Иманбекова Н.Н.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

ОҚЫТУДА ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ   ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

 

Бүгінгі  таңда  қоғамымыздың  жаңа қарқынмен дамуы,  ғылыми-техникалық  прогрестердің  жетістіктері, еліміздің  өркениетті  елдер  қатарынан  көрінуі білім беру жүйесіне  де  өз ықпалын тигізді.

Қазіргі кезеңде мектеп мұғалімінің, жоғарғы оқу орнының оқушысының алдында тұрған маңызды, жауапты іс, міндеттің бірі — оқушыға, студентке тиянақты білім беру, талабы таудай дарынды жеке тұлғаны қалыптастыру, жетілдіру. Ол үшін мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орнының оқытушылары тиімді әдіс-тәсілдерін өз тәжірибесінде таңдап алуы керек. Сабақты өз бетінше түрлендіріп өту мұғалімнің, оқытушының шеберлігі. Қазіргі педагогика теориясы жаңашылдыққа бет бұрып, білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас пайда  болумен жаңа технологиялар өмірге келді. Жаңа технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану — оқыту мақсатына жетудің тиімді жолдарын көрсетеді. Оның үстіне қазіргі оқыту барысында қолданып жүрген көп технологиялар жеке тұлғаның жетілуіне, оқытудың тиімділігінің негізін құруға бағытталған.

Жоғары оқу орындарында қазіргі заман талабына орай оқытудың интербелсенді әдістерін қолдану білім сапасын жоғарылатып, білімгерлердің танымдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Педагогикалық тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру процесіндегі кез келген жаңашылдық оқу үрдісін жоспарлауда елеулі өзгерістер енгізеді. Сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру үшін оқытудың белгілі бір жекелеген әдісі алға қойылған дидактикалық мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін әдіс-тәсілдердің жиынтығы болып табылатын тұтас педагогикалық технология қажет.

  ХХІ  ғасыр информациялық  қоғам табалдырығына  аяқ басқан сәтте-ақ   білім берудің  жаңа жүйесі, яғни білім беру жүйесін ақпараттандыру ісі  қолға алынды.  Заман талабы оқу үрдісінде  компьютерлік  технологияны енгізу, оны кең көлемде  қолдануды қажет етеді. Оқыту әдістемесін жаңарту барысында оқыту құралдарының алатын орны ерекше. Біздің оқыту әдістемемізде қолданылатын негізгі техникалық құралдардың ішіндегі ең жетілген түрі  интерактивті тақта, компьютерлік және мультимедиялық құрылғылар болып есептеледі. Компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға пайдалану білім мазмұнын анықтауда, оқыту әдістері мен формаларын жаңаша жетілдіре түсуде жақсы әсерін тигізді.

Компьютерлік технологиялар адам қызметінің барлық салаларына – ғылымға, өндіріске, тұрмыс пен білім беру салаларына енген қазіргі кезеңде қоғам дамуының жаңа, компьютерлік дәуірі туғаны туралы айтуға болады. Қазіргі кезде электрондық құралдарды пайдалана білу екінші сауаттылық деп қабылдана бастағаны да белгілі. Білім беру саласын компьютерлендіру тек компьютерлік сауаттылық немесе информатика негіздерін үйреніп қою ғана емес. Бұл – ең алдымен, оқытушылардың, оқушылар мен білімгерлердің еңбек өнімділігін жоғарылату құралы, оқыту мен өз бетінше білім алудың қарқындылығы мен тиімділігін арттыратын тәсілдер.      Қазақ тілін үйрету үшін дамыған техникалық құралдарды қолданудың жолдарын іздестіру керек. Замануи дамыған техникалық құралдардың бірі — компьютер. Компьютермен сабақ өту үшін жеткілікті материал бар. Мысалы, теория жүзінде айтылған тақырыптарды пысықтау мақсатында мамандар дайындаған CD-лерді (интерактивті электронды оқулықтарды) тіл үйретуге арналған компьютерлік бағдарламаларды, сондай-ақ оқытушының өзі дайындай алатын сабақ материалдарын (Power point және т.б.) қолдануға болады.

Оқытушы сабақта компьютерді пайдалы түрде қолдану үшін жақсы меңгеруі қажет.

