Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к., Оралова Г. ф.ғ.м., Төлеужанова Ж.,

Ертаева п.ғ.м., Жүсіпова Ә.Р.

 

 «С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Астана, Қазақстан

 

Қазіргі тіл біліміндегі қайшылықтың салыстырмалы сипаты

 

Қарама-қарсылықты түсіну үшін бұл құбылыс жиі бой көрсететін негізгі логикалық аймақты (байланысты) білу ләзім. Антонимиялық қатынас ретінде қандай да бір сапасы жағынан ара-қатынаста болатын сөздер, әдетте, сапалық, сандық, мерзімдік, кеңістік және ақиқат өмірдегі бір ғана категорияға жататын өзара бірін-бірі жоққа шығарушы ұғымдар жүреді.

Объективті дүниеде адамдар тәжірибесінде болымсыздық жоқ деген жалпыға белгілі қағида бар. Екі құбылыс бір-бірімен «сиыспаған» жағдайда ғана бірін-бірі жоққа шығаруы мүмкін: «Саймасай сезбейді-ау, сезсе түсінер еді: тіріде кім болғанын, өліде кім болғанын. Бірақ бұлардың арасында Саймасайдың қастары да, Тұқымбайдың достары да табылады»/Ғ.М./. Дүниедегі «тірлік» «өліммен» сыйыспайды. Сондықтан тірлік барда өлімнің жоқтығы, не өлім бар жерде тірліктің жоқтығы белгілі, олар бірін-бірі жоққа шығарады. Екінші сөйлемдегі «дос» табиғатында «жағымды» бола тұра «қастың» болымсыздығын білдіреді. Дос емес - қас, не қас емес – дос деп айтуымызға болады.

Алайда бұл болмыста, қалыпты өмірде болымсыздықтың жоқ екендігін дәлелдемейді, жоқ дегізбейді. «В материалистической диалектике отрицание рассматривается как необходимый момент развития, условие качественного изменения вещей» [1.349]. Құбылыс, объект дами келе, уақыт өте жойылады, өзінің болымсыздығын туғызады. Сондықтан болымсыздық бар және ол тілде өз көрінісін табады. Болымсыздық категория жайында қазақ тіл білімінде құнды еңбектерімен, монографияларымен белгілі ғалым Т.Әбдіғалиева[2]. Ғалымның пікірлеріне тоқтала кетсек. Ғалым  етістіктен басқа да сөз таптарында болымсыз ұғым лексикалық, грамматикалық көрсеткіштер арқылы берілетінін көрсетеді. –сыз, -сіз аффикстерінің болымсыз мәнді сын есім сөз туғызушы өнімді жұрнақ болу қасиетімен бірге оның форма тудырушы қызметі барын Д.Насилов, Т.Гариков сияқты зерттеу-шілердің пікірлерін бере отырып, түйіндейді.

Г.И.Рамстедтің -сыз-сіз жұрнақтарының көне түрі чуваш, моңғол тілдеріндегі –сар, -сер формалары деген жорамалын қуаттайды. «Употребление во всех тюркских языках и диалектах окончание – syz «без» выступает в чувашском в форме – soz, sэz, например: тюркские atsyz «безименный», «без имени», atasyz «без отца», ensіz «узкий» («en» – ширина) чуваш ansez «узкий»  и т.д.. Чувашская форма, как более древняя дает нам право предложить тождеств тюркских suz  и монгольского – «sar».

-сыз, -сіз жұрнақтарының әрбір түркі тілдерінде кездесетін дыбыстық вариаттарына қарамастан, олардың бір заттың, құбылыстың жетіспейтін белгісін білдіру қызметін атқаратындығын айтып өткен болатын.

Сырт аймақ көрсеткіштеріне жататын –сыз, -сіз, бей-, на- өзінің табиғатына тән емес қызметте жұмсалады, сөйлем мазмұнына қатысты жалпы болымсыз мағынаны білдіреді. Аспан бұлтсыз. Жұмысшылар қожайынға наразы.

Жеке болымсыздық мағына сөйлемдегі жеке ойға қатысты, предикат мүше қызметіне қатыссыз болады.

–Аралбай, еліңе бес тиынды беделің жоқ, берекесіз адам екенсің….

Болымсыздық мағынаның жеке сөздің аясында қалып, сөйлем мазмұнына әсер ете алмайтын түрін жеке болымсыздық деп санаймыз.

-лы, -лі тұлғалы туынды болымды мәндегі сын есімдерге қарама-қарсы мағынада жұмсалатын белгі, сапаның толық еместігін білдіретін –сыз,-сіз қосымшаларының бұл көне тарихтан келе жатқан қызметі [2].

