Кайрат Курманбаев
Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің PhD докторанты
Хусамуддин әс-Сығнақидың рухани
мұрасы
Мәдени-рухани саланың өркендеуі
мен дамуы ел тәуелсіздігінің нығаюының басты кепілі болып
табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен
қолға алынып жатқан бастамалар мен бағдарламалар
әлемдік бәсекелестіктің талаптарына сай қоғамымыздың
жан-жақты жетілуін көздейтіні сөзсіз. Осыған
сәйкес елімізде жүзеге асырылған «Мәдени мұра»
мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілген ғылыми
ізденістер еліміздің рухани саласының өрлеуіне үлкен
септігін тигізді. Қазіргі таңда рухани саланың бірі болып
табылатын ата-бабаларымыздың өшпес мұрасын
жаңғырту ұлттық болмысымызға қайтадан
үңіліп, оның қазіргі таңдағы маңызы
мен мәнін айқындауда жатқаны мәлім. Әсіресе асыл
дініміз бен мәдениетімізді сақтау және оны келер
ұрпаққа жеткізу күн тәртібінде тұрған
басты мәселеге айналуда. Руханиятымызды өркендетіп, таным-түсінігімізді
кеңейтудің маңызды бір қыры – ата-баба мұрасына
айрықша назар аудару болып табылатын болса, ондағы ислам
дінінің құндылықтары мен ілімдерін
ғылыми-теориялық бағытта зерделеуге де қажеттіліктер
туындап отыр.
Кейінгі жылдары орта ғасырдағы
қазақ ғұламаларының күнімізге дейін жеткен
құнды қолжазбалары араб елдерінде зерттеліп, арнайы
ғылыми еңбектердің жазылуы олардың
құндылығын айқындайды. Олардың ішінде
мақаламызға арқау болып отырған тұлға –
орта ғасырда ислам теологиясы мен құқығына
өзіндік үлес қосқан имам Хусамуддин
әс-Сығанақи және оның
рухани мұрасы.
Ұзақ уақыт
Қазақстанда әс-Сығанақидың өмірі мен
шығармашылығы белгісіз болып келді. Бұған
оқымыстының еңбектері мен ол жайындағы
деректердің араб тілінде жазылуы, оның үстіне
бұлардың қолжазба күйінде әлем кітапханаларында
шашылып жатуы әрі оларды негізінен дін саласында болуы қиындық
туындатты. Әс-Сығанақиға қатысты бағалы
мәліметтерді орта ғасырларда жазылған ханафи
ғалымдарының автобиографиялық (таражум, табақат)
кітаптарынан көре аламыз. Аталған еңбектерде оның
ұстаздары, шәкірттері, ортасы, еңбектері туралы
құнды, тың мағұламаттарға
жолыққанымызбен, белгілі деректердің қайталануы мен
қысқа-нұсқа келуі ғалымның өмірбаянын
толыққанды зерттеуде қиындық
туындатады.
Орта ғасырда қазақ
топырағынан шыққан ғалымдармен қатар Хусамуддин
әс-Сығанақидің өмірі мен
шығармашылығын қазақ тілінде алғашқы болып проф.
Ә.Дербісәлі, проф. Ш.Керім секілді отандық ғалымдар
зерттеп халыққа таныттырды. Қазір әс-Сығанақи
шығармалары қолжазбаларының Түркияда, Мысырда, Сауд
Арабиясында, Өзбекстанда, Германияда, Үндістанда, т.б. елдерде
сақталғаны анықталып отыр, кейбір қолжазбалары мен
нұсқалары елімізге алдырылды [1, 61 б.].
Айтып өткеніміздей бүгінгі
уақытта да араб әлемі ғалымдарының назарынан әс-Сығнақидың
еңбектері тыс қалған емес. Оған әс-Сығнақи
шығармалары негізінде Каирде Ахмед Мұхаммед Хаммуд әл-Йаманидің,
ғалымның «Китаб әл-уафи фи усул әл-фиқһ»,
Мәдинада Фахруддин Сайд Мұхаммед Қаниттің
«Әл-Кафи. Шарх әл-Баздауи» деп танылған Баздауидің
кітабына түсіндірме жазған еңбектері мен Мекке
қаласында Абдуллах Осман Абдуррахман Сұлтанның «ән-Нажах әт-тали тилуа ал-марах» атты
кітабын дайындап, солайша үш
докторлық диссертация жазылып қорғалғандығы
дәлел. Кейін Әл-Йаманидің еңбегі 3 том, Мұхаммед
Қаниттың еңбегі 5 том болып баспада жарық көрді.
