Көбесова. С.,Жумадилова A. А.

М.Х. Дулути атындағы Тараз мемлекеттік университеті

Қазақстан, тараз қаласы

 

Secrets of bath-houses of ancient Taraz(the past, present, future)

 

Көне тараз моншаларының сыры (өткені, бүгіні,болашағы)

 

        Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының екі мың жылдан астам тарихы бар, ежелгі қалалардың бірі. Көне шаһар еліміздің ғана емес Орта Азиядағы ең көне қалалардың қатарында. Белгілі тарихшы Л.Н. Гумилевтың айтуынша Тараздың алғашқы аты Талас (Далосы) болған. Қытай елінің буддалық сопысы Сюань-Цзан деректерінде қаланың негізін б.з.б. 1-ғасырда ғұн билеушісі Чжан Чжин (Чжичжи) қалап, атын «То-ло-со» деп атаған. Қала 630 жылға дейін «То-ло-со»,онан соң Талас, 893 жылдан Тараз деп аталған. Тарихта қаланың аты бірнеше рет өзгеріп, 1997 жылы ғана ежелгі тарихи аты қалпына келтірілді. Кейбір зерттеулерге қарағанда қаланы алғаш салушылар Парфия ұста-шеберлері, рим легионерлері мен жергілікті халық делінген[1].

       Археологиялық зерттеулерде ерте орта ғасырға (VІ-ІХ) қарағанда орта ғасырдың дамыған кезінде (Х-ХІ) отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны өскен. Қалалар санының өсуі Шығыстың экономикалық мәдени байланыстар жүйесіне қатысуға байланысты, қалалар маңызының артқандығын көрсетеді. Қала маңында жартылай көшпелі мал өсірушілердің отырықшылана бастауы қала санының өсуіне әсерін тигізген. Таразда қала мәдениеті Х-ХІІ ғасырларда өркендеген. Бұл аймақтан 40-қа жуық қала жұрты табылған [2].

       Тараз Ұлы Жібек Жолы бойында орын алған экономикалық, саяси-мәдени жаңарулардың бел ортасында болғандықтан соған куәгер қала.

       Тараз қаласы туралы бізге дейінгі құнды деректерді 1867 жылы Архе    ологиялық комиссияның тапсыруымен орыстың белгілі шығыстанушысы П.И. Лерх Түркістан өлкесін зерттеді. Ол Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран қалаларының орындарын қарап шықты, Талас алқабының бірқатар қалаларының орындарында болып, Жанкент қаласының орнын қазды. Ол өзі кездестірген ескерткіштерді тіркеумен, мұқият сипаттаумен қоса, олар туралы жазбаша хабарларды іріктеп, осы үзінділерге талдау жасады және түсініктеме берді. Жазбаша деректемелердің мәліметтерін өзінің археолгиялық олжаларымен салыстыра келіп ол қираған орындарды нақты тарихи қалалармен баламалады.

       1893-1894 жылдарда В.В. Бартольдтің осы аймаққа іссапармен келуі археология мен шығыстануды  дамытуда зор рөл атқарған оқиға болды. Ол Шу және Талас алқабының, Ыстықкөл ойпаты мен Іле өзені алқабының ескерткіштерін көріп шықты. Ол жазған «Ғылыми мақсатпен Орта Азияға сапар туралы есеп» осы кезге дейін тарихи ақпараттың үлгісі болып қалып отыр. Көптеген жазбаша деректемелерге сүйене келіп, В.В. Бартольд зерттеген ауданының топографиялық көрінісін суреттеп, археологиялық жағынан болашағы зор ескерткіштерді анықтады және оларды орта ғасырдағы белгілі қалалармен салыстырды.

    Атап айтқанда ол Таразды Әулиеата (Жамбыл) орнында деп белгіледі. В.В. Бартольд  материалдары Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстан халықтарының өткен тарихының пердесін ашып берді[3]. Талас жерін зерттеуде сүбелі үлес қосқан 1890-1893 жылдары Әулиеата уезінің бастығы, өлкетанушы В.В. Калаур еді. Бізге жеткен мұраларды зерттеуде О.Л. Иванов, Н.Н. Пантусов, Ю. Зуев еңбетері зор. 1894 жылы Түркістан әуесқой археология үйірмесінің мүшесі В.П. Лаврентьевтің «Әулиеатақаласының айналасында орналасқан төбелердің қысқаша тізімі» деген еңбегінде қаланың терістік жағындағы әртүрлі қашықтықта үш қатарлы тұрғызылған дуалдардың қалдықтарын суреттеп жазған.

