З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к., С.Қ.Әлімбаева, социол.ғ.к.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРЫП, ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

 

Тәуелсіз жылдары Қазақстан әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестіріп, иығын тірестірген болашағы кемел елге айналды. Елбасы мен халықтың қол жеткізген жеңісі мен жемісі - әлем назарында. Ал осы жетістікке жетудің кепілі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы десек қателеспеспіз.

Биылғы жылы да әр жыл сайын халық күтетін Жолдау жарияланды. Бұл – ел өмі­­ріндегі ерекше бір белес. Өйткені, ол – барша қазақстандықтардың өмі­ріне, болашағына қатысты мәнді, саяси, мемлекеттік құжат болып табылады.

Қазақстан Республикасының  дамуының өзіндік моделі бағытындағы шығармашылық ізденісінің ақырғы нәтижесін  Елбасының сөздерімен жеткізуге болады: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзіміздің қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жолын таңдадық. Біз демократияның жедел, әсіресе сырттан енгізілуіне қарсымыз. Біз ешкімге де еліктеуге тырыспаймыз, біздің мемлекетімізге, біздің халқымызға керегін жасап жатырмыз. Және бұл қолымыздан келіп жатыр». Нұрсұлтан  Назарбаев таңдап алған бұл байыпты бағыт әлеуметінің басым бөлігі азиялық менталитетке ие, қарышты өзгеріске түсіп келе жатқан Орталық Азиядағы ел ретіндегі қазіргі Қазақстан үшін стратегиялық бағдарға айналды.

Қазақ халқында бағзы замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан, «Жерұйық» ұғымы қалыптасқан. Ұлт дүниетанымында қанық бояумен жазылған аталған ұғымның мән-мағынасына бойлау үшін ұлы даланың тарих қойнауына көз жүгіртіп, Ықылым заманда «Желмаясына мініп жерұйығын» іздеген Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына, мұрат-мақсатына ұласты. Бабаларымыз «Жерұйық» жерді, құтты мекенді аңсап төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Олай болса, ХХІ ғасырдағы көп ұлтты, көп конфессиялы жерұйық бүгінгі таңда Қазақстан деп аталады.

Қазіргі уақытта мемлекеттің мәңгілік мәртебесі, бүгінгі заманның бекемдігі, ертеңгі күннің еркіндігі – тәуелсіздігіне жеткен Қазақстан Республикасы үшін осынау ең маңызды үш шаруаны үздіксіз жүзеге асып жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Біріншісі ол –  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің барлық әрекеттерімен, жұмыс барысындағы, жұрт алдындағы сөздерімен, толассыз сапар, таусылмас кездесулерімен  сан ғасыр арман болған көп ұлтты, көп конфессиялы, тұрақты мемлекеттілікті қалыптастырды. Онда өмір сүріп отырған барлық адамдарды тыныш тұрмысқа жеткізді. Келер күні осы елде өсетін ұрпақтың қамын ойластырды.

Екіншісі Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи да батыл шешімі қабылданған болатын. Соның арқасында қазір бүкіл әлем ядролық қарусыз мемлекет ретінде Қазақстанды тілге тиек етеді. Қазақстанның бүкіл конституциялық құжаттарына өзек етіп алынған, адамзат баласының өмір сүруінің негіздерін айқындайтын бұлжымас жалпы гуманистік қағидаларды ұстана отырып Мемлекет басшысы осы теңдессіз қадамға барды.

Үшіншісі ел дамуының болашағын ойлады, күні кеше ғана 103 ел дауыс берген  2017 жылы EXPO көрмесінің  Қазақстан жерінде өтуі.

EXPO тарихы 1851 жылы Лондон қаласынан бастау алған еді. Қажеттіліктен туған Хрусталь сарайының  салынуы бүкіл әлем техника жетістіктері, өнеркәсіп пен сауданың даму қарқындарын саралайтын алаңға айналды. Тарихқа көз жүгіртсек: EXPO көрмесі 1851-1900 жылдар ара­лы­ғында  ХІХ ғасырда  өндірісте бұрын-соңды болмаған  жаңалықтарды алып келіп «өнеркәсіп төңкерісі» деген сипат алды.