Компьютерді орынды қолдану үшін оқытушының

·                        Компьютермен сабақ өткізе алатындай білімі (компьютердің қолдануында қатысты) болу керек;

·                        Өз пәніне қатысты компьютерлік жаңалықтар мен өзгерістерден хабары болуы керек;

·                        Компьютермен өткізуге болатын тақырыптарды таңдауы қажет;

·                        Таңдаған тақырыбына қатысты материалдар (CD, Power Point презентациялары) дайындауы керек;

·                        Нені қалай қолдану керектігіне қатысты жоспар жасауы керек;

·                        Сабаққа қатысты материалдарды жинап отыруы керек.

Әрине, компьютерді сабақтың басынан аяғына дейін қолдануға болмайды. Компьютерді сабақта 0-15 минуттай қолдануды жоспарлау керек. Әсіресе жаңа тақырыптағы ұғымдарды түсіндіру үшін және қайталау, пысықтау үшін қолдануға болады. Сонда сабағымыз қызықты өтеді, сонымен қатар  білімгерлердің белсенділігін, қызығушылықтарын арттырады.

Компьютерлік технологияларды пайдаланбай, дәстүрлі әдістермен сабақ өткізу барысында оқытушы үйреншікті кестелер мен сызбалар жиынтығын ғана пайдаланумен шектеледі, өз бетінше түрлі-түсті плакат, суреттерді, сызбаларды дайындау көп еңбек пен уақытты қажет етеді. Компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы білім бере отырып,   электрондық оқулықтармен оқыту жүйесінің   пән сапасын арттырумен қатар басқа да тиімді жақтары өте зор. Оқушы, студент білімі  компьютерлік жүйе арқылы бағаланып, иллюстрациялық әдістер көп қолданылып, берілген тапсырмаға деген қызығушылық артып, әр оқушы, студент өзінің шығармашылық қабілетін ұштай түсуге де мүмкіндік туғызады. ТОТ (техникалық оқыту тәсілдері) өзін дамыта алатын  үнемі  жетілдіру арқылы  өз бағыт бағдарын  айқындай  алатын   тұлға қалыптастырады.

Қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар қажетті мәтінді экраннан көрсетуге ғана емес, кез келген графикалық сызбаларды, жоғары сапалы фотосуреттерді, слайдтарды көрсетіп, анимацияларды, дыбысты және бейнефильмдерді пайдалануға мол мүмкіндіктер береді. Компьютерлік технологияларды қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пайдалану тәжірбибеге еніп, нәтижелер беруде. Қазақ тілін оқыту қиын да қызық жұмыс. Қазіргі кезеңде қазақ тілін оқытатын мамандарға қойылатын талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып сапалы және терең білім беру, олардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Уақытты дұрыс пайдалану, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану, өтілетін тақырып мазмұнын ашу. Яғни, жеке тұлғаны дарынды, білімді де қабілетті етіп  шығару оқытушының педагогикалық шеберлігіне тікелей байланысты.

Компьютерлік оқытудың негізгі мақсаты - оқыту процесін басқаруды жетілдіру, тексеруден өзін-өзі тексеруге, оқытудан өзін-өзі оқытуға көшу. Компьютерлік оқытуда жаңа бағдарланған оқулықтар, оқыту құжаттары, үйрету (оқыту) құралдары қолданылады.  Компьютерлік оқытудың ерекшеліктері: оқу материалы жеке логикалы бөлшектерге бөлінеді; әр бөлімді меңгерген кейін оқушы немесе студент өздігінен тест тапсырмаларына, бақылау  сұрақтарына жауап бере алады.

Лекциялық, практикалық және лабораториялық сабақтарда көрнекілік ретінде электрондық құралдарды пайдаланудың көптеген артықшылықтары қазіргі кезде тәжірибе жүзінде дәлелденген.  

Біріншіден, терминдер мен кестелерді, қажетті мәліметтерді тақтаға жазу, графикалық элементтердің сызбасын салу сабақ өткізу кезінде оқытушының біршама уақытын алады. Кейде белгілі бір мәселе бойынша сұрақтар туындап, тақтаға салынған кестеге қайта оралған жағдайда, оны қайтадан сызу қажет болады. Ал электрондық құралдарды пайдалану кезінде ақпараттық мәліметтердің кез келгенін қажет болған кезде пайдалануға болады.  

