Рапишева Жанат Дабыловна (фил.
ғыл. канд., доцент)
Сейдкәрім Перизат
Пардақожақызы (студент)
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Әдеби тілдің функционалдық (мақсаттық) стильдері өзінің бүгінгі
күйіне, деңгейіне белгілі бір даму жолдары арқылы келгені
белгілі. Сондықтан кез келген стиль тек синхронды тұрғыдан
ғана емес, диахронды тұрғыдан да сипатталуы тиіс.
Қазақ тіл білімінде жасалған еңбектердің
негізі, онда көрсетілген бағыттар мен жобалар және
қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге сәйкес
қоғамдық қызмет аясының кеңеюі мен күшеюі,
соған сай қазіргі қоғамдағы ғылым тілін
қазақша дамытып, қалыптастырудың талап-мүдделері
қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасуын
арнайы зерттеуді қажет етеді.
Қазақ әдеби тілінің функционалдық
стильдерінің саны, олардың құрылысы, сипаты тіл
дамуының барлық дәуірінде бірдей болмағаны анық.
Стильдердің әрқайсысы өзіне тән ерекшеліктерімен
сипатталады. Әр стильдің өзіндік белгілерін,
қасиеттерін, ерекшеліктерін танып-білудің мәні ерекше зор.
Оның үстіне әрбір стильдің өзінің
қалыптасу, даму заңдылықтары болады. Бұл заңдылықтар
әр кезеңде әртүрлі болғандықтан, жеке
стильдердің белгілі бір дәуірдегі жай-күйі (даму барысы)
өз алдына зерттелуі керек.
Осы тұрғыдан қарағанда,
әдеби тілдің басқа стильдері сияқты ғылыми
әдебиеттер стилінің де өз даму жолы, қалыптасу
ерекшеліктері бар. Қазақ әдеби тіліндегі ғылыми
стильдің алғашқы белгілері, ерекшеліктері ХІХ ғасырдың
екінші жартысында көріне бастады. Бұл кезеңде жалпы
ғылым-білімнен, жеке ғылым салаларынан хабар беретін
алғашқы әдебиеттер мен мақалалар пайда бола бастады.
Олардың басым көпшілігі орыс тілінен аударма жолымен келсе,
кейбіреулері қазақ тілінде басылып шықты. Бұндай
әдебиет ғылымды, ғылым негіздерін жалпы халыққа
баяндау, түсіндіру, ғылымды, білімді насихаттау сипатында болды.
Сөйтіп, ғылым көпшілік игілігіне айналды. Ғылыми
мазмұндағы әдебиет стилі бой көтеріп, қалыптаса
бастады.
Стиль мәселесінің зерттелу жайын алсақ, орыс тілі
білімінде жалпы стилистикаға, әрбір функционалдық стильге
арналған зерттеулер де көптеп саналады. Мәселен,
В.В.Виноградов, М.Н.Кожина, А.Н.Гвоздев, Р.А.Будагов, А.И.Ефимов, В.П.Мурат,
Л.А.Булаховский өз еңбектерінде көркем әдебиет стилін,
саяси-публицистикалық стильді, ресми стиль және
ғылыми-зерттеу стильдерін қарастырады. Ал қазақ тіл
білімінде стилистиканың қалыптасуы қазақ әдеби
тілінің тарихын зерттеу барысында әдеби тіл стильдеріне
қысқаша шолу түрінде сипаттама берілген Қ.Жұбанов,
М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев,
А.Ысқақов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов,
Е.Жанпейісов, М.Томанов, С.Исаев т. б. ғалымдардың
еңбектерінен басталады.
Жалпы түркологияда ұлттық татар
тілі мен оның стильдерінің дамуын В.Х.Хаков (Развитие татарского
национального языка и его стилей, АДД, Алматы, 1971), ХІХ ғасырдағы
әзірбайжан әдеби тілінің ғылыми стилін В.В.Адилов
(Научный стиль азербайджанского литературного языка ХІХ века, АКД, Баку, 1980)
және қазіргі әзірбайжан әдеби тілінің
ғылыми стилін А.Г.Кулиева (Научный стиль современного азербайджанского
литературного языка, АКД, Баку, 1989) зерттеген.