Кеңестік мемлекеттің бастапқы кезеңінде Шу-Талас аймағының археологиялық ескерткіштерін зерттеу қайта басталды. 1925, 1927 және 1930 жылдары Тараз қалашығы мен Талас алқабының ескерткіштерін М.Е. Массон зерттейді.

        1938 жылы қаланың шахристанымен қамалына КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі  Жетісу археологиялық экспедициялары А.Н. Бернштамның басшылығымен Тараз қалашығына алғашқы археологиялық қазба жумыстарын жүргізгізеді. 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктін басқарған И.Г. Пацевич А.Н. Бернштамның зерттеулерін, зерттеу барысында нақтылай түседі.

       1958 жылы Қазақ КСР-нің АЭҒЗИ-нің Жамбыл археологиялық экспедициясын Т.Н. Сенигова жүргізеді. 1960-1969 жылдары Қазақ КСР-нің АЭҒЗИ-нің құрамында Е.И.Агеева, Т.Н. Сенигова, М.С. Мерщиев және тағы басқалар, Орта Азиялық экспедициясы қайта қазу жұмыстарын жүргізіп, 1983-1985 жылдары жалғасын табады [4].

        Ежелгі Тараз қаласын қазу нәтижесінде жоғарыдан төмен қарай жатқан бес мәдениет қабаты анықталған. Бірінші қабат-осы заманғы; екіншісі ХІІІ-ХV ғасырларға сәйкес келеді; үшіншісі қаланың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін куәландыратын қалдықтардан тұрады; төртіншісі VІІІ-Х ғасырлар Түргеш, Қарлұқ кезеңін қамтиды; бесінші қабатынан  V-VІІ ғасырлар мәдениетінің іздері табылды. Соның ішінде ХІ-ХІІ ғасырларда Тараздың тамаша көркейгені жөнінде сыр шертетін үшінші қабат орасан бай олжа берген [5].

        Қаламыздың тарихын және Талас өңіріндегі ескерткіштерді зерттеуде сүбелі үлес қосқан археолог А.Н. Бернштам 1936-1939 жылдары шығыс жақ бұрышында жүргізілген қазба нәтижесінде ауданы 200 шаршы метрді құрайтын моншаны қазды.

        Қала ғимараттары арасында монша тәрізді қоғамдық құрылыстардыңда алатын орны ерекше. Қала өмірінде моншалар мешіттен кейінгі басты орында болған.  Белгілі шығыстанушы И.А. Орбели «Монша ХІІ ғасырдың сайқымазағы» деген мақаласында моншаны былай сипаттайды:«...бүкіл Шығыстағы сияқты, Кавказда да монша, оны өздеріне және дос-жарандарына арнап салдырған қала басшылары үшін де, цехтық ұйымдар үшінде айрықша қамқорлыққа алынатын орын. Өйткені монша тек жуынып-шайынатын ғана орын емес, ол сонымен бірге күшті нығайту, пәс көңілді көтеру үшін де, демалу үшін және дос-жарандармен бас қосып, сұхбаттасу үшін де, кездесіп, сатып алу, сату жөнінде әңгімелесіп, сауда мәселесіне келу үшін де, сондай-ақ шахмат пен нарда ойындарында шеберлік көрсету үшін де қызмет етеді ». Моншалар өзінше бір емдеу орындары да болған. ІХ-Х ғасырлардағы дәрігер Закария ар-Рази моншаның ағзаға әсерін сипаттай келе, моншаларды жақсы кескіндемелермен безендіруді ұсынды, ол уайымнан арылтып, мұңыңды жазады, өйткені жуыну хайуандық, рухани және табиғи залалды, қуаттарды әлсіретеді деген. Орта ғасырдағы көрнекті философ, атақты ғалым дәрігер Ибн Сина да осы ойды ұсынған.

