К.М.Қарымбаева

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

АНАЛИТИКАЛЫҚ ФОРМАЛЫ ЕТІСТІКТІҢ КҮРДЕЛІ ЕТІСТІКТЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

 

 

    Сөздің аналитикалық формасы мәселесі қазақ тілінің грамматикалық құрылысына кең тараған, ол-грамматикалық категориясы бар сөз таптарының бәріне қатысты өте кең мәселе. Күрделі етістіктің құрамында қаралып келген кейбір етістік категорияларының, соның ішінде аналитикалық формалы етістіктің түркологияда және қазақ тіл білімінде бар екені ғылымда дәлелденді. Оның күрделі етістіктен айырмасы анықталып, өз алдына бөлек қаралатын болды. Сөйтіп, бұрынғы күрделі етістіктер деген топқа өзгеріс енді.

Дегенмен аналитикалық формалы етістік пен күрделі етістік сырттай ұқсас келіп жатады. Сондықтан тіл білімінде оларды көп жағдайда бір-бірімен шатастыру байқалады. Себебі кейде олардың қүрылымдық ара жігін айқындау қиынға түседі. Сондықтан аналитикалық формалы етістікті күрделі етістіктен  айыру үшін оларды салыстыра қарастырған жөн. Күрделі етістік пен аналитикалық формалы етістіктің, ең алдымен, олардың сыртқы құрылымының екі сыңардан тұратыны жағынан бір-біріне сәйкес келетінін білеміз. Аналитикалық формалы етістіктер мен күрделі етістіктер аналитикалық тәсіл арқылы жасалғанымен, аналитикалық формалы етістіктер грамматикалық құбылысқа, күрделі етістіктер сөзжасамға жатады.

Соңғы кезеңге дейін күрделі етістік деген жалпы атпен шын мәніндегі күрделі етістіктермен бірге аналитикалық формалы етістіктер (келе сал, айта бер, өте бер, келе бер, жүріп отыр, келе жатыр, көріп тұр) сияқты етістіктер де жатқызылып келді. Тіл білімінде көп зерттеліп, жан-жақты қаралып жүрген осы мәселе жөнінде ғалымдардың пікірі ұдайы бір арнада тоғыса бермейді. Осыған байланысты көптеген түркологтардың айтуы бойынша күрделі етістіктің құрамындағы көмекші етістіктер өзінің бастапқы лексикалық мағынасын жойып, грамматикалық форманттарға айналған [1, 49]. Осы пікірді А.А.Юлдашев та қолдайды. Проф. Н.Оралбаева талас туғызып жүрген осы мәселе туралы: "Грамматикалық дамудың нәтижесінде етістіктің лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық қызметке ауысқан түрін көмекші етістік дейміз",- деп көмекші етістіктің нақты қызметін атап көрсетеді [1, 47 б.].

Біраз ғалымдар көмекші етістіктердің өзінің лексикалық мағынасын жоғалтпай, жаңа сапаға ие болып, тек қана грамматикалық функцияда жұмсалмайтынына баса көңіл бөлген.

Проф. А.А.Юлдашев көмекші етістіктер өзінің лексикалық мағынасын толық жойып, грамматикалық формантқа айналған деп қарайды [2, 69 б.]. Бірқатар зерттеушілер көмекші етістіктер өзінің лексикалық мағынасын сақтай отыра, қосымша грамматикалық қатынасты білдіреді дегенді қолдайды.

Тілдегі ұқсас кұбылыстарды бір-бірінен айыру үшін осы пікірдің дұрыс екенін тілдік фактілер дәлелдей түседі. Күрделі етістіктер күрделі бір қимыл, бір ұғым, біртұтас лексикалық тұлғаға ауысудан қалыптасқан. Етістіктің мұндай лексикалық тұлғаларының (единица) өзінің жасалу жолы бар. Мұндағы сөз жасауға тірек болатын - етістіктің мағыналы екі сыңары. Күрделі етістік құрамындағы сыңарлар лексикалық мағынаның жасалуына бірдей қатысады, бір сөз қызметін атқарады. Ал аналитикалық формалы етістікте бұндай қасиет жоқ. Аналитикалық формалы етістіктің екінші сыңары грамматикалық мағына береді. Негізгі мағына бірінші сыңарда болады.

