Серікбаев
Е.К., Мырқасымова М.А.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Қазақстан
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК ЖАҒДАЙЫНДА БОЛАШАҚ
МАМАНДАРДЫҢ КРЕАТИВТІ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІН БЕЛСЕНДІРУ ЖОЛДАРЫ
Модернизациялаудың құқықтық
негіздерін Қазақстан Республикасы стратегиялық дамуының
2050-жылға дейінгі бағдарламасы және басқа мемлекеттік
нормативті құжаттар құрайды. Егеменді еліміздің білім беру
жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып
жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі
әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді,
ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде креативті әрекет
ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке
тұлғаны қалыптастыру ісіне ерекше мән берілуде. Дарынды, білімді жастар ғана
егеменді еліміздің ертеңін баянды етіп, қоғамның
әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алады.
«Креативтілік –
проблемалық сипаты бар, барлық ішкі байланыстарды біріктіретін,
нәтижеде жаңа материалдық және идеалдық
құндылықтар алынатын адамның мақсатты
әрекеті» - деп түсіндіріледі философиялық сөздікте [1]. Қазіргі кезде креативтілік –
қоғамның өрлеуі мен тоқырауының индикаторы
ретінде және жахандану кеңістігіндегі білім берудің
модернизациялық жүйесінің деңгейімен анықталады.
Шығармашылық – болашақ маманның
өз даралығын түсінгенде орын алады. Өзінің осы
бір ерекшелігі арқылы ол қайталанбайтын саналылықтың,
ізденудің қуанышына бөленеді, жаңалыққа
ұмтылыс жасау арқылы өзінің ішкі дүниесін
жаңғыртуға қадамдар жасайды. Біз зерттеп отырған
креативтік әрекет Д.Б.Богоявленская, А.В.Брушлинский, А.Я.Пономарев, т.б.
ғалымдар еңбектерінде креативтік қабілеттердің дамуы,
тұлғаның интеллектуалдық әрекеті аясында
қарастырылады. Олар креативтіктің заңдылықтары,
шарттары, даму барысы жайлы мәселе көтеріп, бұл сапаның
құрылысы креативтілік қабілеттердің процессуалдық
сипаттамаларынан түзілетіндігіне тоқталады [2].
«Креативтілік» ұғымы жаңа
гуманистік психология бағытында жаңа мәнге ие болды деуге
болады. Мысалы, Э.Фромм шығармашылықты талдауды оның
өнімі тұрғысынан емес, сол әрекеттің адам
үшін қаншалықты маңызы бар екендігі
тұрғысынан қарауды ұсынады. Осыған жақын
ойды тұлғалық бағдарлы психология өкілі К.Роджерс
білдірген. Оның пікірінше, креативтілік – адамның
қоршаған әлеммен байланысындағы шектеулерді жеңіп
шығу үшін өзінің ішкі психологиялық әлемін
зерттеуі.
Жалпы креативтілік ұғымына
қатысты 60-қа жуық анықтамалар бар екенін анықтай
отырып, олардың ішіндегі біздің зерттеуіміз үшін мәні
бар кейбірін ыңғайлы болуы үшін төмендегідей етіп
топтастырдық: 1)
шығармашылыққа қабілеттілік, соны ойлау:
тұлғаны сипаттайтын шығармашылық
қабілеттердің деңгейі, креативтілік – адамның
қалыптан тыс ойлай алуы; индивидтің жаңа идеяларды
ашуға қабілеттілігі; шығармашылық дарындылық
деңгейі; креативтілік тез арада шығармашылық шешім
қабылдай алу; креативтілік – индивидтің әлеуметтік мәні
бар шығармашылық белсенділігін туғызатын ерекше
қасиеті; 2) креативтілік –
адамның интеллектуалдық белсенділігінің жоғары
деңгейі, оның нәтижесінде құбылыстардың
мәніне терең бойлау, мәселе көтеріп, оны
тапқырлықпен шешу [3].
Бұл мақсат креативті
іс-әрекетті дамытуға қатысты педагогикалық ойларды
талдау қажеттілігін туындатты. Студенттердің
креативтілік белсенділігін қалыптастыруда оқу материалдарының
маңыздылығы дәрежесіне қарай оның
құндылығын анықтап, сабақ беру мен оқу
үрдісін ұйымдастыра білудің маңызы зор.
Оқыту
үрдісінде студенттің креативтілік белсенділігін қалыптастыру
үшін білімдер мен әрекет тәсілдерін алуды
қажеттендіруді қалыптастыратын шарттарды, өзін-өзі
бейімдеу шарттарын, мәселелерді шешудің түрлі нысандарын
ұйымдастыру дағдыларын дамытудың шарттарын қамтамасыз
етілуі тиіс. Студенттердің
креативтілік белсенділігінің даму деңгейлеріне тоқталатын
болсақ, оның ең жоғары деңгейі креативтілік
міндеттерді өз бетінше қоюмен, тапсырмалардың шешімін табуда
неғұрлым тиімді жолдарын болжаумен және өз бетінше
айқындаумен, өздігінен бағалаумен сипатталады. Ал, орташа
деңгей жоғары деңгейдің кейбір элементтерінің
оқытушының көмегімен орындалатынымен сипатталады.
