ҚАЗАҚСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТТЫ ЖҮРГІЗУ

Исабеков Ж.О.

Жамбыл гуманитарлық техникалық университеті, Тараз қаласы

 

Инвестиция – Қазақстан экономикасының нарықтық экономикаға өтуі кезінде пайда болған жаңа термин. Орталықтандырылған жоспарлау жүйесінің шеңберінде ең алдымен «жалпы капиталдық салынымдар» деген түсінік ретінде қолданылды, содан кейін осы түсінік бойынша жаңа құрылыс пен қайта өңдеуге, шаруашылық жүргізіп отырған кәсіпорындардың кеңеюі мен техникалық қайта қамтамасыздандырылуына, тұрғын үй мен тұрмыстық – мәдени құрылысқа жұмсалатын барлық қаржылық құралдар деп түсіндірілді.

Инвестиция – бұл капиталды ұлғайтуға бағыттылған шығындар. Қаржы нарығының көмегімен ақша жинақтары арқылы өндірісті дамыту және мемлекеттік, аймақтық мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартылады. Қаржы нарығының қызмет етуінің объективті алғышарты шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы ресурстарының қолда бар көздері мен қаржы ресурстарын тұтынудың сәйкестігі болып табылады.

Инвестиция – бұл ақшаны, оның сақталуына немесе құнының артуына және табыстың оң шамасын қамтамасыз етуге үміт арта отырып, орналастыруға болатын кез келген құрал. Бос ақша құралдары инвестиция болып табылмайды, себебі қолма – қол ақшаның құнын инфляция жеп қоюы мүмкін және ол ешқандай табыс әкелмейді. Капиталды орналастырудың түрлі факторларымен айрықшалататын әр түрлі нысандары бар: Құнды қағаздар мен жылжымайтын мүлікке; қарыздық міндеттемелерге; опциондар мен акцияларға; шағын немесе үлкен тәуекелмен; қысқа немесе ұзақ мерзімге; тікелей және жанама.

Нарықтық экономикада инвестициясыз – табыс алу мақсатында кез келген қызмет саласына ұзақ мерзімдік қаржы қосусыз мүмкін емес.

Нарықтық экономикада инвесторлардың барлығы да меншік түріне қарамастан теңдей құқықтарға ие болады және инвестициялардың көлемі мен бағытын айқындауда толық дербестікті пайдаланады.

Қазіргі кезде дамыған нарықтық және жеке меншік инвестициялық реттейтін екі қуатты орталық пайда болды

Біріншісі – инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу – қоғам үшін инвестицияларды қаржыландыруға бюджеттен ақша бөлу.

Екіншісі – қор биржасы бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығы.

Ол уақытша босанған жеке ақша қаржыларын жекеше бизнес саласында кірісті

инвестициялаудың қуатты тұтқасы болып табылады.

Инвестиция деңгейі қоғамның ұлттық табысының көлеміне ықпал етеді, ұлттық экономиканың көптеген макро – пропорциялары инвестиция қозғалысына тәуелді.

Инвестициялардың экономикалық табиғатын оны жіктеу толығырақ түсіндіреді және жіктеу негізіне түрлі белгілер салынған. Белгілер ретінде мыналар қолданылады:

1)            инвестициялардың түрлері;

2)            ақша құралдарын салу объектілері;

3)            инвестицияландыруға қатысу сипаты;

4)            инвестицияландыру кезеңі;

5)            меншік түрлері;

6)            инвестордың қатысу түрлері;

7)            тәуекел дәрежесі;

8)            ұдайы өндіріс түрлері.

Кәсіпорынның инвестициялық қызметі бұл – кәсіпорынның шаруашылық қызметінде маңызды роль атқаратын және өзіне тән заңдылықтармен дамып отыратын, өзіндік логикаға ие объективті процесс, себебі инвестициялар өзінің экономикалық табиғаты жағынан болашақта табысқа жету үшін ағымдағы тұтынудан бас тартуды білдіреді. Сол себептен инвестициялық процесс кәсіпорындарының инвестициялық жоспарын анықтаудан басталады, оны таңдау төмендегілерге байланысты:

-                кәсіпорынның өмір сүру циклының сатылары;

-                жалпы даму стратегиялары;

-                инвестициялық ресурстардың ішкі және сыртқы нарықтарының жағдайы.

