М. М. Бесбаев
Т. Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясының магистранты
Спорт ойындарын түсіру әдістері
Әдетте суретке
түсіру «Дайындал! Түсірем!»-деп тетікті баса салумен
аяқталады. Бұл сіз бен бізге таныс әдіс. Түсіруші
тұлғаның бұйрығы арқылы бәріміз
қозғалыссыз тұра қалып түсеміз де, шаруаны
аяқтаймыз. Ал егер суретке түсетін адамдар
бұйрыққа бағынбаса ше? Олар ретсіз қозғалыста
болса ше? Бәрін бір қатарға тізіп қойып
бұйрық бере алмайтындай жағдай орнаса ше? Онда бұл шаруаны
суретке түсіруді мамандық ретінде меңгерген жандар еншісіне
қалдырайық.
Спорт және
қозғалыс. Екеуі егіз ұғым. Спорттың басты сипаты
қозғалыста жатыр. Спортты видео түрінде түсіруге
болады. Ал фото түрінде қалай болмақ? Бірнеше секундта
зымырап өте шығатын қас-қағым сәтті
ұстап қалу-фотографтың басты міндеті. Себебі спортшылар
оның суретке түсіруін бақылап тұрмайды. Керісінше,
суретке түсіру үшін фотограф керекті сәтті бақылауға
міндетті. Қырағылық-дәл осы сәтте көмекке
келетін таптырмас қасиет.
Біреулер суретке
ақша жұмсайды. Ал енді біреулер суретті ақшаға
айналдырады. Кез келген сурет қалтаға қаражат салып бермейді.
Сапалы әрі өздігінен сайрап тұратындары ғана пайда
әкеледі. Спортты суретке түсірудің өзіндік
әдіс-тәсілдері мен кішігірім құпиялары жайлы
аздаған ақпарат айтып кетсек...
Спорттық ойындарды түсіргенде
басты нысана- спортшы! Оның көрсеткен өнері мен
қозғалысы суреттің негізгі бөліктерін
құрайды. Біржақтылықтан арылып, дәл осы
сәтте спортшының қозғалысын ғана емес,
ойынға шығар алдындағы толқынысын, абыржыған
бет-әлпетін, эмоциясын да көрсете алу керек. Сол кезде суреттер
өздігінен сөйлеп тұрғандай болады. Және
оған қолдау көрсеткен жанкүйердің қошеметі,
қолдау беріп, ол үшін шын қуануы сынды әрекеттері де
назардан тыс қалмағаны жөн. Сонда ғана ешбір
түсіндіруді қажет етпейтін жанды фоторепортаж пайда болады.
Кез келген дүниеде шектеу бар.
Ереже бар. Фотограф ретінде аздаған ережелерді есте сақтай
жүру маңызды. Спорттық ойындар өтіп жатқан
алаңда іске беріліп кетіп, белгіленген межеден өтіп кетіп,суретке
түсіруге болмайды. Бұндай жағдайда ойыншыларға кедергі
келуі мүмкін. Одан бұрын жеке бас қауіпсіздігін
ұмытпаған абзал. Осындайда техника көмекке келеді. Қашықтықты оңай
бақылауға ебі бар, алыстан суретке түсіруге арналған
мүмкіндігі бар фотоаппарат болуы тиіс. Барлық фотрепортерлар
жарық жылдамдығы өте жоғары объективі бар
құралдар қолданады. Әсіресе 200, 300 және 500 мм-лік объективтер
қолайлы.
Қарапайым
фотоқұралдар жылдам өте шығатын қозғалысты
түсіруге қауқарсыз. Міндетті түрде мезгілінен кейін
түсіріп, керекті сәтті ұстап қала алмайды. Жай
құралдар тетікті басқан соң бірнеше секундтар бойы
ойланып тұрып барып түсіреді. Бұндай жағдайда міндетті
түрде кешігіп қаласыз. Сондықтан, жылдамдықты дер
кезінде бақылап, керекті сәтті тетікті баса салысымен түсіріп
үлгеретін мүмкіндігі бар автофокусировка орнатылған
құрал қолданған дұрыс.
Алайда фотоаппарат
аздық етеді. Жайлылық үшін фотоаппаратты ұстап
тұратын жеңіл штатив ала жүріңіз. Қолға
ұстауға қолайсыз фотоаппараттың бөлшектерін,
яғни объективтерді жинастырып салатын қол дорбаңыз да болсын.
Ең бастысы, жиналмалы орындық ала шығыңыз. Бір емес,
бірнеше сағаттар бойы отырып суретке ілігетін сәтті
сәтті(сәтті сәт) күтуге көмектеседі.
Спорт-жылдамдықты
сүйеді. Сурет тілін
түсінетін жандарға кішігірім құпияны аша кетейін. Егер
анық әрі қозғалыс айқын көрінетін суретке
қол жеткізгіңіз келсе, түсіретін дүниені нысанаға
алған соң, көп күттірмей тетігін басыңыз.
