Психология и
социология/9. Психология развития
педагогика магистрі, аға оқытушы М.А.
Мырқасымова
Психология мамандығының 4 курс студенті Ә.Тойшыбай
М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік
университеті, Қазақстан
Психологиядағы ақыл-ой
ұғымын теориялық зерттеу
Психология ғылымында
тұлғаның интеллект табиғатын зерттеу ең басты
мәселелердің бірі болып табылады. Тұлға
табиғи-мәдени тіршілік иесі ретінде қалыптасады және
өз өмірінде материалдық, рухани байлықтарды игереді.
Әлеуметтік-мәдени факторлар (тіл, отбасы, салт-дәстүрлер)
бұл байлықтарды толықтырады. Тұлға
әлеуметтік тіршілік иесі бола отырып, қоршаған орта
құндылықтарын игереді, оларды қайта жасайды. Осы
орайды, ақылдылық, парасат, зияттылықтың негізі болып
табылатын интеллектіні зерттеу шетел және кеңес, отандық
психология ғылымының маңызды да қажетті, тіпті
өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Интеллект табиғатын
түсіндіретін көптеген зерттеулер бар. Оның негізін ерте
философиялық ой-пікірлерді ұсынушылардың еңбектерінен
табуға болады. Осы орайда, біз ғұлама ғалым
әл-Фарабидің көзқарасынан бастау алатын интеллект
туралы ой пікірлерді талдаймыз [1]. Белгілі ойшыл интеллект ұғымын
адам, яғни парасатты адам жөнінде айтқан кезде қолданған.
Әрине, сол кездегі интеллект туралы әл –Фарабидің пікірі
қазіргі таңдағы зерттеулерден әлдеқайда алыста.
Дегенмен, әл-Фараби интеллект табиғатында адамның
парасаттылығы туралы оймен тұжырымдағандығы
тұлға іс-әрекетіндегі рөлін ашып көрсеткенін
байқауға болады.
Интеллект
табиғатының тұлға құрылымындағы
маңыздылығы туралы ой тұжырымдар белгілі ойшыл,
еңбектері психологияның материалистік сипатына негіз болған
Аристотель көзқарастарында да кездеседі. Аристотель интеллектіні
өзіне қалай және қайтіп келіп қалғанын
білмесе де, анология жасау немесе ой толғау арқылы емес, туа біткен,
жаратылыстан біткен қасиеті арқылы әмбебап,
ақиқат және қажетті шарттар жөнінде анық
мағлұмат алу үшін адамға жағдай жасайтын жан
қабілеті ретінде түсіндіреді. Аристотельдің пікірі
қазіргі таңдағы интеллектіні ерекше қабілет
ұғымын теңестіретін тұжырымдарына жақын
келетіндігін байқауға болады. Сонымен қатар, Аристотель
интеллектіні төрт түрге бөледі: әлеуетті, актуалды,
жүре келе дарыған және әрекетшіл интеллект. Енді оның
интеллектінің жоғарыдағы түрлеріне берген сипаттамасына
тоқталамыз.
Әлеуетті интеллект - жан
қабілеттерінің бірі немесе материядан дүниеде бар
заттардың парқы мен формасын абстракциялай алатын немесе
соған даяр әлде бірдеңе деп есептейді. Интеллект
парқында бар нәрселер арқылы формалардың жүзеге
асқандығын түсіндіреді: дүниеде бар нәрселердің
формасына әлі ие болмай тұрған кезде, ол әлеуетті
интеллект болып табылады, ал формалар жүзеге асты дегенше ол актуалды
интеллектіге айналады.
Актуалды
интеллект - актуалды пайымдалғыш болғандықтан
интеллектінің формалары болып табылатын интеллекцияның
пайымдалған объектіге бағдарланып, бұған дейін актуалды
деп саналып келген интеллект жүре келе дарыған интеллектіге
айналады.
Аристотель айтқан
әрекетшіл интеллект дегеніміз - ешуақытта да материяда
болмаған және онымен мүлдем байланысы жоқ абстракцияланған
форма. Бұл интеллект қайсыбір жағынан қарағанда
актуалды интеллект болып табылады және жүре келе дарыған
интеллектіге өте жақын болып келеді. Ойшыл өз ой-пікірлерінде
интеллектінің табиғатын және оның түрлерін атап
көрсетуде құнды мәселелерді алға тартады.
