Психология и социология/7. Общая психология

 

п.ғ.к., доцент Г.Е. Санай

педагогика магистрі, аға оқытушы М.А. Мырқасымова

Психология мамандығының 2 курс студенті  Т.Сағындық

 

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты,

 М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Тұлғада өзіндік бағалау дамуының психологиялық ерекшеліктері

 

Өзіндік бағалау өзіндік сана сияқты әлеуметтік сипатқа ие және әлеуметтік жағдайларға негізделеді. Кеңес психологтарының зерттеулерінде өзіндік бағалау - еңбектің, танымның және қарым-қатынастың күрделі продуктісі болып табылады. Және де тұлғаның өзін салыстыруы, басқалармен қатар қою өзіндік бағалау критерийлері екендігі анықталған.  Өзіндік бағалау – адамның өзін білуі және өзіне қатынасы болып табылады. Өзіндік бағалау адамның өз икемділіктерін, қылықтарын, қасиеттерін және өз әрекетінің мотивтері мен мақсаттарын ажыратуын, оларды ұғынуын және бағалау қатынасын енгізеді. Тұлғаның өз күші мен мүмкіндіктерін бағалай алуы, оларды сыртқы жағдайларға, талаптарға  сәйкестендіруі  және алдына белгілі бір мақсат қоя білуі тұлға қалыптасуында маңызға ие.

Өзіндік бағалау өз формасына тәуелді (адекватты, төмен, жоғары) адам белсенділігін стимулдауы немесе керісінше тежеуі мүмкін. Адекватсыз, төмен өзіндік бағалау адамның әлеуметтік талаптану деңгейін төмендетуі, өз мүмкіндіктеріне деген сенімсіздік дамуына алып келуі және адамның өмірлік перспективаларын шектеуі мүмкін. Мұндай өзіндік бағалау ауыр эмоциялық қалыпсыздықпен, ішкі шиеленістермен қатар жүреді. Төмендетілген өзіндік бағалау қоғамға да зиянын келтіреді. Себебі, адам өз күші мен мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды және қайтарымы аз болады.

Тұлғаның өз күші мен мүмкіндіктерін асыра бағалау жиі кездеседі. Білгірлік сияқты сезімдер: өз мүмкіндіктерін негізсіз жоғары бағалай отырып, тұлға орындай алмайтын міндеттерді қояды. Жоғары өзіндік бағалау басқа адамдардың бағалауымен қарама-қайшылыққа келіп, ұжымның шеттетуіне алып келе отырып, мүшелері арасындағы шиеленіске ұшыратуы мүмкін. Сонымен бірге, адекватсыз, жоғары өзіндік бағалау сәтсіздіктерге ұшырап, жағымсыз эмоциялық қысымды туындатады. Өз мүмкіндіктерін асыра бағалау өзіне деген сенімсіздікпен қатар жүріп, қатты әсерлену мен адекватсыз мінез-құлыққа алып келеді.

Тұлғаның ішкі қақтығыстары төмендегі жағдайлардың бөлінісінен туындауы мүмкін:

·                    басқа адамдар беретін бағалау мен өзіндік бағалау;

·                    өзіндік бағалау және адам ұмтылатын идеалды «Мен».

Психологиялық әдебиеттерде өзіндік бағалау бірнеше тұрғыда сипатталады. Олардың ішінде ерекше атап өтетін жайт, өзіндік бағалаудың адекваттылық мәселесі баса айтылып, мұнда «өзі туралы ой» ұғымына сәйкес тұжырымдалады. Кейбір зерттеулерде өзіндік бағалау өзіне жалпы қатынас түрінде көрсетіледі. Авторлардың тұжырымындағы мұндай бірыңғай емес позиция тұлғаның өзіндік бағалауы әрі өзі туралы ойы, әрі өзіне қатынасы сипатына байланысты туындап отыр [1]. 

Біздің зертеулеріміз бойынша өзіндік бағалау тұлғаның өзі туралы ойы деген түсінікке сайып келеді. Себебі, тұлғаның өзі туралы ойы негізінде өзіндік қатынас қалыптасады. Негізінен тұлғаның өзіндік бағалауы нақты әлеуметтік топтардың ықпалынан қалыптасады. Тұлға өзі туралы өмір барысында жинақтаған ойдың негізінде тұлғаның жалпы өзіндік бағалау өзіне тұтастай қатынас құрумен, тұлғаның өзін-өзі құрметтеу мазмұнымен байланысты.