Сонымен, бастапқыда инвестицияны жүзеге асыру жетекшілері өз бетінше инвестицияға  қатысты шешім қабылдай алатын кәсіпорынның жұмысы болып көрінсе, онда мұндай жағдайда  ең әуелі шешімнің зардаптарын бағалауды үйрену керек, өйткені инвестициялардың жүзеге асырылмауы да өзінше бір стратегия. Инвестициялық стратегия деп ұзақ мерзімді мақсаттар кешені және оларға жетудің анағұрлым тиімді жолдарын таңдау түсіндіріледі.

Инвестициялық банктердің негізгі қызметтері:

банктің жалғыз – ак инвестициялық банктердің негізгі қызметі -ұзақ мерзімді ссудалық капиталды мобилизациялау және оны қарыз алушыларға акцияларды, облигацияларды және орналастыру арқылы, қарыздық міндеттемелердің басқа түрлері арқылы беру. Әр ірі фирма, корпорация әдетте өзінің инвестициялық банкісімен жұмыс істейді және сол банктің қызметін пайдаланады. Қазіргі инвестициялық банктердің екі түрі қызмет етеді:

1)            Бірінші типті инвестициялық банктер.

2)            Екінші типті инвестициялық банктер.

Мұндағы бірінші типті инвестициялық банктер тек бағалы қағаздарды орналастыру және сатумен айналысады. Ал екінші типті инвестициялық банктерге келетін болсақ олар ұзақ мерзімді несиелеумен айналысады.

Батыс Еуропаның континенталды елдеріне және дамушы елдеріне негізінен осы атап кеткен екінші типті инвестициялық банктер тән болып отыр. Бірінші банктер XIX ғасырдың бірінші ширегінде жауапкершілігі шектелген серіктестіктер формасында құрылған болатын. Инвестициялық банктер аса тез дамуы XX ғасырдың 20-шы жылдарында ғана байқалды.

Инвестициялық банктердін пайда болуын негізінен мемлекеттің бағалы қағаздарын орналастырумен байланысты деп көрсетеді. Кейіннен ұйымдастырудың акционерлік формасының пайда болуымен олар үлкен компаниялар мен корпорациялар үшін олардың акциялары мен облигацияларын орналастыру арқылы ақша қаражаттарын мобилизациялайды, жаңа компанияларды құруда, қайта құруда, біріктіруде белсенді қатысады, сонымен қатар мемлекеттік биліктің барлық деңгейінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастырады, оның ішінде орталық үкіметтің бағалы қағаздарынан бастап, жергілікті әкімшіліктің бағалы қағаздарына дейін орналастырады.

Бірінші типті инвестициялық банктер соңғы кезде көбінесе корпоративті секторлардың бағалы қағаздарымен операцияларды жиі жүргізеді. Мұндай банктер акциялар мен облигацияларды орналастыру арқылы өндіріс, транспорт және сауда кәсіпорындарының ақша қаражаттарын алуда делдал ретінде қатысады.

Бірінші типті инвестициялық банктер капиталды тарту, бағалы қағаздар нарығында қызмет көрсету бойынша бірқатар функцияларды атқарады:

-                Акциялар мен облигацияларды қайта орналастырумен айналысады;

-                Халықаралық бағалы қағаздарды еуровалюта нарығында орналастыруда делдал болады;

-                Корпорацияларға инвестициялық стратегияның сұрақтары бойынша және бухгалтерлік есеп пен есеп беру жөнінде кеңестер береді.

Қазіргі кезде бұл банктерсіз бағалы қағаздарды сату өте қиынға түседі. Көптеген компаниялар инвестициялық банктердің көмегінсіз ұзақ мерзімді ақша қаражаттарын ала алмаған болар еді. Кейбір мемлекеттердің қазіргі тәжірибесінде мұндай банктер компанияның бағалы қағаздарын орналастырумен айналыспасада, компаниялар құрылып қызмет ете алмайды. Осындай елдердің қатарына келесі елдерді мысалға келтіруге болады: Канада, Ұлыбритания, Австралия, Америка Құрама Штаттары.