Философ-ойшыл интеллект ұғымын оның түрлерін ажырата
отырып түсіндіруге тырысты. Және де әрбір түрі
әрекет еткен сайын екінші түрге өтіп отыратындығын
дәлелдеуге тырысты. Оның еңбектерінен интеллектінің
қоршаған шындыққа қатысты туындауы мәселесі
сөз болады. Осы орайда, Аристотельдің көзқарасы бойынша
ақиқат дүниенің интеллект дамуындағы рөлі
болып табылады [2].
Түптеп
келгенде «шын мәнінде неше интеллект бар?» деген
сұраққа тестология нақты жауап бере алмайды. Оның
үстіне интеллекттік тестілер сынаққа түсушілердің
даралық-психологиялық және жастық ерекшеліктеріне
байланысты екендігі байқалады. Шын мәнінде бұл тестілер
адамның белгілі бір мәдениетке қосылу деңгейін
анықтайды, сол себепті оларды «психикалық даму» тестілері деп
атауға болады.
Тестологиялық
тұрғыда қарау интеллектіде психологиялық шындық
жағдаятынан бас тартуға алып келді. «Интеллект реалды
психологиялық қасиет ретінде бар ма немесе жоқ па?» деген
сұрақ төңірегінде академиялық пікірталастар
туындауы әбден мүмкін. Белгілі ғалым М.А. Холоднаяның
пікірінше «интеллект жоғалып кетуі» иллюзиясында үш негіздемені
бөлу керек [3].
Біріншісі
– интеллекттік қабілеттерді диагностикалаудағы тестік
әдістердің қарама-қайшылықтарын айқындаушы
әдістемелік негіз;
Екіншісі
– интеллектіде белгілі бір «тапсырмалық» жағдаятты көрсетуші
қандай да бір психологиялық (интеллекттік) ерекшелік ретінде
тестологиялық қабылдаумен байланысты түсінілетін
әдіснамалық негіз;
Үшіншісі
– интеллекттік даму деңгейінің «төмен-жоғары»
терминдерінде нақты адамның интеллекттік мүмкіндіктерін
интерпретациялайтын және тестік тапсырмалардың даралық
нәтижелерін түсіндіруге мүмкін еместігіне негізделген
мазмұндық этикалық негіз.
Жоғарыдағы
топтама бойынша интеллект субъектінің ментальды (ақыл-ой)
тәжірибесін ұйымдастыру формасы ретінде анықталды. Тамаша
жаңалықтар, шешім табулар және жасап шығарулар
адамның, әрине, ақылды екендігінің белгісі. Ал,
ақыл- ой қабілеті - тұлға интеллектісінің
көрсеткіші болып табылады.
Интеллект
гештальтпсихология теориясында да өз тұжырымдарын тапты. Интеллектінің
тірек сипаттамасы ретінде инсайт түсінілді. Инсайт тереңдеген
сайын, яғни проблемалық жағдаяттарының мәнді
ерекшелігі қаншалықты күшті жауап әрекетін
анықтаса, соғұрлым интеллекттік болып табылады. Бұл
көзқарас бойынша инсайтқа қабілеттілік интеллект
дамуының критерийі болып табылады [4].
Интеллекттік
қабілеттері әртүрлі деңгейдегі адамдар арасындағы
ең басты айырмашылық олардың әртүрлі
ұйымдастырылған жүйелік білімдерге ие екендігімен байланысты
болып келеді. Дәл осы даралық білімдер базасының ерекшелігі
жеке таным процестерінің (есте сақтау, тапсырмаларды шешу)
қарқындылығын алдын-ала анықтайды. Осы орайда,
білімділік интеллектінің негізі деп тұжырым жасайтын
еңбектерді кездестіруге болады.
Белгілі
ғалым Ж. Пиаженің пікірінше, интеллект –бұл ассимиляция
және аккомадация процесінің бірлігін білдіретін ағзаның
ортаға адаптациялануының формасы болып табылады. Сондықтан,
интеллект мәні физикалық және әлеуметтік шындыққа
икемді және бір мезгілде тұрақты адаптацияланудың
жүзеге асу мүмкіндігінде қорытылады, оның негізгі
міндеті - орта мен адамның өзара әрекеттесуін
құрылымдау және ұйымдастыру.
