Қазіргі қазақ романдарын жоғары мектепте оқытудың педагогикалық негіздері

Ақболатов А.А.

Абай атындағы ҚазҰПУ

          

        Резюме

В этой статье рассматривается проблема обучения современных казахских исторических романов. Анализируются исторические познания и художественные решения, а также, образовательное и воспитательное значение исторических романов в национальном познании. Обсуждаются принципы образовательной системы Казахстана в процессе глобализации, значимость образовательных парадигмов в наше время.  Говорится не только о значении  эстетики, но и воспитательно – образовательной роли  литературы в формировании патриотизма.

Summary

        This article deals with the problems of teaching the modern Kazakh historical novels. The historical cognition and artistic decision, as well as educational and educational value of historical novels in the national cognition are analyzed. It is discussed the principles of the educational system of Kazakhstan in the process of globalization, the importance of the educational paradigm in our time. It is not spoken only about the importance of aesthetics, but also educational - educational role of literature in the formation of patriotism.

 

Қазіргі кезеңде егемен еліміздің жас ұрпақтарын тұлғалы сапаларының негіздері жан-жақты қалыптасқан, қоғамдық-әлеуметтік белсенділігі жоғары интеллектуалды адамдар етіп тәрбиелеу басты талаптардың біріне айналып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” деген тақырыпта ел халқына арнаған жолдауындағы аса көздеген мақсаты болып білім беру ісі Отанның игілігі үшін саналы түрде таңдау жасауға және өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті патриотты тәрбиелеуге қолдау көрсетуге назар аударуы елдің тыныштығы мен татулығын сақтап, отаншылдық рухын қалыптастыру бағытында жобаларды іске асыру үшін, заман талабына сай барлық салада, соның ішінде білім беру саласында түбегейлі ауқымды жұмыстар жүргізіп жастарға отансүйгіштік тәрбие берудің қажет екендігін көрсетті [1].

Еліміз егемендігін алғаннан бері республикадағы азаматтардың отаншылдық рухын қалыптастыру бағытында жобаларды іске асыру үшін, заман талабына сай барлық салада, соның ішінде білім беру саласында түбегейлі ауқымды жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстан Республикасы «Білім беру туралы» заңында «Білім беру жүйесінің міндеттері: .... азаматтық пен елжандылыққа, өз отаны- Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікпен, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу» [2] – делінген. Осы айтылған маңызды құжаттардағы мақсаттарды орындауда білім беру жүйесіндегі оқытылатын пәндер қатарынан әдебиеттің ерекше рөлі бар екені баршаға аян. Себебі, Елбасы жолдауындағы, «Білім туралы» заңдағы айтылған азаматтық пен елжандылықты қалыптастыруда әдебиет пәнінің алатын орны ерекше. Аталған мәселе туралы педагогика ғылымдарының докторы, әдіскер-ғалым Б.Ө. Сманов: «Бұл жауапты жұмысты жүзеге асыруда орта мектепте өтілетін пәндер қатарында қазақ әдебиетінің алатын орны ерекше. Өйткені оқушыларға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда  көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептеледі»[3,3], - дейді.

Ал осы мәселені жоғары кәсіби білім беруде, яғни болашақ мектепте сабақ беретін мамандарды даярлау ісінде оқытуда маңызды болып саналады. Болашақ мамандар мектепте оқытылатын әдебиет курсын өздері терең меңгеріп, көркем шығарманы ғылыми-теориялық талдаудың негіздерін меңгерулері қажет.

Мектеп бағдарламасымен салыстырғанда, жоғары кәсіби білім беруде әдебиетті оқыту, ең алдымен, сол әдебиеттің дамуындағы жаңалықтармен, оның жалпы даму бағытының ерекшеліктеріне назар аударып, тұтас әдеби процеспен, әдебиеттің даму тенденциясымен байланысты қаралады, соған лайық топтастырырылып, әдебиеттің көркемдік құндылығы жоғары туындыларымен тығыз байланысты жүргізіледі. Әдебиет үздіксіз даму үстінде болатын процесс болғандықтан, әдебиеттің соңғы жылдар ішіндегі табыстарының өзі қазіргі кезең әдебиеті курсының мазмұнына едәуір өзгерістер енгізіп, үнемі оқу бағдарламаларын жаңартып, қадағалап отыруды қажет етеді. Кәсіби мамандарға әдебиет курстарын оқытуда әдебиеттің үздіксіз даму тенденцияларын меңгертіп отыру дәрістер, практикалық, семиралық, арнаулы курс, арнаулы семинарларда қамтылып отырады. Бұл сабақ түрлері болашақ мамандардың теориялық білімінің, көркемөнерге, әдебиетке деген көркемдік-эстетикалық талғамының, әдістемелік білігінің қалыптасуында маңызды орын алады.

