Мукашева Р.А.
А.
Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Практикалық
лингвистика кафедрасының оқытушысы
ҰЛТТЫҚ
СИПАТТАҒЫ ЛИНГВОМӘДЕНИ КӨРСЕТКІШТЕР (С.Мұқанов шығармалары
бойынша)
Тіл – жалпыхалыққа ортақ,
қарым-қатынас жасау құралы. Бұл тілдің
негізгі қызметі. Қазақ тіл білімінде халықтың
болмысын, тұрмыс-тіршілігін оның тілі арқылы тану қағидасына
сай зерттеу тіл біліміндегі жаңа бағыт ретінде қалыптасты.
Тіл – дүниетаныммен тығыз байланысты
ұғым. Кез келген ұлттың өзіне ғана
тән дүниетанымдық түсініктері болады.
Ұлттық дүниетаным – қандайда бір ұлттың
басқаларға ұқсамайтын өмір сүру
дағдысы, адам және сол дүниедегі тіршілігіне деген
көзқарасы. Тілді мифтік таным тұрғысынан
қарастырған Б.Ақбердиева : «Тіл – тек ойды білдірудің
құралы, я оның тікелей құрылысы емес. Тіл
–ең әуелі сол ойды әр ұлттың өзіндік
танымына ған тән, мыңдаған жылдар бойына дарытқан
дүниетанымдық негізде құрап беруші құрал.
Яғни, ғаламды тану тәсілі мен оның біртұтас танымдық
моделі тілдің терең құрылымдарынан бастау алады» , -
деп жазады[1,4]. Демек, тілде әр халыққа тән
ұлттық дүниетаным көрініс тауып отырады.
А.А.Потебня:
«Тіл – ойды туғызушы тетік, тіл оқшау тұрған
құбылыс емес, ол халықтың мәдениетімен
біртұтас байланыста, себебі халық – тілді жасаушы, тіл –
«халықтық рухтың » жемісі, сондықтан тіл
ұлттық ерекшелікті көрсетеді»,- деп жазады[2,46].
С.Мұқанов романдары
ұлт табиғатын, болмысын, таным-түсінігін, тарихын,
әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, ұлт
мәдениеті мен рухани қазынасын жан-жақты, әр
қырынан танытатын көркем туындылар болып табылады.
Ұлттық психологияның тілдік көрінісі: С.Мұқанов өз шығармаларында қазақ
халқына тән психологиялық ерекшеліктерді ұлттық
ерекшеліктердің тілдік көрінісі ретінде қолданған.
Қазақ халқында ер балаға қатысты «он үште
отау иесі» мақалы, қыз бала «жат жұрттық»,күйеуге
шыққан қыз баланы «судай сіңіп, тастай бат» деп әке-шешесінің
бата беруі,он сегізден асып кеткен қыздың «оң жақта
отырған қыз», «кәрі қыз»атануы сияқты ұлттық
психология, балаға тіл тимесін деп жаман ат қою,көз тимесін
деп жаман киіндіру сияқты қазақтың осындай салттары
кездеседі.
Автор
ұлттық психология жайлы хабар беруде көбінесе
«қазақта» сөзін қолданады. Сонымен бірге
С.Мұқанов шығармаларында ер адамның болашақ
жарының адал болуы, жаңа түскен келіннің пәктігін
жоғалтпай келу қажеттігі жайлы ұлттық
дүниетанымдық түсініктері де көрініс тапқан.
Мысалы, Отағасы, жай
алудың реті болмас, - деп көріп ем, Шөкім
құлағына қол қол апартпай, «бір атты саған
сатып беріп не құдай ұрыпты» деп көнер емес (3,33-б).
Мынау сәнді бөлмені қаңғыратпай, кәпі шал
сияқты «қу тізеңді құшақтамай»,
бұған бір шүйкебасты
кіргізу керек!(3,23-б). «Он үште
отау иесі» деп қаршадайынан үйден шығармай қызын
сынға салып қоятын ауылды әлі ұмытқан жоқ (3,19-б).
