филол.ғ.к. Қансейітова Э.Ж.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

 

Омар Шораяқұлының "һақ Сүлеймен" дастаны: тарихи шындық пен көркемдік уақыт сабақтастығы

 

XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті ақын-жазу­шы­лар­дың біразы дерлік діндер тарихының көрнекті тұлғаларын үнемі жыр ар­қауынан қалдырмайды. Бұл - қазақ әдебиет тарихындағы ешқашан желі­сі үзілмеген шығармашылық үрдістердің бірі. Мысалы, Ы.Алтын­са­рин­­нің дидакти­калық-насихаттық бағдардағы "Өсиет өлеңдер" атты тари­хи-этнографиялық шығармасында адамзат тарихы, Жаратушы Алла ("Жа­ратты неше алуан жұрт бір Құдайым, тең етті бәрімізге Күн мен Айын") мен ол жаратқан көрнекті тұлғалар (Дәуіт, Ескендір, Қыдыр, Зеңгібаба, Ойсылқара, Атымтай, Жүсіп, Зылиқа) жырланады. Ыбырайдың осы дидактикалық өлеңінде тарихи және аңыздық сипаттары тұтасқан шағын сюжеттік нышандары анық мынадай шумақтар бар:

Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.

Патша боп, бұл дүниеге даңқы кеткен.

Отыз ұлым бар ғой" - деп кептік ойлап,

Құдайым отызын да әлек еткен.

Жылаған Дәуіт патша, тоба қылып,

Өзінің пенде екенін сонда біліп.

Мұнан сол тақ- Сүлеймен туды дейді

Отыз ұлға бір өзін жора қылып [1, 89].

Құран Кәрім кітабындағы сүрелердің аяттарында айтылатын кейіннен әлем халықтары сөз өнері мұраларында тұрақты кездесетін Дәуіт пен Сүлеймен туралы шығармалар рухани мәдениет мұра­ла­рын­да­ғы байланыстар­ды дәйектей түседі. Қазақ әдебиетінің ислам діні негіз­де­­рін сіңірген дамуында тарихи тұлғалардың аңыздалуы гуманистік мұ­рат­тардың игерілуіне де пайдала­нылды.

О.Шораяқұлының "һақ Сүлеймен" атты дастаны - тарихи негізбен жыр­­ланған эпикалық көлемді шығарма. Дастанның құрылымы лирика­лық-дидакти­ка­лық сарындылығымен ерекшеленеді. Аңыздық кейіп­кердің халықтар тарихы­мен ғасырлар бойы жасасып келген тағылым­ды ұлағатын негізге алынған бұл эпикалық шығарманың тарихи шын­дық пен көркемдік уақыт бірлігіндегі поэти­калық болмысын аңғарамыз.

О. Шораяқұлының бұл шығармасы адамзат тарихындағы белгілі бір тұлға­ның шындық әрекеттерін, өмір кезеңіндегі оқиғалардың түпкі бас­тау­­ларын негізге ала жырланғаны анық. Тарихи шындық бойынша "Соло­мон, царь, Израйльско-Йудейского царства в 965-928 до н.э. Сын Давида. Провел адми­нистративные реформы, добывался централи­зации религиоз­ного культа. Сог­лас­но библиейской традиции, славился необычайной муд­ростью, по преданию Соломон - автор некоторых книг Библии (в т.ч. "Пес­ни песней") [2, 1243].

Демек, Сүлеймен патшаға арналған діни дастандардың барлығы да та­ри­хи­лықтың дерекнамасын негізге алады. Адамзат тарихының өсу, өр­кен­деу жолына өзінің басқаруындағы халқын жаңашыл, ізгі істерімен бағыт­тауға ұмтылған патшалардың шындық істері уақыт өте келе халықтың қия­лы­мен түрлене толығып, кейінгі ұрпақтарға алуан түрлі қоспалармен же­те­тіні ақиқат. Әдебиеттанушы ғалым М. Базарбаев былай дейді: "Тари­хи және қоғамдық шындық әдеби туындының бастау көздері болын табы­лады" [4, 159].

