ЭКОЛОГИЯ

Коржынбаева З.Ж.

экономика ғылымдарының магистрі

Алпуанова И.А.

Фин-12-1 оқу тобының студенті

 

Аймақтағы сексеуіл өсімдігінің қоршаған ортаға әсері

 

Сексеуiллат.haloxilon діңі  мен  бұтақтары бұраң-бұраң боп келетін, құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, морт  сынатын  жапырақсыз қатты ағаш тұқымдас өсiмдiк. Оның Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Жалпы бұлар Қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатыр.

Шөлді аймақтарда сексеуіл маңызды малазықтық өсімдік. Малдар жасыл бұтақшалар мен жемістерді, сондай-ақ сексеуілдің барлық жейтін массасының 40-45%-ға дейінін құрайтын, өткен жылғы бұтақшаларын да азық қылады. Сексеуіл бұтақшаларын түйелер жыл бойы, қойлар мен ешкілер күзде және қыста қорек етеді. Малазықтық шөптің жалпы қоры гектарына 0,5 центнерден 5 центнерге дейін. Күзде жеміс беру кезінде ол малды семіртетін азық болып есептелінеді. Сексеуілдің қоректілік құндылығы жоғары: 100 кг құрғақ массасында 52 кг  дейін малазықтық бірлік және 6,8кг қорытылатын протеин болады. Протеиннің қорытылу коэффициенті 52%, майдікі – 29%, жасунықтікі – 47%, органикалық заттардікі 56% шамасында.

Сексеуіл жайылымын негізінен күздің аяғы мен қыста пайдаланады. Күзде 100 кг құрғақ жемде 46 малазықтық бірлік болса, қыста онда 37 малазықтық бірлік болады. Сексеуіл азығының құрамында кальцийдің мөлшері көп болып келеді,  ал фосфор - аз.

Облыстың шөлді аудандарындағы (Жаңадария, Қуаңдария, Дариялық-Тақыр және Жусан мен Бике-Сары даласы) топырақ жамылғысының негізгі бөлігі тақыр мен тақыр тәрізді топырақтан тұрады.

Сырдария өзенінің арнасында аллювилі-шалғынды топырақ басым. Арал ауданының солтүстігінде сортаң шөл сорлары басым. Құмды, қарашірігі аз топырақ жалпы облыс аумағында кеңінен таралған.                                                         Сексеуілдік алқап топырағы (0-0,5м тереңдік бойынша) тұздылығының сексеуіл егілгеннен кейінгі көрсеткіштері жылдар өткен сайын төмендей түс-кенін 1-кестеден көруге болады.

 

1-кесте. Сексеуілдік егіс топырағы тұздылығының жылдар          бойынша өзгеруі

Жылдар

Топырақ тереңдігі, см

Тұздылығы,%

2010

0-100

0,60-0,70

2011

0-100

0,58-0,68

2012

0-100

0,54-0,64

2013

0-100

0,53-0,62

 

Соңғы кезде сексеуілді кесу көбейіп кетті, соған байланысты, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы № 568 қаулысына сәйкес «ҚР аумағында 2018 жылға дейін мемлекеттік орман қорындағы сексеуіл ағаштарын ке­суге тыйым салу туралы» қаулысы шығып, «асауға тұсау» салынды [1].