Сөйтіп, аналитикалық формадағы етістіктің негізгі етістігі сөз ретінде жетекші қызметті атқарып, оның құрамындағы аналитикалық формант күрделі етістікке сөйлемнің қажетіне қарай қосылатын грамматикалық көрсеткіштермен қызметтес. Оны мына мысалдардан да көруге болады: Артынан қуып келе жатқан Абылайдың қолы "жау қашты" деп, бейқам болды (М.Әуезов). "Көп кешікпей өзі алар" деп ойлаған серіктері мұны іздеп келе қоймады (І.Есенберлин). Бүгін сізге әкелген, өзіңізге ғана білдіріп қайтпақ болган шыным, барым осы! (М.Әуезов). Осындағы қуып кел -күрделі етістік, ал -е жатқан аналитикалық формант, беретін мағынасы грамматикалық мағына ғана. Сол сияқты қалғандары да: іздеп кел - күрделі етістік, -е қоймады аналитикалық формант, білдіріп қайт -күрделі етістік, -пақ болған - аналитикалық формант.

Сонда күрделі етістіктің басқа ұқсас құбылыстардан ерекшелігі-олардың дербес мағыналы сөздерден жасалатындығы, мағыналарының біртұтастығы, тілдің даяр тұлғасы болатындығы. Олар-білдіретін ұғымы мен мағынасы, атқаратын қызметі жағынан өзара айырып қолдануға келмейтін, бірлікте жұмсалатын құрылымдар.

Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер қай сөз табына жататынына қарамастан, олардың бәріне де бірдей принциптер қойылады және күрделі сөздің принциптерін барлық тілдерге ортақ сипат деп қарауға болады. Өйткені күрделі сөздердің ішкі сыңарларының байланысу тәсілінде кездесетін аздаған өзгешелік болмаса, күрделі сөздің жасалуына қатысты негізгі теориялар - түрлі тілдерге ортақ әмбебап қағидалар. Олай болса, күрделі етістіктерді талдағанда, зерттегенде, оларға да жалпы күрделі сөздің теориясы тұрғысынан қарау керек. Себебі күрделі етістіктің басқа сөз таптарының күрделі сөздерінің жасалуының негізгі принциптеріне бағынбай, мүлдем басқаша жолмен жасалуы мүмкін емес.

Барлық негізгі сөз таптарында күрделі сөз атаулының дербес мағыналы екі сыңардан (ең кемі) жасалатыны ғылыми тұрғыда әбден танылған қағида екені анық. Бұл қағида күрделі етістікке де тікелей қатысты. Бірақ осыған қарамай, көпшілік түркі тілінің грамматикасында күрделі етістіктер қалыптасқан дәстүр бойынша берілген. Мысалы, 40-шы жылдардағы грамматикаларда осыған байланысты тұжырым, анықтама былай берілген: "Күрделі етістік, әдетте, негізгі және көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады" [3,61]. 70-80 жылдардағы ғылыми грамматикаларда да осы тәрізді. Мысалы: башқұрт тілінде күрделі етістік жалпылама түрде олқы түсіндірілген. Қыщырып ебәр, йырлап ебэр т.б. осы тәріздестер күрделі етістік деп қарастырылған.