Ал, зерттеуші А. Ісімақова шығармалардағы тарихилықтың эпикалық шы­ғар­­маға арқау болатын шынайы болмысын теориялық байып­таулармен жет­кізеді. "...тарихилық белгілі бір заманның нақты тарихи жағдайларын қайта­­ланбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән-мағынасын, болмысын, ұлттық-тарихи және өмір шындығын, идеялық-танымдық тереңдігін көр­кемдік тұрғыдан жырлап, тарихтың көркемдік философиясын шебер­лік­пен жеткізу" [4, 195]. Шындығында да Сүлеймен патшаның өзі өмір сүр­ген кезеңде әкімшілік жолмен жаңа­лық­ты реформалар жасауға талпы­нысы, дінді ұстануды орталықтан­дыру жолындағы әрекеттері қарапайым халыққа оның зор көлемді мүмкіндіктерді иеленген, адам мен табиғаттағы басқа да тіршілік иелерін жаратылыстың бүкіл болмысын игерген тұлға ретінде ұлғайта танытқаны анық. Белгілі тарихи тұлғалардың өзінің өмір сүрген кезеңіне тосын, жаңашыл іс-әрекеттері мол болған сайын қоршаған әлеуметтік-қоғамдық орта сол тұлға хақында алуан түрлі пікірлер, оған қатысты жанама оқиғаларды өрбіте дамыта айтатыны анық. Мұндай әңгі­мелер кейінгі ғасырларда әртүрлі аңыз дауларға, ертегілік-мифологиялық сюжеттерге де ұласады. Сондықтан тарихи шындық оқиғалардың басым бөлігі көркемдік уақыт ұғымының аясында кеңейеді. Әдеби  шығарма­лар­дың  тарихи шындық негіздерін сақтай отырып, көркемдік уақыт кеңісті­гі­нен деп алуан түрлі сарындармен, қиялмен туындаған қоспалармен толы­ға­тыны сөз өнері туындыла­рының халық ортасындағы мәңгілік сақталуын қам­тамасыз етеді. Омар Шораяқұлының "һақ Сүлеймен" дастанының идея­лық-композициялық құрылымын саралағанда тақырып арқауындағы осы тарихи шындық пен көркемдік уақыт сабақтастығы жүйесін наза­рымызда ұстаймыз.

Дастанның идеялық-композициялық желісінде мынадай оқиғалар жүйе­сі жырланады: біріншісі - Сүлеймен Дәуітұлы пайғамбардың он сегіз мың ғаламға билігі жүрген, бәрінің де тілін білген ("Інжу жын, дию, пері, жел ме­нен бұлт, далаңда аю, арыстан, құс пенен құрт, қараған Дәуітұлы Сү­лей­менге тау мен тас, дария, теңіз - осынша жұрт") құдіретті билеуші болғандығы; екіншісі - дию Самандүннің айтуымен Сендар қаласының патшасы Агорды жаулап алып, оның қызы Көнені некелеп алуы; үшіншісі - Ібілістің аздыруымен Көне ханым­ның айтқан тілектерін (әкесі Агордың суретін салдыруы, оған құрбандыққа түйе, өгіз сұрап, ақыры шегірткені шалдыртуы) орындағаны; төртіншіден - Сүлейменнің осы істеген қате­ліктерінің жазасын тартуы (Амина атты шорасы­ның аңқаулығынан жүзі­гін Зүһүр шайтанның иеленіп, Сүлейменнің тағына отырғаны, Сүлеймен­нің бас сауғалап қашып жүріп еріксіз әр түрлі қиын жағдайларды (еріксіз үйені, балықшы болғаны, жомарт жандарға кездесетіні) басынан кешір­гені; бесіншісі - Сүлейменнің тағына отырған Зүһүрдің сыры ашылғаны ("Табансыз Зүһүр малғын тура қашып, жүзікті бара жатып атты суға"), Сүлейменнің жүзігін Алланың әмірімен Арқам атты балықтың жұтқаны, оның жүзікті ау құрған Сүлейменнің өз қолына жеткізгені.

Дастан сюжетінің осы оқиғалар жүйесімен жырлануында ақынның шын­­дық пен көркемдік уақыт сабақтастығын сақтаған өзіндік шешімдері анық көрінеді. Дастанның идеялық-көркемдік түйіні - адамдықты түзу жол­­дан адастыратын, әзәзілдікті, арамдықты айыптау, жақсылықтың, адам­гершіліктің асыл сапасына бүкіл тіршіліктің қолдаушы тілекші сипа­тындағы үндестігін дәйектеу.

Дастанның кейіпкерлері екі түрлі сапалық сипаттарымен танылады: бі­рін­шісі - адалдық, адамгершілік биіктігіндегі жандар (Сүлеймен патша, Бар­һа ибн Аспи уәзір - әскербасы, мейірімді, жомарт қожа); екіншісі алаяқ­тық, опасыздық әрекеттерін жасаушысы, жағымсыздар (Зүһүр шай­тан, Ібіліс). Эпикалық баяндаумен жырланған көлемді шығармада ақын кейіпкерлерді даралауға айрықша мән берген.

