Психология и социология/12. Социальная психология

 

п.ғ.к., доцент Г.Т.Жылқыбекова

педагогика магистрі, аға оқытушы М.А. Мырқасымова

Психология мамандығының 2 курс студенті  Ж.Ұ. Қамбатыр

 

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты,

 М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Жетім балалардың әлеуметтенуін

диагностикалаудың психологиялық мәселелері

 

       Кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты және әртүрлі себептер  тұрғысынан әлеуметтік жетім балалар саны артуда. Осыған байланысты жетімдер мәселесі және оларға білім беру тәрбиелеу үдерісі, сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қамтамасыз ету, тек арнайы психология-педагогикада ғана емес жалпы педагогика, психология, әлеуметтік педагогика және тағы басқа ғылымдардың ғылыми білім саласында көкейтесті болып отыр. Бұл балалар тобы психологтар мен педагогтар, дәрігерлердің зерттеу нысанына айналуда.

­­       Қазақстан Республикасында соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан айрылған, яғни олардың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Әртүрлі жағдайларға байланысты ата-ананың қамқорлығынан тыс қалғандардың мәселелері өзекті болып отыр. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан-2030» даму стартегиясына сай жетім балалар үйіндегі тәрбиелініп жатқан әрбір ұрпақтың жеке адам ретінде қалыптасуының шешуші факторы ұлттық тәрбие деп көрсеткен. Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде  ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.

       Айталық, жетім балалар үйінде тәрбиеленушілердің психологиялық-педагогикалық даму өзгешеліктерін Е.М.Рыбиновский Д.Янхольц, И.В.Дубровина, А.Г.Рузская, Дж.Боулби, И.М.Бгажнова, С.А.Беличева, Ю.В.Василькова және т.б. ғалымдар қарастырды. Жетім балаларды тәрбиелеудегі дене мәдениетінің мәнін Н.И.Пономарев, В.И.Жолдак, С.Б.Тихвинский, И.М.Воронцов, О.Ю.Фадеева және т.б. өзіндік тұрғыдан ашқан. Бұл мәселені зерттеуде А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых және О.Ажнина отбасында және отбасынан тыс тәрбиеленетін жасөспірімдердің психикалық дамуындағы ерекшеліктерін қарастырған.  М.В.Осорина жетім баланың жеке дамуын және даму барысындағы  өзгерістер байланысын анықтаса, В.С.Мухин балалар үйіндегі жетім балалардың мінез-құлқындағы ауытқушылықтың негізгі себептерін зерттеген. Ал, Л.С.Славина мен Г.М.Сысоева балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалардың өз мүмкіндіктерінің бағасын жоғарылату үшін жасайтын іс-әрекеттерін сипаттаған.

      Жалпы, «Жетім балаларды әлеуметтендіру» сөзінің мағынасын  Қазақстандағы балалар үйі мен ондағы жетім балаларды әлеуметтендірудің жай-күйін сараптау арқылы түсіндіруге болады. Қоғамнан ауқымды орын алып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – жетім балалар мәселесі. Олардың өмірге даярлық процесі тар шеңберде өтетіндіктен, бұл балалардың әлеуметтенуі де өзіндік ерекшелікке ие. “Жетім”  терминінің бірнеше анықтамасы бар. Жетім ұғымымен қатар кейінгі кезде «Әлеуметтік жетім» ұғымы қолданыста бар. “Әлеуметтік жетімдер” дегеніміз белгілі  бір себептерге байланысты ата-аналары құқығынан айырылғандардың балалары және тастанды балалар. Әлеуметтік жетімдер балалардың  ерекше категориясы. Олардың рухани және адамгершілік құндылықтары, тәртіп мәдениеті туралы түсініктері теріс, себебі олар толық жанұялық тәрбие көрмеген. Оларға тән қасиеттер: агрессия,  алаңдаушылық, мінездегі жат қылықтар. Бұл мәселе жөнінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды жүздеген мектеп-интернаттардың, балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелердің және т.б. ұйымдардың жұмысынан байқай аламыз.

