Мырзаханова Әзел, Шәйкен Гүлдана 

БЖД-13-1 тобының студенттері

ҚарМТУ., Қазақстан

 

«Әділеттілік» ұғымын философиялық тұрғыдан бағалау

 

Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.

Ш.Құдайбердіұлы

 

Адам өмірі әр түрлі сәттерге толы, бірде қуаныш толастап, шаттық кернесе, бірде сол өмір жолында сәтсіздіктер ұшырап, қайғы-мұң да болады. Әр түрлі жағдайларда «әділетсіздік», «қиянат», «әділет» деген ұғымдарды қолданамыз. Сонда адам баласын жиі толғандыратын « «әділеттілік» деген ұғымның мағынасы қандай?, оның мазмұнының көрінісі қайда табылады?» деген мәселелер туындайды.

Әділеттілік адами қарым-қатынастың кең ауқымын қамтитын күрделі этикалық категориялардың бірі болып табылады. Бұл ұғымның мазмұны қоғамның экономикалық, саяси, құқықтық салаларында және олардың даму тенденциясында көрініс табады.

 Әділеттілік ұғымы ақиқат, мейірімділік, шындық сияқты этикалық категориялармен қатар адамның дүниеге деген көзқарасында ерте заманнан бері орын алады.  Бұл ұғымдар – ежелден келе жатқан құндылықтар болып табылады және қоғамдық сананың барлық формасына терең енген. Әділеттілік бір мезгілде адамдардың өзара міндеттері бойынша және ортақ материалды және рухани игіліктерді үлестіру бойынша адамдар арасындағы қарым-қатынастарды анықтайды. Әділеттілік ұғымына сәйкес барлығы үшін бірдей міндеттер мен тең үлестірулер немесе әр түрлі адамдар үшін әр түрлі міндеттер мен дифференциалды үлестірулер тән.

Әділеттілік мәселесі көптеген ғасырлар бойы философтарды қызықтырған. Сонымен бірге әр тарихи кезеңде бұл категорияны әр түрлі түсінген. Бұл адамдардың өмір сүру жағдайы мен олардың қоршаған әлем туралы көзқарасына және қоғамдық құрылым мен ондағы адамның орнына  байланысты болған.

Әділеттілік туралы Сократтың шәкірті Платон мен Платонның шәкірті Аристотельдің де айтқандары бар. Аристотель алғашқы болып әділеттілікті оны жүзеге асырудың түрлеріне сәйкес екі формаға бөледі: негізінде теңдік принципі және игіліктерді иемдену жататын теңдестіруші әділеттілік; және үлестіруші әділеттілік, оның принциптері бойынша өз қасиеттеріне байланысты бірі көп иемденсе, бірі азырақ игілікке ие болады.  Айта кететін жайт, Платон мен Аристотель өз концепцияларында әділеттілік ұстанымының негізі ретінде теңсіздікті мойындаған. Олар әр заттың не әр адамның өзіндік, тек өзіне ғана сай әрекет шеңбері және басқаларға әсері болады, ал оны бұзу әділетсіз деп есептеген.

Сонымен, антикалық ойшылдар әділеттілік мәселесін көтеріп, оны даналық, әсемдік, үйлесім секілді ұғымдармен байланыстыра, теңдік, теңсіздік, құқық, саясат мәселелерінен өткізе отырып, әділеттілік жайлы жаңа ойлардың дамуына қажет алғышарттарды жасады.

Әділеттіліктің құқықпен, теңдік және теңсіздік сұрақтарымен, саясатпен, этикамен байланысы Қайта өрлеу және Жаңа заман философтарының еңбектерінде өз көрінісін табады. Мысалға, Ф.Бэкон бойынша әділеттілік өзіңе қаламағанды өзгеге де жасамаудан, яғни мейірімді болудан тұрады. Ол әділеттілік адамдарды біріктіретінін және құқықтық қатынастар үшін негіз болатындығын атап өткен.

Ал Абай 45-ші қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі».

Абайдың әділет, махаббат іліміне Шәкәрімнің «ар ілімі» сабақтасады. Мысалға Абайдың әйгілі концепциясы «үш сүю» - дің бірі - әділет. Яғни Абай Алланы сүй, адамзаттың бәрін сүй дей келе, үшінші әділетті атайды:

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Шәкірті Шәкәрім бұл идеяны:
Тәңірі жолы - ақ жүрек,
Сайтан деген - қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы қыл әдет, -
деуімен қуаттайды. 

Яғни қиянатты жау деп білу, имансыз адам-қиянатшыл сайтан деп түсіну шынайы имандылық белгісі болып саналады. Қиянатсыздық Шәкәрім үшін адамшылықты құрайтын адамның ең басты қасиеті. Қиянатсыздық – адамшылық өлшемі.

Абай: «Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақыл» деп түйіндесе, Шәкәрім:
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес,
-
деп шегелейді.

 

Қорытындай келе, қоғамдық өмір мен санамен тығыз байланысты бола тұра, әділеттілік ұғымы қоғамның тіршілік әрекетінің әртүрлі саласында: әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, моральды-этикалық және т.б. орын алатынын атап өткен жөн. Әлеуметтік-экономикалық салада әділеттілік ұғымы мазмұны экономикалық факторларды, меншік формасын, қоғамдық қарым-қатынастарды, қоғамдық мүлікті үлестіруді, халық өмір сүру жағдайы мен қауіпсіздігін бағалауда көрініс табады. Саясат пен құқық саласында әділеттілік құқық пен бостандықтықтың қамтамасыз етілуімен, құқық қорғау органдарының қызметінің мүлтіксіздігімен және т.б. байланысты. Рухани тұрғыдан қарастырғанда, әділеттілік ұғымын бағалау қоғамдағы адамгершілік нормалары жүйесі, мәдениет пен дәстүрмен байланысты.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.            Антикалық философия. Алматы. Жазушы-2005ж. Қ.Әбішев

2.            Философия. Серік Мырзалы. Алматы-2008ж.

3.            Шәкәрім. Қазақ айнасы. Алматы-2003ж.

4.            Абай Құнанбаев. Шығармалар жинағы. Алматы. Жазушы-2005ж.

5.            Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қажыма, ойым, қажыма. Халықаралық Абай     клубы, Жидебай-2008ж.