Әдеби тіл тарихын жалпылама сипаттаумен қатар, оны танытатын нұсқаларды зерттеген жұмыстарда ғылыми-көпшілік әдебиет стилін қалыптастыра бастаған үлгілердің тіл ерекшеліктері тікелей болмаса да, жанамалай сөз болады. Мәселен, Б.Әбілқасымов (ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі (баспа нұсқалардың тілі негізінде), Алматы, 1982) ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың жазба әдеби тіліне толық сипаттама бере отырып, функционалдық стильдердің даму барысын, оларды танытатын кейбір баспа нұсқалардың тіл ерекшеліктерін қарастырады [1].
Е.Жанпейісов (Қазақ прозасының тілі (Октябрь алды
және 20-30 жылдар), Алматы, 1968) Қазан төңкерісі
алдындағы үлкенді-кішілі прозалық шығармалардың
тілін (сол кезеңдегі жалпы проза тілінің фонетикасын,
морфологиясын, синтаксисін және лексикасын) әдеби тіл нормасы
тұрғысынан зерттейді [2].
Т.Қордабаев (Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі,
Алматы, 1966) ХІХ ғасыр жазбаларының (олардың ішінде Абай,
Ыбырай мұралары, алғашқы газеттер, халық арасына
ғылым-білімді таратуға арналған кітапшалар да бар)
синтаксистік құрылысындағы ерекшеліктерді талдайды [3].
С.Хасанова (Қазақ жазба әдеби тіл үлгілері (ХІХ
ғасырдың екінші жартысы), Алматы, 1998) қазақ жазба
әдеби тілінің даму, қалыптасу іздерін танытатын ХІХ
ғасырдың екінші жартысында жарық көрген
үлгілердің тілін сөз етеді [4].
Р.Сыздықова (Абай шығармаларының тілі, Алматы, 1968) Абай
шығармаларының тілін зерттей отырып, сол дәуірдегі
әдеби тілдің, оның кейбір стильдерінің
лексика-грамматикалық сипатын көрсетеді [5].
Ғылыми стильдің жетілуі, дамуы сияқты мәселелер термин және терминологияға қатысты зерттеу жұмыстарында қарастырылатыны белгілі. Осымен байланысты өз еңбектерінде Ә.Қайдаров («Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас», «Ғылым тілі – әдеби тіл статусы») қазақ терминологиясының қалыптасып, дамуын жаңа тұрғыдан қарастырып, ғылым тілінің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін сипаттайды.
Ал Ө.Айтбаев («Қазақ терминологиясының
қалыптасуы мен дамуы», Алматы, 1988, т.б.) қазақ
терминологиясы ғылымының қалыптасу тарихын жазса,
Ш.Құрманбайұлы («Қазақ лексикасының
терминделуі», Алматы, 1998, т.б.) қазақ лексикасының бір
ғасырлық терминдену үрдісін бірнеше кезеңге бөліп,
әрбір кезеңнің өзіне тән ерекше белгілерін
көрсетеді.
Сонымен бірге ғылыми стильдің кеңес дәуіріндегі
даму үдерісін зерттеуге арналған жұмыстар да кездеседі.
Ж.Әмірова (Влияние русского языка на формирование научного стиля
казахского языка, АКД, Алматы, 1982) қазақ тіліндегі ғылыми
стильдің дамуындағы орыс тілінің әсер-ықпалын
сөз етсе, Ш.Біләлов (Ұлттық ғылым тілін
қалыптастырудың өзекті мәселелері (математика саласы
негізінде), Алматы, 1996) ұлттық ғылым тілі негіздерін
қалыптастырудағы А.Байтұрсынов және т. б.
зиялылардың рөлін көрсетеді.
Р.Сыздықова мен Б.Әбілқасымов өз еңбектерінде
ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің
қалыптасуындағы қазақ даласында дүниеге келген
«Түркістан уәлаяты газеті» (1870-1883 жж.) мен «Дала уәлаяты
газеті» (1888-1902 жж. ) басылымдарының рөлін ерекше атап
көрсетеді, себебі мерзімді баспасөз көпшілік
қауымға ғылым жаңалықтарын жеткізу
құралдарының бірі болып табылады [6; 7].
Ғылыми әдебиет стилінің қалыптасуын аудармамен байланыстырып қарастыратын зерттеулер де бар. Ө.Айтбаев «Алғашқы аударма үлгілері
және олардың терминге қатысы» деген мақаласында
қазақ тілінің терминологиялық жүйесін жасап,
қалыптастырудағы, ғылыми әдебиеттер стилінің
толық қалыптасуындағы алғашқы аударма
үлгілердің алатын орнын көрсетеді. З.Тұрарбеков
«Қазақ тіліндегі аударма тәжірибесінен (ХІХ
ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы)» деген
диссертациялық жұмысында ғылым мен техника
жаңалықтарын баяндайтын алғашқы кітаптар мен
мақалалардың аудармасын үстірт болса да қарастырады.