Бұл айтылғандардан "күрделі етістік негізгі етістікке көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады" деген ескі түсініктің қолданылып келе жатқаны көрінеді. Ал бұл жалпы күрделі сөздің жасалуы туралы негізгі қағидаға қайшы. Сонымен бірге ғылымда қазір дәлелденіп жүрген етістіктің аналитикалык формасы туралы қағидаға да қайшы, өйткені негізгі етістік пен көмекші сөздің тіркесі етістіктің аналитикалық формасына жатады. Ал етістіктің аналитикалық формасы-грамматикалық құбылыс, ол сөзжасамға жатпайды. Күрделі етістік болса, ол-сөзжасамның нысаны. Сондықтан күрделі етістік пен етістіктің аналитикалық формасы- тілдің басқа-басқа құбылыстары. Өкінішке орай, түркологияда бұл тілдік екі құбылыс күні бүгінге дейін әлі шатастырылып келеді. Ол жөнінде белгілі ғалымдар Ф.Р.Зейналовтың, Ф.А.Ганиевтің бірін-бірі толықтыра түсетін пікірін ғылыми орта жақсы біліді.  Қазақ тілі грамматикасында: "...негізгі етістік пен көмекші етістіктің тіркесуіне байланысты әр түрлі грамматикалық мағына білдіреді" [4,155 б.],- деп сипаттама берілген.

Демек, мысалы, жәрдем ет, көмек қыл, ала түс, оқи бер, қызмет ет, тіл қату, жүрек жұтқан, көре түс, барып кел, кіріп шық, бара қайт т.б. сияқты күрделі тіркестердің бәрі бір тұрғыдан зерттеліп, бір өлшеммен қаралады.

Күрделі сөздің сөзжасамға жататыны жоғарыда айтылды, оған қарсы пікір айтып дәлелдеуші де жоқ. Олай болса, күрделі сөздің сөзжасамның объектісі екені де даусыз. Күрделі етістік аналитикалык тәсіл арқылы жасалған лексикалық (единица) тұлға болса, оның құрамындағы сыңарлар лексикалық мағына жасаушы тұлғаның қызметін атқарады. Ал қазақ тілінің грамматикасында күрделі етістікке берілген анықтамада "негізгі етістік пен көмекші етістіктің тіркесуіне байланысты әр түрлі грамматикалық мағына білдіреді" деген.

Шынында да мұнда грамматикалық мағыналар берілетіні рас, өйткені автордың күрделі етістік деп отырғаны аналитикалық формалар. Аналитикалық формалы етістікте грамматикалық мағына беріледі. Сондықтан да ғалымдар оларды күрделі етістіктен бөліп алып отыр. Өйткені күрделі етістікте мұндай грамматикалық мағына беру жоқ, күрделі етістіктің сыңарлары лексикалық мағына беру үшін бір-бірімен тіркеседі, екі сынары да лексикалық мағынаның жасалуына өз үлесін қосады. Мысалы, алып бар, кіріп шық, алып кел, бара кел, көре кел, алып қайт, беріп қайт, алып қал, алып көр сияқты күрделі етістіктерді талдап көрейік.

Осылардың кұрамындағы сыңарлардың ешқайсысын қандай да болмасын грамматикалық мағына беру қызметін атқарып тұр деп дәлелдеуге келмейді. Бұл күрделі етістіктердің (жалпы күрделі етістік атаулының) сыңарлары лексикалық мағына жасаушы - сөзжасамдық тұлға қызметін атқарып тұр. Осы күрделі етістіктердің ішінде алып бар етістігін алайық. Алып бар деген күрделі етістіктің лексикалық мағынасы-алудың да, барудың да мағынасын қамтитын біртұтас күрделі қимылдың аты. Оның мағынасы жеке алғандағы алу қимылына да, бару қимылына да тең емес, олардың әрқайсысынан да кең мағына. Өйткені ол - біртұтас қимыл болып түсінілетін, ұғынылатын, қабылданатын дәрежеге жеткен күрделі қимылдың аты. Ол күрделі қимыл екі дара қимылдың біртұтас мағынаға көшуінен қалыптасқан. Күрделі етістік талданып отырған алып бар етістігі, күрделі қимыл жымдасып, тұтастуы арқылы жасалған. Күрделі етістіктің лексикалық мағынасы оның құрамындағы ал етістігінің сол сияқты бар етістігінің ешқайсысының мағынасына сай емес. Бұлар ұзақ уақыт біртұтас сөз ретінде қолданылып, халық санасында ол бір қимыл ретінде әбден қалыптасқан. Сондықтан да олардың кейбіреуі сыңарларының дыбыстық жағынан да бірігіп кеткен. Мысалы, әкел (алып кел), апар (алып бар), әкет (алып кет). Ал қалған күрделі етістіктер мұндай дыбыстық жағынан кірігуге жетпегенімен, мағына жағынан тұтастыққа, кірігуге әбден жеткен, сондықтан оларды ешкім екі сөз ретінде қабылдамайды, біртұтас сөз деп біледі, айтады, қолданады. Олардың қызметтері тілде бір сөздің барлық белгілеріне сәйкес келеді.

