Биологические науки/2. Структурная ботаника и биохимия растений. 

Магистрант Магауина Г.А., к.б.н., доцент Дурмекбаева Ш.Н..

Кокшетауский государственный университет имени Ш.Уалиханова, Казахстан

 

Poaceae Barnhart. тұқымдасы кейбір өсімдіктері сабақтарының анатомиялық құрылыс ерекшеліктері

 

Қоңырбастар тұқымдасы (Poaceae Barnhart.) - даражарнақтылар класының (Liliopsida) ішіндегі ең ірі тұқымдас. ТМД елдерінде бұл тұқымдасқа 146 туыс жəне 986 түр, ал Қазақстанда 83 туыс, 418 түр жатады. Қоңырбастар тұқымдасының өкілдері барлық жерлерде кездеседі. Әсіресе, шалғындар мен шөлейт жерлердің өсімдіктер жабынында басым келеді. Негізінен біржылдық, тамырсабақты көпжылдық мәдени және жабайы өсетін шөптесін өсімдіктер, сирек ағаш сабақты түрлері де кездеседі (бамбук). Негізгі тамырлары жер бетілік өркенінің төменгі буыннан қаулап өсіп жетілетін шашақ тамыр. Сабағы жұмыр цилиндр тәріздес буындар мен буынаралықтарынан тұрады. Көпшілігінің буынаралықтарының іші қуыс, ал буындары ұлпалармен толтырылған болып келеді, яғни сабақ сабан деп аталады (бидай, қарабидай, атқонақ және т.б.). Сонымен қатар кейбір дақылдардың сабағының буынаралықтарының іші борпылдақ, жұмсақ  паренхималы ұлпаларға толы болып келеді (жүгері, борыққамыс, құмай жүгері т.б.). Дақылдардың сабақтары буындарында болатын қыстырма меристема клеткаларының бөлінуі нәтижесінде ұзарып өсіп отырады [1;2].

Соңғы жылдары өсімдіктер анатомиясы ғылымында зерттеулердің жүргізілуі үлкен қызығушылық туғызуда. Геоботаникалық, фитоморфологиялық және фитоэкологиялық зерттеулерде өсімдіктер қауымдастығына кіретін өсімдіктердің вегетативтік мүшелерін зерттеу маңызды екендігі айқындалады. Мұндай жұмыстардың нәтижелері өсімдіктер қауымдастығының, түрлердің кешенді сипаттамасын және өсімдіктердің тіршілік формаларын анықтағанда пайдаланылады. 

Осыған байланысты зерттеу жұмысымыздың мақсаты Poaceae Barnhart. тұқымдасы кейбір өсімдіктері сабақтарының анатомиялық құрылыс ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу объектілері болып Alopecurus pratensis L., Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz., Phleum pratense L., Setaria viridis Beauv. өсімдіктерінің сабақтары алынды. Өсімдік түрлері Ақмола облысы, Көкшетау қаласы және Зеренді ауданы маңайындағы табиғи фитоценоздардан жиналды.

Сабақтың сабақтың ортаңғы бөлігінен анатомиялық кесінділер даярланды, қалыңдығы 10 – 15 мкм,  барлығы  100  уақытша препараттар даярланды. Өсімдіктер мүшелері Страсбургер –Флемминг әдісі бойынша фиксацияланды.

Анатомиялық зерттеуде сызықтық өлшеуге арналған окулярлы микрометр (окуляр х 15, объектив х 8) қолданылды. Өсімдіктер жалпыға бірдей қабылданған ботаникалық әдістер арқылы зерттелді [3]. Анатомиялық құрылысын сипаттауда Эзау К. (1980) [4], математикалық өңдеуде Г.Ф.Лакин [5] еңбектері қолданылды.

Alopecurus pratensis L. Көпжылдық шөптесін өсімдік.  Биіктігі  80-120 см. Жапырақтары таспа тәріздес, жалпақ, жасыл, жапырағының ені 3-5 мм. Гүлшоғыры  цилиндр тәрізді, ұзындығы 5-9 см және ені  6-9 мм. Масағы эллипс тәрізді немесе сопақша, масақшалары жасыл немесе қызғылт-күлгін реңді; жеміс түзерде қараймайды, кірпікшелі.

Alopecurus pratensis L. өсімдігі сабағының анатомиялық құрылысы даражарнақты шөптесін өсімдіктерге тән құрылыста болады. Жабындық ұлпа-эпидерма, механикалық ұлпа, өткізгіш ұлпа және негізгі паренхимадан тұрады.  Механикалық ұлпа-склеренхима эпидерма астында орналасқан. Склеренхима ойықтарында хлоренхиманың жұқа қабаты болады. Өткізгіш шоқтар жабық коллатеральды, ретсіз орналасқан. Сыртқы шеңбердің кіші өткізгіш шоқтары склеренхима сақинасымен жанасып жатыр, олардың саны 25-27. Ішкі шеңбердің өткізгіш шоқтарын паренхима арасында жатыр, олардың саны 26-28. Сабағының  ортасы- қуыс.   

Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz.. Жіңішке, қатты, тік тұратын сабақтан тұрады. Биіктігі  20-70 см.  Жапырақтары   жіңішке, тегіс, шиыршықталған. Масақтың биіктігі  3-12 см . Масағы аз, жиырылған, жоғары бағытталған тегіс немесе бұдырлы, әр түрлі биіктіктегі өсінділерден тұрады. Оның бір буынынан 2-7 өсінді шығады. Масағы  3-5-гүлден тұрады.  Сары-күлгін түсті. Тұқым шашқан кезде толық сары түске боялады. 

Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz.. Сабағының буынаралық орталығы  ірі қуыс ауамен толтырылған.  Сабақтың бүкіл негізгі ұлпалары шеткі бөлігінде орналасады. Эпидермис  жасушаларының  қабырғалары  сүректенеді. Тереңірек склеренхиманың  тұтас сақинасы орналасады Склеренхимді сақинасының астында талшықты шоқтар өтеді. Шоқтар  щенбер бойында орналаспай бір-бірін ығыстыра орналасқан. Механикалық ұлпа- склеренхимада диаметрі кішілеу өткізгіш шоқтар жанаса орналасқан. Негізгі паренхималарда  ірі өткізгіш шоқтар  орналасқан.

Phleum pratense L. Көпжылдық шөптесін өсімдік, борпылдақ немесе тығыз шым түзеді. Сабағы қуыс, биіктігі 30-100 см. Сабақтың 3-5 буынаралықтары болады.  Жапырақ тақтасы жасыл түсті, түкті емес, ені 3-8 мм және ұзындығы 6-40 см.

Phleum pratense L.  өсімдігі  сабағының көлденең кесіндісі. Сабағы да мезофитті құрылымғы ие. Сабақтың көлденең кесіндісінен оның сырт жағын бір қабат эпидермис қоршайтыны белгілі. Эпидермистен төменірек склеренхималық талшықтары бар механикалық қабат орналасқан. Талшықтар арасында дифференциациясы аяқталмаған ұсақ өткізгіш шоқтар болады, олардың саны 13-15. Сабақтың маңызды биологиялық ерекшелігі өткізгіш шоқтардың болуы. Склеренхима қабатынан кейін паренхималық жасушалар арсында 20-22 дамыған тұйық коллатеральды типті өткізгіш шоқтар орналасады. Олардың склеренхималы және паренхималы жабыны болады. Механикалық ұлпа мен өткізгіш шоқтарының осылай орналасуы сабаққа беріктік қасиет береді.

         Setaria viridis Beauv. Биіктігі 20-80 см.   Сабағы тік немесе бұтақталған, гүл шоғырының астынғы жағы кедір-бұдырлы, Жапырақ тақтасы  ені 2-12 мм, жалпақ, өткір үшкірленген. Гүлшоғыры қалың цилиндр тәрізді. Масағы  жұмыртқа пішінді сопақша келген немесе эллипс тәрізді, айналасы жасыл немесе  күлгін түсті түктермен қоршалған. Тұқымы жұмыртқа пішінді  үлбірлі қабықпен қапталған дән. Маусым- қыркүйек айында гүлдейді. Тұқым шашуы- маусым- қазан айында.

Setaria viridis Beauv. анатомиялық құрылыс ерекшеліктері. Сабағының көлденең кесіндісі жабындық ұлпа, механикалық    ұлпа, хлоренхима, өткізгіш шоқтар, негізгі паренхимадан тұрады. Жабындық ұлпа – эпидерма бір қатар клеткалардан тұрады. Механикалық ұлпа – склеренхимада кіші өткізгіш шоқтар, хлоренхима бар. Ірі өткізгіш шоқтар негізгі паренхималарда (клеткаларда) екі қатар болып орналасқан. Ортасында ауалы қуыс болады. Өткізгіш шоқтар флоэмадан, ксилемадан тұрады. Өткізгіш шоқ жабық, коллатеральды, склеренхимамен қоршалған. Сабақтың ішкі құрылысында механикалық ұлпадағы клеткалардың қатар саны 5-6, өткізгіш шоқтар саны 36- 38 болды. 

 

             А.                                      В.                                     Г.                                            Д.                      

1- сурет. Poaceae Barnhart. тұқымдасы кейбір өсімдіктері сабақтарының анатомиялық құрылысы. А- Alopecurus pratensis L., В- Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz.., Г-Phleum pratense L., Д-Setaria viridis Beauv.

Сонымен Poaceae Barnhart тұқымдасы Alopecurus pratensis L., Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz.., Phleum pratense L., Setaria viridis Beauv.,  өсімдіктерінің сабағының анатомиялық құрылысындағы ерекшеліктері анықталды. Сабақтың құрылысындағы диагностикалық белгілері бойынша Alopecurus pratensis L., Puccinellia tenuissima Litv. ex V. Krecz.., Phleum pratense L., Setaria viridis Beauv.,  өсімдіктерінде мезофитке тән мынадай белгілер анықталды: склеренхима ұлпасының жақсы жетілуі; сабақта өткізгіш шоқтардың склеренхимада және негізгі паренхимада орналасуы. Сонымен қатар зерттелген өсімдіктердің анатомиялық құрылысы Festucoideae – ға  тән болып келеді.

 

Әдебиеттер:

1.     Әметов Ә.Ә. Ботаника. Алматы, 2005.-424с.

2.     Мухитдинов Н.М., Бегенов А.А., Айдосова С.С. Өсімдіктер морфологиясы мен анатомиясы. Алматы, 2001.

3.     Прозина М.Л. Ботаническая микротехника. М.: 1960. -208 с.

4.     Эзау К. Анатомия семенных растений. М.: Высшая школа. 1990. -352 с.

5.     Лакин Г.Ф. Биометрия. – М.: Высшая школа. – 1990. – 352 с.