Cекция: педагогика
ҰЛТТЫҚ
ОЙЫНДАРДЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОРНЫ МЕН МАҢЫЗЫ
Алимжанова Б.М, Жумабекова Г.Д.
«Балдәурен» балабақшасы,
Қарағанды обл.,
Қазақстан Республикасы
«Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу
үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
Қазіргі кезде біздің азаматтарымыз үнемі ең озық
жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс
жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ
балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың
функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу
қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы
үшін бұл аса маңызды. Бүкіл әлемдегі сияқты
Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа
әдістеріне көшу керек» [1,14]- делінген Қазақстан
Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстан-2050» Стратегиясында. Осы маңызды тапсырманы іске
асыруда өскелең ұрпақтың алатын орны зор, себебі
қандай да болмасын алға қойылған жоспарды іске асыру
үшін білімді және денсаулығы мықты ұрпақ
қажет.
Қай
халықтың болмасын ұлттық ойындарының белгілі бір
мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан
ерекше қасиеттері болады. Сондықтан да халық арасында
қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар,
деректер, құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет
етеді.
Қазақтың ұлттық ойындарына
мән беріп, оны жинақтап, топтап жарыққа
шығарған орыс ғалымы А. Диваев өзінің «Игры
киргизских детей» атты еңбегінде автор тарихта алғаш рет
қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа
бөліп қарастырады: 1) кішкентай балалар ойыны, 2) ересек балалар
ойыны, 3) жігіттер ойыны. А.Диваев
ұлттық ойындарды жинаушы ғана емес, оның бала
тәрбиесіндегі әлеуметтік құнын көрсеткен
ғалым. Аталған жинақта автор ұлтымыздың ойындарын
топтап қана қоймай, әр жас ерекшеліктеріне қарай
ажыратып көрсетеді. Мысалы: 1) 1
жастан 7 жасқа дейінгі балалар ойыны; 2) жеті жастан он бес жас
аралығындағы жасөспірімдерге арналған
қимыл-қозғалыс ойындары; 3) он бестен отызға дейінгі
ересектер ойыны.
Бізге қатыстысы – 3-тен 5 жасқа дейінгі балалар
ойынын жас баланың обьективті түрде материалдық әлемге
қатысын суреттейтін ойын түрлері: қой бағу, көк
сиыр, соқыр теке, түйе-түйе, жоғалған бөрік
секілді ойындармен келтірсе, жасөспірімдер үшін тақия телпек,
домалақ ағаш т.б. топтасып ойнайтын ойын түрлерін бөлек
жинайды.
Жігіттер ойнайтын ойындарды тағы да үшке топтап
былай анықтайды, бірінші қазақ халқының
әлеуметтік жікшілдік руханиятына қатысты «Хан жақсы ма», «Кім
күшті» жеке дара ойыны, екінші қимыл-қозғалысты
көрсететін: «Ақсүйек», «Көрші», «Арқантартыс»,
т.б. ойындары. Үшінші ойын түрлеріне спорттық ойындар:
«Көкпар», «Жамбы ату», «Жаяу жарыс», «Қыз қуу», «Бәйге»
тағы да басқаларын
жатқызған [2,31]. А.Диваевтың бұл еңбегі –
қазақтың халық арасында қалыптасқан дәстүрлі
ұлттық ойындарын тұңғыш рет
классификациялық бөлініс жасаған еңбек. Ізденуші
этнографтың дәлелдеуінше халық ойындары балалардың
іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын дамытумен қатар,
денсаулығын шыңдауда тездетуші үрдіс әрекетін
атқарады [3,54].
Қазақтың белгілі ағартушысы
А.Құнанбаев халық ойындарының балаларға білім
берудегі тәрбиелік мәнін жоғары санап, халықтың
дәстүрі мен салтын құрметтеп, адамдардың ойы мен
іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық,
адамгершілік ой талабының өсуінде атқаратын
қызметінің жоғары деңгейін бағалады [4,19].
Ұлттық ойындар – халық
тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының
жалғасы. Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың
өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі,
ұлттық дәстүрі, батырлық-батылдық туралы
түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық
рухын қайраттауға мән берілуі, халықтың
данышпандығының дәлелі.