Ақын дастанның бастан-аяқ құрылысында Сүлейменнің тарихи негізі анық құдіретті патша болғандығын поэтикалық бейнелеулермен даралай жыр­лауға мән берген. Әрине, эпикалық баяндау басым байқалады. Мы­салы, мынадай баяндаулар арқылы тарихи тұлғаның даралығы айқындала жырланады:

Сүлеймен өткен сұлтан заты қалыс,

Зор дәулет бақытына болған бағыш

Қараған бүтін-дүние мемлекеті,

Ешкімге берілмеген ондай дабыс

Патшалық, пайғамбарлық ырсалаты,

Жаһанға екі аты да бірдей таныс [3, 113].

Әлемдік сөз өнері мұраларында, оның ішінде Шығыстың классикалық әдеби-фольклорлық мұраларында (Мысалы, "Мың бір түнде") Сүлеймен­нің құдіреті мифологиялық тұрғыда бейнеленуі де дастандағы қиял-ғажа­йып­тық-ертігілік сипатпен өрнектеледі:

Інжу-жын, дию, пері, жел менен бұлт,

Далаңда аю, арыстан, құс пенен құрт.

Қараған Дәуітұғлы Сүлейменге,

Тау мен тас, дария, теңіз - осынша жұрт [3, 113].

Қазақтың ауызекі әңгімелерінде айтылатын мынадай қанатты сөз бар: "Қолда жүзік барында Сүлейменім Сүлеймен, қолдан жүзік кеткен соң Сү­лей­­ме­нім сүмірейген". Халықтың арасында ғасырлар бойы айтылып кел­ген осы қанатты сөздің мәнісін ақын дастанның сюжеттік-композиция­лық же­лі­сіндегі оқиғалардың дамуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімі арқы­лы дәлелдейді. Сүлейменнің жүзігінен айырылып қалып, қарапайым адам қалпында қаңғырып жүріп қиыншылықтар көргенін - бәрі де оның өзі жасаған қате­лік­те­рінің жазасы ретінде түсіндіріледі. Дастанның көркемдік шешімі арқа­уын­дағы осы түйіндеулерді ақын көркемдік уақыт зандылығына орай жыр­­­­лайды. Бұл дастан сюжетінің шешімінде қолына жүзігі қайта орал­ғаны Сүлейменге Жаратушы Алланың құдіреті екендігі ұғын­дырылады:

Жебірейіл һахтан келіп беріпті іл һам:

"Айтты - деп, - досың сәлем Сізге, сұлтан.

Тәубесін тәрік айламай қабыл еттім,

Үш түрлі етті алжарыс қате баһам.

Әуелі Көнені алды діні пасық,

Емес ед нәбиларға ол мінәсіп.

Екінші берді сүгірет жасаттырып,

Бір қате бір қатеге кетті ұласып.

Үшінші шегірткені шығын қылды,

Мүшірікке құрбан шалу жаман кәсіп.

Зар айлап дәр каһыма налыған соң,

Қайтадан патша қылдым бағын ашық" [3, 133].

Омар Шораяқұлының "һақ Сүлеймен" дастанының идеялық-компо­зи­циялық желісінде арқау болған өмір шындығының негізгі сипатына тән құбылыстар, қарама-қайшылықтар ақынның поэтикалық шабытты тіл өр­не­гімен эстетикалық астарлы, меңзеулі мағыналы тұжырым­дарға, ғиб­рат­ты ойларға айналған. Шығарманың мазмұны мен пішініндегі ой өрімдері арқылы көркемдік уақыт заңдылығына тән автордың өзінің және оқыр­ман­дардың, тындаушылардың қабылдау ерекшеліктері де аңғарылады. Яғни, ежелгі заманғы тарихи тұлға Сүлейменге байланысты шын оқиғалар адамдардың қиялымен кеңейтілген көркемдік уақыт кеңістігіне шығып, әрбір жаңа заманның дүниетанымына да жауап берерліктей ұлағатпен жыр­ланған. Діни дастандардың жанрлық сипа­тына тән осындай ортақ ерек­­шелік - исламдық ағартушылықтың, дидакти­ка­лық-философиялық дүние­танымның мәңгілігін де дәлелдейді.

 

Әдебиеттер:

1.    Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия) Алматы: Білім, 2003, 112 б.

2.    Советский энциклопедический словарь /Гл. ред. А.М.Прохоров. -4-е изд. - Москва: Сов. энциклопедия, 1986, 1600 с.

3.    Шораяқтың Омары. Сөйле, тілім, жосылып: Өлеңдер, дастандар, ай­тыс­тар. -Алматы: Рауан, 1995, 301 б.

4. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі/ Құрастырғандар: З.Ахметов, Г.Шаң­баев. - Алматы: Ана тілі, 1996, 240 б.