Екіншіден, егер дәріс оқу кезінде білімгер экраннан қажетті мәліметті жазып алуға немесе көшіріп сызып алуға үлгермесе, сабақ аяқталғаннан кейін электрондық құралдың өзіне керек бетін ашып, қажетті мәліметті алуына мүмкіндік береді.

 Үшіншіден, дәріс алушылардың сабақтың алдында дәрісте баяндалатын тақырыпқа қатысты ақпаратпен алдын ала танысуларына мүмкіндіктері бар.

Төртіншіден, басты мәселені немесе тақырыпты белгілі бір түске бояу, астын сызу, анимацияның көмегімен беру арқылы оған тыңдаушылардың назарын аудартуға болады.    

Бесіншіден, дәріс оқуда қолданылатын компьютерлік технологиялардың  жаңашылдығы білім алушылардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты жан-жақты меңгеруге ынталандырады.

Қоғамдық дамудың бағыттарынан туатын педагогикалық теория мен тәжірибенің міндеті білім беруді қазіргі заман талабына сай жүргізе білуде болып табылады.  Білім берудің ойдағыдай жүргізілуінің тиісті нәтижесі  білімгерлердің меңгерген білімі мен дағдыларының, танымдық түсініктерінің жоғары деңгейде болуымен айқындалады.

Қазіргі кезде оқытушылардың өз тәжірибелері мен шығармашылық шеберлігін пайдаланып, кез келген оқу пәні бойынша авторлық курс дайындауға мол мүмкіндіктер бар. Бұл сабақ барысында теориялық материалды көбірек мөлшерде беруге және уақытты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.      

Қазақ тілін оқытуда интербелсенді әдістерді, компьютерлік технологияларды пайдалану қазіргі кездегі заман талабына сай кең өріс алуда. Болашақта тіл мамандары болатын білімгерлердің тілдік материалды теориялық жағынан жете меңгеріп, танымдық және машықтық дағдыларын қалыптастыруда тілдік талдау жүргізудің маңызы зор. Тілдік талдау – теориялық материалды жете меңгеріп, оны саралауға, білімді тиянақтауға, білімгерлердің танымдық ынтасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін қолайлы тәсіл. Тілдік талдауларды орындау тәсілдерін үйретудің нәтижелі болуы оқу материалында оқытудың әдістемелік негіздерінің тиімді берілуімен айқындалады. Қазақ тілінің әр саласы бойынша талдау жұмыстарын жүргізу білімгердің теориялық білімін іс жүзінде – жаттығу жұмыстарын орындауда қолдануға дағдыландырады, оның тілді зерттеуде өз қабілетін жан-жақты дамытуына жағдай жасайды. Талдау жұмыстарын жүргізе отырып, пән оқытушысы әр білімгердің белгілі бір тақырыпты қалай меңгергенін, қандай кемшіліктері бар екенін анықтап, сол бойынша жұмыс бағыттарын белгілей алады.

Теория мен әдістемелік принциптердің тығыз байланысы білімгердің практикалық дағдылары қалыптасуының нәтижесінде оның алған білімінің тереңірек және мазмұндырақ, яғни теориялық жағынан тиянақты және терең болуынан байқалады.

Заман талабы жоғары оқу орындарында мамандар даярлау ісі мен мектеп оқушыларына сапалы білім беру ісіне үлкен жауапкершілік жүктеп, маңызды міндеттер қоюда. Бұл міндеттерді орындау үшін жоғары оқу орындары мен орта мектептердегі оқу үрдісінің тиімділігін арттыру және өмір талабына сай жаңа технологиялар мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттілігі туындайды. Тілдің әр саласы бойынша тілдік талдау жүргізуде компьютерлік технологияларды пайдалану талдау дағдыларын қалыптастырудың тиімділігін одан әрі арттыра түсетін маңызды фактор болып табылады. 