К.Д. Ушинский ойынның әлеуметтік-педагогикалық
негіздерінің маңызы туралы былай тұжырымдайды: «Ойынның
бала қабілетін дамытуға үлкен әсері бар, олай болса
ойын баланың келешек тағдырына өз ықпалын тигізеді»
[5,28]. Педагог халықтық
тәрбиенің мақсаты мен мазмұнына, тәрбие мен
оқыту әдістеріне тоқталып, ойын былай сабақтайды:
«Халықтың бала тәрбиесі сол халықтың сан
ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенің
негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру
керек» деп атап өтеді [6,15].
Қазақтың ұлттық
ойындарының басқа халықтардың ұлттық ойындары
сияқты пайда болу ерекшелігі, тәрбиелік мақсаты
халықтың мекен еткен жерінің сол халықтың
салт-дәстүрі, шаруашылық жүргізу ерекшелігіне тікелей
байланысты. Ойын түрлері адам денесін шықтырып оның рухани
қалыптасу негізін құрайтын маңызды
құралдың бірі екендігіне көз жеткізуге болады. Сондықтан
қазақ елінің мұрасы, дәстүрлі халық
ойындарын іздестіріп зерттеп, балаларға үйрету осы күнгі
заман қажеттілігінен туған өзекті тақырыптың
бірі. Бүгінгі күн тәртібіндегі мақсат, халық
ойындарына қатысты құжаттардың әлеуметтік
мағынасын күшейтіп балабақшалардың
оқу-тәрбие жүйесінде, отбасында ойындардың
қолданыс шеңберін кеңейтіп пайдалы жақтарын
көрсету болып табылады.
Ойын, адамның балалық шағынан бастап
бүкіл ғұмырының барлық кезеңінде бірге болатын
ерекше құбылыс. Сондықтан ұлттық ойын
мәселесін тек педагогтар мен психологтар ғана емес,
әлеуметтанушылар мен этнографтар, өнертанушылар ғылыми обьект
ретінде жан-жақты қарастыруда. Ұлттық ойындар
ғылымның қай саласында зерттелсе де көптеген
ғалымдар ойынды адам мәдениетінің бір бөлшегі ретінде
алып қарайды. Үш
жастағы бала өзін қоршаған үлкендер
тұтынатын заттар мен еңбек құралдарына
қызығады. Сондықтанда бала ойындарында үлкендер
әрекетін өз бейнесінде қайталау басым. Бұны «жартылай
ойын, жартылай еңбек» деп атауға болады.
4-5 жасқа толған балалардың ойнайтын
сюжеттік-бейнелік ойындарында ойыншық құралдарымен адамдар
қарым-қатынасын бейнелеу басым. Осылайша ойын әлеуметтік
ортадағы адамдар қарым-қатынасының үлгісі мен
бала сезімінің айрықша бейнелік көрінісінің бір
үзік ойы болып табылады.
Балалардың тұлғасы мықты, денесі
шымыр, қимылы ширақ, әрі епті болуы үшін
ұлттық ойындар арқылы дене шынықтыру әдістерін
қалыптастырған жөн. Баланы еңбек күштері
және психикалық нышаны аңғарылып тұратындай етіп
ойнату қажет, онсыз ойынның тәрбиелік мәні болмайды.
Ойын арқылы еңбекке қажетті кейбір дағдылар
тәрбиеленеді. Жалпы даму жаттығулары бар ұлттық
ойындар: «Сақина салу», «Қайықта», «Қоңырау»,
«Балық аулау», «Үлек пен тайлақ», т.б. 5 жас
аралығындағы балалардың дене мүшелерінің
барлығын қимылдатып, қозғалысқа келтіріп отырады.
Осы жастағы балалардың қозғалыс координациясы
әлсіз, өз денесін әлі еркін меңгере алмайтындығын
ескерсек, аталған ойындар осы кемшіліктерді біртіндеп дамытуға
мүмкіндік туғызады. Ал бақылау экспериментінің
мақсаты –балаларға дене шынықтыру сабағында
ұлттық ойындарды қаншалықты деңгейде
меңгергенің тексеру. Бақылау және анықтау
эксперименті кезінде берілген сауалнамалар қайтадан ата-аналарға қойылды.
Сауалнамалардың қорытындысы бойынша 3 деңгей
көрсетілді.