Ұлттық
өнердің тілдік көрінісі: С.Мұқанов шығармаларында ұлттық
ерекшелік болып табылатын қазақ өнерінің болмыс-бітімі
де кеңінен ашылған. Ол шешендік және музыка өнерімен
байланысты көрінеді. Сонымен бірге қазір ұмыт болған ертедегі
қазақтың ұлттық ойындарын жазушы романдарынан кездестіруге болады.
Олар «Ақсүйек», «Соқыртеке», «Бурақотан», «Асық»
сияқты ойындар. Мысалы, «Достың тақыршағында асық ойыны қызып
жатқан күннің бірінде, бізге салт атты біреу шауып келді,
менің немере ағам Сәрсек екен.
С.Мұқанов романдарында ән айту
өнері қазақ халқының ұлттық аспабы-
домбыра арқылы көрініс тапқан.Мысалы, Денесі ,кескіні де
сұлу, әрі бұла боп еркін өскен Нәзір, бір
сыдырғы әнші де, домбырашы да еді.Туыс көре ме,
әлде жетім деп аяй ма, үйіне барып домбыра, не қобыз
үйрет десем, домбыраны білгенінше үйретеді де, «қобызға
қарағайдың шайыры жоқ, онсыз шек орнына тағатын
жылқының қылы сөйлемейді» деп, оны үйретпейді...(4,133-б).
Ұлттық салт-дәстүрдің тілдік
көрінісі: С.Мұқанов романдарында
ұлттық дүниетанымды көрсететін тілдік
құралдар мол қолданылған.Солардың бірі –
ұлттық салт-дәстүрлердің жазушы
шығармаларындағы тілдік көрінісі болып табылады. Мысалы,
Көзі көрмегенге бәрі өтірік, со кезде Мұқан
бейшараның «а, құдай, тілегімді қабыл ғып ұл бер де, содан кейін ал мені »
деп жылап жүргенін талай естідім де, көрдім де. Қазақы
тұрмыста үлкен ұлдың тұңғыш баласын
кемпір-шалдың бауырына салу салты, қазақ дүниетанымында
келін боп түскен қыз барған жерінде күйеу жұртының
атын атамауы, қыздың жігітпен қол ұстасып амандаспауы -
бұл қазақтың ибалық сақтау
мәдениетімен байланысты.Бұл әдет-ғұрыптың
нышаны С.Мұқанов шығармаларында да кездеседі.Мысалы, Ол
кездегі ауылдың ғұрпында, егде әйел болмаса жас
әйелдің, әсіресе, қыздың еркекпен, әсіресе
жігітпен қол ұстасып
амандасуы жоқ. Былайғы амандасудың өзінде де
«есенсіз бе?» дегеннен артыққа бармайды.(3,41-б).
Ұлттық тұрмыстық ерекшеліктер: С.Мұқанов
романдарында ұлттық тұрмыс-тіршілік нышандары да
байқалып отырады.Мысалы, «Онда қайттік?!» деп саақан
жұртқа молда: тасаттық беру керек, сонда
ғана бұл пәле қашады,- дейді, молда, әрине, тасаттыққа сойылатын
көп қойдың етіне ғана тоймайды, бәрінің
терісі онікі(4,21-б).
Жазушы
шығармаларындағы қазақ тұрмыс-салтының бір
көрінісі- ұлттық тағам атаулары. Мысалы, Ауылда,
әсіресе біздің үйде тәтті жоқ кезінде
жалғыз сиырдың сүтінен балаларына балқаймақ қайнаттыратын.(3,47-б).
-Қозғалмай-ақ қой, құлыным,
тағы кімге телміресің, үйде кепкен сықпа құрт бар ғой, аузымның
дәмін сонымен алармын, - деді шешем(4,49-б).