Өзіндік бағалау, әсіресе, тұлғаның қабілеті мен мүмкіндіктері, белгілі бір талаптану деңгейін білдіреді. Тұлғаның талаптану деңгейі және өзіндік бағалау сипаты қиын өмір жағдайында, сондай-ақ, күнделікті ұжымдағы іс- әрекетінде, қоғамдық жұмыстарда айқын көрініс береді. Тұлға өзінің талаптану деңгейі жоғары және ол үшін негізгі болып табылатын іс-әрекеттегі жетістік пен сәтсіздіктен қатты  әсер алады.

Адекватты өзіндік бағалау толық, әлеуметтік белсенділігі жоғары, өзіндік дәрежесі бар және әлеуметтік ортада өз құндылығын түсінетін тұлғаның қалыптасуында маңызды рөл атқарады. 

Өзіндік бағалау - күрделі және ұзақ процесс. Оның қалыптасу барысында түрлі факторлар өзара әрекеттеседі: айналасындағылардың бағасын, өз жетістіктері мен сәтсіздіктерін адамның өзінің талдауы, оның қасиеттері көрінетін іс-әрекет нәтижесі. Алғашқыда адамның әрекет-қылығы басқалардың бағалауларымен реттеліп отырады, кейіннен іс-әрекет нәтижесі негізінде сыртқы реттелу ішкі реттелуге жол береді, бұл жерде маңызды механизм ретінде өзіндік бағалау алға шығады.

Бірдей қарама-қайшылықсыз бағалау қатынастарының жүйесі - адекватты және тұрақты өзіндік бағалау қалыптасудың негізі болып табылады. Тұлғаның қарым-қатынас аумағы, белсенді практикалық әрекетте басқа адамдармен байланысы неғұрлым кең болған сайын, солғұрлым, салыстыру, бағалауды салыстыру және өзіндік бағалауды анықтау немесе бекіту мүмкіндіктері жоғары болады. Ұжымдық әрекетке белсенді араласуда тұлға қарым-қатынас ережелерін меңгеруі - өз-өзіне деген бағалау қатынасы қалыптасуының объективті негізі болып табылады. Егер өзіндік бағалау басқа адамдардың бағалауы негізінде туындайтын болса, онда тұлға өз әрекетінің және қылықтарының нәтижесін дұрыс бағалай алмай, соның негізінде адекватсыз өзіндік бағалау қалыптасуы мүмкін. Адекватты және тұрақты өзіндік бағалау қалыптасуы үшін тұлға өз іс-әрекеттері мен қылықтарын талдай алуы тиіс. Әрбір адам өзін түрлі өмірлік жағдаяттарда басқалардың бағалауымен салыстыра отырып, өзі туралы объективті пікір туындатуы тиіс. Өзіндік бағалауда өзіндік бақылау, өзін ұнату емес, ол тұлғаның өзіндік санасы мен өзіндік жетілуін дамыту процесі ретінде қызмет етуі қажет. Практикалық іс-әрекет тұлға сапасын қалыптастырады және дамытады. Өзінің мүмкіндіктерін және қасиеттері күнделікті өмірден тыс айқындауға ұмтылу дұрыс емес, ол адекватсыз өзіндік бағалауға алып келуі мүмкін. Өзіндік бағалаудың негізгі амалдары мен тәсілдерін мыналар: өзін-өзі бақылау, өзіндік есеп, өзіндік анализ, өзіндік қадағалау, салыстыру [2]. 

Өзіндік бағалау бойынша адамдар типтерге бөлінеді. Олар: адекваттық, адекваттық емес. Бұл типтерге сипаттама берсек, адекватты өзіндік бағалау типіне жататын тұлғалар өзін-өзі жоғары немесе орташа объективті түрде бағалайды. Адекваттық өзіндік бағалауда көбінесе, адам алдына шынайы жетістікпен өзіндік мүмкіншіліктерді тапсырма мен мақсат етіп қояды, сонымен қатар, басқа адамдар мен тез қарым-қатынас байланыстыра алады, өзіне-өзі және басқаларға қанағаттанады, өзіне толық сенімді және өмірде өзін реттей алады. Адекваттық емес өзіндік бағалауға жататын типтер екі түрге бөлінеді: 1) өзін-өзі өте жоғары бағалайды; 2) өзін өте төмен бағалайды. Өзін өте жоғары бағалайтын типтегі адам өзін мүлдем жоғары бағалайды, өзінің кемшіліктеріне көз жұмып қарайды. Әркез өзін бәрінен биік ұстайды және айналасындағыларды түсінгісі келмейді. Өте төмен бағалайтын типтегілер өздерін мүлдем төмен ұстап, басқа адамдармен қарым-қатынас жасағысы келмейді, барлық мүмкіншілігін, қасиеттерін жоққа шығарады. Әрдайым қорқынышта жүреді.

