Таскараева М.Б.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Қазақстан

ҰЛТТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

 Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты- экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес экспортты ұлғайту, кәсіпкерлік жағдайды, бәсекелестік ортаны және жеке секторларды жоғары құнды өндіріс құруға ынталандыратын қоғамдық және қаржылық институттарды құру болып табылады.Бұл жағдайда осындай өндіріс құруда қара және түсті металлургия, машинажасау және металды қайта өңдеу, шикізатты, минералдарды өңдеудің әлеуетті маңызды.

Индустриялды-инновациялық қызметті дамыту мақсаты – жаңа идеяларды қолдау,бастама көтеру,оларды бақылау, инновациялық өнімді нарыққа шығаруға жағдай жасау болып табылады.Әлемдік рынокта бәсекелік күреске төтеп беруге нық тұратын өнеркәсібі дамыған елдерде заман талабына сай технологияларға негізделген және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі көздері болып табылатын салаларды, яғни биотехнология, нанотехнология, ядролық және ғарыштық технологияларды қарқынды дамытуға қомақты қаржы бөліп, үлкен зер салуда. Себебі инновациялық экономикалық дамуды қамтамасыз ету, шиеленісіп, шешімін таба алмай жатқан қазіргі экологиялық проблемаларды шешу, күннен күнге артып келе жатқан әлем халқының қажеттіліктерін келешек ұрпақтың қамын ойлай отырып қанағаттандыру сияқты мәселелердің байыбына  жетуде осы салалардың маңызы аса зор. Қазақстан үшін де аталған салаларды, сонымен қатар экономиканың басқа да басым бағыттарын дамыту арқылы индустриялды дамыған елдердің қатарына қосылу ең өзекті мәселелердің бірі.Сол себепті экономика салаларын жаһандану үдерісіне сәйкестендіре дамытуға, экономиканың шикізат экспортына тәуелділігін төмендетуге және әлемдік рынокта сапалы бәсекеге қабілетті өнім ұсынысына бағытталған сервистік-технологиялық экономикаға өтуге жағдай жасау қажет.

Инновациялық орта деп ғылыми білімдер мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізіп, одан табыс табу мақсатында кәсіпкерлер мен түрлі ұйымдардың, жеке тұлғалардың әрекет етуіне ыңғайлы экономикалық кеңістікті айтуға болады.

Ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмін жүзеге асыру тетіктерін үш топқа жіктеуге болады:

Біріншісі, жағымды экономикалық ортаны қалыптастыру саясатын жетілдіру. Инновациялық жағымды орта деп ғылыми білімдер мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізіп, одан табыс табу мақсатында кәсіпкерлер мен түрлі ұйымдардың, жеке тұлғалардың әрекет етуіне ыңғайлы экономикалық кеңістікті айтуға болады. Оның тиімділігі тек экономика құрылымдарына ғана емес, әлеуметтік салаға да, экологиялық ортаға да, мемлекеттің беделі мен бәсекеге қабілеттілігіне де ықпал етеді. Бұл топ бойынша мыналар айқындалады:

· экономикалық қолдауларды заңдық-құқықтық қамтамасыз ету;

· инновациялық үрдіске қатысушыларға бірдей жағдай жасау;

· қаржыландырудың мемлекеттік емес көздерін ынталандыру;

· венчурлық бизнесті қолдау және дамыту;

· салық жеңілдіктерін беру және т.б.

Екіншісі, инновациялық инфрақұрылым элементтерінің белсенділігін арттыру тетіктері. Инновациялық ортаның тиімділігі сол ортада қызмет ететін ұйымдардың инновациялық белсенділігі мен өзара қызығушылығы туындаған кезде ғана қалыптасатыны белгілі. Яғни, инновациялық ортада жүзеге асатын инновациялық үрдіс бірін-бірі жалғастыратын тізбектіліктің орнауына тікелей тәуелді.  Егер осы тізбектің бойындағы қандай да бір құраушы буын өзінің инновациялық белсенділігін жоғалтса немесе төмендетсе, онда инновациялық үрдістің соңғы нәтижесі де белгілі бір деңгейге төмендейді немесе инновациялық  маңыздылығын жоғалтады. Бұл топ бойынша мыналар айқындалады:

· инновациялық инфрақұрылым шеңберіндегі элементтердің белсенділігін арттыруды еліміздің білім жүйесінен бастау;

· ғылыми-зерттеу мекемелерінің белсенділігін арттыру үшін оларды шетелдің осы саладағы озық ғылыми орталықтарымен байланыстыру;

· инновациялық инфрақұрылым элементтерін бір-екі макротехнологиялар жобасының аясына топтау;

· еліміздің әр өңірінде ғылыми-инновациялық кешендер құру:

· арнайы экономикалық және индустриялды аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындардың белгілі бір көлемде өндірістік сипатының болуын міндеттеу;

· ұлттық холдингтік компаниялардың инновациялық белсенділігін, біріншіден, байланыс және ақпарат кеңістігінде бәсекелік ортаны қалыптастыруға, екіншіден, көлік-тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға, үшіншіден, жеке сектор тарапынан болатын ғылыми бастамаларды қолдануға  бағыттау;

· даму институттарын бір жобаға кешенді қызмет көрсетуге бағыттау;

· әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тарапынан өңірдегі табысты кәсіпорындарды жаңа нарықтарға шығаратын ғылыми сыйымды, жоғары технологиялы өнімдерді шығаруға бейімдеу, осындай бастамаларға қаржылай қолдау көрсету, ал табысы төмен немесе шығынды кәсіпорындарға жеке инвесторларды тарту мақсатында қатысушы функциясын атқару;

· экономиканың басым бағыттары бойынша құрылған кластерлерге жергілікті инновациялық инфрақұрылымның мамандандырылған субъектілерінің өнімдерін тұтынушы, соляйц         ( субъектілерге жоба дайындауға тапсырыс беруші, кластердің жанынан инновацияға қабілетті ғылыми әлеуетті қалыптастырушы ролін жүктеу және т.с.с.

Үшіншісі, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін ұлттық инновациялық инфрақұрылымның қызметін дамытуда пайдалану тетіктері. Ғылыми-техникалық әлеует ғылымның іргелі және қолданбалы секторларын, салалық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарын, кәсіпорындар мен мекемелердің зертханаларын, сондай-ақ талантты инженерлерді, ізденушілерді, ғалымдарды, ізденімпаз менеджерлерді өзіне топтастыра отырып, олардың жинақтаған ғылыми білімдерін тәжірибеде қолдану арқылы өмірге жаңа құндылықтарды алып келуге мүмкіндік береді.

Сонымен, инновациялық саясаттың ең басты ерекшелігі әлеуметтік-экономикалық даму бағытын ұстана отырып, қолға алынған жобаларды тиімді жүзеге асыру арқылы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, халықтың әл-ауқаты деңгейін жақсартудағы рөлінің жоғары болуы. Сондықтан инновациялық дамуға бағыт алу негізінде 2010-2014 жж. арналған Үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламасында, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында анықталған негізгі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің, әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылу мүмкіндіктерінің жылдан жылға арта беретіндігіне үлкен сеніммен қараймыз.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

2. Абдыгаппарова С.Б. Инновационный менеджмент: Алматы, Экономика,2003.

3. Әмірбекұлы Eржан. Қазақстан Республикасындағы ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмдері. Авторефераты. Алматы, 2010.