Ал ендігі жерде, Президент ел экономикасын дамытудың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының жаңа формуласын ойлап тапты. Мұндай маңызы зор құжатта - адам, мемлекеттің басты құндылығы деп атап, «Әрбір қарапайым халықтың көңіл-күйі – экономикалық дамудың тікелей индикаторы» деп қадап айтты.

Бүгінгі күні Халықаралық Legatum (Легатум) зерттеу институты жасаған "Әлемдік әл-ауқаттылық – 2013" рейтінгісінде Қазақстан 142 елдің арасында 47-орында тұр. Бұл рейтингте халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, денсаулығы, білім және ғылым деңгейі ескеріледі.  Қазақстанның алдында тұрған ендігі міндет  әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу.    

Халқының әл-ауқаты жоғары елдердің ондығын атап өтсек, Норвегия,             Швейцария, Канада, Швеция, Жаңа Зеландия, Дания, Австралия, Финляндия, Нидерланд пен Люксембург. Ал әл-ауқат деңгейі ең төмен елдер қатарына Гвинея, Ауғанстан, Конго, Орталық Африка республикасы кіреді екен.

Қалыптасқан мемлекеттің жаңаша дамуына бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың қазіргі және ұзақ мерзімдік нақты жоспарын айқындаған бұл тарихи Жолдаудың басты идеясы – Қазақстанның болашағына деген нық сенім.

Тұңғыш Президентіміз өзінің парасаттылығы мен даналығын осы жолы тағы бір айқын паш етті. Ол ұлттық идеямыздың тұғырын бұлжытпай айқын­дап берді. Ата-бабамыз арман­даған Тәуелсіздігімізді баян­ды етіп, елімізді өркениет биігіндегі елдердің алдыңғы қатардағы шоғырынан көретін болсақ, ұлттық идеямыздың орындалғаны емес пе. Мәңгілік Ел болудан артық қандай мақсат, қандай арман болуға тиіс.

«Мәңгілік Ел» – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың жан толқытарлық бұл сөзі әрқайсымыздың санамыздан берік орын алып, жүрегімізде жазылып, сақталып тұруға тиісті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты ең­бе­гінде: «Егер біз мемлекет бол­ғымыз келсе, өзіміздің мем­лекеттігімізді ұзақ уақытқа мең­зеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының не­гізінде жатыр», деген еді. Енді міне «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­ла­шақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата-бабаларымыз – түркілердің Мәңгілік Ел идея­сын – Қазақ елінің ұлттық идея­сы ретінде жариялап отыр.

«Жолдаудағы «Мәңгілік ел!» идеясы мен «Қазақ елі» атауы егіз ұғым. Жалпы «Республика» деген сөз ұлттың өзін-өзі басқаруы дегенді білдірсе, ал «Қазақ елі» деген ұғымға келсек, ол мемлекеттігі бар, өзін-өзі басқаратын ел деген мағынада айтылған ой. Ұлттық идеясы мен арманы бүгінгі Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болған Алашорда үкіметі де осыдан жүз жылдай бұрын: «Арғы атам ер түрік, Біз Қазақ еліміз» - деп ұрандаған болатын.

«Мәңгілік ел» сөзінің терең та­рихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құ­дай», «Алла» сөздерімен мағыналас қол­данылды. «Мәңгілік ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді екен.

