Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к., Оралова Г. ф.ғ.м., Төлеужанова Ж.,

Ертаева М.Қ. п.ғ.м., Жүсіпова Ә.Р.

 

«С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Астана, Қазақстан

 

Бағалауыш сөздердің имплицит және эксплицит компоненті

 

Қазіргі тіл білімі, қазақ, кең мағынада түркі тілінде бағалауыш мағыналы сөздердің ашық әрі жасырын жұмсалу жолын байланысты мәселе қарастырылып келеді. Аталмыш мақалада имплицит әрі эксплицит мағынаның баға беру кезіндегі орнына қатысты мысалдар жинақталған.

Баға берудің себебі әртүрлі қызмет аткарады. Біріншіден, иллокутив (тілдік актідегі айтушы/сөйлеушінің айтайын деген ойы) күшін арттырады, бағаны дәлелді етіп көрсетеді. Екіншіден, теріс ұнамсыз баға категориялылығын түсіреді. Мысалы: «Мынау кітап жақсы». Бағалауыш зат - кітап, ал кітаптан алған әсеріміз, сезіміміз бағалауға себеп болады. Немесе «Бұл жақсы әскер, себебі ол ешқашан шегініп көрген жоқ» дегенде субъектінің сеніп тұрғаны ешқашан шегінбейтін әскер және сол әскердің жақсы қасиеті. Бағаланатын сөздің себебі кеңейген сайын бағалауыш сөз де көбейе беруі мүмкін. Кейде бағаланушы зат пен оның себебін ажырату қиынға түседі. Міне, бағалауыш құрылымдық бөліктері осындай ерекшелігімен ажыратылады, Енді бағалауыштың имплицит (жасырын) элементін айқындап көрейік.

Бағалауыш мағынаның эксплицит және имплицит компоненті бар. Мағынаның жасырын компонентін Л.Васильев былай түсіндіреді: «Имплицитные (скрытые) компоненты значения не имеют самостоятельного явного выражения... и относятся к скрытой грамматике» [1,98].

Ал Е.Вольф модаль бағалауышқа эксплицит және эксплицит имплицит элемент жатады деп, баға берудің имплицит элементтеріне баға берудің шкаласы, стереотипі және аспектісін жатқызады [2,47].

Абсолют баға сандық және сапалық белгі арқылы салыстырылады. Мысалы: Кең көше десек, көшенің әртүрлі кеңдікте болатындығы белгілі болғандықтан А мен Б-ны салыстыру арқылы А - үлкен, Б - кіші екендігін біле аламыз. Осылай заттың негізгі белгілерін салыстыра келіп баға берудің шкаласы құрылады. Мысалы: өте үлкен - үлкен - орташа - кіші - өте кіші.

Баға беру шкаласының екі жағы бар: субъектив, объектив. Шкала көбінесе субъектінің объектіге қатысын ескереді. Мысалы: Мен алманы өте жақсы көремін, жақсы көремін, ұнатамын, ұнатпаймын, жек көремін, өте жек көремін - десек, мен - субъект, алма - объект. Сондай-ақ шкаладан объектінің негізгі қасиетін көре аламыз: мысалы: алма керемет дәмді, өте дәмді, дәмді, онша дәмді емес, дәмі орташа, дәмсіз, дәмі өте жаман.

Баға беру шкаласы үнемі не өсу, не кему бағытында болады.

Шкаланың жағымды, жағымсыз, бейтарап жағы да болады. Баға беру шкаласының жағымды, жағымсыз жағы «жақсы/жаман» деген бағамен бағаланса, бейтарап жағы орташа бағамен белгіленеді. Жалпы абсолютті жағымды бағалауыш жақсы, жаман емес, тым жақсы, тіпті жақсы т.б. ал жағымсыз жағы жаман, жақсы емес, нашар, мейлінше жаман, өте жаман деп беріледі. Шкаланың бейтарап элементі жағымды мен жағымсыздың шекарасын көрсетіп, екі жақты бірдей ұстап тұрады. Бұндай кезде үш түрлі компоненті болады: «жақсы», «орташа», «жаман». Бірақ, кей уақытта «орташа» не жақсыға, не жаманға ығысып отырады. Сонымен катар нормалы, типті, дағдылы, қатардағы деген номинациямен берілуі мүмкін. Жағымды, жағымсыз бағалауыш сипатындағы объектінің стереотип белгісі бағалауыш шкаласының орнына байланысты айқындалады.