Жоғары оқу орындарындағы әдебиеттік оқу материалдары түгелдей бүгінгі заман туындыларынан не соңғы дәуір шығармаларынан тұрмайды. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы әдеби шығармашылықты оқытуда әдебиеттегі дәстүр мен сабақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, салыстырмалы-тарихи талдау әдісіне көңіл бөлген абзал. Мысалы, қазіргі қазақ романдарын оқытуда қазақ әдебиетіндегі эпикалық тектің жалпы қалыптасуына үлес қосқан М. Дулатов, М. Жұмабаев, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сынды тағы да басқа классикалық әдебиеттің дәстүр сабақтастығын байланыстыра оқыту маңызды болмақ. Бүгінгі әдебиеттің көркемдік деңгейін, поэтикалық қуатын зерделеу үшін, өткен әдебиеттің бағдарында барынша сабақтастыра қарап, әдеби мұраны бүгінгі таным түсінік тұрғысынан игеріп, оларды оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елжанды, патриоттық көзқарастарын қалыптастыруға әдеби туындылары арқылы бойға даритын рухани, адамгершілік қасиеттер мен идеялық ұстамдылыққа үйрету ісіне шеберлікпен пайдалану керек.

Қазіргі қазақ романдарын оқытуда ғылыми-теориялық, әдістемелік еңбектерге сүйене отырып жұмыс жүргізген тиімді болмақ. Мысалы, әдебиеттегі дәстүр мен сабақтастық мәселесіне қатысты талдаулар жүргізгенде, қазақ романының туу, қалыптасу, өркендеп қанат жаюын зерделеген іргелі еңбектерді басшылыққа алу тиімді болмақ. Осылардың бәрін қазіргі қазақ романдарының даму тенденцияларын оқуытуда ғылыми-теориялық, әдіснамалық бағдар ретінде негізге алып, студенттерді ғылыми ізденушілік, шығармашылық бағыттағы жұмыстарға үнемі бағдарлап отыру болашақ кәсіби мамандардың әдеби білім қорының толығуына септітігін тигізері анық.

Әдебиеттің эстетикалық, танымдық, тәрбиелік маңызы бір-бірімен тығыз үндестік байланыста болады.

Адамның қоғамдық өмірінде таным, сенім, тәлім-тәрбие, талғам деген шарттас ұғымдар арқылы қоғамдық білім құралы қалыптастырады. Осылардың ең алғы шарты – таным, адам бір нарсені танымай  тұрып, таным пайда болмайды, ал танылған нәрсе туралы ғана сенім пайда болады. Тәлім арқылы адамға тәрбие кемелдегенде адамның жақсы-жаман дейтін талғамы қалыптасады. Міне осыдан кейін ғана адамның қоғамдық білімі қалыптасады. Осылардың бәрінде сөз өнері өмір оқулығы рөлін ойнайды, адамның рухани азығы болады. Айталық ақын-жазушылар белгілі бір өмір шындығын таңдап алып өз айтайын деген ойына сай қоғамдық өмірге бір немесе бірнеше кейіпкер жаратып, оларды суреттеу арқылы сол қоғамдық адамдар таным-нанымын, сенімін, алған тәлім-тәрбиесін, өмірге деген талғам арқылы білім қабілетін суреттейді. Ал осы шығарманы оқыған адам өз заманының ерекшелігін таниды. Қоғамдық борышын сезініп, қандай адам болу керектігінен тәлім алады. Таным дамиды, өзгереді. Танымның уақыттық, замандық, қоғамдық, ұлттық сипаты болады[4,17].

Адам тәрбие арқылы білімденеді. Тәрбие белгілі бір мақсат, міндет, талап бойынша жүргізіледі. Ал сөз өнері тәрбиесі – көркем шығармаларды оқу арқылы адамдар өзінінің кім екенін, жақсы мен жаманды парықтауға ие болады. Сөз өнерінің тәрбиелік рөлі кеше де болды, бүгін де, ертең де бола бермек. Мысалы, тақырыбымызға сәйкес қазіргі қазақ романдарының танымдық, тәрбиелік жағын сөз ететін болсақ, оған мысал боларлық романдар жетерлік. Бір ғана Жанат Ахмадидың «Ай - тұмар» романының тарихи деректілігімен қоса, ұлтымыздың көшпенді тұрмысын, салт-дәстүрін бейнелейтін этнографиялық, фольклорлық сарын молынан кезігеді.

