филол.ғ.к. Қансейітова Э.Ж.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ
ИСЛАМДЫҚ-АҒАРТУШЫЛЫҚ АҒЫМНЫҢ
ПОЭТИКАЛЫҚ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ әдебиетінің тарихында
исламдық-ағартушылық бағдардағы әдеби
шығармашылықтың өзіндік тарихы,
поэтикалық-эстетикалық ерекшеліктері бар. Ислам дінінің
қасиетті қағидалары Құран кітабы
сүрелерінің аяттарын халық арасындағы
имандылық-адамгершілік тәрбиесіне арнап насихаттау
ақындардың шығармалары арқылы таралды.
Қазақ әдебиеті тарихындағы ислам дінін
насихаттаған ақындардың шығармалары халықтың
ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі
әдет-ғұрып жолымен үйлестіріле жырланды.
Сондықтан, ислам дінінің қасиетті уағыздары
халқымыздың тарихында
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан
ұлттық тәлім-тәрбиенің де өзегі болып
келеді.
Ақындардың имандылық-адамгершілік
тәрбиесіне арналған мұраларының ішінде фәни мен
бақидың жалғастығы үнемі басты назарда болады.
Фәнидегі тіршілікті мағыналы, мазмұнды өткізу
арқылы бақидағы салтанатты кезеңге ауысатын
жағдайды адамдардың есінен шығармауы үнемі
насихатталады.
Ақын қажы Үлімжіұлының
"Ахирет баян" ("Қиямет-ахуал") атты дидактикалық
дастаны - қазақ поэзиясындағы
исламдық-ағартушылық дәстүрдегі көрнекті
шығармалардың бірі. Кітаптың аталуы, жариялануы туралы осы
дидактикалық дастанның нұсқаларын жинап
толықтырып, баспаға әзірлеп жариялаған Кәкей
Жаңжұңұлы Ақыт кітабының алғы
сөзінде былай дейді: "Ғұлама ақын, дін
ғалымы Ақыт қажы Үлімжіұлының халыққа
кең таралған насихаттық жырларының бірі -
"Ахирет-баян". Бұл шығарма -
"Қиямет-ахуал", "Ахуал қиямет",
"Қиямет қайым" деген атпен де мәлім. ...Жырдың
екі дүниелікте танымдық және тәрбиелік ғибраты
зор. Бұл насихаттық толғауды 1908 жылы Қазан қаласында
"Ахуал қиямет" деген атпен Кәрімовтер бастырған.
Кітаптың фотокөшірмесін Уфаның сирек кітаптар қорынан
ғылыми қызметкер Мұхаммәдиұлы
Құрмет хан әкелген еді" [5, 31].
"Ахирет - арабша- ахирәт":
қазақша мағынасы - "соңы",
"ақыры", - "ол дүниелік өмір" [3, 21].
Ақыт ақынның дидактикалық толғау-дастанының
идеялық-композициялық желісінде мынадай мәселелер
жүйелене сабақтасып, саралана жырланады: біріншісі -
ақынның жырды әуелі Аллаға сыйынып бастап,
оқырмандарына арнай жырлауы; екіншісі - Алла жаратқан Адам Атадан
басталған адамзаттың, пайғамбардың, бір-біріне
жалғасқан тарихнама жолын жүйелуі; үшіншісі - он
сегіз мың ғаламның ахирет күні кезеңін,
бақиға барғандардың фәнидегі
қылықтарына орай тозаққа және жұмаққа
жіктеле жіберілгендерін суреттеу; төртіншісі - тозақ пен
жұмақтың әрқайсысына сипаттама беру; бесіншісі -
ахиреттің сараптамасына адамдардың дайын болуына
арқалған ақынның насихаттық уағызы.
Дидактикалық дастанда фәниден
бақиға барғандардың ахиретте "Тозақ"
тұңғиығының үстіндегі сират (арабша -
"жол") көпірінің үстінен өтіп жатқан
кезеңнің суреті Алланың кітабы Құран
аяттарындағы суреттеулерге сәйкес жырланады. Ақын
өмір шындығын ислам уағызымен сабақтастырады.
Үш мың жылдық сират көпірінің жуандығы
қылдай, төменгі жағы жеті тозақ екендігі, барлық
пенделердің қасиеттерінің сол жерден өтіп
жатқандарында айқындалатыны айтылады:
...Өтеді кейбір адам аттай шауып,
Кейбірі аяңдайды қылған қауіп.
Күнәсі көп адам мен
кәпір-дұшпан,
Қисайып тайып кетер аяғы ауып.
Күнә-жүк боп басады қараңғылық,
Өтеді жалғыз қылдан қайдан тауып.
Жарық болса көпірді көрер еді,
Төмен түсіп құлайды
тозаққа ауып.
Күнә - тұман болады, сәуап
жарық,
Жарықпенен жол табылар анықталып [5, 40-41].
Дидактикалық дастанда фәнидегі жасаған
ізгілік, имандылық-адамгершілік тазалығы үшін
көпірдің үстінен аман-есен өтіп
жұмаққа кіргендердің поэтикалық-романтикалық
тұлғалары бейнеленеді:
...Бұл өзі тақуалар
құлдық қылған,
Тәуба қып, намаз оқып, ерте
тұрған.
Алланың
не десе де әмірін тұтып,
Тар
жерде Құдай үшін жанын қиған.
Машқарда жақсылықты көреді екен,
Алланың әміріне түзу
тұрған.
Жайлары осылардың жұмақ болар,
Хор құшып, пырақ мініп
көңіл толар.