Тұлғаның жас ерекшеліктеріне байланысты өзіндік бағалауы және оның  дамуы түрліше болып келеді.      Егер, бастауыш мектеп жасында балалардың өзіндік бағалауы тәрбиешілер мен ішінара бағалаудан ажыратылмаған болса, жеткіншектік шақта өзіндік бағалау басқалардың бағалауынан бөліну байқалып, өзіне «өз көзімен» қарауға деген ұмтылыс пайда болады. Тұлғаның өзі туралы пікірлері жиі қате болғанмен де өзбеттілікке ауыса бастайды. Айналасындағылардың бағалаушы пікірлері тұлғаның өзіндік бағалауы қалыптасуында жеткіншек шаққа жеткенде кемиді. Көптеген зерттеулерде өзіндік бағалау адамның өз әрекет-қылығын талдау және бағалау негізінде қалыптасады деп көрсетеді.

Тұлға өз іс- әрекетінің және айналасындағылармен қарым-қатынас негізінде туындайтын өзіндік бағалаудың ерекшеліктері бар. Тұлға өз әрекет-қылықтарының сипатын, оның нәтижесі мен ортаның бағалауын талдап, ұғына бастайды. Сосын, тұлға белгілі бір әрекеттердегі немесе қылықтардағы жетістіктері мен кемшіліктеріне негізделетін жеке қасиеттерін талдайды. Өз мүмкіндіктерін іштей сезіне бастайды.

Балаларда өзіндік бағалаудың дамуы П.Р. Чамата пікірінше, екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - балалар өзін бағалай отырып, ең бастысы өз әрекеттері мен қылықтарын бағалаумен шектеледі; екінші кезең- өзіндік бағалау аймағына  тұлғаның ішкі қалпы мен құлықтық қасиеттері енгізіледі. Бұл кезеңнің қалыптасуы жеткіншектік кезеңде басталып, әлеуметтік тәжірибе жинау барысында және ақыл-ой дамуында, яғни бүкіл өмірі ағымында жалғасын табады. Іс- әрекеттегі және мінез-құлықты өзара бағалау, өзара бақылау және салыстыру тұлғаның өзіндік бағалауында сапалық тұрғыда өзгертеді деп есептеген: өзіндік бағалау сараланып, оның критерийлері нақтыланады, өзбеттілігі, тұрақтылығы, адекваттығы, әрекеттігі жоғарылайды [4].  

Өзіндік бағалау психология ғылымында негізгі ұғымдардың бірі, өзіндік бағалаудың даму шарты, мазмұны, анықтамасы жайлы бірыңғай ықпалдар әлі де қалыптаспаған. Өзіндік бағалау – жеке бастық қатынастардың өмірлік құрылымдарын таратудағы белсенділікті шарттандыратын тұлғаның сипаттамасы.

Өзіндік бағалау деңгейі – генезис табалдырығының өзара байланысқан, бірізді туындаушы болып табылады. Олар сапалық тұрғыда ерекшеліктерге ие. Әрбір генетикалық соңғы туындаған өзіндік бағалау деңгейі бұрын қалыптасқанды жоюмен емес, керісінше оны қайта құру негізінде жасалады. Өзіндік бағалау тұлға дамуында бірнеше деңгейлерден өтіп, әрбір деңгей өзіндік сипатқа ие болып келеді. А.Н. Соловьеваның өз еңбектерінде өзіндік бағалаудың дамуы төрт деңгейге бөлді [5].

1. Процестік-жағдаяттық - бұл деңгейде тұлға өз қылықтары мен қасиеттері арасындағы байланысты айқындамайды. Ол өзінің «Менін» тікелей іс-әрекеттің сыртқы нәтижесі бойынша бағалайды. Осы орайда, бұл нәтиже тұлғаның жекелік мүмкіндіктерінде адекватсыз болып келеді және сыртқы жағдайлар ағымына негізделеді. Стихиялық, кездейсоқтық, сыртқы жағдаяттардың қарама-қайшылықтығы өзіндік бағалау тұрақсыздығына алып келеді. Өзіндік бағалаудың өзгерісі қылықтарды түзету сипатына ие. 

2. Сапалық-жағдаяттық - бұл деңгейде тұлға ең алдымен, өз қылықтары мен қасиеттері арасындағы тікелей байланыстарды орнатады, яғни, белгілі бір қылықты орындау (орындамау) сәйкес қасиеттердің болуымен (болмауы) түйістіріледі. Адам қасиеттерді қылықтардан абстракцияланбайды, себебі, қасиет жеке қылықтарға қарағанда күрделі болып келеді. Бұл деңгейде өзіндік бағалау объективті және тұрақсыз болып келеді. Бұған байланысты тұлға қасиеттерді игеруді нақты қылық факторымен түйістіреді.

