Мырзаханова Н.Р., Бейсембекова Г.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан.

 

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ

 

 

Түріктер - Еуразиядағы ең ірі этностардың бірі, оның тарихында маңызды роль атқарған және қазір де сол дәстүрді жалғастырып келе жатқан түркі халықтары.

Ежелгі түріктер қысқа уақыт ішінде әлемдік дәрежедегі мемлекет құрып, сол уақыттағы әлемдік тарих сахнасындағы ең ірі мемлекеттермен байланыс орнатып, тіпті  олардың кейбіреулерін кіріптар қылып қойды. Түрік державасының геосаяси орнын Лев  Гумилев өз еңбегінде  «Түркі мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат  тарихында белгілі бір дәрежеде бетбұрыс кезең болды.  Өйткені сол кезге дейін орта теңіз мәдениеті мен Қиыр Шығыс мәдениеті, бір – бірінің дүниеде бар екенін білсе де, басы қосылмаған еді», деп анық көрсеткен[1]. Түркі қағанатының басқа мемлекеттермен қарым – қатынасындағы Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттік функциясы мықты болды. Өз кезегінде Түркі қағанатының саяси дамуы көрші мемлекеттермен тайпаларға ықпал етіп, әлсіздерін өздеріне бағындырып отырды.

«Өткенді білмей, қазіргінің мәнін және болашақтың мақсатын түсіну мүмкін емес» - деп М.Горький айтып кеткендей, бүгінгі таңдағы түркі халықтарының түп-тамыры болып табылатын көне түрік қағанатының саяси тарихы, мәдениеті, дипломатиясы рухани байлығымыз.

Дипломатия – мемлекет пен мемлекет басшыларының, сыртқы саясат саласындағы саяси іс-әрекеттері. Бұған қоса дипломатияға халықаралық ынтымақтастықты орнату, кеңейту, сақтау да жатады. Билеуші өз мемлекетінің дипломатиялық бағыт – бағдарын белгілейді. Дипломатия алғаш рет шығыс елдері Мысыр, Вавилон, Қытай мен Ежелгі Грецияда пайда болды. Түркі елдері, оның ішінде ғұн, сақ, үйсін, қаңлы, оғыз, хазар мемлекеттері, Шыңғыс хан империясы, Алтын Орда, Қазақ хандығы тарихында әлемнің әр қиырындағы елдермен жүргізілген дипломатиялық қызметі туралы деректер көп. Әсіресе, Қаз дауысты Қазыбек бидің Абылай ханды жоңғар ханының тұтқынынан босатуы осындай мәмлегерліктің жарқын үлгісі болып табылады. Ежелгі заманда дипломатиялық елшіліктер белгілі бір жағдайларға байланысты бітімге келу, одақ құру, дау-дамайды шешу, бір елден екінші елге барып, келісім жасалынғаннан кейін дереу елдеріне қайтып отырған [2].

Түркі дипломатиясы қай ғасырда болмасын түрлі қиындықтармен жүргізілген. Ел болып қалыптасып, дамуымыз тек қылыш қағысып, найза шаншысқан ерлікке ғана қатысты болмаған, оның астарында қатпарлы саясат, қалтарысы қилы дипломатия жатты. Хандардың ақылы жетпеген, жүрегі дауаламаған істерді қарадан шыққан билер мен жыраулар айта білді. Ақылды хандар оларды тыңдады. Сөзге құлақ қойды. Бұл – сол кездегі демократиялық қоғамның бастауы еді.

Түркі қағанатының билеушілері, өкілдері осындай бірнеше ғасыр бұрын көптеген елдерде елшілік қызметтер атқарған. Дербес мемлекет болып тұрған кезде түркі қағанаты басқа елдермен барыс – келіс жасасқан, елшіліктер алмасқан. Аттила, Бумын, Істемі, Боғра – хандардың көптеген елдермен жүргізген мәмілегерлік қызметтерін терең зерттеу тарих еншісіндегі нәрсе. Бір ғана Аттиланың саясаты, әскери және дипломатиялық шеберлігі, басқа мемлекеттермен қарым – қатынастарға байланысты істері өте қызықты және келер тарихқа қажетті.

