ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗ ӨССЕ, ҰЛТТЫҢ РУХЫ ӨРЛЕЙДІ

 

Мырзазмет Ғалия Кеңесбайқызы

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз, Қазақстан Республикасы

 

         Қазақстан тарихы – егеменді, тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың  ескерткіші.

Қазақстан Республикасы егемендік пен тәуелсіздікке ие болғаннан бері «Қазақстан тарихы» оқу пәнінің маңызы арта түсті, оның негізгі міндеттері халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сана мен бірлікті қалыптастыру, азаматтанушылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Қазақстан тарихын қазіргі тұрғыдан қарау дегеніміз – оны дүниежүзілік тарихпен, еуразиялық  контингент тарихымен, көшпелілер өркениетімен, түркі халықтарының тарихымен және Орталық Азия елдері тарихымен  бірлікте қарастыру деген сөз. Бүгінде оның маңыздылығы мен көп функционалды рөлі де арта түсуде. Оның функцияларының ең бастысы, ол мемлекеттік маңызы бар оқу пәніне айналып отыр, мұның өзі оның Қазақстан қоғамын дамытудың маңызды міндеттерін жүзеге асырудағы рөлінің арта түскендігінен. 5 маусымда өткен  Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер осыған дәлел.  Осы отырыста Елбасының ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына орай  Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттық тарихты нақтылау, жаңғырту және дамыту туралы айтылған сөзі қазақтың тарихшы ғалымдарына серпіліс пен рухани қуат беріп, үлкен міндеттер жүктеді.

         Атап айтсақ, тарихи зерттеудің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы көрсетіп келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық  тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алап өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімді қағидатты түрде өзгертеді. Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тарихымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізінде түсініп алуға тиіспіз. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты  тәуелсіздіктің негізгі белестері  қандай, қандай қауып-қатерлерден өттік, қоғамның эканомикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру.

Сонымен бірге кезек күттірмейтін – қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу салсында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындау; тың тұрпаттағы тарих оқулықтарын жазу;  білім стандарттарын  қоғамның бүгінгі қажеттілігі өлшемімен қайта жасау; жоғары оқу орындарында барлық мамандықтар бойынша Қазақстан тарихы пәнін нақты стандартқа сәйкес оқыту сияқты тапсырмалар да берілді.

Бүгінгі күні Елбасының қамқорлығы мен тікелей араласуының арқасында арнайы бағдарламалар («Мәдени мұра», «Ғылыми қазына») қабылданып, қаржыландыру мәселесі шешіліп, еліміздің тарихын тәуелсіздік талаптарына сәйкес, жаңа заман биігінде шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Елі мен жерін сүйетін мамандар дайындау үшін жоғары оқу орындарында барлық мамандықтар бойынша Қазақстан тарихы пәнін оқыту бүгінгі күннің талабы. Ұлт тарихын ұлықтаудың жауапты сәті туды.