Абилдин Олжас

 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы

 

Жас ұрпақты Абай түсінігіне баулу

 

Халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлы шығармашылығына философтар, мәдениеттанушылар, әдебиеттанушылар аз көңіл бөлді деп айту қиын. Сондықтан Абайдың артына қалдырған баға жетпес мол рухани қазынасы, нәрлі ойлары, «өлмейтұғын сөздері» әрқашан биіктен көрінуде.

Абайдың «Қара сөздері» - оның өміртанымының өзегін құрайтын өзгеше өнер түрі. Ол бірінші сөзінде жер ортасы жасқа жеткенде, баянсыз, байлаусыз өмірдің жеріткенін, ендігі жерде ғұмырында ғибрат болған дүние сабақтарын тұжырымдап, кейінгіге із тастауды мақсат еткенін айтады. «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [1, 7 б.]. Абайдың «Қара сөздері» рухани құндылықтарымыздың бірі болып табылады. Оның гуманистік, этикалық, эстетикалық құндылықтары нағыз ғылыми ізденістің үлгісі болып табылады.

Профессор Қ.Ш. Нұрланованың пікіріне сүйенетін болсақ: «Қазіргі күндерден сол заманға ой тастап байқағанда, Абайдың «сөз» деп, «сөз» өзгерді деп халыққа айтқан сөзі, болжамы таңғаларлықтай, ол дәрежеде-  болжам, әрине, ақынға тән, ақынның ғана қолынан келерлік іс. Бұл жерде Абайдың айтып отырғаны ел тағдыры, ел өмірінің болжау бағыты туралы екенін байқаймыз: күрделі өзгерістердің бағыт алғанын ақын өз шыңынан, өз «рухани сергу» шексіздігінен біле байқап, елге арнап айтқандары осы күнгі өмірге де арнап айтқандай дәл келеді. Бұл нағыз ақынның көрегендігі, ел үшін жаратылған екенін анық байқатады» [2, 160 б.]. Абайдың «Қара сөздері» арқылы қазіргі ұрпаққа Абайша ойлау, Абайша түсіну, Абайша пайымдау, дүниеге Абайдың көзқарасымен қарау, ой қорытудың жетпейтіндігін ашып көрсетеді.

Нарықтық экономика, қарқынды ғылыми-техникалық прогресс және әлемдік жаһандастыру процесі осы заманды түрлендіріп отыр. Мұндай жағдайда өз бітімін сақтап қалу үшін қазақ қоғамының ынта-ықыласы төл дініне ғана емес, әулие Иассауидің хикметі, хакім Абайдың ғақлияты, ғұлама Шәкәрімнің сырлы сөздері сынды халық руханиятының киелі бастауларына ауа түскені анық. Сондықтан Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «...Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн»  [3, 5 б.], - деп темірқазық бағытқа сілтейді. Халық даналығы «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегеніндей, ашық және демократиялық қоғам құру жолында әрі ұлтаралық татулық пен рухани келісім нығая түсуі үшін Қазақстан Республикасына күлліадамзаттық құндылықтарға негізделген, биік парасат, терең адамгершілікпен өрілген өрелі дүниетаным қажеттігі даусыз. Олай болатыны, біріншіден, мемлекетімізде түркі дүниесі мен славян өркениеті, ислам мен христиан т.б. діндер мен мәдениеттер бас түйістірді. Сондай-ақ, демократиялық үрдіс дамыған сайын жекелей ұлт өкілдері өздерінің мәдени-өркениеттік тамырларын табуға тырысатыны түсінікті. Сондықтан Қазақстан халықтарының қайталамас дүниетанымына – Батыс-Шығыс өркениеттері синтезінен сомдалған синкретті, сонымен бірге ұлтқа, дінге бөлмей-жармай адамзатты бір тұтас қылатын толерантты әрі діндер үсті ақиқатты жеткізетінін киелі ілім болу талаптары қойылып отыр.

Осы орайда белгілі философ, академик Ә. Нысанбаев Еуразия кеңістігіндегі ислам мен христиан өркениеттерінің сұхбатын, өзара үйлесімділігін қалыптастыру үшін Әл-Фараби, Баласағұн, Қашғари, Йүгінеки, Иассауи, Бақырғани, Абай және Шәкәрім сынды хакім бабаларымыздың ілімдерін жүйелі түрде зерттеп-зерделеп, халық игілігіне пәрменді пайдалану жолын ұсынады [4, 275-280 бб.].

Бұл қатарда, әсіресе, қазақтың бас ақыны Абайдың орны ерекше. Абай туралы алғаш пікір айтқандардың бірі А. Байтұрсынов. Оның «бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас» деген сөздерін естен шығармаған жөн [5]. Себебі даналарды даналар таниды демекші, Абайдың «Қара сөздерінің» мағынасын тым тереңде жатқандығын ғалым сол заманда-ақ түсіне білген.