 «Ғұндар дипломатия күшсіз болғанда ғана соғысқа кірісуі керек, алайда соғыс жаңа дипломатияның басталуына да түрткі болады!» деген қанатты сөзді Аттила айтқан деседі [3].

Ендігі кезекте құдіретті Ғұн билеушісінің мемлекетті қалай басқару, ел басқаратын адамдарды қалай таңдап дайындау керектігі туралы саясатына тоқталсақ. Қазір әлемде Шыңғысханды ұлықтап, оның адамзат тарихында қалдырған орнына жаңа көзқараспен қарап, оның іс-әрекеттеріне оң баға беру кең өріс алуда. Аттила адамзат тарихында көптеген оңды істерімен де қалды. Шыңғысхан сияқты Аттила да ел басқаратын адамдарды шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайына қарап емес, олардың ақылы мен данышпандығына, сөз тапқырлығы мен айласына, әсіресе адалдығына қарай отырып іріктеп, билікке әкелді. Көптеген ғалымдар Аттиланың көмекшілері болған Эдикон (скиф), Орест (гот), Оногез (алан) сияқты тұлғалардың ғұн болмағандығына қарамастан олар билеушіге адал болып,оған ешқашан қиянат жасамағанын айтады. 

Батыс зерттеушілері Аттиланы қанша жек көрсе де, оның керемет шешен, айлакер саясатшы, мәмілегер дипломат, ұлы қолбасшы, дарынды ел басшысы екенін мойындайды. Аттила өз еркімен қақпасын ашқан қаланы қиратуға жол бермей, тек салық алумен шектелген. Ал қарсылық көрсетіп, ғұн сарбаздарының қаны көп төгілген қалалар сөз жоқ талқандалды. Аттиланың бұл әрекетін біз кейінірек ұлы қаған Шыңғысханнан да көреміз. Аттила алдап-арбау, озбырлық, уәдені орындамау, қастандық деген нәрселерге көз жұмып қарамайтын. Сондықтан да көптеген басқа тайпаның басшылары «Римнің сыйлы азаматы болғанша, Ғұн билеушісінің қызметкері болуды» артық санаған. Көптеген Еуропа корольдері Аттила сарайына өз балаларын жіберіп, оның ел басқару өнерін үйренуді насихаттаған [1].

Еуразияның аса үлкен бөлігін қамтыған, әртүрлі тілдерде сөйлейтін және әртүрлі этностарды күшпен біріктірген көшпелілердің әскери империясы болып табылатын ұлы Түрік қағанатын бір орталықтан басқару қиын болды.

Ең алдымен, Бумын қайтыс болғаннан кейін інісі Істемінің қаған болғаны шындық болса, онда қазіргі тарихшылардың Естеми, Істеми, Истеми есімдерін әркім өз қалауынша құбылтып алып жүрген адамы Істімі.

Істеміні парсы деректерінде «Дизавул» десе ал, Қытай жазба деректерінде бұл есім мүлде кездеспейді. Істемі сол кезде ағасына көмекші болып, бел шешпей еңбек етті. Бумынның тапсырмасымен екі рет Батыс Вей империясына түрік елшілігін бастап барып, ел арасын ептестіре білер бітімгершілік, мемлекет мүддесін ұтысқа шығарар саясаткерлік қабілетімен көзге түсті.

Түркі қағандары Орта Азия мен Оңтүстік – шығыс Еуропа тарихына елеулі ықпал еткен саяси және мәдени мұра қалдырған алғашқы еуразиялық империяны құрушылар болды.

 Түркілердің бұл алып аймақта көрші өркениеттерден де, басқа таулы, далалы тайпалардан да алыстамай, олармен араласып жатқаны анық. Көші – қон үрдістерінің бағыттары біресе баяулап, біресе қайда жанданып бүкіл ұлы даланы қамтыды. Сонымен қатар бұл түркі тілдес тайпалық одақтар мобильділігімен жаңадан пайда болған тайпалық топтар құрамын да жеңіл бейімделіп, жанданып отырды. Үлкен хронологиялық кезеңдер шеңберінде алып қарағанда бұл үрдістердің ортақ заңдылыққа – түркі тілдес топтардың шығыстан батысқа ығысуына бағынғандығын көреміз.

