Жанузакова К.Т. ф.ғ.д., Кожекеева Б.Ш. ф.ғ.к.,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,
Алматы қ., Қазақстан
З.Ахметов –
теория тарланы
З.Ахметов
қазақ әдебиеттану ғылымының, оның ішінде
әдебиет теориясының өркен жаюына өлшеусіз үлес
қосты. Зәки Ахметовтің еңбектерінсіз ХХ
ғасырдың екінші жартысындағы қазақ
әдебиеттану ғылымының жетістіктерін елестету мүмкін емес.
Барша саналы ғұмырын әдебиетті зерттеу ісіне арнап келген
ғұлама ғалым қазақ өлең
құрылысының теориялық негізін жасап,
өлеңтану іліміне қатысты барлық толғақты
мәселелерді алғашқылардың бірі болып жан-жақты
қарастырды. Өлең құрылысын терең зерттеумен
қатар қазақ әдебиетінің тарихы мен бүгінгі
әдеби процесс туралы да көлемді еңбектер жазды.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының арналы бір-бір
саласына айналған абайтануға, әуезовтануға
қатысты іргелі еңбектері өз алдына бір төбе.
Шығармашылық еңбектері ұшан-теңіз академик
З.Ахметов қазақ әдебиетіне
байланысты қандай өзекті
мәселе болса да өз пікірін білдіріп отырды.
Қазақ
поэзиясының өлең құрылысын, теориясын
жан-жақты зерттеген З.Ахметов «Абай и Лермонтов» атты орыс тілінде
жазылған іргелі ғылыми зерттеуінде Абайдың қазақ
өлеңінің құрылысын дамытуда
реформаторлық ролі мен орны,
текстологиялық мәселелері талданады. Ғылымға
алғаш келгеннен бастап абайтану саласына бар
ғұмырын сарп еткен Зәки Ахметов ұзақ жылғы
еңбектің нәтижесін «Абайдың ақындық
әлемі» монографиясында көрсетті. Сонымен қатар «Абай»
энциклопедиясын жарыққа шығару ісіне атсалысты. Абайтану,
мұхтартану мәселелерін теориялық, тарихилық
қырынан зерттеген «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете историй его
создания» (1984), «Абайдың ақындық әлемі» (1995),
«Роман-эпопея Мухтара Ауэзова» (1997) атты ғылыми монографиялары
әдебиеттану саласына қосылған қомақты
дүнелер болды.
Зәки
Ахметовтің М.Әуезов шығармашылығына арналған
«Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания», «Роман-эпопея Мухтара
Ауэзова» атты еңбектері де әдебиетті зерттеу тарихында аса
бағалы саналады.
М.Әуезовтің ұлт әдебиеті көлемінде
қалмай, әлемдік әдебиеттің классигі дәрежесіне
көтерілгенін айқын мәлімдейді. Ғалым туындыларын
автордың өмірбаяндық деректерімен тығыз байланыстырып,
әдеби шығармашылық психологиясына терең бойлайды.
Әдебиеттану
ғылымының қай саласында болсын қазақ
әдебиетінің көкейтесті мәселелері турасында
құнды теориялық ой-пікірлерін ортаға салған
ғалым көркемдік әдіс, романтизм мәселелері туралы да бағалы
пайымдаулар жасаған. З.Ахметов өзі басшылық жасап,
жарыққа шығарған «Әдебиеттану терминдер
сөздігінде» әдебиеттегі романтизм ұғымына
анықтама бере отырып, бұл
құбылыстың әдеби бағыт ретінде де,
көркемдік әдіс мағынасында да қолданылатынын атап
өтеді. Әдебиеттануда көп жағдайда романтизмді
әдеби бағыт ретінде қана қарастырады. Ал оның
«әмбебаптық» қасиетін, романтизмнің белгілі тарихи
кезеңнен тыс уақытта да бола беретінін социалистік реализм
теориясына иек сүйеп қалған зерттеушілер ескере бермейді.
Ғалым
романтизмді реализмге қарсы қойып, оған
алыс-жақындығы тұрғысынан бағалау дұрыс
еместігін атап көрсетеді,
романтизмнің әдебиетке әкелген көркемдік жаңалығын,
өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. «Романтизм түгелдей алғанда,
әдебиетке жаңа тақырып, жаңа кейіпкерлер әкелді,
сөз өнерін көптеген көркемдік ерекшеліктермен
байытты... Романтизм мен реализмді екі түрлі көркемдік әдіс
деп қарасақ, олар бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі
нәр бере алатынын есте сақтаған жөн» [1] - деп
пайымдайды. Ал көркемдік әдіс ретінде алғанда романтизм әлде қайда кеңінен
мағына береді, «осы әдістің негізгі принциптерін, бейнелеу
тәсілдерін (қиялшылдық, ерекше көңіл
аударарлық оқиғалар, сирек кездесетін арманшыл кейіпкер,
романтикалық көтеріңкі леп, романтикалық сарын т.б.)
белгілі бір тарихи кезеңнің шеңберінде алып, нақтылы
бір елдің әдебиетімен, өнерімен шектеп қою дұрыс
болмас еді» - деп әділін жазады. Өкінішке орай, қазіргі әдебиеттануда
кеңес кезінде қалыптасқан қағида ізімен
социалистік реализмнің бір бөлігі деп қарастырған
романтизмге сенімсіздікпен
қараушылар да бар.
З.Ахметовтің
«Казахское стихосложение», «Өлең сөздің теориясы», «О
языке казахской поэзии» сияқты қазақ
өлеңінің құрылымына, тіл қолданысына
арналған, соны ізденістерден туған теориялық
еңбектерінің орны айрықша. Бұл зерттеулерде поэзия
жанрлары, олардың көркемдік, поэтикалық ерекшеліктері,
құрылысы мен құрылымы алғаш жүйелі
қарастырылған. Өлең құрылысын талдауда
оның ұлттық сипатына, қазақ
өлеңінің ұйқас табиғатына, поэтикалық
формалардың көркемдік қызметіне басты орын берілген.
Күрделі теориялық талдаулар барысында Абай лирикасы мен
қазіргі қазақ поэзиясының аралығындағы
дәстүр ұласуы, дәстүр мен жаңашылдық мәселесі
талданады.
З.Ахметовтің
ең соңғы кітабы – «Поэзия шыңы – даналық» деп
аталады. Бұл зерттеуде ғалымның қазақ поэзиясы
жайлы ұзақ жылдардағы зерттеушілік ой-пікірі
жинақалған.
Расымен ескірмейтін
бұл еңбектер ғылыми өзектілігін әлі жойған
жоқ. Тек қана қазақ әдебиеттану ғылымы
үшін ғана емес, алыс-жақын шет ел әдебиеті үшін
де айтарлықтай жаңалық болды десек артық айтпаған
болар едік. Қазақ ұлты мен өнері үшін ғана
емес, әлемдік әдебиет үшін де соны пікірлер мен
жаңалық алып келген ғалымның аты да, хаты да
ешқашан өшпек емес.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Ахметов З. Әдебиеттану терминдер сөздігі. –Алматы: 1998. - 288
б