3. Сапалық-консервативтік - мұнда қылықтар мен тұлға қасиеттері арасындағы ресми, тікелей байланыстың бұзылуы байқалады. Тұлға қасиеті нақты қылықтардан абстракцияланып, санада объективті шындық ретінде туындайды.

4. Сапалық-динамикалық - бұл деңгейде тұлға қасиеттері мен қылықтары арасындағы күрделі байланыстар ұғынылады. Ішкі әлемнің тікелей әрекет-қылықпен үзілісі жойылады. Өзіндік бағалау объективтілік тенденциясын иеленіп, тұлғаның ішкі әлеміне сәйкес өзгермелі болады және тұлғаның шынайы даму деңгейін тұрақты бейнелейді. Өзіндік бағалау өзін-өзі тәрбиелеуді, тұлғаның  ішкі әлемін жетілдіру мүмкіндігін ескере отырып беріледі. Бұл деңгейде өзін-өзі тәрбиелеу саналы түрде жоспарланған және белсенді процесс болады.

Әрбір деңгейдің тұлғалық қасиеттердің дамуында белгілі бір маңыздылығы бар. Тұлға өзіндік бағалауы жоғарыда атап көрсеткендей өзіндік сана, өзіндік көзқарас пен сенім арқылы дамиды. Өзіндік бағалау даму деңгейі тұлғаның қасиеттік және қылықтық құрылымдарында талданады. Себебі, дәл осы құрылымдардың көрініс беруі өзіндік бағалауға тікелей байланысты болып келеді.

Тұлғада өзіне сыни және талаппен қарауы адекватты өзіндік бағалау қалыптасудың басты шарттарының бірі екендігі көптеген зерттеулерде көрсетілген.  Осы зерттеулердің  негізінде тұлғаның өзін өзгелермен салыстыруы кездейсоқ, асығыс болмауы тиіс деген шешім жасауға болады. Оны тұлғаның жекелік ерекшеліктерін, қабілеттерін, әрекетке қатынасын есепке ала отырып, іс- әрекетке ықпал етуші маңызды тәсіл ретінде пайдалану керек. Тұлға бірдей қабілетке ие, бірақ, іс-әрекетте түрлі нәтиже беретіндерін салыстыру адекватты өзіндік бағалау қалыптасуға мүмкіндік береді.

Ұжым өзіндік бағалауы төмен тұлғаларға жекелік міндеттер деңгейін жоғарылатуды ұсына отырып, тұлғаның өзіндік дамуының перспективалық бағдарламасын жасауға, өзінің әлеуметтік белсенділігін жоғарлатуға көмектеседі. Тұлға айналасындағылардың құлықтық қолдау көрсетуі жетістікке жетуге сеніміне және өз әрекетінің дұрыс нәтижесіне жетуге ықпал етеді. Сондықтан ұжым тұлғаның өз қабілеттері мен күшін толық пайдалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Танымдық немесе өзін-өзі тану – адамға өзі туралы таным береді. Таным екі дәрежеде дамиды. Біріншісінде таным басқа адамдармен қатынасы. Мұнда ең бастысы адам өзін-өзі реттеуі және өзін-өзі бақылауы керек. Бұл екі бағыт қосылып өзіндік құрамдық жіктеуге айналады. Осыдан «Мен» және «Басқалар» деген реттік шығады. Біздің эксперименттік бөлімімізде этностық толеранттылықты анықтауда осы жүйе басшылыққа алынады. Мен-бейнесі өзін-өзі түсіну деген ұғымға саяды. Мен- бейнесі ұдайы динамикалық өсуде болады. Өзара байланыс «Мен» және «Мен- режимін» туындатады.

Сонымен, өзіндік бағалау дегеніміз - тұлғаның өз бойындағы барлық қасиеттерді басқару функциясында көрінетін автономды тұлғалық қасиет болып табылады. Өзіндік бағалау өмірде қалыптаса отырып, тұлғаның өмірінде ерекше маңызға ие болғандықтан оны жаңа сипатта зерттеу қажеттігі туындайды.

 

 

Әдебиеттер:

 

1. Аяғанова А. Ж. Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері. Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.

2. Мид М. Культура и мир детства. – Москва: Наука, 1988. – С.429.

3. Рувинский Л.И. Самовоспитание личности. - Москва: Педагогика, 1976. - С. 140.

4. Аяғанова А. Ж. Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері. Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.

5. Соловьева А.Н. Самооценка как фактор самовоспитания в  юношеском возрасте: автореф. дис. ... канд. пед. н.: 13.00.01 – М.: МГУ, 1973. – С. 25.