Төменгі деңгейде студентке белгілі бір әрекеттің
үлгісі болғанда, оларды орындау тәсілдері туралы көмек
болғанда ғана креативтілік әрекетін ынталандыруға,
белгілі тәсілдерге бағдарлануда көрініс табады. Креативтілік ізденімпаздық пен
белсенділік жеке тұлғаның алуан қырлы болмыс-бітімі
болып табылады. Ол – сезімталдық, креативтілік және еріктік
үрдіс нәтижесі, креативтілік уәж бен өз бетінше
әрекет тәсілдерінің жиынтығы, танымға деген
тұрақты құлшыныс болып табылатын креативтілік
әрекетке бейімделу. Оқуда
белсенділік оқып-үйренетін тақырыпқа, пайда
болған мәселеге, міндетке тұрақты ынталық пайда
болуымен, назар мен ой-сана операциясының бағыттылығымен
(талдау мен синтез, салыстыру мен салмақтау), оқып жатқан
материалды ұғыну арқылы машықтанады. Студенттердің креативтілік
іс-әрекетін белсендіруді қалыптастырудағы тиімді
әдістерге жеке-жеке тоқталайық.
Проблемалық-дамыта отырып оқыту әдістер жүйесі.
Бұл әдістер жүйесі мынадай негіздер бойынша топталды:
проблема деңгейіне байланысты; мұғалім әрекеті
түріне байланысты (мұғалімнің баяндау әдісі:
монологты, көрсету, диалогты: студенттердің
өзіндік жұмысын ұйымдастыру әдісі, зерттеу).
Монологты оқыту әдістері.
Белгілері: оқытушының оқу материялын ауызша баяндауы,
фактілерді қызғылықты суреттей отырып түсіндіруі, т.б.,
проблемалық жағдайлардың пікірталас түрінде пайда
болуы. Студенттердің орындаушылық іс-әрекеті басым: белсенді
ойлау, бақылау, тыңдау және есте сақтау, іс-әрекеттің
үлгі бойынша орындалуы; білімін, сапасын бағалау. Көрсету әдісі. Белгілері:
оқу-креативтілік немесе ғылыми проблеманың шешілу логикасы
көрсетіледі; дәлелдеме, пікірлер үлгілері беріліп,
шындыққа жету жолы көрсетіледі. Диалогты әдіс. Негізгі
белгілері: оқу материалын әңгіме формасында беру. Эвристикалық әдіс. Негізгі
белгілері: материалды оқыту эвристикалық әңгіме ретінде
ұйымдастырылады; креативтілік сұрақтар қойылады;
креативтілік тапсырмалар шешіледі; оқу проблемалары қойылып, оны
студент мұғалім көмегімен шешеді. Зерттеу әдісі. Негізгі
белгілері: оқытушы проблемалық сипаттағы тапсырмаларды
береді, жұмыстың мақсатын студентпен бірлесе отырып
құрайды, студенттердің өзіндік жұмыстарын
ұйымдастырады. Теориялық және практикалық
сипаттағы проблемалық жағдайлар студенттердің
тапсырларды орындауы барысында туындайды. Алгоритмдік
әдіс. Негізгі белгілері: студенттің ауызша жауап беруі;
әрекет үлгісін көрсету және оның орындалу
алгоритмін көрсету (ережелер біртұтастығы);
студенттердің өздері жасағанда мүмкін болатын
жағдайлар.
Оқу-креативтілік
және ғылыми ізденістер жүйесі студенттердің
көзқарасын кеңейтуде интеллектін көтеруде,
болашақ маманның әлеуметтік-психологиялық мінезіндегі
жеке қасиеттерінің дамуына елеулі әсер етеді.
Демек,
студенттердің креативтілік белсенділігі – олардың жеке дамуын
қамтамасыз етеді, өзіндік шығармашылық ой-өрісін
кеңейте білуімен сипатталатын жеке тұлғаға тән
қасиет.
Әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030:
Барлық Қазақстандықтардың
өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және
әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің
Қазақстан халқына жолдауы. Алматы:Білім, 1997. – 176 б.
2..Питюков
В.Ю. Педагогическая технология в процессе профессиональной подготовки учителя:
Автореф. Дис. ... канд. пед.наук. М., 1994.
3. Қадырова Б.Н. Оқушылардың
шығармашылық әрекетін дамытудың кейбір
ғылыми-педагогикалық проблемасы // Білім. 2005. №1. 16-б.
4. Оспанова Б.А. Бәсекеге қабілетті маманның
кәсіби-креативті әлеуетін дамыту аспектілері //
Қазақстан жоғары мектебі. Алматы, 2005. №2.