Қаражанов
М.Д.
«Құқықтану»
мамандығы бойынша философия докторы (PhD), Қазақ
инновациялық гуманитарлық-заң университетінің
қылмыстық-құқықтық пәндер
кафедрасының доценті
Ахметова
А.Ж.
Құқықтану
магистрі, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университетінің «Құқықтану» кафедрасының
аға оқытушысы
Экологиялық қылмыстық
құқық бұзушылықтарды сипаттайтын белгілерді
талдау мәселесіне
Экологиялық қылмыстық құқық
бұзушылықтар анықтамасы бойынша оның келесі белгілерін
бөлуге болады: экологиялылық, құқыққа
қайшылық, қоғамға қауіптілік.
Экологиялылық – бұл
белгі осы топтағы қылмыстық құқық
бұзушылықтарды экологиялық қылмыстық
құқық бұзушылықтарға
жататындығын сипаттайды. Экологиялылық қоршаған ортамен
адамның және қоғамның өзара
әрекеттесуінің әлеуметтік және
жаратылыстану-табиғи сипатындағы заңдылықтарымен
байланысты. Ол ғылым, технология, тұтыну мөлшерлерінің
тарихи деңгейін, антропогендік әсер етудің әр
түрлері бойынша зардаптар бойынша түсінік деңгейін
көрсетеді. Жалпы алғанда ол қоршаған орта мен
адамның арасындағы өзгеріп тұратын
қарым-қатынаспен байланысты.
Адам қоршаған табиғи ортамен
қарым-қатынасқа түспей өмір сүре алмайды,
бұл қарым-қатынас табиғатқа елеулі зиян келтіреді
(тек бір адамды барлық қажеттімен қамтамасыз ету үшін
жылына бір миллионнан артық куб метр су, ауа, басқа да табиғи
заттарды қалыпты түрден өңдеу керек). Сондықтан,
құнды болып келетін табиғаттың өзін ғана
емес, сонымен қатар, адам мен табиғат арасындағы
қарым-қатынасты қорғау өзекті болып тұр [1,
47 б.].
Осыдан экологиялылық «қоршаған ортаны
қорғау» ұғымын да қамтиды. Қазақстан Республикасының 2007
жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің
1-бабында «қоршаған
ортаны қорғау деп - қоршаған ортаны сақтау мен
қалпына келтiруге, шаруашылық және өзге де
қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiн
болғызбауға және оның зардаптарын жоюға
бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық
шаралар жүйесiн»
көрсетеді [2].
Осы ұғымнан мемлекет қоршаған ортаны сақтап
қалу мақсатында қажетті шараларды қамтамасыз
ететіндігін көрсетеді. Экологиялылық өмірді қамтамасыз
ету үшін қоршаған орта объектілерімен байланысты
қамтиды. Бұл байланыс негізінде экологиялық
қылмыстық құқық бұзушылықтарды
ажырата аламыз.
Сонымен, осы белгі бойынша экологиялық
қылмыстық құқық бұзушылықтарды
ажырату белгілеріне келесілерді жатқызамыз: өмірді немесе
өзге әлеуметтік құндылықты сақтап
қалу үшін қоршаған орта объектілерін өңдеу;
қоршаған ортаны осындай пайдалануға бағытталғандық
немесе тікелей қылмыстық заңмен тыйым салынған
әсер ету; қоршаған ортаның қалпы пен
сапаның немесе жеке параметрлерінің тікелей әлеуметтік айыпты
өзгеруі; адамның қолайлы қоршаған ортаға
конституциялық құқығының бұзылуы.
Келесі күрделі белгі ретінде
құқыққа қайшылық табылады.
Құқыққа қайшылық
қоғамға қауіптіліктің заңды көрінісі.
Құқыққа қайшылық белгісі
әрекеттің тікелей заңда көзделгенін талап етеді, себебі
ол онда көзделмесе қандай қоғамға қауіпті
болса да қылмыс деп саналмайды. Қылмыстық
құқықта ұқсастық бойынша
қолдануға рұқсат етілмеген.
Құқыққа қайшылық
құқық теориясында жалпы және арнаулы болып
бөлінеді. Экологиялық қылмыстық
құқық бұзушылықтарға қатысты
жалпы құқыққа қайшылық
қолданылады, себебі бұл топтағы қылмыстық құқық
бұзушылықтар нормаларының диспозициясы бланкеттік сипатта
болып келеді.