Кеңес
ғалымы А.Р. Лурия интеллектіні әлеуметтік-мәдени
тұрғыда қарастырды [5]. Мәдениет аралық
зерттеудің ерекше міндеті әртүрлі мәдениет
өкілдерінің интеллекттік іс-әрекет ерекшеліктерін
салыстырмалы талдауда қорытылды. Осы зерттеулер барысында мәдени
әсер айқын көрініп, дәл осы жағдай адамзат
интеллектісінің табиғатын көруге мүмкіндік береді.
Бұған дәлел, біріншіден, қабылдаудың,
естің, ой қорытындысы, елес және т.б. мәдени
өзгерісінің негізгі тенденциясы болмысқа анық
категориялық қатынастың көрінуімен тұжырымдалады:
танымдық әрекет тікелей практикалық тәжірибе аймағынан
логикалық ой-пікірлер аймағының шегіне шығу
қабілетін игереді. Мәдениет интеллект дамуы деңгейіне
өз әсерін тигізбей интеллекттік сипатына ықпал етеді деген
тұжырым жасалды.
Екіншіден,
бір мәдениет шегінде қалыптасқан адамның интеллекттік
мүмкіндіктерін бағалау критерийлері басқа мәдениетке
механикалық ауыстырылуы мүмкін емес.
Үшіншіден,
интеллектінің арнайы мәдени негізделген қасиеттерінің
болуы оның құрылымдылығын білдірмейді. Яғни,
әртүрлі мәдениет өкілдерінің интеллекттік
белсенділіктерінің ерекшеліктері бар.
Төртіншіден,
әлеуметтік мәдени ортаның кейбір жағдайлары
интеллекттік дамудың қарқындылығын арттырады.
Бесіншіден,
интеллекттік әрекеттің логикалық тәсілдерін игеру
арқасында сөздердің мағынасы және логикалық
пікірлер арқылы жеке тәжірибе бүкіл адамзаттық
тәжірибесіне орналастырылады, әрине бұл жағдайда жеке
дара адамның интеллекттік әлемі кеңейеді.
Әрине,
интеллекттік мүмкіндіктер мәдени контексте туындап ғана
қоймай, сонымен бірге оларда шектеледі. Бұл бағыттағы
интеллекттік мүмкіндіктер дамуының тұтастай критерийлері осы
субъектінің сәйкес мәдениеттің мазмұнын игеруімен
және қаншалықты деңгейде интеллектісі басым
мәдени бағдардың тасымалдаушы және жүзеге асырушы
болып табылатындығымен байланысты.
Осы
орайда іс-әрекет тұлғадан қандай да бір белсенділікті
талап етеді. Ал, белсенді тұлға дамыту қоғамның
басты талаптарының бірі болып табылады. Интеллекттік
көрсеткіштердің жоғарылығы іс – әрекет
нәтижесінің жетістігі екені белгілі.
С.Л.
Рубинштейн ойлау теориясы шеңберінде интеллект табиғатын
түсіндіруге тырысты. Оның еңбектерінде психикалық тірі
табиғат дамушылығымен, үздіксіздігімен сипатталады.
Кез-келген психикалық белсенділіктің механизмдері іс-әрекет
негізінде қалыптасады. Көрнекті психолог мынадай көкейкесті
мәселені алға тартады: «адамның ақыл-ой қабілетін
оның іс-әрекетіне қарап бағалауға болмайды,
яғни ойлау процесін ашу қажет». Кез-келген ақыл-ой
қабілетінің түйіні адамға берілген талдау,
жинақтау және қортындылау болып табылады. Ғалым сонымен
бірге «ойлауға қабілеттілік» деген ұғымды енгізе
отырып, оны «ойлау-дағды» ұғымына қарсы қояды.
Демек, тұлғаның интеллекттік әлеуетінің
мәні ішкі процестердің мәдениетін құрастыру болып
табылады және сол арқылы адамда жаңа ой пайда болып,
оның даму көрінісін береді.