Сөйтіп, күрделі етістіктер - бір лексикалық мағына білдіретін, ең кемі екі сыңардан жасалған, тілде жеке дербес сөздің қызметін атқаратын лексикалық тұлғалар. Тек күрделі етістіктің сыңарлары дыбыстық жағынан бірігіп кірікпей, өздерінің аражігін сақтаған. Бұл күрделі сөздердің сөз ретінде танылуына кедергі болмайды. Өйткені сөз атаулыға тек қана дыбыстық тұтастықта болу керек деген талап қою мүмкін емес. Сөз таптарының бәрінде де дыбыстық жағынан тұтастығы жок күрделі сөздер өте көп. Осы жағдайды ескеріп, сөздің белгілерін теориялық жағынан аныктаған үлкен теоретик ғалым А.И.Смирницкий сөздер тұтас та, бөлек те болуын (цельнооформленные, раздельнооформленные) мойындағанын білеміз.

Сондықтан да күрделі етістіктердің ішінде аздаған сөздер ғана дыбыстық құрамы жағынан кірігу дәрежесіне жетіп, қалғандарының ішкі сыңарлары өздерінің аражігін сақтаған. Бұл жағдайды басқа түркі тілдерінен де көруге болады. Мысалы, сақырып ал, алип кит, килеп кер (башқ.); алып гет, токьтап кьал (қүм); секирип тюс, услап көр, барып көр, кьыдырып шыкь, айналып шыкь, апарып бер (қарқ.).; айтып бер, чабып бар (қараш-балқ.); бориб кел, кириб чиқ, утиб кет (өзб.); туктап кал, укып чык, қайтып кит, йәреп кит, алып бир, алып чыг (тат.); сатып бер, алып бер, айта бер, ала бер (қырғ.); барып кел, сатып ал (ноғ.) т.б.

Күрделі етістіктердің сыңарларының лексикалық мағына беруші тілдік нұсқалар екенін, күрделі етістіктің сөзжасамға жататынын, оның қарама-қарсысы грамматикалық құбылысқа жататын аналитикалық формалармен салыстыру арқылы да дәлелдеуге болады. Мысалы, айта алмады, айтып жіберді, көріп қойды, келе салды, түсіндіріп бақты, әндетіп қоя берді, жіпсіп сала берді сияқты аналитикалык формалы етістіктерді алайық. Осы аналитикалық формалы етістіктердің бәрінде де лексикалық мағынаны айт, бер, көр, кел, әндет, жіпсі етістіктері білдіріп тұр. Оларға қосылған аналитикалық форманттар (көмекші етістіктер) өзінің тіркескен негізгі етістіктерінің лексикалық мағынасына ешқандай өзгеріс кіргізген жоқ, тек оларға түрлі грамматикалық мағына қосып тұр. Мысалы, айта алмады -айту қимылын жасауға мүмкіндіктің болмағаны, айтып жібер - айту қимылының тез, жедел жасалуы, көріп қойды көру қимылының тез жасалып біткені, келе салды - келу қимылының немкұрайды жасалғаны, түсіндіріп бақты - түсіндіру қимылының ерекше ынтамен жасалғаны, әндетіп қоя берді - әндету қимылының жедел басталып кеткені, жіпсіп сала берді -жіпсу қимылының баяу басталғаны білдіріліп тұр.