Бірақ Абайға ұлт ұстазының тағы мен тәжі де тар. Абай бір Қазақстанның, тіпті Еуразияның емес, Жер планетасындағы бар адам затына ортақ данышпан. Белгілі философ ғалымдар Әбдімәлік Нысанбаев, Ғарифолла Есім рухани еркіндік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ «Қазақ философиясы адам, адамгершілік философиясы, адамның өмір сүру философиясы, экзистенциалдық философия», - деген пікірлер айта бастады [6]. Cоңғы жылдардағы дүниеге келген философиялық туындылар осы пікірлердің дұрыстығын дәлелдейді.

«Қара сөздер» қазақ рухани мәдениетінде тек ғана Абайға тән философиялық үрдіс. Абайға дейін де, кейін де бұл сарында арнайы еңбек жазған кісі жоқ. Әлем әдебиетінде Марк Аврелий, Пьер Абеляр, Блез Паскаль, Мишель Монтень, Жан-Жак Руссо қалдырған «әңгіме», «тәжірибелер», «афоризмдер», «максималар», «ой түйіндері» жанр ерекшелігімен Абай «Қара сөздеріне» ұқсайды. Бұлардың бәріне ортақ нәрсе – ерекше өткірлікпен, шыншылдықпен, әсірелемей, бүркемей жүрек жарды ойларын, сырларын ортаға салып, жұртқа жария ету. Сөздердің, ой түйіндердің арқауы - өздерінің жан дүниесінің жеті құлып астында жатқан сырлары, өзіне де, өзгеге де қатаң есеп негізінде туған жан айқайы, қоршаған ортаны жөндесем, өзгертсем, келеңсіздіктерді жойсам деген арманы, жалпы адамның, ұлттың мұраты, мақсаты, санасы, болмысы туралы бет пердесі ашылған, бүкпесіз әңгіме.

Абай «Қара сөздерінің» олардан айшықты ерекшелігі де бар. Егер Монтень: «Міне бірнеше жылдар бойы менің бар ықыласым өзіме ауып, өзімді ғана зерттеп, бақылап келемін» [7, 198 б.] десе, Паскаль: «Мынау жөнінде ойланған жөн, адамтану ғылымы керек пе, мүмкін адам үшін өзінің жайын білмегені тиімдірек болар еді» [8, 144 б.] десе, Абай өзін ғана емес, өзгені де зерттеуге тырысады, адам, адамгершілік қасиеттерін сарапқа салып «Адам деген даңқым бар», «Адам бол!», «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» [9, 188 б.] деген өшпес, өлмес қағидаларды дүниеге келтіреді. Осындай жалпыадамзаттық принциптерді қамтыған қырық бес сөз қазақ рухани мәдениеті аясында қалыптасқан. Бұл жердегі Абай ой-тұжырымдарына негіз болған дәстүрлі мәдениеттен сабақтастық жолымен, көбінесе халық даналығы (фольклор) арқылы жеткен өзінің ата тегінің шежіресіндегі ұлағатты сөздер, қазақтың дана ұлдарының – шешендерінің, билердің, ақындардың шешім – кесімдері, аталы сөздері, мақал –мәтелдері, толғаулары, Фараби, Иассауи, Баласағұн, Қашғари секілді ғұламалардың трактаттары, даналық, білім кітаптары болды. Сондықтан «Қара сөздерді» түсініп білу, зерттеп, саралау керек.

Хакім кешегіден де бүгінгімізге қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай мерейтойында сөйлеген сөзінде осы жайтты нықтап-нықтап айтқан болатын. «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді: Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын. Абайға құлақ ассын» [10]. Абайды оқып, данаға құлақ ассақ әлеуметтік ой-тұжырымдардың ең шүйлісін, оның қара сөздерінен, өлеңдерінен кездестіреміз.

Қазақстанда абайтану жолында қалам тартпаған философтар кемде-кем. Оның бірінші себебі «Абай –пайғамбардай пір тұтарлық ақыл-ой алыбы. Осындай құбылыстың құпиясына күллі болмыстың қыр-сырына түгел үңіліп барып түсінуге болады» [11]. Екінші себеп, ұлттық философияның ұлы тұлғаларының қайсыбірін болса да зерттегенде Абай дүниетанымын, шығармашылығын оралып өту қиын. Өйткені, Абай қазақ топырағындағы қалыптасқан ойшылдық үрдістің үлгісі, қазақ табиғатын, болмысын шынайы түсінудің әдістемелік кілті.

Абай өзінің «Қара сөздері» арқылы бір жағынан, адамға, оның сөзіне, ісіне, өміріне, сонымен бірге дүниеге сипаттама беретін қазақтың қара өлеңіндегі дәстүрлі жалғастырса, екінші жағынан, әлемдік әдебиеттегі ойшылдардың басынан кешкендерін, тәжірибесін талдап басқаларға сабақ болар деп жазған өсиетнамаларына тән дәстүрді жалғастырды. Бұдан біз Абайдың ойшылдығы кенеттен пайда болған құбылыс емес, көп ізденуінің, оқуының терең түсінігінің жемісі екендігін көреміз.