Неғұрлым тез түсірілсе сурет соғұрлым сәтті
шығады. Көп ойланып, көп бақылап тұрар
болсаңыз, ең керекті сәтті жіберіп аласыз. Сөйтіп
әп сәтте сәтті суреттен қол үзіп
қалуыңыз мүмкін. «Темірді қызған кезде
соқ»- деп бекер айтпаған. «Жеті рет ойланып, бір рет кесіп
отыратын» уақыт жоқ. Жылдамдық және ептілік. Осы екеуін
іске қоссаңыз, ойда жоқта сіз күткеннен де керемет
сурет пайда болуы мүмкін.
Қай спортты қандай
жылдамдық аралығында түіру керек?
Мысалы, жай жүгірісте
камераның бақылау уақыты(выдержка) 1/125 немесе 1/250 сек.;
Хоккей,
футбол 1/250 немесе 1/500
сек.;
Бокс,
күрес, серфинг 1/250 немесе 1/500 сек.;
Автоспорт,
мотоспортта 1/1000 сек. немесе одан да аз
ұстау керек.
Егер сіз ойын алаңына тым
жақын жерде тұрсаңыз онда біраз бақылап барып,
оңтайлы сәт туғанда ғана тетікті баса аласыз. Ал
алыстан түсірер болсаңыз көп күтіп, бақылауға
мүмкіндік аз. Жақын жерден түсіргенде бақылау
уақыты(выдержка) ұзағырақ болса жарай береді. 1/60, 1/30 сек.немесе
одан да көп.

Бұл спорт
түрі-виндсерфинг деп аталады. Түсініктірек
болу үшін осы суреттің түсірілуіне сипаттама беріп
өтсек:
Бақылау уақытысы(выдержка)- 1/800 сек.
Фокус 300 мм (және де кроп-фактор 1,4).
Диафрагма 7,1.
Камера әсері (чувствительность) 125.
Бұндай
спортты жақыннан түсіре алмайсыз. Фокусты алыстан алуға тура
келеді. Тіпті, 500 мм.-лік объектив те аздық етуі мүмкін.
Тағы ескеретін жайт бар.
Ол-жарық. Фотографқа сапалы сурет шығару үшін
жарық ауадай қажет. Әсіресе, спорттық ойындар
жарығы аз мекемелер ішінде өтетін болса, құралды
жақсылап дайындау керек. Адамның көзі мен камераның
көзі екі бөлек дүние. Камера көзі жарықты
молырақ талап етеді. Бұл үшін не істеу керек? Қазір
техника жетілген. Бұрынғыша қол еңбегін көп
шығындамай-ақ камераның тетігіндегі кей
мүмкіндіктердің сандық көрсеткішін өзгерте
салсаңыз болғаны. Камерадағы ISO әсерін
(чувствительность ISO) 800, 1600 немесе 3200-ге қою керек. Қазір
фоторепортерлардың барлығы дерлік осы өлшемді
қолданады.
Енді спорттың
белгілі бір түріне тоқталайық. Мысалы, автожарыс, веложарыс
сынды спорт түрлері ұқсас. Белгілі бір бағытпен
ғана жүріп өтетін спортшы қозғалысын
бақылауда ұстау жеткілікті. Осындай спорт түрін
түсірген кезде түсіру орнын таңдау жағын басты назарда
ұстау керек. Мәселен, спортшы киімінің түсі мен
оның артындағы фон түсі бірдей болып шықса, басты
назарға алынған спортшыңыз және оның
әрекеті ойдағыдай көрінбей қалады. Жарамсыз сурет
шығады. Бұндай жағдайда не істеу керек? Алдымен
уақытынан ерте барып, керекті жерді асықпай таңдап орналасу
керек. Түстер жағын саралап отыру қиынға түседі.
Сондықтан, көрермен тығыз орналасқан тұсты фон
қылып таңдаңыз. Сонда сол тұстан өткен
қатысушыны анық қылып, көрерменді сәл
бұлдырата түсіріп алсаңыз, сәтті сурет шығады.
Егер ерекше ықылас танытып, қошеметін аямай көрсетіп
тұрған көрермен эмоциясын байқасаңыз, амалын
тауып спортшымен бірге кадрға кірістіруді де ұмытпаңыз.
Бұл-жанды сурет шығарудың басты амалы. Тазалықты да
қаперден шығармаған абзал. Қоқыс жәшігі
көрінетін тұстар сіздің кадріңізге ілінбеуі тиіс.
Бұндай олқылықтар көрінсе, еңбектің еш
кеткені.
Тағы бір
ескерерлігі, сайыста бақ сынасып жатқан қарсыластар да
назардан тыс қалмасын. Не дегенмен бұл сайыс қой. Сіз
таңдаған спортшы алда келе жатыр ма, әлде артта қалып
келе ме осының бәрі көрініп тұру үшін оларды да
есепке алған жөн. Егер қарсыластар жартылай көрініп
қалса, міне нағыз қателік осы. Амалын тауып толығымен
сиыстыру жағын ойластырыңыз. Сайыс-бәсекелестік.
