке қабілеті.

8.          Адамның кәсіби білім алуға және кәсіби тұрғыдан дамып, жетілуге әлеуеті мен психологиялық даярлығының болуы.

9.          Маманның кәсіби ақыл-ойы; шығармашылығы; өзінің кәсіби іс-әрекетін жетілдіруге мүмкіндігі.

10.      Тұлғаның маман ретінде өзіндік дамуы; өзінің кәсіби тұрғыдан дамуын жобалап, жүзеге асыруға икемді болуы.

11.      Адамның өзі таңдаған мамандығына сәйкес келмейтін психикалық сапалары; психологиялық даму деңгейінің кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыруға жеткіліксіздігі; кәсіби мотивацияның тұрақталмауы. 

12.      Адамның кәсіби дамуының бағыттары; кәсіби іс-әрекетіндегі бағыттар мен маман ретіндегі тұлғалық бағдарларының ыдырауы, оларды жөнге келтіру жолдары.  

13.      Болашақ маманға кәсіби білім берудің жолдары.

14.      Болашақ маманның нақты кәсіби іс-әрекет аясында маңызды болатын кейбір психологиялық сапаларын жетілдіру, түзету амалдары мен технологиясы.[2]

Кәсіби іс-әрекеттің психологиялық негіздемелерінің арасында 1966 жылы америкалық ғалым Дж. Холланд (Голланда) жасаған тұжырымдама ғылым мен тәжірибеге қосылған елеулі үлес болды. Оның психологиялық тұжырымдамасы тұлға теориясы мен мамандық таңдау теориясын ықпалдастыру арқылы жасалған. Дж. Холланд әлдеқайда маңызды тұлға құрылымы ретінде бағыттылықты анықтайды. Ол бағыттылықтың құндылық бағдарлар, қызығушылықтар, қатынастар, мотивтер сияқты негізгі құраушыларын тағайындаған. Осы құраушылар негізінде Дж. Холланд мамандыққа қатысты тұлғаның алты түрлі типтерін ажыратады:

-                    реалист (R);

-                    зияткер (І);

-                    әлеумет-бағдарлы (S);

-                    іскер (Е);

-                    артист (А);

-                    конвенциялық (С).[3]

Тұлғаның әр типі нақты бір кәсіби іс-әрекетті ұйымдастырып, шығармашылықпен жүзеге асыруға психологиялық сапалардың жеткілікті даму дәрежесімен сипатталады. Сондықтан, Дж. Холланд әр типтің кәсіби іс-әрекеттегі жетістікке жетуін олардың тұлғалық сапалары арқылы анықтайды.

Реалист типімен сипатталатын мамандарға әрқашан жоғары деңгейдегі эмоциялық тұрақтылық, моториканың дамуы, икемділік, кеңістікті қабылдау тән болады.

Зияткер типіне келетін маман белсенділіктің, аналитикалық қабілеттің, теориялық ойлаудың, шығармашылықтың жоғары бітісімен сипатталады. Бұл типтегі тұлғалар көбінесе ақыл-ой еңбек түрлерін таңдайды.

Әлеумет-бағдарлы тип өкілдері адамдармен өзара қатынас және өзара әрекеттестік жасауға бағдарланады. Олар өздерінің ерекше коммуникациялық қабілеттері, бауырмалдығы, басқа адамдардың жан-дүниесін сезімталдықпен түсінуі, эмпатия танытуы арқылы сипатталады. Бұл тип мамандары басқаларғы тәрбие беруге, білім беруге бейім келеді.

Конвенциялық типке сәйкес келетін мамандар нақты жоспармен, құрылыммен ұйымдастырылып, жүзеге асырылатын іс-әрекетте табысқа жетеді. Оларға іс-әрекет бойынша берілетін нұсқауды әрқашан бұлжытпай орындау; көзге көріне бермейтін, күйбеңі көп жұмысты атқару ауырлық түсірмейді. Бұл тип өкілдері қызметте басшы, жетекші болғаннан гөрі, орындаушы рөлін тиімді атқарады.

Мұнда, тұлғаның әр типінің үлгісі маманның мақсаттары; құндылықтары; қызығушылықтары; қабілеттері; өзіне ұнамды кәсіби рөлдері; қол жеткізетін табыстары мен мансаптары бойынша құрылған.

Бірақ, өмірде аталған типтердің бірімен ғана сипатталатын тұлға, маман өте сирек кездеседі. Көбінесе тұлға 2-3 типке сәйкес аралас сипаттамамен танылады. Бірақ, басқа типке қарағанда, бір типтің белгілері басым болуы әбден мүмкін. Осыған байланысты, Дж. Холланд әр тұлға типінің түрлі кәсіби ортаға бейімделуін, басқа мамандықпен үйлесуін дұрыс алтыбұрышты үлгі түрінде бейнелеген.