Баға беру шкаласының өзіндік қолдану шегі болуы керек не шексіз колданыла беруі де ықтимал. Шкала элементі бірден он бірге дейін болуы мүмкін [3,363]. Психолингвистикалық зерттеуге байланысты баға беру шкаласының көбінесе 7 элементі колданылады. Сөз сапасын абстракт түрде бағалауышпен беру үшін шкаланың вербал элементін пайдаланамыз: өте жақсы - едәуір жақсы - жақсы - орташа - жаман - әжептәуір жаман - өте жаман. Шкаланың қозғалу градациясы бастапқы элементтен нормалыға және жағымсыз соңғы элементке жылжиды. Градация арқылы жағымдыдан жағымсыз бағыттағы эмоциялық күштің өсуі, рационалдықтан аффективтілікке көшуін байқаймыз. Айтушы/ сөйлеуші (субъект) ой арқылы бағалауда шкаланың бір элементін таңдайды да, оны екі кезеңмен байланыстырады.

Бағалауыш стереотипі айтушы ойында үнемі болып, нақты-тарихи құндылығын бағалайды.

Эмоция - бағалауыш шкаласының бірінші қозғаушы күші. Жағымды эмоция объектінің жағымды құндылығы, жағымсыз эмоция негатив жағын көрсетеді.

Айтушы/социум/ объектіні бағалауыш стереотип арқылы субъектив, объектив факторға сүйене отырып, сипаттаушы белгі, сандық, сапалық ерекшелігіне карап сипаттайды. Яғни стереотип сол заттың өмірдегі таныс жағын бағалайды. Осындай белгінің құндылыққа қатынасы бағалауыш шкаласын кұрайды [4,450]. Субъект сөйлеу тілі, коммуникацияға байланысты объектінің бағалану жағын таңдайды. Мысалы: дәмді, пайдалы, әдемі, үлкен деген алма белгілері гедонистикалық, утилитарлық, эстетикалық бағаға сәйкес. Ал егер нормадан ауытқу болса, ол шкаланың жағымсыз жағын қышқыл, шіріген, кіші, құрттаған деп білдіреді. Бұлар жалпы бағалауыштың өте жақсы - жақсы - жаман - өте жаман деген шкаласын көрсетеді.

Төмендегі бағалауыш етістікті осы шкала негізінде орналастыруға болады.

Араздастыру Тату елді әдейі орталарына от салып, араздастырып, ушықтырып, біріне-бірін жау қылып көрсететін болған (М.Ә.).

ЖауластыруАр-ұяттан безген бұл сұм Бұхар әмірі мен Отырар хандығын жауластыруға келді (Ш.Х.).

Жауығу Менімен арасын әбден ашып, Қарадай жауығып жүрген түрі өзіңізге аян (3.Ж.).

ӨшіктіруОпасыз сатқындардың көмегімен ұсақ ұлттарды бір-біріне айдап салып, өшіктіруге күш салды (Ә.Ә.).

Өштестіру Балалардың ешқайсысы «осыларды татуластырайық, не одан сайын өштестіре түсейік» деп, арамызға түспей, өз жайымызға қалдырды (А.Ж.).

Кектендіру Өзіне күні кеше атарман-шабарман болып жүрген жігіттің әкімдер жағына шығып кетуі Бүрекеңді қатты кектендірген (Ә.К.).

Қастастыру Қоймас деп қастастырсақ бірімізді, Қорыққаннан Қануж ханға кашты Арқап (Т.І.).

Атыстыру Жантас біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін (Б.С.).

Шағыстыру Өтірік айтып, сол антұрғаның екеумізді әдейі шағыстырып жүр (Б.Н.).

Жауықтыру Бір рулы елді жауықтырып соңына салсаң да, оны өзіңе қарсы қоя көрмегейсің (Ә.Н.).

Жоғарыдағы мысалдар көрсеткендей, бағалауыш сөздердің бір сөздің бойындағы не – не + жұмсала отырып белгілі деңгейге дейін ойды сипаттай алады екен. Бұл әрине, жазушы шеберлігі, мысалда қолданылған сөздің ішкі әрі басқа да қырына қатысты болады. Сонымен қатар, баға беру сөздің тура не жасырын мағынада жұмсалуына да байланысты екені де анықталды. 

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

 

1.     Васильев Л., Современная лингвистическая семантика. – М.: Высшая школа.1990. – 175с.

2.     Вольф Е., Функциональная семантика оценки. М.: 2002, С.280.

3.     Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің ғаламның тілдік бейнесіндегі орны// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.362-365.

4.     Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің прагматикалық қызметі// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.449-452.