Жоғары деңгей -75% құрады. Балалар
ұлттық ойын түрлерін толығымен меңгеріп,
қызығушылығы артты. Орта
деңгей -20% құрады. Балалар ұлттық ойын
түрлерін біліп қана қоймай, оны ойнай алатын болды. Төменгі
деңгей-5% құрады. Балалар ұлттық ойын
түрлерін әлі толық меңгерген жоқ.
Экспериментті қорытындыласақ, жүйелі
таңдалып алынған ұлттық ойындар баланың ептілік,
жылдамдық, байқағыштық, төзімділік
қасиеттерін дамытады. Бала ағзасын қалыпты өсіру
үшін дене шынықтыру сабақтарын мақсатсыз ойындар
арқылы емес, жүйелі түрде жинақталған
ұлттық ойындар негізінде өткізу пайдалы екендігі дәлелденді. Мектеп жасына дейінгі балаларға
ұлттық ойындарды дене шынықтыру сабағына

Сурет 1. Сауалнама қорытындысы
енгізу
мақсатында жүргізілген тәжірибелік-зерттеу
жұмысымыздың нәтижесі
төмендегідей тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:
1) Қазақстан егеменді ел ретінде
қалыптасып, бүкіл дүниежүзілік саяси аренадағы
орны айқындалып жатқанда жеке адамның, әсіресе жас
ұрпақтың болашақта білімді болуымен қатар, дені
сау азамат болып өсуіне, елінің мәдениетін,
дәстүр-салтын білетін патриот болуына ұлттық
ойындардың қосар үлесі, тигізер пайдасы зор екендігін
ескеріп, ұлттық ойындарды балабақша жасынан үйрету
қажет екендігі сөзсіз.
2) Бала тәрбиесінде, әсіресе, мектеп жасына
дейінгі балаларға арналған мемлекет тарапынан қабылданып
жатқан заңдар мен нормативтік құжаттардың
қазіргі бала тәрбиесіне арналған бағыттарында
ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүрлерді
көптеп қарастыру қазіргі уақыт талабы екендігін
көрсетеді.
3) Ұлттық ойындар мәселесін зерттеп, оны
талдап өзіндік пікір-тұжырымын ғылыми еңбектерде
жазған ғалымдар ойынға дұрыс мән беріп оны
ғылыми тұрғыдан ары қарай зерттеудің
қажеттілігін көрсеткен, осы көзқарастарды қазіргі
ХХІ ғасыр талабына негіздеу, бала ойындарын жаңа талаптарға
сәйкес үйрету педагогикалық ғылымның негізгі бір
мақсаты.
4) Балабақшадағы балалардың дене
қозғалыс дағдыларының 3-5 жаста негізгі қалыптасу
кезеңінен өтетіндігін ескеріп, зерттеу мақсаты бойынша
балабақшадағы дене шынықтыру сабағында
ұлттық ойындарды кеңінен пайдалану - балаға
қажетті қозғалыс дағдыларын дұрыс қалыптастыруға
пайдалы.
Тәрбиешіге
ұсыныс: Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелерден
төмендегідей практикалық ұсыныстар жасалады:
1) Мектеп жасына дейінгі балалардың дене күшін,
қозғалыс дағдыларын дамытуға байланысты
ұлттық ойын түрлері терең зерттеліп, физиологиялық,
психологиялық, педагогикалық тұрғыдан қазіргі
заман талабына сай саралауды ары қарай қажет етеді.
2) Балабақшаның дене шынықтыру
сабағына арналған материалдық базасын нығайту
және дамыту қажет.
3) Ұлттық ойындар құндылығын,
қажеттілігін халық арасында насихаттау.
4) Дене шынықтыру саласында халықтық
ойындарды қолданудың озық тәжірибелерін жинақтау
және дамыту қажет.
Әдебиет:
1. Қазақстан
Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деген Қазақстан
халқына Жолдауы. Астана, 2012.
2. Букин Е. Физическое и умственное
воспитание у киргиз. «Туркестанские ведомости», 1883. 238 с.
3. Диваев А. Игры киргизских детей //Туркестанск.
ведомости. 1905. 152 с.
4. Қазақ
ССР тарихы. т.4.
Алматы: 1989. 188 б.
5. Ушинский
К.Д. Избранные педагогические сочинения.т.1. М., 1964.
6. Ушинский К.Д.
Дидактика. т.2.
-М., 1983. 128 с.