Қазақ тілі магистрі Бердибаева И.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Халықтық топонимдердің аңыз-әңгімелерге қатысты семантикасы

 

Дүние жүзі халықтарының тілінде өз ұлтының тарихын жасауда ономастикалық атаулардың алатын орны ерекше.  Тарихи даму сатысында  түрлі дүбірлі дәуірлер оқиғасы сол ұлттың өз тілінде сақталып, сөздер мен тұрақты тіркестері арқылы келер ұрпағына жетеді. Адамзат қоғамы сатылап дамыған сайын ұлт тілінде қалыптасып кеткен мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, нақыл сөздер сияқты тұрақты тіркестер мазмұнында сандаған тарихи оқиғалар, антропонимдер мен топонимдер  жаңғырылып қайталанып отырады. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесі, адами ізгіліктері мен рухани құндылықтары, қоғамның әлеуметтік сипаты, сөйлеу әдебі принциптері, білімі, жалпы этнологиялық кеңістігі туралы түсініктері ұлтымыздың қазынасы -  оның тілінде, тілдік құрылымдарында көрініс тауып, сақталып , жианқталған. Жианқталу негізінде қазақ тіліндегі топонимдердің әлеуметтік қызметі жүйелі түрде қалыптасып дамиды.

Бес мейрам бірлестігінен тарайтын рулармен көрші қатынаста болған дадан тобықты, тама, бағаналы, тарақты , қанжығалы руларының да өмір сүргендігін тарихи деректер мен аңыз әңгімелер растайды. Олардың арасынан да әйгілі билер шығып, Арқа даласындағы ел басқару істеріне араласып отырған. Олардың даналығы мен тапқырлығын бағалаған халық олардың есімдерін топонимдермен таңбалап, бүгінге дейін әулие санап, олар жерленген өңірлерді солардың атымен атап келеді. Солардың бірі Жобалай би көп жылдар бойы дадан тобықты руның болысы болған. Оның шешендігін, тапқырлығын ел қатты сыйлаған. Кеңес өкіметі орнағаннан соң оны болыстық қызмет атқарған үшін қыс айында шанаға салып, орталыққа алып жүреді. Жолда қолы байлаулы Жобалай шанадан ауып түседі, орнынан тұрып шанаға отыруын бұйырған айдаушыға «Жобалай  керек болса, көтеріп ал» деген сөз ел арасында мәтелге айналған.

Орталық Қазақстандағы ел қорғаны батырлар есімдеріне байланысты қойылған геронократиялық атауларының қоғамдағы орны ерекше. Қазақ хандығына қатысты болған тарихи-әлеуметтік жайлардың бәрі де Орталық Қазақстан жерінен тыс өтпеген.

Шыңғыс хан мен қазақ хандары ту тіккен Шыңғыстау мен  Ұлытау өңірлері – тарихтың қайнар көздері. Осы өңірлерде жауға  шапқан Жалаңтөс (Соқыр), Жидебай, Сеңкібай, Байғозы, Ағыбай, Олжабай, Күшікбай, Қарабас батырлардың ерлік істері елде жақсы  сақталып қалған.

Соқыр – өзен, бейбіт. Қарағанды қаласының оңтүстік шығысында. Атау қаракесек, сарым руынан шыққан Жалаңтөс батырдың есіміне байланысты қойлған. Жалаңтөс  батырдың Соқыр атауына соғыс үстінде бір көзін шығарып алуы себеп болған. Өз аңыз бойынша жерленген өзен бойы Соқыр – басы, бейіт жанынан ағатын өзен Соқыр  өзені деп аталған. Жидебай батыр есіміне байланысты қойылған . Атау қаракесек, әлтеке – сарым руынан тарайды. Сеңкібай – бейбіт, өлке атауы, Шет ауданындағы, Қуандық ішіндегі алтай қареке руынан тарайды.  Байғозы бейіті Ақадыр станциясынан 50 км-дей жерде орыналасқан. Тарақты руынан тарайды. Күшікбай – бейіт, әрі жергілікті халық әулиелі жер ретінде құрмет тұтады. Қуандық, тоқа руынан, халық батыры. Ағыбай бейіт, Ақтоғай ауданында. Қаракесек, шұбыртпалы руынан, хан Кенесарының бас қолбасшыысы болған. Өмірінің соңында мешіт салдырып, балаларды оқыту ісін қолға алған. ХVІІ ғасырдағы қазақтың ұлт азаттық көтерілісінің  басшыларының бірі  Олжабай батыр,  айдабол руынан тарайды. Батырдың бергі ұрпағы академик Ә.Марғұланның айтуынша, Олжабай батыр 1709 жылы туып, 1785 жылы Ереймен тауының  сыртындағы Сілеті өзенінің бойында қайтыс болған. Ол қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданы жерінде.

Қоғамдық орта, әлеумет өмірінің оқиға, өзгерістері тілдік деректермен таңбаланып, топонимияда өз ізін қалдырып отырған. Осы орайда аймақтағы елді мекен, жер су атауларының негізі ер адамдардың есімдерімен  аталатынын айту керек. Мысалы:  Амангелді, Лесбек батыр, Қазыбек, Қабанбай, Рысқұл т.б. ауылдар. Осы заңдылықтың өзі қоғамдық ортада ер адамдардың орны ерекше, салмақты істердің ер азаматтың мойнында екенін көрсеткендей, ер адамды қадірлеу, сыйлау, ардақтау.

        Қорыта айтқанда, топонимдердің идиоэтникалық семантикасын қалыптастыратын және баяндайтын  ақпараттар әр ұлт болмысынан хабардар етеді. Келер ұрпақ үшін өз ұлтының бастан кешкен оқиғалары бертінде тарих қатпарларында шаң басып, елеусіз қалмауына, қайта көпшіліктің назарын аудартып, әлде бір болған оқиғалардың халық үшін ұмытылмай, қайталанып айтылып жүруі сол ұлттың тілінде сақталып қалған сөздер мен тұрақты тіркестеріне байланысты. Қазақ фразеологиясында этнолингвистикалық зерттеу тәсілдерімен танылатын бір алуан тұрақты тіркестер тек тарихи оқиғалар мен тарихи адамдардың есіміне байланысты айтылып, бертін келе фразеологизмдер қатарына енген.  Олардың жасалу жолдары әр түрлі. Егер бұл тіркестердің жасалуындағы ішкі уәжділікке (мотивацияға) назар аударсақ, халық, ұлт өмірінің басынан өткен оқиғаларының мазмұны мен тарихы жатады. Бұлардың кей кезде жаппай қоғамдық факторға айналуының әсерінен ұзақ уақыт халық жадынан кетпей, сол ұлттың тілінде өткен тарихи оқиғалармен байланысты белгілі бір адамдар есімі, тіпті жер-су аттары да қоса айтылып, халық жадында сақталып қалады. Демек  халық аузында айтылып жүрген тұрақты тіркестер жайдан жай тумайды. Бұлар тарихи фразеологизмдер қатарынан орын алады.

   

Әдебиеттер:

1. Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. «Ономастика: зерттеу мәселелері».                  Алматы, 2005ж-240 б.
2.Сейдімбек А. «Қазақтың ауызша тарихы». Алматы, 2008ж ‑728 б.
3.Телқожа Жанұзақ, Қыздархан Рысберген. «Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы».  Алматы: “Азия”,  2004ж- 192 б.