Абайдың «Қара сөздері» кейінгі ұрпақ гуманитарлық ғылым үшін, адамтанудың, өзін-өзі танудың үлгісі болып табылады.

Адам баласын заман өсіреді, заманына қарай адамын таны деп түсінген Абай өлеңдері мен қара сөздерін де өз уақыты алға тартқан мәселелер төңірегінде толғанды, қам жеді. Солай бола тұрса да Абайдың халқы жөніндегі, адам жөніндегі, адамның адам болып, өмір сүруі, адам атын ақтап шығуы, адамның бетке ұстайтын мақсат-мұраттары туралы ойлары бүгінде мәнді, өзекті, бүгінгі күннің сұрақтарына жауап бере алады. Абай өз ортасында жалғыз болды, өз уақытын басып озды, Абай келешек ұрпаққа да замандас, ақылшы болып қалады.

«Мен бір жұмбақ адаммын» деген Абай адамның кеңдігін, шексіздігін, күрделілігін, адамға біржақты қарауға болмайтынын көре білді, толық  адам жөнінде ілім қалдырды. Абайдың өзі де, сөзі де адамның шексіз мүмкіндіктерін паш етеді, сөздерінде терең астар барын ескертеді. Абайдың қара сөздеріндегі ойлар жан-жақты, бәрін шолып шығу мүмкін емес.

Соңғы кезде елде жақсы бастама бас көтеріп, «Бір ел – бір кітап» деген акция қолға алынып, ол Абайдай, Мағжандай арыстарымыздың мұрасына арналып жатыр. Өте дұрыс. Бірақ бұл уақытша бастама болып қалмауы керек.  Абайдың «Қара сөздері» әрбір қазақтың, әрбір Қазақстан азаматының жастанып жатып оқитын, қасиетті кітабы болуы керек. Абай бәріміздің өтуге тиісті университетіміз. Абай біздің қиналғанда, ойланғанда, шөлдегенде сусындап алар рухани бұл асымыз. Абай - әрқашанда бізбен бірге, қазақпен бірге, гуманизмді бетке ұстайтын адамзатпен бірге.     

Абай өз заманында керек болды. Ол қазір бәрінен де керегірек. Ол болашақта да керек болады. Ол - біздің арқа сүйер рухани азығымыз. Абай туындыларының құдіретін Сұлтанмахмұт Торайғыров былай сипаттайды:

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе,

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге!

Өмірден тым ерте кеткен талантты зерттеуші Сағат Әшімбаев өзінің «Ақын жанын жабырқатқан жайлар» деген мақаласында: «Асыл сөз іздемейтін, адамдықты көздемейтін адам аз шығар. Ал, екеуін де Абайдан табасың, сондықтан да «Абайды оқы, ерінбе» деген сөздің растығын уақыт көрсетіп келе жатыр» - деп жазады [12, 94 б.]. Абайды ермек үшін, болмаса біреу үшін оқуға болмайды, өзің үшін, онымен оңаша қалып, өзің жөнінде, басқа адамдар жөнінде, өмір жөнінде, жақсылық пен жамандық жөнінде ақылдасып, сабақ алу үшін оқу керек. Сонда ғана сен Абайды, Абай арқылы өзіңді түсінесің.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.  Құнанбайұлы А. Қара сөздер. -Орал: Оптика, 2006. -164 б.

2. Нұрланова Қ.Ш. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің философиясы //Қазақ даласының ойшылдары (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.) / Жауапты ред. Ә. Нысанбаев. Алматы, 2004. -4 кітап.- 120-183 бб.

3. Назарбаев Н. Ә. Тарихтың шеңберлері және ұлттық зерде // Жұлдыз. - 1999. - № 3. -5 б.

4. Нысанбаев А. Философия взаимопонимания. -Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2001. -275-280 с.

5. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Абай. -1992.- №3. -23 б.

6. Нысанбаев Ә., Есім Ғ. Халықтық дүниетаным //  Егемен Қазақстан. -1991.- 14 тамыз.

7. Монтень М. Опыты.- Избр. главы . Москва: Сов. Россия, 1998.-410 с.

8. Паскаль Б. Мысли. Библиотека Всемирной литературы.-Москва: 1972.-278 с.

9. Абай. Таңдамалы шығармалары.-Алматы: Ғылым, 1968.-Т.-2.- 734 б.

10.  Назарбаев Н.Ә. Абай туралы сөз // Егемен Қазақстан.-1995.- 10 тамыз.

11. Кекілбаев Ә. Пайғамбардай пір тұтар ақыл-ой алыбы // Қазақ әдебиеті.-1995.- 8 тамыз.

12. Абай тағылымы: Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. -Алма-Ата: Жазушы, 1986. -432 б.