Моншалардың адам денсаулығына, көңіл-сезіміне әсерімен бірге, оның ішкі безендірілуінің маңызын, Х-ғасыр авторы әл-Масуди өз шығармаларының бірінде    «моншаларда адам келбетті, бүркіт тұмсықты, екі бүйірінде төрт қанаты және хайуан тырнақты екі қолы бар құс тәріздес Ал-Анка деп аталған ғажайып жануардың бейнесін жиі кездестіруге болады»-деп жазған.

Моншалар, зерттеушілердің топшылауынша, Орта Азияға Жерорта теңізі  аудандарынан келіп, сірә, ерте дегенде VІІІ-ғасырдың аяққы кезінде пайда болса керек. Орта ғасырларға жататын бір қатар моншалардың іргелері Тараз моншасы сияқты өрнектелуінің жиілігімен ерекшеленеді, олар Отырар, Тараз , Баласағұн. Тараз моншасы Таяу Шығыстағы Каср-әл Хайр әл-Гарби моншасын еске салады. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында ашылған моншалардың ішкі құрылысы басқа, жобасында крес тәріздестері болған [6].

       Археолог А.Н. Бернштам моншаның қабырғаларындағы геометриялы, шөп тәрізді ою-өрнектердің Айша-Бибі, Бабаджа-Хатун кесенелеріндегі өрнектермен ұқсастығын айта келіп, оны Х- ХІ ғасырдағы Қараханидтер дәуірінен қалған жәдігер деп тұжырымдайды [7].  

       Тараз жерінен табылған монша ғимараты жобасында квадратқа ұқсас.  Монша өлшемдері 13,60 Х 12,40  сыртқы қабырғасының қалыңдығы бір метр. Барлығы жеті бөлме аршылған. 50 Х 50 Х 6,5 келетін күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Бірінші киім шешетін бөлмеден екі орындық пен пештің қалдығы табылған. Екінші бөлмеден жуынатын астау, еденнен сыртқа су ағатын қуыстары болған, астаудың іші мен сыртына сылақ соғылған. Қазба жұмыстары нәтижесіне қарағанда үш бөлменің қабырғалары геометриялық өрнектермен, ал екі бөлменің қабырғалары мен жуынатын астау сегіз бұрышты өрнекті сары бояумен, оның айналасы қара бояумен көмкерілген, бесінші бөлме нашар сақталған, ал алтыншы бөлменің қабырғалары ақ, қызыл, сары бояулы тақталармен қиылыстырылып, кейбір жерлерде шөп тәрізді өрнектер қолданылған. Моншаның жетінші бөлмесі ең үлкені болған, сары және қызыл түсті тегіс плиталы еден жақсы сақталған, қабырғалары қуыстармен көркемделген. Төбеден түскен қалдықтарға қарағанда монша көп күмбезді болған. Моншаның кірлен кенересінде 17 бұқарлық мыс тиындар табылған, олар ХІ ғасыр деп даталанған, және өте жақсы сақталған шырағдан табылды.

       1970-1972 жылдары орта ғасырлық құрылыстың қарқынды дамығандығын дәлелдейтін тағы бір монша табылған. Орталық базарда жабық базар құрылысын салу үшін жер қазу жұмысы жүргізіліп жатқанда, ол арадан қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған құрылыс табылды. Соған сәйкес жер қазу жұмыстары тоқтатылып, археологиялық қазба жұмыстары басталды. Нәтижесінде көлемі 10,5 Х 10 м, төртбұрышты қабырғаларының биіктігі 1,5 м-ге жуық, қалыңдығы 90 см күйдірілген кірпіштен қаланған, төрт бөлмеден тұратын екінші моншаның орны табылды. Аумағы басқалардан үлкендеу көрінген бірінші бөлме шешінетін орын болып шықты. Екінші, үшінші бөлмелер жуынуға, буға түсуге немесе массаж жасауға арналған. Ал төртіншісінен аумағы онша үлкен емес ыстық су құятын астаудың орны табылды. Ең қызығы қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыпты, екінші, үшінші бөлмелерде астында жылу жүретін жолдары болған. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ертіндімен сылап тастаған. Мұның өзі моншаға келгендердің аяқ астында жылудың болуына, терлеп-тепшіп рахаттануына мүмкіндік туғызған.

Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уақытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған.

Терістік жақтағы пештің орны бұзылып жеткен. Шамасы осыдан жағылған оттың жылуы еден астындағы қуысты бойлап, негізгі қабырғамен аралығындағы аумағы үлкен құбыр арқылы сыртқа шығып кетіп отырған. Моншада ыстықтың көп сақталуы үшін оттық жүретін қуыстарыдың астына қиыршақ тастар төселген. Моншаның батыс жағында екі жерден бір бағытқа тартылған лас жуынды сулар ағатын көлемі бір метрдей келетін қыштан күйдіріліп жасалған түбі жалпақ сүзгіш бар болған. Пайдаланылған лас су осында жиылып, одан әрі су құбыры арқылы тастан қаланған құдыққа құйылған. Төртінші бөлменің батыс жағындағы астауға жақын, тереңдігі төрт метрдей айналасы тастан қаланған құдықты қазып, бірақ түбіне жете алмаған. Моншаға керекті ауыз суды құдықтан алып отырған. Қазба барысында құбыралар және екінші бөлменің шығыс жағында орындық ретінде қойылған тастың арасынан сақина табылған, қазіргі таңда бұл сақина Астана мұражайында сақтаулы. Екінші монша, бірінші табылған моншадан әлдеқайда жақсы сақталған [8].

       Орта ғасырлық моншалар туралы ғалым К.М. Байпақов «моншаның құрылыс техникасының ерекшеліктері, жылыту жүйесі, өрнектеу мәнері мен көркем суреттері бейнелеу өнері оның ХІ-ХІІ ғасырлардағы қаланың экономикалық өркендеу кезеңіне куә » - деп жоғары баға берген [9].

       Ежелгі қаладағы әртүрлі себептермен бұған дейін қарқын алмай келген қазба жұмыстары тек 2011 жылы ғана зерттеу нысанына айнала бастады.

       Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғымымдарының докторы, профессор К.М. Байпақов Тараз қалашығындағы қазба жұмыстарын жүргізуде [10].

         Қазба жұмыстарын бастағанымызға екі жылдың жүзі болды. Көне монша, тиын жасайтын зауыт сияқты көне құрылыстардың орны анықталды. Археолоиялық қазба жұмыстары барысында бір метр тереңдікте моншаның қыш кірпіштен қаланған қабырғаларының сұлбасы топырақтан аршылды. Сондықтан қазба жұмыстарын ары қарай жалғастырып, ендігі жерде Шахристан, Тәжібай базарлары аумағын қамти жүргізілмек. Археологиялық қазба жұмыстарынан кейінгі кезеңдегі аршылған мәдени қабаттарды ашық аспан астындағы мұражай, модификациялау, концервациялау жолымен көне қалашық орнын туристік орталыққа, туризмнің             «Меккесіне » айналдыруға бағыт ұсталып отыр. Туризм қазіргі заманғы аса әлеуетті салағой. Оның үстіне           «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі қала іргесінен өтеді. Демек, қазірдің өзінде шет мемлекттерден туристердің ағылып келуіне қолайлы жағдай жасалды. Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Сол кезде көрмеге келген көпшілік Ежелгі Тараз қалашығымен таныса алады[11].

       Елбасымыздың өзі бұл істі қолдап отыр. Бүгінгі күнге дейін бұл мақсатқа облыстық қазынадан жүз миллион теңге бөлініп, бас-аяғы 25 соттық аумақ аршылып, көптеген артефактілер табылғаны белгілі. Тек өңделген керамика фрагменттерінің өзінің саны 33 мың данадан асады. Оның ішінде 107-сі бұзылмаған күйінде сақталған. Археолог мамандар тапқан басқа да көне тиындар, шыныдан, сүйектен жасалған жәдігерлер ғылыми әлеуеттің айрықша қызығушылығын да туғызуда.

Мамандар осы мақсатқа 2015 жылы «Қазреставрация» тарапынан қомақты қаржы бөлінгелі отырғанын да айтады.Тараз қойнауы сырға толы, сонау ата-бабаларымыз аманат ретінде қалдырған құнды  жідігерлерімізді қорғайық, мақтан тұтып әлемге паш етейік.