Еліміздің экономикалық жағдай жақсарып, елдің тұрмысы түзеле бастаған тұста бала мен отбасылық мүдделер ескеріліп, интернат типтес балалар үйлерінен басқа да қамқорлықтың баламалы түрлері көбейе бастады. Мысалы, патронаттық тәрбие. Патронат - ата-анасыз қалған баланы өз отбасына аламын деген адам мен мемлекеттік ұйым арасындағы келісім-шарт арқылы жүзеге асырылатын тәрбие формасы. Патронаттық тәрбие - балалар үйіндегі жетім балаларды әлеуметтендірудің және оларға отбасы жағдайында тәрбие берудің бірден-бір көзі.

«Әлеуметтендіру» ұғымы алғашқы рет өткен ғасырдың ортасында американдық психология мектебі өкілдерінің еңбектерінде қолданыла бастады. Атап айтсақ, американдық психолог ғалымдар А.Бондураның, Д.Доллэрдтің, Дж.Кольманның, А.Парктің, В.Уолтерстің және басқалар.

«Әлеуметтену» – (латын сөзінен шыққан «socialis» - қоғамдық) тұлғаның қалыптасу үрдісі, индивидтің тілді меңгеруі, әлеуметтік құндылықтар, тәжірибе және т.б. Э.Дюркгейм әлеуметтену процесін қарастырып, оның белсенді бастамасы қоғамға тән, сол себепті ол әлеуметтену субъектісі болады деген. Сондықтан қоғам адамды «өз үлгісіне салып» қалыптастыруға талпынады.

Т.Парсонстың ойынша, әлеуметтену бала дүниеге келген қоғам мәдениетіне қатысты болса, ролдерді қанағаттандырушы қызмет үшін бағыт-бағдар реквизитін игеру қажет. Әлеуметтенуде, дейді Э.В.Ильенков тәрбиемен қатар алдын-ала әдейі дайындықсыз, өздігінен туындаған ықпал арқылы адамның қоғамның толыққанды, толық құқылы мүшесі болуы байқалады.

       Тұлғаны әлеуметтендіру ұғымы көбінесе әлеуметтенудің негізгі механизмдері арқылы да түсіндіріледі. Атап айтқанда, психологиялық және әлеуметтік-психологиялық механизмдер (импринтинг, еліктеу, экзистенциалды қысым көрсету, идентификация, рефлекция), әлеуметтенудің әлеуметтік-педагогикалық механизмдері (әлеуметтенудің дәстүрлі механизмі, әлеуметтенудің институционалды механизмі, әлеуметтенудің стильді механизмі, әлеуметтенудің тұлға аралық механизмі).

Жетім балаларды жан-жақты әлеуметтендірудің негізгі мақсаты етіп енді ғана қалыптасып келе жатқан мемлекеттік құрылыстың демократиялық принциптеріне берілген, білімді меңгерген,  жоғары рухани ұлттық сезімі оянған, өз бетімен ғылыми тұрғыдан ойлауға қабілетті, адам құқығын құрметтеудің маңызын түсінетін, өздігінен денсаулығын нығайтуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әрдайым әлеуметтік белсенділік танытуға дайын, нарықтық қатынастар жағдайындағы әр қилы өмірде өз бетімен іс істеуге мүмкіндігі мол интеллекті, мақсат-мұраты және мүдделері, адамгершілік пен мінез-құлық мәдениеті толық жетілген дүниеге берік көзқарастағы өзін де, өзгені де құрметтейтін, өзіне-өзі сенімді жеке тұлға үлгісіндегі жаңа ұрпақты даярлау мақсаты қойылады.