Қазақ тілі бойынша  электрондық құралдарды дайындау және пайдалану үшін бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілуі тиіс:

- Оқытушының қолданылып жүрген компьютерлік технологияларды терең зерттеп, оларды тиімді пайдалануды үйренуі немесе бағдарламашы маманның қатысуымен өзінің электрондық құралын дайындау;

-  Электрондық құралға енгізілетін теориялық материалдарды мұқият іріктеп, оның компьютер арқылы берілу мүмкіндіктерін ескере отырып үлгілеу, сұрақтар мен тапсырмаларды, талдау жүргізу үлгілерін дайындау, олардың қолданыстағы білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес болуын қадағалау, электрондық құралға енгізілетін материалдарда стандартты терминология мен талдаудың шартты белгілерін пайдалану;

-  Қажетті теориялық материалдардың, сұрақтар мен тапсырмалардың базалық дайындыққа қажетті көлемін оқу түрін есепке ала отырып белгілеу;

-  Білімгерлердің бұған дейін тіл білімі саласының теориялық курсы бойынша меңгерген білімі мен дағдыларының деңгейін, пәнаралық байланыстар туралы алған мағлұматтарын қамтитын дайындық деңгейін ескеру;

- Электрондық құралдың сыртқы көрнекілік түрінің эстетикалық тұрғыдан жағымды қабылдануына міндетті түрде мән беру қажет.

Қазақ тілі сабақтарында электрондық құралды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шарттары:

- Берілетін теориялық материалдар мен талдау үлгілері білімгердің қабылдауына қиындық туғызбайтындай мөлшерде және оқу бағдарламасының аясында берілуі тиіс;

- Ақпараттық мағлұматтарда жекелеген тараулар, тақырып атаулары ерекшелеп бейнеленуі тиіс;

-  Электрондық құралды көрсететін жабдықтың ерекшеліктеріне байланысты (компьютер мониторы, теледидар, проектор қондырғысы) жазу шрифтілерінің көлемі мен бояуын дұрыс таңдау қажет;

- Суреттер мен жазулардың, талдау үлгілерінің бейнеленуі жеткілікті деңгейде түрлі-түсті болуына, түстердің көзге кері әсер етпейтіндей үйлесімді болуына назар аудару қажет;

- Электрондық құралда әртүрлі кестелерді, тақырып мазмұнына сәйкес анимациялық және бейнекөріністерді қолдануға болады.

- Ұсынылатын материалдың күрделілігіне және оқу тобының дайындық деңгейіне қарай құралдың әр тарауға немесе тақырыпқа байланысты теориялық бөлімдер бойынша білімді тексеруге арналған тест  сұрақтары  немесе талдау тапсырмалары берілуі тиіс.

Электрондық оқу құралдары берілетін мағлұматты көрнекі, бейнелі және әсерлі жеткізуге, сабақ барысында тыңдаушылардың ынтасын арттырып, тақырыптың басты мәселесін үнемі назарда ұстауға мүмкіндік береді. Оқу топтарының дайындық деңгейіне қарай бір тақырыптағы лекциялық немесе практикалық сабақты электрондық құралдың көмегімен әртүрлі нұсқада түрлендіріп өткізуге де болады. Бұл оқытушылардан инновациялық технологияларды пайдалана отырып, өзінің тәжірибесін жетілдіруде және шеберлігін арттыра түсуде шығармашылықпен жұмыс істеуді талап етеді.

  Компьютерлік  технологияны  қолдану оқытуға арналған  программалық  жабдықтарды (электрондық оқулықтар т.б.) сабақта тиімді қолдану  пән мұғалімдерінің  мол тәжірибесін, ізденісін, әдістемелік  шеберлігін  қажет етеді. Жетістіктерге оқытушы тәжірибе алмасу және жалықпай іздену арқылы жетеді. Демек, білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту - бүгінгі күннің объективті заңдылығы.

 

 

                                               Әдебиеттер:

 

 

1. Мейірманқұлова Т. Білім берудегі инновациялық технологиялар. Алматы, 2005  

2. Тыщенко О.Б. Дидактические условия применения компьютерных технологий в обучении. Москва, 2003

3.  Оразбаева Ф., Рахметова Р.С. Қазақ тілінің оқыту әдістемесі. Алматы, 2005ж.

4. Ибрагимов Қ. Қазақ тілі әдістемесі. Алматы, 2007ж.

5.  Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы, 1991ж

7. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. Алматы, 1993ж.

8. Құлмағамбетова Б., Исанова А., Исанғарина М., Көккөзова М., Құрманғалиева Р., Айтжанова П. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы, 2000ж.