Жамбыл өңіріндегі көптеген әлі күнге дейін толық зерттелмеген археологиялық қазба ескерткіштері бар. Біздің ғылыми мақала ХІ-ХІІ ғасырларға жататын Тараз қалашығындағы, А.Н. Бернштамның басшылығымен қазу барысында табылған Тараздың көне моншалары. Осы моншаларға көптеген зерттеулер жүргізе отырып моншалар адамзаттың дамуы мен өркендеуінде елеулі рөл атқарғандығын нақтылай отырып, моншалардың жылыту құрылысы шығыс үлгісінде салынып қазіргі таңдағы моншалардың арасында орта ғасырлық шығыс үлгісі бойынша яғни табан асты арнайы су құбырлары арқылы жылытатындығын және бұл жүйе қазіргі таңда да пайдаланылуда.  Мысалға айтар болсақ олар Алматыдағы «Арасан», Тараздағы   «Асыл», «Талас», «Бикен» тағыда басқа моншалар бой көтеруде.

  

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.      Д. Қыдырәлі , М. Кәтімхан Тараз тарихы. – Тараз: «Сенім», 2005 жыл 5-20 беттер.

2.      С. Жолдасбайұлы Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы. /Алматы, «Кітап» баспасы, 2010 жыл 208, 215, 216 беттер.

3.      Қазақстан тарихы 1-том. – Алматы: Атамұра, 2010жыл, 480 бет.

4.      Әбілдаұлы Б. Талас. Айша Бибі. Қарахан. – Алматы:      «Санат», 2002жыл 15-21 беттер.

5.      Тараз ғасырлар куәсі: Анықтамалық-библиографиялық көрсеткіш.-Алматы 2002 жыл 5-8 беттер.

6.      Байпақов К. Нұржанов А. Ұлы жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан – Алматы: Қазақстан, 1992 жыл 105-109 беттер.

7.      Байпақов К. Сақтардың «сыры» Тараздың қойнауында //Жамбыл-Тараз.- 31 қазан 2012 жыл №44(1122)

8.      Байтілен С. , Байбосынов К. Тараздың көне моншалары //Жамбыл-Тараз.-2001 жыл 30 қараша №49 (305)

9.      Ж. Дәдебаев Тараз өлкесі.- Алматы: ЖШС РПБК            «Дәуір», 2013 жыл 16, 17, 20 беттер.

10.  Жамбыл-Тараз № 9 (1139) 27 ақпан 2013 жыл 6 бет. Мақсат-шаһар сәулетін келістіру.

11.  Саябақ-музейге айналдырылады //Ақ жол.-2014 жыл 25 қаңтар

 

 

 



[1]Д. Қыдырәлі , М. Кәтімхан Тараз тарихы. – Тараз: «Сенім», 2005 жыл 5-20 беттер.

[2] С. Жолдасбайұлы Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы. /Алматы, «Кітап» баспасы, 2010 жыл 208, 215, 216 беттер.

 

[3] Қазақстан тарихы 1-том. – Алматы: Атамұра, 2010жыл, 480 бет.

[4] Тараз ғасырлар куәсі: Анықтамалық-библиографиялық көрсеткіш.-Алматы 2002 жыл 5-8 беттер.

[5] Әбілдаұлы Б. Талас. Айша Бибі. Қарахан. – Алматы:           «Санат», 2002жыл 15-21 беттер.

 

[6] Байпақов К. Нұржанов А. Ұлы жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан – Алматы: Қазақстан, 1992 жыл 105-109 беттер.

[7] Байпақов К. Сақтардың «сыры» Тараздың қойнауында //Жамбыл-Тараз.- 31 қазан 2012 жыл №44(1122)

 

[8] Байтілен С. , Байбосынов К. Тараздың көне моншалары //Жамбыл-Тараз.-2001 жыл 30 қараша №49 (305)

[9] Ж. Дәдебаев Тараз өлкесі.- Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2013 жыл 16, 17, 20 беттер.

[10] Жамбыл-Тараз № 9 (1139) 27 ақпан 2013 жыл 6 бет. Мақсат-шаһар сәулетін келістіру.

[11] Саябақ-музейге айналдырылады //Ақ жол.-2014 жыл 25 қаңтар