Заңшығарушы «қоршаған ортаны
қорғау ережелерін бұзу» ұғымын экологиялық
қылмыстық құқық
бұзушылықтардың құрамдарын ашқанда
кеңінен қолданады. Бұл соңғы жылдары
әртүрлі бағытта дамып келе жатқан, соңына дейін
құрастырылмаған құрамы аса кең және
күрделі арнайы терминологияда қолданылатын басқа
экологиялық заңдарға көңіл бөлуді талап
етеді. Сондықтан, қылмыстық құқық
бұзушылықтарды саралау кезінде Қазақстан
Республикасының экологиялық кодексінен басқа,
Қазақстан Республикасының Президентінің,
Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың актілерін
қолдануды талап етеді. Осы актілерден басқа, ҚР
ҚК-нің нормаларын қолдану кезінде табиғатты
қорғауды, оны пайдалану мен құрылыс ережелерін
реттейтін МОСТ-қа көңіл бөлу керек.
Мәселен, жалпы
құқыққа қайшылыққа осы
біздің диссертациялық зерттеу көлемінде қаралатын
орталық орын алатын қылмыстық құқық
бұзушылықтар тобы жатады, яғни экологиялық
қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстық
құқық бұзушылықтар. Осылай ҚР
ҚК-нің 324-бабында қылмыстың диспозициясында: «Табиғи ресурстарды пайдалану,
кәсiпорындарды, құрылыстарды және өзге де
объектiлердi жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту,
пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсiп, энергетика,
көлiк пен байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылық
мақсатындағы және мелиорация объектiлерiн пайдалану,
қалалар мен басқа да елдi мекендердi салу кезiнде, әскери
және қорғаныс объектiлерiне, әскери және
ғарыш қызметiне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшiн
жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған
ортаның едәуiр ластануына, адамның денсаулығына зиян келтiруге,
өсімдіктер немесе жануарлар дүниесiнiң жаппай
құрып кетуiне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса», - деп көрсетілген, нақты түсініктер ашылмаған [3].
Алайда, оның мазмұнын ашу үшін жеке ережелерге сілтеме
жасалады.
Экологиялық қылмыстық
құқық бұзушылықтардың ерекше
материалдық белгісі болып қоғамға қауіптілігі
табылады. Қоғамға қауіптілік қауіпті жеке
зардаптар, келтірілген экологиялық және экономикалық зиян,
сондай-ақ адам денсаулығына келтірілген зиян жиынтығынан
ғана тұрмайды. Ол сандық және сапалық
сипаттамалардан тұрады. Қоғамға
қауіптіліктің сапалық сипаттамасы әлеуметтік
құндылықтардың мазмұны мен экологиялық
маңызымен анықталады, оған қарсы
құқыққа қайшы әрекет тұрады,
қоғам мен адамның шынайы мүдделері мен мүмкіндіктеріне
сәйкес келмейді, сондай-ақ экологиялық зиянды тәртіппен
анықталады. Сонымен, экологиялық қылмыстық
құқық бұзушылықтардың
қоғамға қауіптілігі қоғамның
экологиялық мүдделерін кемсітуден, яғни кез келген
адамның қолайлы қоршаған ортаға
құқығын бұзудан, денсаулыққа,
мүлікке, табиғатқа зиян келтіруден,
құқықтық табиғат қорғау
және өзге нормаларға қадірлеуді жоюдан, халық
қауіпсіздігі деңгейінің төмендеуінен көрінеді.
Сандық сипаттамасы оның дәрежесінен
көрініп, заңшығарушымен санкцияларда және әрекет
жасағанда жауаптылық мазмұнында қолданылады.
Қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау
белгілеріне: келтірілген зиянның мөлшерімен (қоршаған ортаның едәуiр ластануына, адамның денсаулығына зиян келтiруге,
өсімдіктер немесе жануарлар дүниесiнiң жаппай
құрып кетуiне және өзге де ауыр зардаптарға әкелсе тағы
басқа), саралаушы белгілер жиыны және өзге де
қоршаған орта объектілерінің әлеуметтік
құндылығын кемсітудің сандық параметрлері жатады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Курумисава Й. Защита окружающей среды и общество //
Современное экологическое право в России и за рубежом: сборник
научных трудов. - М.: Изд-во ИНИОН РАН, 2001. - С. 47-53.
2 Қазақстан
Республикасының Экологиялық кодексі. Қазақстан
Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы № 212
Кодекс //«Заң» деректер базасы.
3 Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексi. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4
шiлдедегі № 226-V
Кодексі // «Заң» деректер базасы.