Аталған романның тақырыбы жоңғар шапқыншылығы тұсында ұлы жүз елінде қарадан шығып хан сайланып, сол елді небары бес жылдай басқарып, жиырма бес жасында жоңғар хандығының қастандығынан қайтыс болған Нұрабайдың туып ес білгеннен өмірден өткенге дейінгі даналық тұлғасын сомдаған. Және соған қатысты күретамыр кейіпкерлер тағдыры арқылы жазушы сол заман бейнесін суреттеген.

Жазушының тарихи тақырыпты қозғай отырып, сол кезеңдегі қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, танымынан хабар беретін деректердің молдығы жастарға ұлттық құндылықтар туралы тәлім-тәрбие беруде таптырмас құрал деуге болады. Энтографиялық, фольклорлық мәліметтерден киіз үйдің жасалу технологиясы, қол өнерінің түрлері, бәдік айтыс, бата беру дәстүрі, қара өлең айту, бақсы сарыны, құда түсу, қалың мал төлеу, шешендік сөздер, т.б. ұлттық құндылықтарымыздың тізбектеліп, көркем шығармашылықтың композициялық құрылымына сәйкес қиюластыра отырып пайдаланады.

Ұлттық тәлім тәрбиеге қатысты қалыптасқан тұжырымдардың тағылымдық мәні зор үлгілері романның өн бойынан кездесіп отырады. Романда ұмыт бола бастаған салт дәстүрлер үлгісінің кездесуі, мақал мәтелдедің, тіпті романның басынан аяғына дейін шешендік сөз үлгілеріне құрылуы романның ұлттық танымдық құндылығын арттыра түседі.

Автор романының көркемдік эстетикалық қуатымен бірге, жоғарыда сөз еткен тағылымдық, тәлімдік мәні туралы ғалым, профессор Т.С. Тебегенов: «Жазушының «Ай-тұмар» (2009) атты тарихи-деректі романы – қазақ прозасындағы эпикалық көлеммен жазылған соңғы жылдардағы көрнекті туындылардың бірі. «Ай-тұмар» романының идеялық-композициялық желісін құрап тұрған әсерлі эстетикалық-көркемдік желі – қазақтың ұлттық-этнографиялық тұрмыс-салтының, әдет-ғұрыптарының бейнеленуі... Қазақ халқының, жерінің сақталуы сынға түскенде, бастары қосылған би-шешендердің ел, ұрпақ, атамекен хақындағы бейнелі өрілімді өрнекті көсемсөзді-толғанысты сөздері өрнектелген. Түркі халықтарының сөз, әуез, сарындары мен би қозғалыстарын тұтастыра, өнер киесі ықпалымен сырқаттарды емдейтін бақсы құдіреті ықпалында сезінеміз.

Қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерінің материалдық және рухани мәдениет салаларын тұтастыра ұрпақтарға эстетикалық қуат беретін тағылымын да осы романның сюжеттік-композициялық бөліктерінде поэтикалық үйлесіммен берілген мұралардан байқаймыз»[6,204], - деп тұжырымдайды.

Қоғам дамыған сайын әдебиеттің де танымдық маңызы дамиды, өзгереді деп жоғарыда айтқан болатынбыз. Оған дәлел ретінде, кешегі кеңестік кезеңде ұлттық құндылықтар, ұлттық тарихымызға қатысты таным түсініктің ашық айтылмауы, кейбір жағдайларда теріс түсіндірілуі де ұлттық әдебиеттің қанат жаюына белгілі бір дәрежеде кедергі  болды. Ал тәуелсіздіктің орнауымен тарихи танымның өзгеруі, ұлттық құндылықтарға деген жаңаша көзқарастардың белең алуы да, әдебиеттің танымдық негізіне әсер етті. Әсіресе, тарихи тақырыптарды жазуда, тарихи тақырыптардың көркемдік тұрғыдан игерілуіне де біршама әсер етті.

         Қазіргі қазақ романдарын оқытуда көркем шығарманың мазмұндық көлемін игертумен бірге, қазіргі әдебиетіміздегі дәстүр мен сабақтастық мәселесін, тарихи, уақыттық, қоғамдық танымға деген авторлық жаңаша пайымдауларын, көзқарасын ескеру қажет. Мысалы, тәуелсіздік кезеңінен кейін жазылған романдардағы тақырыптардың бұған дейінгі кезеңдердегі игерілуі, сол кезеңдегі авторлық ұстаным, тақырыптардың бүгінгі күнмен салыстырмалы түрде талдау қажет.

         Қазіргі қазақ романдарының даму бағдарын зерделей қарасақ, өткен көне тарихи тақырыптарды жазумен қоса, заманауи тақырыптарды да көркемдік эстетикалық деңгейде талдаған шығармалар молынан кезігеді.