Құдайым
несіп қылып иман берсе,
Дәулет
- құс
адамзатқа сонда қонар... [5, 24-25]
Дастанда ақын Құранда негізделген
жұмақты өмір шындығының суреттерімен
үндестіре бейнелейді. "Жаралған дін күткенге сегіз
жұмақ" деп, онда барғандардың хақтың
дидарын көретінін, нұрдан жаратылған, "Түкірігі
бір түкірсе бал боп кетер, бетінен бір өпкенің
көңілі өлмес" бес жүз хор қыздарын иелену,
ешкімнің қартаймайтыны, бір сағатта жетпіс түрлі киім
кию, пырақ атқа міну, көксеген тамағын
қызметшілерінің үнемі даяр етуі және т.б. жағдайларды
жырлайды.
Дастанда сират көпірінен өтерде Ғарасат
(арабша - әрәсат; қазақша -"қорқынышты
сот күні жиналатын орын") майданында бүкіл адамзаттың
зар жылап тұрған сәті әсерлі бейнеленеді. Періштелер
күрзілермен соққылап, Ғарасат майданында айдап
әкеліп жатқандардың фәнидегі қылықтарына
орай, имандыларының жақсылыққа, имансыздарының
жазалауға ұшырап жатқандарын ақын әрқилы
бейнелеулермен өрнектейді. Мысалы, халықты алдаған
саудагердің аузынан қан ағады, екіжүзді алдаушы
әзәзілдер шошқаға айналады, жетімге зорлық
істегендер іштеріне ірің толады, зинақор-ойнасқорлардың
бөкселерінен сасық сары су ағады, ешқашан зекет,
қайыр бермеген надан байлардың қарындарына жылан-шаян
толады, "Пірмін" деп елді алдағандар сиырға, оған
сенген надандар бұқаға айналады. Арақ ішкен
маскүнемдердің тістері өгіздің мүйізіндей болады.
Бес намазын оқымағандар шынжырланады, тозақтың
тереңіндегі жыландар сорады, шаяндар шағады.
Құдайға жалған құлшылық ететін
алаяқтар да азап шегеді. Әділетсіз әкім болғандар
есекке айналып, періштелер оларды таяқпен сабайды.
Дидактикалық дастанда "Бисмилладан"
жарылқанатын төрт адам (ата, ана, ұстаз, бала) екендігі де
аталады. Ал, жұмаққа бұрын кіретін кім екендігін де
ақын ислам шариғаты бойынша түсіндіреді.
Жәбіраһил періштенің төрешілік жасауымен әуелі
молда, содан кейін қажы, жомарт, жәһит ғази (дін, Отан
үшін жанын қиған майдангер) кіретін болады. Бірақ,
молда өзіне жасаған жомарт байдың жақсылығын еске
алып, жолды соған береді:
"Жомартқа
жолын берер молда ғаріп,
Сондықтан
жомарт кірер бұрын барып.
Молданың
жақсылығы сонда тиер" -
Деп айтқан хақ пайғамбар хабар салып
[5, 47].
Дастанның дидактикалық идеясын,
философиялық түйіндеулерін танытатын ақындық
толғаныстар туындының гуманистік-эстетикалық мұратын
танытады. Дастанның композициясына желі - нысан (Қарасат) майданындағы
сараптаулар, адамдардың сапасына қарай Жұмаққа
және Тозаққа сират көпірі арқылы жіберілетіні -
жалпы адамзатқа ортақ имандылық-адамгершілік сапаны
сақтау көзқарасымен үндес мәселе. Ақын
дидактикалық дастанының құрылым желісінің
әр жерінде өзінің ағартушылық, ұстаздық-тәрбиешілік
түйіндеулерін оқырмандарына тікелей арнай жырлайды.
Жұмақ пен Тозақ туралы бейнелеу
жырларының қатарында Мәшһүр Жүсіптің
"Жетпіс бап" роман-дастанының елу үшінші-елу
төртінші баптарын қамтитын "Қиямет ахуалы"
қиссасы да бар. Дастан әлем әдебиеттерінде оның
ішінде қазақ сөз өнерінде тұрақты жырланып
келе жатқан сөз арқауындағы бақи дүние
болмысын көз алдымызға шынайы елестетумен ерекшеленеді.
Ақынның екі дүние (фәни мен бақи)
хақындағы дүниетаным түсінігі осы шығармасында
да айқын аңғарылады. Екі бөлімнен
құралған осы қисса-дастанның идеялық-композициялық
желісінде көркемдік уақытқа тән баяндау мен
жинақтаудың поэтикалық сипатын аңғарамыз.
Әдебиеттер:
1.
Құран
Кәрім: Қазақша мағына және түсінігі.
Аударған Халифа Алтай. Медине Мұнаууара Сауд Аравия, һижри
1411, Мілади 1991, 604 б.
2.
Қоңыратбаев
Ә., Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары,
Алматы: Қазақ университеті, 1991, 400 б.
3.
Рүстемов
Л.З. Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша
түсіндірме сөздігі. -Алматы: Мектеп, 1989, 320 б.
4.
Тебегенов
Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен
фольклор дәстүрі. -Алматы: Білім, 2001, 332 б.
5.
Үлімжіұлы
Ақыт. Ғахылия (жыр, толғау, қисса, дастандар)
Баян-Өлгий баспагер компаниясы, 1994, 428 б.
6.
Дербісәлиев
Ә, Ислам және заман. —Алматы, 2003, 560 б. 11.
7.
Қалижанұлы
У. Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық
ағым (XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың
басы). -Алматы: Білім, 1998, 256 б.
8.
Әбілұлы
М. Қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық поэзия.- Тараз:
Қайнар, 2003, 206 б.