Бұндағы басты қызық- қайшылықта.
Сондықтан спортшылардың жанталасқан бейнесін де суреттен
көрсете алу маңызды.

Мәселен, мына суретте
фотографтың объективі спортшылармен бірге ілесе жүріп отырып,
суреттің келбетін бақылаған. Керекті тұсқа жетіп,
әдемі кескіннің пішіні пайда болғанда, түсіру тетігін
басып, тамаша сәтті түсіріп үлгерген. Қарсыластар
арасындағы бәсекелестік те көрініп тұр. Бұлдырлай
көрінген артқы фоннан спортшылардың аса қатты
жылдамдықта келе жатқанын бірден аңғарасыз. Яғни
сурет жанды. Бір ғана кемшілігі бар. Бұлдырлықты көп
пайдаланған. Сондықтан да, бұл тұста түсіруге
тиісті басты кейіпкеріміз сәл бұлдырап, анық көріне
алмаған. Қараған кезде басты назар оған емес,
басқаға бұрылып кетеді. Басты кейіпкер-екінші планда қалып
қойған.
Ал
қашықтыққа жарыс ретінде өтетін спорт кезінде
сайыстың нағыз шешуші сәттері орын алатын тұсқа
барып орналасыңыз. Нағыз талас-тартыс, жеңіске деген
ұмтылыс, шынайылық көрініс табатын тұс ол-финиш
сызығы. Спортшылардың жарыста жүріп өткен жолдарынан
бір-екі кадр алып, содан соң осы шешуші сәт орын алатын
тұсқа жылдам келіп үлгеріңіз. Басты суретіңіз
дәл осы жеңімпаздар анықталатын орыннан шығады. Бар
эмоция, бар қозғалыс осында көрініс табады. Шын қуаныш,
өкініш, күйініш, құттықтауларды
түсірсеңіз, жарыстың жанды тұстарын көрсеттім деп
есептей беріңіз. Бұндай сәттерді көрсету арқылы
көрерменге әсер сыйлауға болады.
Егер ат жарысын
түсірер болсаңыз, жанталасқан сәтті жіберіп
алмаңыз. Әрбір спорттың басты қызығы да осында.
Көріп отырғандарыңыздай, мына суретте үш аттың да
тұяғы жерге тимей желіп келеді. Артқа ұша
қайрылған жалдарынан олардың өте жоғары
жылдамдықта шауып келе жатқанын аңғарасыз.
Бұрқырап көкке көтеріліп жатқан топырақ
шаңын да жылдамдықтың басты айғағы етіп көрсете білген. Басқарып келе жатқан спортшы да
абыржу үстінде. Бұл-бұрылыс. Аса жоғары
жылдамдықта келе жатып бұрылу-бұл спорттағы ең
қиын әрекеттің бірі. Сондықтан фоторепортер осындай
қызу қозғалыс орын алар тұсты жақсы
таңдаған.
Сонымен,
спорттық суреттер түсіру кезінде спорт түріне сай
түсіру тұсын таңдау жағына басты назар аударылсын.
Мысалы, биіктікке секіру сынды әрекеттер орындалатын спорт түрін
жоғарғы жақтан төменге қарап түсірген
дұрыс. Сол кезде спортшының секірген биіктігі де, спорт
түрінің басты ерекшелігі де айқын көріне алады.
Көбіне түсіру кезінде қиындықтар туғызатын спорт
түрі- мұзда сырғанау. Мұз айдынында жарнама
парақшалары мен жазбалары өте көп кездеседі. Олардан
спортрепортер ретінде неғұрлым алысырақ
жүргеніңіз жақсы. Себебі ескертудің көбісін осы
жарнама үшін естіп қалуыңыз мүмкін. Мұз
айдынындағы жарнаманы жасырып, әрі спортшылардың
еңбегін, мықтылығын анық көрсете алу үшін
мәнерлеп сырғанауды жоғарыдан түсіріңіз. Сол
кезде кадрда мұз және спортшы ғана көрінеді. Сізге
керегі де осы.
Біржақтылықтан
арылыңыз! Әрбір суретіңізден криеатив лебі сезілуі керек.
Егер әріптесіңіз үлкен спорт сайысты түсірсе, сіз
оларға жанкүйер болып отырған жақындарының
эмоциясын түсіріңіз. Бұл сіздің
жұмыстарыңызға аздаған ерекшеліктер сыйлайды.
Әрине,
бәрін бірден игеру оңай емес. Міндетті түрде көпшілік
қоршаған үлкен сайыстарда емес, алдымен кішігірім спорт
түрінен бақ сынап көруге де болады. Мысалы, ауладағы
футболды түсіріп бастаңыз. Ары қарай тәжірбие
өздігінен түзіледі. Аздан бастаған, көпке жетеді.
(Суреттер prophotos.ru сайтынан
алынды.)