Екінші типті инвестициялық банктер соғыстан кейінгі Батыс Еуропаның экономикасын қалпына келтіруде және дамушы елдердің салаларын құруда үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты келесі бірқатар елдерді ерекше бөліп көрсеткен дұрыс болады: Франция, Италия, Испания, Португалия, Скандинавия елдері. Аталған елдерде аралас және мемлекеттік инвестициялық банктер өндірісі ұзақ мерзімді несиелеудің және онда жаңа салалардың құрылуының жоғары деңгейін қамтамасыз етті. Аралас және мемлекеттік типтегі инвеетициялық, әлеуметтік экономикалық даму бағдарларын және экономиканы тұрақтандыру жоспарларын іске асыруға белсенді қатысты. Қазіргі кезде бұл инвестициялық банктер ссудалық капитал нарығында әртүрлі операцияларды жүргізеді: заңды және жеке тұлғалардың жинақтарын аккумуляциялайды, орта және ұзақ мерзімді несиелеу жүргізеді, жеке және мемлекеттік бағалы қағаздарға салымдар жасайды, әртүрлі қаржылық қызметтерді дамытады.

Сурет-1. Қазақстанға неғұрлым көп инвестиция тартатын мемлекеттер тізімі

 

1-суреттен көріп отырғанымыздай, Қазақстанға көп инвестиция салған мемелекеттер қатарында АҚШ – 23,6%, Швейцария – 13,7%, Ұлыбритания – 12,9%, Нидерланды – 13,4% және тағы басқалары кіреді.

Қазақстан Республикасының инновациялық – индустриялық дамуының 2003 – 2015 жылдарға арналған Мемлекеттік стратегиясы еліміздің 2015 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік – экономикалық саясатын қалыптастырады және экономика салаларын әртараптандыру, сонымен қатар дамудың шикізаттық бағытын жою арқылы  елдің тұрақты дамуына қол жеткізу үшін бағытталған.

Бағдарламада дүниежүзілік экономиканың ғаламдануы аясында Қазақстан экономикасының бірқатар проблемаларға тап болып отырғаны және сол проблемаларға нелер жататыны атап көрсетілген, яғни оларға мыналар жатады:

-                Қазақстан экономикасының бір жақты шикізат бағыттылығы;

-                Әлемдік экономикаға ықпалдасуының әлсіздігі;

-                Өңдеуші өнеркәсіп өнімділігінің төмендігі;

-                Өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткілікті дәрежеде дамымауы;

-                Кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыда артта қалуы;

-                Отандық ғылымның нарықтық экономика жағдайларына нашар бейімделуі, ғылыми – техникалық өнімді тауар деңгейіне дейін жеткізудің ықпалды тетіктерінің болмауы, соның салдарынан тұтастай алғанда инновациялық ұсыныстар деңгейінің төмен болуы;

-                Экономиканың өңдеуші секторларына инвестициялар салуға отандық қаржы институттары үшін ынталандыру көздерінің болмауы,

-                мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың қазіргі заманғы жүйесінің болмауы.

Аталған проблемаларды жою жұмыстары жүйеге келтіріліп, іске асырылса Қазақстанның дүниежүзілік экономикаға интеграциялануы тиімді болмақ.

Экономикадағы әрбір секторды дамыту үшін оларға қаржы көздері қажет. Сондықтан да инвестициялық бағдарламаларды жүйелі орындау қажет.

 

 

 

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. «Қазақстан Республикасындағы инвистициялық қорлар туралы» Заңы.
  2. Қ.Р.Ұлттық статистикалық агенттігінің статистика жинақтамасы 2011 ж.
  3. Мәжитов Д. Ақша айналысы – экономиканың айнасы //Егемен Қазақстан.- 2007.-№127.- 6б.