Бұл міндеттің ойдағыдай іс-жүзіне асуы үшін, қажетті шарттар туындайды және оны іске асыру  қажет. Олар:

1. Жалпы білім беретін мектеп ұжымы, мұғалімдер мен тәрбиешілер жас ұрпақты әлеуметтендіру мәселелеріне қатысты тәлім-тәрбиелік шараларды іс-жүзіне асыру барысында жалпы мемлекеттік, жалпыұлттық мәні бар және белгілі бір ұлтқа тән әлеуметтік қасиеттерді, сапаларды, рухани құндылықтарды және мүдделерді меңгертудің үйлесімді сабақтастығының сақталу заңдылығын үнемі басшылыққа алып отыруы шарт.

2. Жас ұрпақтың адамдық бітім-болмысының, қадір-қасиеттері мен сапаларының жан-жақты және үйлесімді қалыптасып, дамуына ықпал ететін әлеуметтік тәжірибенің озық үлгілерінің, рухани құндылықтар мен ой-пікірлердің, идеялар мен мақсат-мұраттардың, адамгершілік пен мінез-құлық нормаларының алдағы бүкіл өмір бойы сіңірілуіне түрткі болып отыратын өзіндік бағыт-бағдары ой қорытушылық қабілеті бар жетекші қайнар көзі, ойлау қабілеттерінің ең жоғары тиімді тәсілі, жан дүниесінің ең негізгі деңгеймен ұсынысы ретінде дүниеге ғылыми көзқарастар алынып, қалыптастырылуы жөн.

3. Жетім балаларды адамгершілік тұрғыдан әлеуметтендіру оларға белгілі бір тарихи-мәдени ортада қабылданған мінез-құлық нормаларын меңгертудің негізгі бағыттарының бірі ғана емес, сонымен бірге, бұл күндері қоғамдық өмірдің төрінен орын алып нарықтық жүгенсіздік жағдайында зор мәнге де ие екендігін мектеп ұжымы, балалар үйлері мұғалімдер мен тәрбиешілер үнемі есте ұстаулары керек.

4. Жалпы мемлекеттік, жалпы ұлттық мәні бар әлеуметтік қасиеттер мен сапалардың алдыңғы қатарына Қазақстанда азаматтық татулық пен ұлттық келісімді тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі ретінде әрбір ұлт өкілінің, әсіресе, олардың ертеңгі күні орнынбасар жас ізбасарларының бойында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру шарт.

5. Жетім баланың бойында ұлттық сана-сезімді, қадір-қасиеттерді, рухани құндылықтарды, мақсат-мұраттарды, мүдделерді, талғамды, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, ұлттың өзіндік шаруашылық жүргізу машықтарын, мәдениетті, өнерді және іскерлікті дарытудың таптырмайтын құралы – халықтық педагогика арқылы жоғарыдағыдай құндылықтарды жасөспірімдер бойына қалыптастыру болып табылады.

        Жалпы балалар үйі жағдайындағы жетім балаларды әлеуметтендіріп, жаңа қоғам өміріне қосу үшін, келесідей шарттар орындалуы қажет:

        - оларға өмір бойы қызмет ететін, дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға және ғылымның негізгі байлықтарын, ұлттық, жалпыадамзаттық мәдениетті игеруге мүмкіндік беретін, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың өздігінен ойлау қабілетін дамытуға, алда тұрған өмірлік, бағыт-бағдарлық және өндірістік міндеттерді өз беттерімен шешуге, жағдайдың өзгеруіне байланысты тез бейімдеуді, алған білімдерін қазіргі заманғы күрделі техникамен және технологиямен байланысты алдағы еңбек жолында керек болатын білім негіздерімен, дағды-іскерліктерімен және біліктілікпен қаруландыруға үйрету;

       - оқу үрдісінде тәрбиеленушілерге жалпы адамзаттың қол жеткен игіліктері мен ұлттық мәдениет, ғылым, тіл, өнермен ұштастырыла тәрбиелеудің негізінде жеке тұлғаны ана тілі мен ұлтаралық қатынас тілдерін, өзінің және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін білетін әрі қастерлейтін адамгершілігі мен мінез-құлық мәдениеті жоғары адамзат ретінде тәрбиелеуге үйрету;