Өкініштісі сол, кесуге тыйым салынған қаулыдан кейін, сол жылдың өзінде-ақ облыс көлемінде сексеуілдің санитарлық кесу көлемі 3089 текше метрге өсіп кетті. Негізінен санитарлық кесуге ауырған және отыз жылдан асып шіри бастағандары жатады. Соншалық көлемдегі сексеуілдердің ауырып, шіруі мүмкін емес қой. Негізінен Облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы тарапынан сарапшылар тобы құрылып, сексеуілді алқаптарды аралап, кесу лимиті нақты анықтауы қажет еді. Олардың түрлі себептермен (көліктердің аздығы, жанар-жағар майдың жетіспеушілігі) алқаптарға жиі-жиі барып, қадағалап тұрмауынан осындай келеңсіздіктерге жол берілген. Қоршаған ортаны қорғау жүйесі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, бүгінде кейбір алыс қашықтықтардағы елді-мекендерде сексеуіл кесушілердің жасырын пункттері бар көрінеді. Олардың анықталғандарына салынған айыппұл заңсыз табыстарынан әлдеқайда төмен. Браконьерлік іске дәндеп алғандар айыппұл төлегенмен көлденең табыстарынан тартынар түрлері жоқ. Қайта үдете түскен тәрізді. Сексеуілді заңсыз кесушілерге неге жол беріліп отыр? Өйткені сексеуілдер күні бүгінге дейін “Қызыл кітапқа” кірмеген. Сондай-ақ, оларды дайындау лицензияланбаған әрі сертификацияланбаған. Міне, осыдан барып оларды заңды, заңсыз кесу шамадан тыс көлемге артып отыр. Мұндай жағдай Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында орын алды. Өткен жылдың қыркүйек айында Әлемдік банктің “Қазақстан Республикасында орманды сақтау және орманды алқаптардың көлемін ұлғайту” жөніндегі бағдарламасының  таныстыру рәсімі болып өтті. Бұл жобаның құны 63,8 млн. доллар 6 жылға есептелінген. Оның 28,8 миллионы біздің республика бюджетінен алынады. Әлемдік банктің қосқан 30 млн. зайымы кейін қосымша өсімімен қайтарылады. Ал 5 миллионы грант ретінде қайтарымсыз қаржыландыруға жатқызылған. Бұл жоба 3 жыл бойына қаралып, әбден пысықталып осылай тиянақталса керек. Дегенмен білікті жандардың айтуына қарағанда, бұл істің әр түрлі салаларына отандық орман мамандары тартылса да, жобаның ең соңғы редакциясына олардың бірқатар ұсыныс-пікірлері кірмей қалған. Біраз тұстары түсініксіздік туғызатын секілді [2].         

Сексеуілді алқап та орманға жатады. Алайда «Қазорманжоба» кәсіпорын басшысының бағдарлама жөнінде өзіндік пікірі бар. Оны орынсыз деп айту қиын. Ол бағдарлама бойынша Арал теңізінің тартылған табанына көшеттер отырғызуға жұмсалатын қаржының тиімділігіне күмән келтіреді. Өйткені жергіліктері мамандардың сексеуіл көшеттерін отырғызудағы көпжылдық іс-тәжірибесі бұл істің өте қымбатқа түсетініне кәміл сендіріп отыр. Олардың зерттеуінше 1993 жылы 48 мың гектар теңіз табанына отырғызылған сексеуіл көшеттерінің 80%-ы өспей қалған. Қалғандары да жоғалып кету алдында тұр. Ол қайта сол қаражатты қылқанды жапырақты орманды алқаптардың көлемін ұлғайтуға жұмсауды ұсынады. Ал сексеуілді табиғи өсімімен көбейтуге болатынын алға тартады. Оған Қызылорда облысының Қазалы ауданынан дәлел келтірілген. Өткен 16 жыл ішінде қолдан отырғызылған сексеуілге қарағанда табиғи өскендердің көлемі әлдеқайда ұлғайыпты. Қолдан отырғызылған сексеуіл алқабы соның 3%-ын құрайды екен. Оны күтімге алғанның өзінде 72% көшет өспей қалған. Мұндай жағдай Алматы облысының Бақанас орман мекемесі істерінен де байқалады.

Осы  жерде Қызылорда облысы территориясына аудандастырылған, яғни жергілікті жердің ауа райына бейімделген сексеуілдің жаңа Сейхун және Жан-сая сорттарын  өндіріске енгізу жоспарлануда, аймақта өсірілетін қара сексеуіл тұқымының өнгіштігі өте төмен болғандықтан, селекциялық жұмыстар жүргізілуі қажет. Сексеуіл алқаптарының жөнсіз пайдаланылуынан азайып, құрып бара жатқандығын қалыпқа келтіретін жұмыстар мемлекеттік масштабта жүруі үшін сексеуілді «Қызыл кітапқа» енгізуіміз керек. Және ең бастысы, сексеуіл алқабын сақтап, оны жақсартуды мемлекет  өз қамқорлығына алуы қажет [3].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.    Сериков Ф. Экологический мониторинг Казахстанского сектора Каспийского моря и месторождения Тенгиз // Вестник высшей школы. – 2002. – N3. – С.116-127.

2.    «Экологиялық қызметтің нәтижелері туралы шолулар» Қазақстан екінші шолу, БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ Нью-Йорк жəне Женева, – 2008 жыл, – С.25-46.

3.    «Экологиялық қызметтің нәтижелері туралы шолулар» Қазақстан екінші шолу, БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ Нью-Йорк жəне Женева, – 2008 жыл, – С.109-123.