Тәуелсіздік рухының әсерімен өмірге келген романдардың бір тобының көркемдік мақсаты – қазақ халқының басынан өткізген отаршылдық зардаптарын шындық тұғырына иек арта отырып жеткізу. Сондықтан бұрынғы жабық тақырыпты қозғаған бұл туындыларды еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге келген көркем ізденістердің айқын нышандарының бірі деп тануымыз қажет. Әдебиеттің тақырыбы өткен тарихты қозғаумен шектелмейтіні, әр қаламгер өзі өмір сүріп отырған кезеңнің көркем келбетін жасауға да ұмытылатыны белігілі. Бұл жағынан қазақ романшылары оқырман қауымға замана толқынымен келген өзекті мәселелерді көрсетуге талаптанды. Осындай шығармалардың қатарында, Д. Досжанның «Ақ Орда» (2005), С. Елубайдың «Жалған дүние» (2003), Ж. Шаштайұлының (2004), Қ. Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте» (2008), Ә. Ыбырайымұлының «Ұяластар» (2005), Ш. Құмарованың «Ғасыр нұры» (2012) тәрізді біраз романдары бар.

         Заманауи тақырыпты көтерген жиырма бірінші ғасырдың романдары соны ізденістерімен, ой еркіндігінің қанаттана түсуімен, уақыт тынысын өз қалпында жеткізе білуіндегі талпыныстарымен оқырман көңілінен орын табары сөзсіз.

         Қорыта айтсақ, біз қазіргі қазақ романдарын оқытуда әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелерімен қоса, оқыту мәселесіне тікелей қатысты педагогика ғылымының жетістіктеріне сүйеніп,  жалпыдидактикалық ұстанымдар: ғылымилық, білімнің беріктігі, жүйелілік, бірізділік, қолжетімділік, яғни түсініктілік, шынайы өмірмен байланыс, тағылымдық, тәрбиелік, теорияның тәжірибемен байланысы сынды қағидаттарды ұстануымыз аса маңызды. Сондай-ақ, қазіргі әдебиет курстарын оқытуда ұстанатын арнайы: қазіргі әдебиеттанудың ғылымдық мәліметтеріне сүйену (себебі, жаңашылдық пен дәстүр мәселесінде өткен шығармашылық мұраларды жаңаша көзқараспен талдау, әдебиетті қайта оқу); мәтінмен жұмыстың басым маңыздылығы; қазіргі кезең әдебиетін оқытудың түпкі мақсатының қазіргі заманмен, әлеуметтік жағдайға сәйкестілігі; белсенді әдеби шығармашылық орта қалыптастыру; ғылыми таным әдістеріне (бақылау, сараптау, синтез және т.б) үйрету, тағы басқа қағидаттарды ескеруіміз қажет. Сонда ғана, кәсіби жоғары білім беру жүйесіндегі оқытылатын әдебиет курстары өз мақсаттарына жетеді.

         Тұтастай алғанда, қазіргі қазақ әдебиеті арқылы еліміздің елдігін, ұлттық идеяны насихаттаудың, жас ұрпақты рухани адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеудің рухани құндылық мұраттарын, поэтикалық қуатын жас мамандарға меңгерту маңызды болып саналады. Ол үшін қазақ әдебиетін кәсіби мамандарға оқытудың жайын жылдан-жылға дамытып, оқытушылардың ғылыми-теориялық даярлықтары мен әдістемелік шеберліктерін арттырудың қажет екені даусыз. Пәнді оқытуда заманауи технологияны пайдалану, эпикалық көлемді шығармаларды, әсіресе романдарды мазмұндық тұрғыдан игеріп, көркем шығармашылықты талдатуда ғылыми таным әдістеріне сүйеніп, сондай-ақ оқытудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсу маңызды болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1 Назарбаев Н.Ә.  “Қазақстан жолы”.-Астана, 2007.  - 360 б.

2 Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы //Қазақстан мұғалімі. –Алматы, 1998.- № 4.– Б. 1-8.

3 Сманов Б.Ө. Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін  дайындалған диссертация, Алматы. 2010.

4 Райыс Ғ. Сөз өнері теориясы: Оқулық кітап. – Алматы: «Таңбалы» баспасы, 2010. – 524 бет.

5 Тебегенов Т.С. Тәуелсіздік дәуіріндегі жаңа қазақ әдебиеті (ХХ ғ. 90-жылдары және ХХІ ғ. Бас кезі): Монография. – Семей: «Үш биік» баспасы, 2013. -380 б.