Сонда, Дж. Холландтың психологиялық тұжырымдамасы кәсіби іс-әрекеттегі табыстылық, жетістік тұлғаның психологиялық сапаларына байланысты болады. Нақты айтқанда, кәсіби ұстанымдары, кәсіби маңызды қасиеттері мен мінез-құлқы, жүріс-тұрысы ұқсас адамдардан құралатын ортаның және маманның тұлғалық ерекшеліктері арасында сәйкестік қызметтің кез келген түрінің тиімді атқарылуына психологиялық негіз болады. Дж. Холландтың психологиялық тұжырымдамасы кәсіби іс-әрекет психограммасының мазмұнын сипаттайды.

1952 жылы Доналд Сьюпер (Супер) кәсіби даму теориясын тұжырымдаған. Аталмыш теория жоғары мектепте кәсіби білім берудің, психограмма құрастырудың шарттарымен үйлеседі. Д. Сьюпер кәсіби даму теориясын мамандықты меңгеруге психологиялық негіз болатын бірқатар қағидаларды айқындайды:

-        адамдар бір-бірінен қабілеттері мен қызығушылықтары бойынша ерекшеленеді;

-        адамдар мамандықты психологиялық қасиеттеріне сәйкес таңдауы тиіс;

-        әр мамандық түрі тұлғаның психологиялық дамуына талаптар қояды;

-        тұлға мамандық талаптарына сәйкес болуы тиіс;

-        тұлға мамандықты игеруде табандылық танытуы қажет;

-        маман жұмыстағы басқа адамдармен өзара әрекеттесуге икемді болуы керек;

-        адамның мамандыққа қатынасы; кәсіби құзіреттілігі; жұмыста қарым-қатынас жасау аумағы; кәсіби дамуы – тұрақты бола алмайды, оларға әрқашан өзгермелі сипат тән;

-        кәсіби білім меңгеруде, еңбек етуде тұлғаның өзін-өзі танытуға ұмтылысы ғана тұрақты, орнықты болады;

-        мамандықты меңгеру ұзақ мерзімді; түрлене алатын; тұлғаның «Мен»-тұжырымдамасына байланысты процесс болып табылады;

-        кәсіби білім алу, мамандық меңгеру және кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыру адам өміріндегі белгілі бір сатыларды, кезеңдерді сипаттайды;

-        кәсіби мансап типтерін адамның ақыл-ой қабілеттері мен тұлғалық сапалары, оларды ашып көрсетуге мүмкіндік беретін ішкі әлеуеті; отбасының әлеуметтік-экономикалық статусы анықтайды;

-        тұлғаның кәсіби қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыру арқылы психологиялық дамуға басшылық жасауға болады;

-        кәсіби даму тұлғаның «Мен»-тұжырымдамасының дамуы мен бекуі; жеке-дара және әлеуметтік факторлардың өзара шарттасуы; кәсіби рөлді қабылдау болып табылады;

-        тұлғаның қызметіне және өмірге қанағаттануы оның қызығушылықтарының, қабілеттерінің, тұлғалық қасиеттерінің, құндылықтар жүйесінің жұмысында да, тіршілігінде де дәлме-дәл келіп, өзара беттесу дәрежесіне тәуелді болады.  [4]

Д. Сьюпер (1957) психологиялық көрсеткіштері бойынша кәсіби дамудың сатылары мен кезеңдерін ажыратады:

1.    Баланың «Мен»-тұжырымдамасының пайда болып, айналасындағы адамдармен сәйкестенуін; болашақтағы кәсіби дамуына әсер ететін қызығушылықтардың дамуын сипаттайтын «өсу» сатысы. Бұл сатыға 4-10 жастағы балалардың қажеттіліктері басым болатын  «фантазия» кезеңі; 11-12 жастағы жеткіншектердің кәсіби рөлдерді қиялында жасайтын «қызығушылықтар» кезеңі; 13-14 жастағы жеткіншектердің сыртқы талаптарға сәйкес көрінетін «қабілеттер» кезеңі қамтылады.

2.    Түрлі кәсіби рөлдерді байқап, кәсіби іс-әрекетті меңгерумен анықталатын «зерттеу» сатысы. Зерттеу сатысында 15-17 жастағы жасөспірімдердің кәсіби таңдауын, таңдаған мамандыққа  байланысты өз мүмкіндіктерін аңғаратын  «эксперимент» кезеңі; 18-21 жастағы индивидтердің «Мен»-тұжырымдамасын жүзеге асыратын «өту» кезеңі; 22-24 жастағы тұлғалардың «сынау» кезеңі орын алады.

