Кушкинбаева Карлыга Темиржановна

 

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ Практикалық лингвистика

кафедрасының оқытушысы, филология магистрі

 

Жарнамадағы қателер

 

Тіл – қоғамдық құбылыс. Тілдің дамуы да қоғамдық құбылыстармен тығыз байланысты. Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан, қоғамда алатын орны да ерекше. Қазақ тілін дамытуды кейбіреулер жоғарыдан, билік басындағылардан бастау керек десе, енді біреулер қазақ тілінде оқытатын және қазақы тәрбие беретін балабақшалар мен мектептерден бастау керек дегенді алға тартады. Қазіргі таңда көкейкесті мәселеге айналып, ұлтжанды азаматтарды алаңдатып отырған жай: қазақ тілінің көрнекі ақпарат пен жарнама тілі ретінде қолданылуы. Қазақ қоғамы нарықтық қарым-қатынасқа көшкен уақытта айналаның бәрін жарнама жаулаған заман. Көшеге шықсаңыз – жарнама, теледидар, радио қоса қалсаңыз да, баспасөз бетін ашсаңыз   да – жарнамаға көз шағылысады. 

Жарнаманың көп берілетін арналарының бірі – теледидар мен радио. Оның басты себебі, радиожарнамалар ең көп тұтынушыларды қамтитын жарнама құралы болып табылады. Пайда болғанына аз уақыт болса да, жарнамалардың бұл түрі үнемі дамуы мен жетілуінің арқасында қазіргі уақытта жарнаманың басқа құралдарымен бәсекеге түсуде.

Тіл заңының жүзеге асу-аспауы, нақты айтқанда, оның қоғамдық қызметінің өсу деңгейімен анықталады. Бірақ қазақ тілі жарнама саласында қоғамдық қызметін ұлғайта алмай отыр. Қазіргі таңда жарнамалардың басым көпшілігі орыс тілінде дайындалады да, қазақ тіліне аударылады.

Айта берсек, қазақ тілінің жарнама саласында жұмсалуы жөнінде шешімін таба алмай, қиындық туғызып отырған даулы мәселелер аз емес. Қазақша аударылған кейбір жарнамаларда грамматикалық, стилистикалық қателер жиі кездеседі. Сөзбе-сөздіктің қазақ тілінің грамматикалық құрылысына, қиыстыру жүйесіне қиянат жасаған жерлері баршылық. Қиыны, міне осында. Жарнама аудармаларын оқып отырғанда, не оқып, не түсінгеніңді де аңғармай қаласың. Бірең-сараңы болмаса, кілең қазақ сөздерінен құрылған тіркестер өзара байланыспай, қиыспай нақтылы ұғым берместен сіресіп тұрады.

Ал қазіргі кездегі жарнаманың жағдайы қандай? Ең бастысы, осы жарнамадағы қазақ тілінің жағдайы қандай?

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 23 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мемлекеттік тілдің алған белестері аз емес. Алайда қазақ тілі  өзінің Ата заңында көрсетілген мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық қолданысқа әлі толығымен ие бола алмай жүр. Мұны жарнамалардағы толып жатқан қателерден аңғаруға болады.

Біз де көшедегі жарнама мен теледидардан көрсететін жарнаманы салыстырдық. Сондағы байқағанамыз, теледидардағы жарнамалардың қателері әлдеқайда аз. Себебі, эфирге шығармастан бұрын, оны тексергендіктен болар. Ал үйдің қабырғаларындағы қатеге толы жазулардан көз сүрінеді.

Бірнеше көше бойымен өтіп, көзге ілінген жарнаманы суретке түсіргеннің нәтижесінде біз  жарнамадағы қателерді зерттеп, бірнеше топқа бөлдік.