Ұлттық
өлшемнің (уақыт, мөлшер) тілдік көрінісі: Қазақ дүниетанымында өлшем бірліктерді
қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. С.Мұқанов
шығармаларында ұлттық өлшем бірліктерден мезгіл
мәнді сөздер мен мөлшер мәнді сөздер жиі қолданылған.
Мысалы, мезгіл мәнді
сөздер:Күннің
тармақталған сәулесі жоғарылаған сайын,
көкжиектің қызыл бояуы, бозғылттана береді де,
күн арқан бойы көтеріле, бозғылтқа көгілдір
түс араласып, күн сәскеге барғанда, бұкіл
аспанның шымқай көк тартқан түсіне шығыс та
боялады. (3,15-б).Бірақ ол қадырсыз екен: сол үйдің
отымен кіріп, күлімен шығады екен, құлқын – сәріде
тұрғаннан, қас қарайғанша
тізе бұкпей, үйдің де, түздің де шаруасын
дамыл-тиыштықсыз істей береді екен(3,111-б). Етігімді ауылдағы
етікшіге ұлтандатуға апарып бергеннен кейін, манағы
қылығыма бетімнен отым шыққандай, мен сәскелік асқа барған
жоқпын (3,196-б).
Оларға күніне үш мезгіл шөп беріп, бір
мезгіл суарудан, қораларды тазалаудан дыңдай екі-үш
қарулы жалшы жігіт, таң
қараңғысынан бастап, ымырт
жамылғанға дейін босамайды(3,105-б).
Діни дүниетанымның тілдік
көрінісі: С.Мұқанов
шығармаларында қолданылған діни лексика: діншіл; ораза,
намаз, айт; жайнамаз; құран оқу; бата қылу;
тәңір жарылқасын;дұға қылу т.б.
Жазушы
шығармаларындағы діни дүниетанымның тілдік сипаты
әр түрлі діни салт-дәстүрлермен байланысты
көрініс тапқан. Олар:
Құран оқу. Мысалы, Оқуға
барған жылдың күзіне мен алғашқы сатылардың
бәрін өтіп, «құранға»
түстім де, кешікпей сөзіне түсінбегенмен, қарасын
оқығанда судай ағыздым (3,68-б). Тірісіне сәлем береді,
өлгеніне бата оқиды...(3,11-б).
Дұға
қылу.Мысалы, - Сонау зиратқа барып, әуелі дұға қылайық, -
деп Болатбай арбаға мені де міңгізді, өзі де мінді. Зиратты
жағалап батыс жағына барғаннан кейін, екеуміз де арбадан
түстік.(4,278-б).
Ораза
, айт. Мысалы, Торсанның дәуірі жүріп
тұрған кезде осы мешітте үнемі Жұма намазы оқылар
еді.Айт намазы кезінде мешітке
жұрт сыймай, далаға оқыр еді.(3,279-б).Әнеугүні Құрбан айты болғанда,
мешітке осы арадағы жиырма шақты
үйдің адамынан басқа кісі келмепті деп естимін...(3,279-б).
«Идірісті ауыл адамдарының және бір ұнатпайтыны: «Молда» боп
ол намаз оқымайды екен, ораза
ұстамайды екен, дәретпен жүрмейді екен, соның
үстіне шылым тартады екен және шаш қояды екен»(3,243-б).
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ақбердиева Б. Лексика-фразеологиялық
жүйедегі мифтік-танымдық тұжырымдар. Фил.ғыл. канд.
дисс.Алматы,Тіл білімі институты, 2002.
2.Потебня А. Мысль и язык. М., 1999
3. Мұқанов С. Он алты томдық
шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1976. 9-том.«Өмір
мектебі» .- 486 б.
4.Мұқанов С. Төрт бөлімді роман.
– Алматы: Жазушы, 1972. «Мөлдір махаббат».- 544 б.