3.    Тұрақты кәсіби ұстанымның, мансаптың «бекіп, нығаю» сатысы. Мұнда 25-30 жастағы адамдардың кәсіби іс-әрекетте танылуы немесе басқа мамандық таңдауы болатын «сынау» кезеңі; 31-44 жаста бар күш-қуатты таңдап алған мамандыққа бағыттайтын «орнығу» кезеңі сипатталады. Бұл саты көптеген тұлғалардың еңбектегі шығармашылығының, белсенділігінің шыңы болып табылады. 

4.    Алдыңғы сатыларда қызмет барысында қол жеткен жетістіктерді, статусты сақтауға ұмтылатын «сақтау» сатысы (45-64 жас).

5.    Физикалық және зияткерлік мүмкіндіктердің кемуі анық байқалатын, кәсіби іс-әрекеттен алшақтау орын алатын 65 жастан кейін «бәсеңдеу» сатысы.

Д. Сьюпердің тұлғаның кәсіби даму теориясынан басқа нұсқаны Роберт Хейвигхерст (1964) ұсынады. Ол тұлғаның кәсіби даму жолын еңбек етуге бағдар алып, дағдыларын жетілдіруге байланысты 6 сатыға бөледі.

1.    Баланың өзін жұмыс істейтін ата-анасымен, жақындарымен өзін сәйкестендіру сатысы (5-10 жас). Бұл сатыда баланың «Мен»-тұжырымдамасы келешекте өзінің маман ретінде еңбек ету ниетімен толығады.

2.    Оқушылардың негізгі еңбек дағдыларын меңгеру және еңбекқорлық қасиеттерінің даму сатысы (10-15 жас).

3.    Нақты мамандықтың бір түрін таңдаумен, кәсіби білім алумен анықталатын кәсіби сәйкестік сатысы (15-25 жас). Мұнда тұлға мамандық таңдау және мансапқа жету үшін еңбек тәжірибесін жинақтай бастайды; кәсіби дайындау процесіне белсенді қатысады.

4.    Ересектердің кәсіби шеберлікті жетілдіріп, қызметте жоғарылау мүмкіндіктері өзектенетін кәсіпқой маманның қалыптасу сатысы (25-40 жас).

5.    Маманның кәсіби мансаптың шыңына шығып, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілікпен қоғам игілігі үшін қызмет ету сатысы (40-70 жас).

6.    Тұлғаның кәсіби іс-әрекеттің өнімді шақтарын ойға алып, толғану сатысы (70 жастан кейін). Зейнетке шыққан соң адамдар өздерінің кәсіби жетістіктерін қанағаттану, сағыныш сезімдерімен еске түсіру жиі болады.  

Ал, болашақ мамандардың жоғары мектепте талапқа сай кәсіби білім меңгеруі, оқу-кәсіби іс-әрекетті тиімді жүзеге асырып, жетілдіруі, кейін кәсіпқой маман деңгейіне көтерілуі психологиялық қасиеттермен қоса бірқатар факторларға тәуелді болады. Грэйс Крайг (2000) көрсеткен ондай факторлар қатары да психологиялық астарларының айқындығымен ерекшеленеді:

-        тұлғаның өзінің, отбасының, жақын адамдарының әлеуметтік-экономикалық статусы кәсіби дамуға ықпал етеді;

-        тұлғаның ұлттық ерекшеліктерінің мамандық таңдап, кәсіби жетілуде маңызы бар;

-        индивидтің жыныстық өзгешелігі  мамандық түрін таңдауға, кәсіби білім меңгеруге, мансапқа қол жеткізуге әсер етеді;

-        ата-аналарының, жақын адамдарының мамандығы да тұлғаның кәсіби даму жолын нақтылап, сипаттайды.[5]

Олай болса, болашақ мамандарға кәсіби білім беруде психограмма бағдар ретінде анықталады. Сонымен қатар, жоғары мектепте кәсіби дайындаудың тиімділігі студенттерге психологиялық білім берумен байланысты.Ал, жалпыкәсібидайындаужүйесіндегі білім беру жағдайын, ерекшеліктерінталдап, бағалаупсихологиялық білім берудіңмәнісінтүсінугемүмкіндікбереді. Психологиялық білім беру – мамандардыоқыту-тәрбиелеупроцесініңбөлінбейтінқұрамы. Соныменқатароныңсалыстырмалытүрдедербестіктеболатындайөзіндікерекшеліктері де бар.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.           Методология исследований по инженерной психологии и психологии труда / Под ред. А.А. Крылова. – Л., 1974.

2.           Гарбер Е.И. Методика профессиографии / Е.И. Гарбер, В.В. Козача. – Саратов, 1992.

3.           Иванова Е.М. Основы психологического изучения профессиональной деятельности. – М., 1997.

4.           Зеер Э.Ф. Психология личностно ориентированного профессионального образования. – Екатеринбург, 2000.

5.     Зеер Э.Ф. Психология профессионального образования. – М.-Воронеж, 2003.