Бұдан аналитикалық форманттар лексикалық мағынаға кірмейтіні, грамматикалык мағына ғана қосатыны көрініп тұр. Осыған орай, аналитикалық формада тұрған етістіктер екі бөлімнен тұрады:

а) лексикалық мағына беретін негізгі морфема, ә) грамматикалық мағына беретін көмекші морфема (аналитикалық формант). Мұндай сөздердегі аналитикалық форманттар түрлі категориялардың мағынасын білдіреді. Бұлар дара етістіктердің белгілі бір категорияларының мағынасын білдіріп формада тұрған қосымшалы сөздермен қызметі жағынан сәйкес келеді. Мысалы, келді, келген, келер, келмек т.б. Бұлардың алғашқылары аналитикалық формалы етістіктер болса, соңғысы синтетикалық формалы етістіктер. Ал күрделі етістіктердің құрамындағы сыңарлардың ешқайсысы мұндай грамматикалық мағына бермейтіні, олардың біртұтас лексикалық мағына беретін сөздің құрамына кіретіні жоғарыда айтылды. Олай болса, жоғарыда келтірілген алып бар, кіріп шық, алып кел, алып бер, бара кел, алып қайт, беріп қайт, алып қал, алып көр күрделі етістіктері соңғы аналитикалық формалы етістіктердің айта алмады дегеннің тек айт деген формасына, айтып жібер дегеннің айт, көріп қойды дегеннің - көр, келе салды дегеннің - кел, түсіндіріп бақты дегеннің - түсіндір, әндетіп қоя берді дегеннің -әндет, жіпсіп сала берді дегеннің - жіпсі морфемаларымен сөз ретінде теңбе-тең екені, олардың бәрі де лексикалық мағына беретін сөздер екенінен көрінеді.

Күрделі етістіктің құрамы қанша күрделі болса да, лексикалық мағына беретін бір морфема ғана болып саналады. С.Исаев «негізгі етістік пен көмекші етістіктің белгілі тәсіл арқылы тіркесіп барып, бір сөздің (етістіктің) мәнінде жұмсалып, етістіктің белгілі грамматикалық категориясын жасайтын түрін» күрделі етістік деп таниды [5,185]. Мысалы, алып кел, алып бар, беріп кел, келіп кет, барып кел т.б. сияқты күрделі етістіктер сырттай аналитикалық формалы етістікке ұқсағанымен, бір ғана морфема, яғни лексикалық мағыналы сөздер ғана. Ал осы сөздер аналитикалық формалы сөздер сияқты екі морфемалы болу үшін оған түрлі грамматикалық көрсеткіштер қосылу керек. Мысалы, алып келді, алып барма, беріп келген, келіп кетер, барып келсін т.б. Бұл күрделі етістіктер де екі морфемадан тұрады, олар - лексикалық мағыналы негізгі морфема және грамматикалық мағыналы көмекші морфема. Бұл етістіктерді осы морфемаларға бөліп көрейік: алып кел-ді, алып бар-ма, беріп кел-ген, келіп кет-ер, барып кел-сін. Сызықша арқылы бөлінген әр сөздің біріншісі – негізгі морфема, яғни лексикалық мағыналы етістік, екіншісі – грамматикалық көрсеткіш. Бұл құрамда мысалдар морфемдік құрам жағынан аналитикалық формалы етістіктермен теңеледі. Мұнда аналитикалық формалы етістіктер де, соңғы мысалдағы күрделі етістіктер де негізгі морфема мен көмекші морфемадан тұрады. Ал олардың айырмашылығы мынада:

1) аналитикалық формалы етістіктің келтірілген мысалдарда негізгі морфемасы – дара етістік, екі морфемамен берілген күрделі етістіктерде негізгі лексикалық мағыналы морфема – күрделі етістік. Дара етістік дара қимылды білдірген, күрделі етістік күрделі қимыл ұғымын білдірген.

2) аналитикалық етістіктегі көмекші морфема – аналитикалық формант, күрделі етістіктегі көмекші морфема – қосымшалар. Осымен байланысты аналитикалық формант қосылған етістіктер аналитикалық формалы етістіктер деп аталады. Олар жоғарыдағы мысалдарда - өсіп келе жатыр, өсіп шыға келді, өсіп кетті, өсіп бара жатыр. Ал қосымшалар қосылған жоғарыдағы күрделі етістіктер – синтетикалық формалы етістіктер деп аталады, олар: алып келді, алып барма, беріп келген, келіп кетер, барып келсін.