ІV ғасырдың аяқ кезінде Түрік қағанатының шекарасы батыста Византиямен, оңтүстікте Персиямен, тіпті Үндістанмен, ал шығыста Қытаймен тұйықталған десек, осы бір елдер тарихының қысыл – таяң жәйіттері, біз сөз етіп отырған кезеңде түрік мемлекетінің тағдырымен байланысты болғаны түсінікті. Міне осындай жағдайға ұшыраған түріктер тек арадағы дәнекер рөлін атқарып қана қоймай, сонымен бірге өз мәдениетін де дамытып, оны Қытай, Иран, Византия, Үндістан мәдениетіне қарсы қоюға болады деп еспетеген.

Түрік қағаны Хұсрау шаһқа парсы жері арқылы Византияға жібек және басқа да товарлар өткізуге рұқсат сұратып елшілік жібереді. Ол елшілікті соғды көпесі Маниах бастап барады. Алайда бұл елшіліктің жолы болмай қайтады. Себебі егер жібек Иран арқылы Византияға өтетін болса, Парсыларға көптеген зиян келтіреді. Сондықтан бұл мәселеге бірден қатал жауап берсе Түрік қағанатының  шамына тиетінін біліп, олай істемеу үшін әкелінген жібектің бәрінің құнын төлеп, елшінің көзінше жібекті түгел өртетіп жібереді. Маниах Істемі қағанға түгел айтып келеді. Қаған бұл мәселені реттеу үшін енді түріктерден құрылған елшілік аттандырады.

Түрік қағаны мен Византия елшілігінің арасындағы келісім шартта екі елдің арасында жібек саудасын жүргізу және Иранға қарсы бірігіп соғыс қимылдарын жасау туралы сөз болады. Алайда бірінші жібек саудасы мәселесіне келгенде екі жақ келісе алмай қалды. Оның басты себебі, Византияның  өзі жібек шығарып жібек өнеркәсібін жолға қойып алған [4].

Батыс түрікті дербес әскери империяға айналдырған тарихта белгілі Тоң жабғу еді.  Әскер санын жүз мың адамға жеткізген ол батыста Византиямен, оңтүстік-шы­ғыста Қытаймен бейбіт келісімге қол жеткізді. Бұл Батыс Түрік қағанатының шын мәнінде қайта өркендеу кезеңі десек те болады.

Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың алуан түрлі болуына қарамастан, ертефеодалдық қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік маңызы бар келісім-шарттар орын алды. Міне осындай сан-қилы оқиғаларға қарап, Ұлы Далада бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген Түркі қағанаттарының мәмілегерлік саясатты ұстанғандығына тарих куә.

Қорыта келгенде айтарымыз, Еуразия даласында  бүгіндегі тәрізді сауда жасау, дипломатиялық сапарлар адамдардың алыс қиырларға қоныс аударылуы сонау көне дәуірлерде жиі болып тұрғаны барған сайын айқындала түсуде. Ертедегі дәуірде, әсіресе орта ғасырларда қоғам дамуында қозғалыс күшті болған, адамдар мәдени байланыстар мен алыс-беріс жасауға ұмтылған. Солардың бірі-«Ұлы Жібек жолы» болып табылады. Осынау Ұлы Далада өшпес іздерін қалдырып, аттарын Қытайдан Европаға дейін паш етіп түркілер терең тарих қойнауына кетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.   Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы. «Білім», 1994. 

2.   Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы. 1- кітап. (Көне дәуірден біздің заманымыздың XIV ғасырына дейінгі кезең). – Алматы: «Білім», 2002.

3.   Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетии. - Алматы: «Рауан», 1992. 

4.   Жолдасбайұлы С. Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақ елінің тарихы.-Алматы, 2010.