1)    Орфографиялық қателер

2)    Лексикалық қателер

3)    Грамматикалық қателер

Орфографиялық. Мұқият оқымаса, кейбір әріптердің жоқтығын, не артық қосымшалардың жалғанғанын адам байқамай қалады. «Бөлім» сөзіндегі «і» әрпінің орнын «е» басып, «бөлем» деп шыға келді. «Жиһаз» сөзіндегі «и» әрпінің орнына «і» әрпін жазыпты. «Майды ауыстыру»- деген сөздің «д» әрпі түсіп «Майы ауыстыр» делініпті. «Топырақ» сөзінде «ы» әрпі жоғалып, «қ»-ның орнына «к» жазылып, қазақ естімеген «Топрак» деген сөзге айналып шықты.

Лексикалық қателер өте жиі кездеседі. Мысалы, орыс тіліндегі «Мелкий ремонт одежды» деген сөз тіркесін, қазақ тіліне «Киімді ұсақ жөндеуі» деп аударғаны мүлдем дұрыс емес. «Жеңіл жөндеуді қажет ететін киімдерді тігу» -деп аударған жөн болар. Сондай –ақ,  «Күлкі денсаулықпен жарқырасын!» -деген тіркесті басқаша аудару керек(«Күлкіңіз жарқын болсын!»). Гүлдер мен сыйлықтарды жеткізу. Бүкіл әлем бойынша-деген аударма кездеседі. Бұл аударманы «Қала бойынша гүлдер мен сыйлықтарды жеткізу» деген аударма ыңғайын табар еді. «Әйелдер киімінің үстіңгі, нысанды киімді, жеңіл көйлекті тігу, киімді қалпына келтіру»-делінген аударылған жарнама тақта толығымен қате. Бұл сөйлемді былай аударуға болады: «Әйелдердің жеңіл көйлектерін, сыртқы, түрлі(нысанды) киімдерін жөндеу, тігу».

Кейбір жазулардың мағынасы да, орфографиясы да дұрыс болып келеді. Бірақ сөздердің орын тәртібі қазақ тілінің ережелеріне сәйкес келмейді. Мысалы, «Төмен бағасы» дегеннің орнына «Бағасы төмен» деп жазған дұрыс болар. «Гүлдер құмыралы» емес, «Құмыралы гүлдер» деп жазылуы керек.

Осы аталғандардан басқа, тағы бір қызықты мәселе бар. Бұл бір сөзді әр түрлі аудармашылардың өз талғамына қарай аударуы. «Ксерокопия» сөзінің қатар тұрған бірнеше үйдің қабырғасынан «ксерокөшірме», «ксерокөшірмелеу» және «көбейтілген нұсқа» сияқты, үш түрлі аудармасын көруге болады.

Ал кейбір аудармашылардың мұндай ойдан шығару қабілеті жоқ болғандықтан ба, әлде қазақ тіліне аударуға ерінгеннен бе, әйтеуір, орыс тіліндегі сөздерге қазақ қосымшаларын жалғай салады. Немесе онсыз да көптік мағынаны білдіріп тұратын сөздерге көптік жалғауын қосады. Бұның дәлелі, алдарыңызда көріп тұрған «Открыткалар», «Стенкалар»,  «Азық-түліктер», «Жиһаздар» және «Шаштар».

Осы айтылғандардың бәрін болдырмау үшін не істеу қажет? Ең алдымен, орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасағанда, сөзбе-сөз аударудың орнына, қазақ тілінің ережелері мен нормаларын сақтау керек. Сөздердің қатесіз жазылуына, әсіресе қосымшалардың дұрыс жалғануына, мағынасының сақталуына  назар аударған жөн.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтау түйіні, көрнекі ақпарат пен жарнаманың аударма нұсқасын емес, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық нормалары сақталған қазақша жарнама тілін дайындауға ерекше көңіл бөлінуі керек. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Энциклопедия «Жарнама» 1992.

2 В. Беклешев., С. Воронов «Сауда туралы жарнама», Эдвертайзинг  Эйдж журналы. -1996.

3 А.Қожаұлы «Қостанайдың қазақшасы жаңылтпаш» Қостанай газеті.-2011.