-сыз, -сіз тұлғалы сын есімді сөз тіркестері мағыналық жағынан бірқатар өзгеріске ұшырағанын профессор Ә.Аблақов атап көрсетеді [3]. Ғалым көзсіз ер, жүрексіз адам деген тіркестердегі –сыз, -сіз қосымшасының жүрегі жоқ, көзі жоқ деген ұғымдарды білдіріп тұрған жоқтығын көрсетеді. Ол «… қазақ тілі синтаксисінің құрамының даму барысында –сыз, -сіз форматы қатыстық сын есімді тіркестерінің кейбіреулерінің сапалық сын есімді тіркеске ауысу тенденциясын байқатады», дейді [4.85].

Сонымен қатар ғалым Т.Әбдіғалиева -сыз,-сіз қосымшасының қарама-қарсы болымды сыңарымен алыс я жақын қарым-қатынаста қолданылуына қарай:

а) жақын сырт аймақ /баласыз үй, көңілсіз қыз/;

ә) шеткерірек сырт аймақ;

б) қашық сырт аймақ деп бөліп көрсеткен. Осы үшінші топқа өте алыс мағыналық қарым-қатынасты білдіретін мағыналық ая мен -сыз, -сіз қосымшасының алғашқы қызметі мен мағынасынан алшақтап кеткен, номинативтік атауға айналған мысалдарды беріп өткен. Бұған мысал ретінде жансыз, жеңсіз тұлғаларын жатқызады.

«Бей-, -на префикстерінің де қызметі жеке болымсыз мағына көрсете алады, көбінесе белгінің жетімсіздігін көрсетеді. Олар кейде жеке түсінікке, ойға қатысты болымсыздықты білдіруге жұмсалады»[2.153].

Қазақ тілінде алғашқы антонимдер туралы ғылыми еңбек жазған ғалым Ж.Мусин антоним және болымсыздық категориясы турасында мынадай тұжырым айтады. «Қазақ тіл білімінде болымсыздық категория –сыз, сіз, -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе аффикстері және жоқ, емес сөздері арқылы жасалады. Бұл аффикстер жалғанған немесе жоқ, емес дегендер тіркесе қолданылған сөздер:

а) фактіні жоққа шығарады (тау – тау емес, кісі – кісі емес);

ә) заттың, құбылыстың сапасын жоққа шығарады (малды – малсыз, ақылды – ақылсыз);

б) іске, қимылға тиым салады (кел – келме, кет - кетпе)» [5]. Осындай  сапаны жоққа шығаратын сөздер тобы антонимдерге бір табан жақын, кейбір ғалымдардың оны антонимдерге де қосып жүргенін көрсете кеткен. Тілдік фактілер аталған аффикстер арқылы жасалған сөздердің антоним бола алмайтындығын байқатады[6].

-лы, -лі, (-ды, -ді, -ты, -ті) жұрнақтары зат есімге жалғанып, заттың құбылыстың яки сапаның бар екенін білдіретін сын есімдер жасайды. Мысалы: елді, малды, көңілді, қажырлы, пайдалы....

-сыз, -сіз жұрнағы есім сөздерге жалғанып, заттың құбылыстың немесе сапаның жоқ екендігін білдіретін сын есімдер жасайды. Мысалы: елсіз, малсыз, көңілсіз, қажырсыз, пайдасыз....

Демек, бұлар бір-біріне қарсы мағыналас жұрнақтар болып табылады..., дәлірек айтқанда, бұл жұрнақтар антонимдік мағына туғыза алмайды. Өйткені –лы, - лі жұрнағы затта яки құбылыста белгілі бір сапаның бар екендігін, мол екендігін білдірсе, -сыз, -сіз жоқ екендігін көрсетеді» деген пікір айтады[5]. І.Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтардың оқулығында да келді –келмеді, ақылды – ақылсыз сияқты сөздерді антоним деп санамау керек деген тұжырым айтылған[7].

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ

1.                 Филосовский словарь/Под редакцией И.Т. Фролова. М., 1987 /ФС/.

2.                 Әбдіғалиева Т., Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық болымсыздық категориясы. Алматы., 1998.

3.                 Жүсіпов А., Қайшылық туралы ойшылдар көзқарасына шолу. Материалы ІХ Международной научно-практической конференции «Dynamika naukowych badan», 07-15 lipca 2013 roku, Praga, Чехия. рр. 51-54.

4.                 Аблақов Ә., Болымсыздықты білдіретін –сыз, -сіз жұрнағы жалғанған сөздердің семантика-синтаксистік ерекшеліктері //Жинақ. Қазақ филологиясы. Абай атындағы ҚазПИ ғылыми мақалалар жинағы 4 шығуы. 1977, 51-57б.

5.                 Мусин Ж., Қазақ тілінің антонимдер сөздігі.Алматы, 1984.

6.                 Жүсіпов А., Қайшылық: түсініктің тарихи даму үрдісі, лингвомәдени көзқарас. Материалы ІХ Международной научно-практической конференции «Aktualni vymozenosti vedy-2013», 27.06-05.07. 2013 roku, Praga, Чехия. рр. 46-49.

7.                 Кеңесбаев С., Мұсабаев Ғ., Қазіргі қазақ тілі. Оралбаева Н., Мадина Ғ., Әбілқаев А., Қазақ тілі. А., 1964.