        - білім берудің басты принципі – жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және жетілдіріп дамыту қағидасын басшылыққа ала отырып, жетім балалардың жеке тұлғасын қалыптастырып, одан әрі дамытып отыру үшін даралап және саралап оқытуға, оқыту үрдісінде үнемі жаңадан жетілдірілген әдістерді және ақпараттық технологияны мүмкіндігінше пайдалануға, олардың өздігінен денсаулығын нығайтуына, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сөйтіп, қоғамдық өмірде үнемі белсенділік көрсететіндей етіп, тәрбиелеу;

- ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, ұлттық психология мен этиканы барлық пәндердің мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәлім-тәрбие берудің нәтижесінде өз ұлтына тән ұлттық қадір-қасиеттерді, ұлттық сана сезімді, мінез-құлықты, көңіл-күйді, ұлттық сезімді, ұлттық материалдық және рухани құндылықтарды, ұлттық мүдделерді, ұлттық өзіндік шаруашылық жүргізу машықтарын, іскерлік пен тәжірибені, өнерді меңгерту болып табылады;

- жетім балалардың бойында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыруға, олардың санасында өзге ұлт өкілдеріне құрмет пен сыйластық, достық пен ынтымақтастық сезімдерін сіңдіруге, оларға азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім принциптерін үнемі түсіндіріп отыруға міндетті.

Балалар үйіндегі тәрбиеленушілермен жұмыс жасау барысында  мынадай шаралар ескерілу тиіс: жұмыс барысында қолданылатын психологиялық-педагогикалық бағыттың мазмұнын, түрін, тәсілдерін қамтамасыз ету; жеке тұлғаға әсер ететін медициналық-психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік жағдайларды зерттеу; балалар мен үлкендердің қарым-қатынастарының  дұрыстығына бағытталған әлеуметтік педагогикалық іс-әрекеттілікті ұйымдастыру; әлеуметтік жетімдердің отбасы жағдайын анықтау; балалардың мүддесін қорғау, олардың отбасымен, әртүрлі қоғамдық инстанцияларымен қарым-қатынасын ұйымдастыру. Мұның барлығы әлеуметтік психолог-педагогтың міндеті болып есептеледі.

        Сондықтан, жас ұрпақты қоғамға әлеуметтендіру барысында олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіре отырып, олардың ар-намысына тимеуге, абыройларын, ар-ождандарын құрметеуге рухани-адамгершілік пен әдептілікке баулу, адамды сүйе, сыйлай, құрметтей, қадірлей білуге үйрету, қоғамның шынайы иесі болуға талаптандыру және қоғамдық ортаға жылдам бейімделуге  қажет. Балалар үйінде оларды әлеуметтендіру және тәрбиелеуде оның ең тиімді жолдарын, құралдары мен тәсілдерін саралауға ең алдымен ұстаздар мен тәрбиешілердің әрбір жас жеткіншек ұрпақтың жас мөлшерін, мінез-құлқын, тұлғалық қалыптасатын кезеңдерінің психологиялық ерекшеліктерін үнемі ескеріп, зерттеп отыруы әрбір ұстаздың, тәрбиешінің кәсіби міндеттеріне айналуы тиіс.

 

Әдебиеттер:

 

1.  Алмаханова Х. Жас өспірімдерге эстетикалық тәрбие беру.  -Алматы, 1990.

 

2.  Қазақстанда жетім балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізу мәселесінің құқықтық негіздері // Ұлт тағлымы,  2005. – № 4. – Б.314-318.

 

3.  Жетім балалармен әлеуметтік жұмыс – өзекті мәселе. – Алматы: Қазақстан жоғары мектебі, 2005. – № 4. – Б.233-235.

 

4.  Социализация детей-сирот как педагогическое явление //Актуальные проблемы образования в условиях его модернизации. Международная научная конференция. – Москва: МГПУ, 2007. – С.151-154.