Кезінде айбарлы сақ, ғұн, түркі, Шыңғыс қаған, Алтын орда им­пе­риялары салтанат құрған бүгінгі Қазақ­стан мемлекетіне «Мәңгілік ел» идеясы ми­рас болып қалды. Осындай «Мәңгілік ел» идеясы алпауыттардан құт­қарып қалды және бұл үзілмеуі тиіс. Себебі «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз» деп Президенттің Жолдауында айтылып отыр. Даңқты өткен тарихымызда «Мәңгілік ел» идеясы көшпелі империяларды әлемдік өркениетпен тікелей жалғайтын алтын көпір болған. Мәселен, алып елдермен тең дәрежеде әріптестікте болу, сауда-саттық  жасау, Ұлы Жібек жолын өз уысында ұстау, салт атты әскери өркениет құру, адамгершілік пен көпшілдікті, дар­қандықты, ақжүректіктікті ту еткен елдік қа­сиеттер «Мәңгілік ел» қағидаттары болып са­налған. 

Бүгінгі жаһандану дәуірінде «Мәңгілік ел» идеясы бағзы түркілік тектік-болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаң­ғыруының, озық, қуатты ел болып гүлде­нуінің кепілі. Тәуелсіз ел атанғаннан кейін бұл идеяны іске асырудың тарихи мүмкіндігі туып отыр.

Ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш тұғырдан, яғни үш негізден тұрады: оның бірін­шісі – көне түркі жазба ескерт­кіш­теріндегі «Мәңгілік Ел» ма­ни­фесі, екіншісі – әл-Фарабидің фи­лософиялық шығармаларында, әсіресе, «Қайырымды қалада» бұл идеяның теориялық-мето­дологиялық тұрғыдан тиянақ­та­луы және үшіншісі – Жүсіп Бала­сағұнның осы идеяны негіз­де­ген «Құтты Білік» дастаны. Бұлардың бәрі бір-бірімен ты­ғыз байланысты, бір заманның жемісі және өзіне дейінгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейінгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік, яғни «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтасады.

«Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», - деген ұлттық идеясының тамыры өте тереңде, өзегі сонау түркілердің дәуірінен бастау алатыны айтылды. «Мәңгілік ел» идеясын алғаш рет манифест ретінде жариялаған Тоныкөк абыз бүкіл түркі жұртын бір шаңырақтың астына біріктіруді көздеген болатын. Өзара қырқыстан әбден шаршап, тоз-тоз болып кеткен түркі тайпаларының арасында бұл үндеу кеңінен қолдау тауып, жүзеге асады да, қазақ даласында Түрік, Түргеш, Қарахан сияқты күшті қағанаттар құрыла бастайды. Кейін түркі халқының бірлігі тағы да ыдырап, жан-жаққа шашырап кеткен кезде де ұлтымыздың біртуар көсемдері халқын осы идеяның аясына қайтадан жинап, әлемге әйгілі, тарихта өз орнын қалдырып кеткен Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай, Моғолстан, Қазақ хандығы сияқты алып та, қуатты мемлекеттердің негізін қалап кетеді. «Мәңгілік елдің» өміршеңдігі соншалықты қазіргі кезде де өз жалғасын тауып, Мөде, Бумын, Қапаған, Білге, Күлтегін сияқты қағандарымыздың ісін мұра ретінде қабылдаған Елбасымыз осы идеяны өз отандастарына жария етіп,  қазақстандықтарға үлкен сенім артып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен дүние елдің көкейінде жүрген мәселелер еді. Әсіресе, ұлттық бағыттағы, қазақ тілі, ел бірлігі қақындағы «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!» деген сөздері «Елім» деген әрбір азаматқа ерекше рух бергені сөзсіз. Елімізді «Мәңгілік Ел» деп атайтын күн алыс емес. Ол байтақ жерімізді мекен еткен әрбір азаматқа байланысты. Бірлігімізді сақтап, ана тіліне деген құрметімізді берік етсек, ұлттық мүдденің үстемдік етері анық.

Елбасының осы Жолдауда көтерген идеялары жү­зеге асырылса, еліміздің іргесі нық бекіп, келешек көкжиегіне талмай жетеріміз анық. Ол үшін бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат үшін тынбай еңбек етуі керек.