Қазақ
әдеби тілінің ғылыми стилі жеке функционалдық стиль
ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса
бастағанымен, оның жаңа сатыға көтеріліп,
әрі қарай дамуын, әдеби тілдің толыққанды
стиліне айналуын зерттеушілер ХХ ғасырдың басында жүзеге асты
деп есептейді. Сонымен қатар Ш.Мажитаева «ХХ ғасырдың
бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» деген диссертациялық
жұмысында ғылыми стильдің дамуын, ғылым тілін
дамытудағы бұрын аттары аталмай келген А.Байтұрсынұлы,
Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы
сияқты зиялылардың қызметін жан-жақты қарастырады [8].
Ғылыми әдебиет стилінің алғаш пайда болуы
ғылымның дамуымен байланысты. Ғылымы ерте дамыған
елдерде ғылыми әдебиет жанры да ерте қалыптасады.
Мәселен, Еуропадағы ең алғашқы
ғылыми-көпшілік әдебиет үлгілеріне Лукреций
Кардың «О природе вещей» («Заттардың табиғаты жайында»)
еңбегі мен М. В. Ломоносовтың «Письмо о пользе стекла»
(«Әйнектің пайдасы туралы хат») еңбегі жатады. Ресейде
ең алғашқы ғылым жөніндегі әдебиет
ХҮІІІ ғасырдың бірінші ширегінде пайда болған. Алғашқы орыс журналдары
да («Примечания к Санкт-Петербургским ведомостям» /1722-1742 жж./, «Ежемесячные сочинения, к
пользе и увеселению служащие” /1755-1764 жж./) «көпшілікке
арналған әрі ғылыми мазмұнды болған.
Ал қазақ тілінде бірінші кітап ХІХ ғасырдың
60-жылдарында баспа жүзін көрген болса, ғылыми әдебиет
тарихы да одан әрі кетпейді деп мәлімдейді қазақ
әдеби тілінің тарихын зерттеуші Б.Әбілқасымов.
Ғалым ғылыми-көпшілік әдебиеттің
алғашқы нышаны ретінде қазақ арасында қолжазба
күйінде тараған, кейін кейбіреуі басылып та шыққан
«Шежіре» аталатын жазбалардың некен-саяқ болғанын
жоққа шығаруға болмайтынын айтады [1, 65]. Бұл шежірелер
құрылысы, баяндау стилі, көлемі жағынан әр
түрлі болып келген. Ата-бабалардың аттарын хронологиялық
тәртіппен түзген схема іспеттес қысқа түрлері де,
тарихи шығарма түрінде келетін күрделі туындылар да
болған.
Тілдің
белгілі бір кезеңіндегі бір-ақ тармағын зерттегеннің
өзінде де сол жалпы тілдің даму заңдылығынан
бөлініп алынбай, сол дамудың желісінде қаралады, ал
мезгілдік, көлемдік жағынан шектілігі шартты түрде ғана
болады. Өйткені ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы
ғылыми-көпшілік әдебиеттер тілін қаншалықты
бөлек алып қарастырамыз дегенмен, олар сол тұстағы
және одан кейінгі де (яғни ХХ ғасырдың басы)
басқа әдебиеттер тілімен, оның ішінде баспасөз тілімен
байланысты болып келеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Әбілқасымов Б.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ
әдеби тілі (Баспа нұсқалар тілі негізінде). – Алматы:
Ғылым, 1982. – 224 б.
2.
Жанпейісов Е.
Қазақ прозасының тілі (Октябрь алды және 20-30 жылдар).
– Алматы: Ғылым, 1968. – 268 б.
3.
Қордабаев Т. Р.
Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі (ХІХ ғасыр жазбалары
негізінде). – Алматы, 1966. –144 б.
4.
Хасанова С.
Қазақ жазба әдеби тіл үлгілері (ХІХ
ғасырдың екінші жартысы). – Алматы, 1998. – 56 б.
5.
Сыздықова Р. Абай
шығармаларының тілі. – Алматы: Ғылым, 1968. – 335 б.
6.
Сыздықова Р.
Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ
ғасырлар). –Алматы: Ана тілі, 1993. – 320 б.
7.
Әбілқасымов Б.
Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы:
Ғылым, 1971. – 188 б.
8.
Мажитаева Ш. ХХ
ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ
әдеби тілі. – Алматы: Ғылым, 1999. – 180 б.