Күрделі етістіктер лексикалық мағыналы негізгі морфемаға жатады. Ол сөйлемдегі ойды білдіруші сөздің бірі ретінде қолданылып, сөйлем мүшесі болады. Оны жеке алып, оның лексикалық мағынасын атауға, басқа тілге аударуға болады. Мысалы, алып бар, алып кел, алып бер, алып кет, беріп кел, көріп кет, сұрап ал, қайтып бер, шығып кет, кіріп шық деген күрделі етістіктерді осылай жеке алғанда, олардың қандай мағына беретіні қазақ тілінде сөйлейтін адамға түсінікті. Оларды басқа тілге аударуға да болады. Мысалы, алып бар - отнеси, алып кел - принеси, алып бер – отдай, алып кет – забери, беріп кел – отнеси, көріп кет – смотри, сұрап ал – спроси, қайтып бер – отдай, шығып кет – выйди, алып кет – забери т.б.

Күрделі етістіктердің дербес лексикалық мағынасы барына олардың кейбіреуінің кіріккен варианттары да дәлел. Мысалы, алып бар – апар, алып кел - әкел, алып бер - әпер, алып кет - әкет.

Күрделі етістіктер сөйлемдегі айтылатын ойды білдіретін негізгі морфема ретінде сөйлемде қолданылып, сөйлем мүшесі болса, аналитикалық форманттар бұл қызметті атқара алмайды. Олар сөйлемдегі дербес сөз құрамында ғана қолданылып, оған түрлі грамматикалық мағына қосады. Оның ішінде аналитикалық форманттар сөйлемде күрделі етістікке де қызмет етіп, түрлі грамматикалық мағына үстейді. Мысалы, Тез әкетіп қала қойғанын көрдің бе? (С.Жүнісов). Күле тұрыңдар, жолдастар… күзді күні әрқайсысы бес пұттан май беретін отыз шақты мал болып шыға келгенде, көрерсіңдер, -деді (Ғ.Мүсірепов). Енді үлкен еңбекке араласады, өмір көреді – күні ертең ортан қолдай жігіт болып шыға келгенін байқамай да қалады (Б.Тоғысбаев). Туыс болған соң келіп кетіп жүре беріңдер (С.Мұқанов). Осында –іп қала қой, -ып шыға кел, -іп жүре бер форманттары әкет, мал бол, жігіт бол, келіп кет деген күрделі етістіктер мен құранды етістіктерге тіркескен. Бұл мысалдардан күрделі, құранды етістіктердің сөйлемге қызмет етіп тұрғаны, ал аналитикалық форманттардың күрделі етістік пен құранды етістікке қызмет еткені көрінеді. Бұл талдаулардың бәрі күрделі етістіктің лексикалық мағыналы сөз яғни олардың негізгі морфема екенін, ал аналитикалық форманттар қосымша морфемалар екенін дәлелдейді.

Сонымен, қазіргі түркі тілдерінде күрделі етістік түрліше танылып жүрген даулы проблемаға жататыны анықталды. Атап айтқанда, күрделі етістіктің сырттай ұқсас кұрылымдарын толық ажыратылмай жүргені анық байқалады. Түркі тілдерінің грамматикаларында да қазірге дейін күрделі етістіктің кұрамында аналитикалық формалы етістіктер де, құранды етістіктерде бір тілдік кұбылыс ретінде қаралып келді. Ендігі міндет етістіктің аналитикалық форманттарының табиғатын айқындап, оның өз алдына дербес тілдік кұбылыс ретіндегі құрылымын, қасиеттерін терең ашып көрсету болса керек.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы, 2008.

2. Юлдашев А.А. Аналитические формы глагола в тюркских языках. М.,1965, 275 с.

3. Жұбанов Қ.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 2010.

4. Қазақ тілінің грамматикасы. І бөлім. Морфология. Алматы, 1967.

5. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы, Рауан, 1998, 302 б.

6.  Қарымбаева К.М. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Тараз, 2008.