Автордың
пікірінше кез-келген ақыл-ой қабілетінің негізгі компоненті
немесе өзегі сол адамға тән талдау, жинақтау және
жалпылау сапасы болып табылады. Сонымен, жекелей алғанда интеллект
негізгі ой операциялары – талдаудың, жинақтаудың және
жалпылаудың пайда болуы мен бекітілуіне байланысты құрылады.
Бұл жағдайда қол жеткен ақыл-ой дамуы
деңгейінің көрсеткішінен баланың интеллекттік
дамуының әлеуетін анықтауға көшуге болмайды.
Өйткені, тұлғаның шынайы интеллекттік мүмкіндігі
кезектегі іс-әрекет барысында көрінуі мүмкін.
В.Ю. Крамаренко интеллектіні ақыл-ой қабілеті ретінде және ойлауды
ақыл-ой белсенділігі ретінде шектейді. Ол интеллект формасы ретінде
алға шығатын шынайы негіз және оның өзектенуі
(нақты ойлау процесі формасы ретінде көрінетін) арасында бір
мағыналық сәйкестілік жоқ деген тұжырымды
ұсынады. Оның пікірінше ойлаудың үстірт
құрылымы жиі алдамшы және мәліметсіз болып келеді.
Мұнда субъектінің интеллекттік мүмкіндіктері туралы
толық мәліметтер берілмеген [6].
Шын
мәнінде ақылдылықтың психологиялық негізі
интеллект болып табылады. Жалпы алғанда интеллект дегеніміз –
психологиялық механизмдер жүйесі, олар тұлғаның
«ішінде» болып жатқан құбылыстардың көрінісін
береді. Ақылдылықтың психологиялық тамырын интеллект
құрылымы және функциялық механизмдерінен іздеу
қажет. Саналылықтың психологиялық түбірін
интеллект қызметінің құрылымынан табуға болады.
Психологиялық
тұрғыдан алғанда интеллектінің функциясы –
шым-шытырық нәрсені қалпына келтіру, жаңалық ашу,
пікірталастар, яғни адам әрекетінің барлық саласында
білімге, жаңалыққа қол жеткізу, шешім қабылдау.
Қазіргі
кезде халықтың интеллекттік күші демографияның
аймақтық, ішкі заттық, психологиялық
көрсеткіштермен қоса оның алға дамуының негізі
болып табылады.
Біріншіден, қазіргі
экономикалық дамудың шешуші факторы интеллекттік өндіріс, ал
жеке меншік түрі интеллекттік жеке меншік көрініс табады.
Екіншіден,
интеллекттік шығармашылық адамның рухани жағының
көрінісі ретінде әлеуметтік механизм рөлін атқарады.
Көптеген жылдар бойы адамның интеллекттік мүмкіндігі тестпен
өлшеніп келеді. Ал мұның өзі адам табиғатын
тануда әлсіздік көрсетіп келді.
Сонымен,
интеллект табиғатын түсіндіруде түрлі талас
сұрақтар кездескенмен де оның маңыздылығы
қай бағыттада айқын көрсетілген. Әрине, бір
жағынан алғанда саналы көзқарас адам өркениетінің
күшті ресурсы болып табылғанымен, екінші жағынан саналы болу
деген сөз ең нәзік психологиялық қабат, кез-келген
уақыттағы қолайсыз жағдайда адам оны «сыпырып»
тастайды. Саналылықтың психологиялық негізі - интеллект екені
даусыз. Осы орайда, интеллектінің табиғатын жаңа
тұрпатта түсіндіру қазіргі таңда маңызды
жағдайлардың бірі болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Әл- Фараби
философиясы. Әлеуметтік этикалық трактаттар.- Алматы:
Ғылым, 1975.– Б. 418.
2. Аяғанова А. Ж.
Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара
байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері.
Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.
3.Холодная М.А. Психология
интеллекта. – СПб., 2002. – С. 249.
4. Аяғанова А. Ж.
Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара
байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері.
Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертация.– Алматы, 2009.
5. Лурия А.Р. Об
историческом развитии познавательных процессов. – Москва, 1974. – С. 172.
6. Аяғанова А. Ж.
Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара
байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері.
Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.