Тарихта қаңлылардың, қыпшақ
хандығының (ХІ –ХІІ ғ.), Ақ Орданың (ХІІІ – ХІV
ғ.), Әбілхайыр хандығының (ХV ғ.),
Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болған
Сығанақ қаласынан Хусамуддин
әл-Хусейн ибн Әли ибн Хажжаж ибн Әли әс-Сығанақи
секілді ислам ғылымдарының дамуына үлкен үлес
қосып артында өшпес мұра қалдырған көрнекті
тұлғалар шыққан [2, 82 б.]. Ол
ең алдымен өз заманының танымал исламтанушысы, ханафи
мазһабының белді өкілі, белгілі фиқһ ғалымы
ретінде танылған. Сонымен қатар ислам теологиясы саласында сүбелі
еңбек сіңірген, араб тіл мәселелері жайлы қалам
тартқан теолог, линвгист.
Әс-Сығанақи өмірінің
көбін ХІІІ ғасырдың екінші жартысында,
ғұмырының ақырғы 10-15 жылын ғана ХІV
ғасырда өткізді.
ХІІІ ғасыр Ислам қоғамында
өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларымен
мұсылмандардың
тағдыры таразыға түскен аумалы төкпелі бір
кезең ретінде тарихта қалды. Отырар мен Сығанақ, Хорезм
мен Бұхараны да отқа ораған моңғолдар Таяу
және Орта Шығыс жұртына да жетіп еді. Соның салдарынан
XІІІ ғасырдың екінші жартысында бес ғасыр бойы дара билік
жүргізген Аббас халифаты құлады. Бұл бірде-бір дінді
мойындамайтын моңғол басқыншыларын бастаған
Хұлағу ханның ислам әлемінің орталығы
Бағдатты да басып алған шағы еді. Мысырлықтар мен
кресшілер арасында да бітіспес шайқастар жалғасып жатты. Бұл
кездердегі толассыз соғыстар салдарынан рухани өмірдің
белсенділігі төмендеді. Алайда осы ғасырдың аяғына
таман мұсылмандардың ұлы жеңістерге қол жеткізуі
себепті мәдени, рухани өмір қайта жаңғырып
сұлтан Бейбарыс билік еткен мәмлүктер тұсында
ғылым қайта дамыды, мектептер мен кітапханалар бой көтерді.
Мысыр, Шам секілді ғылым орталықтары қайта өркендеуге
бет алды. Осы тұста және одан кейінгі кезеңдерде де ислам
мәдениетін байытуға қазақ топырағынан
шыққан ғұлама ғалымдардың қосқан
орасан зор үлесі болғандығы белгілі [1, 12 б.]
Хусамуддин әс-Сығанақи ислам
құқығы, ислам құқығы негіздері
мен ислам теологиясы және араб лингвистикасына қатысты
еңбектер жазды. Көбіне өзінен бұрын келген
ғалымдардың, оның ішінде өмір сүрген ортасында кең
тараған ханафи мәзһабының танымал ғалымдарының
кітаптарына түсіндірме жазумен танылды. Өйткені,
осы кезеңде мұсылман ғылымындағы ең кең
тараған әдіс – түсіндірме-талдау әдісі болатын. Алайда,
әс-Сығанақи тек қана түсіндірме жасаумен
шектелмеген. Оның өз қаламынан шыққан
қолжазба трактаттары да бар [3, 63 б.].
Ислам құқығы саласында Орта
Азияда кең танылған ханафи мәзһабының
мәшһүр кітабы «әл-Һидаяға» «Ән-Ниһая»
атты түсіндірме жазды. Әл-Һидаяға»
жасалған алпысқа жуық түсініктің бар екені
белгілі, солардың ішіндегі ең алғашқыларының
қатарында әрі таңдаулылары санатында аталатын – әс-Сығнақидың
алты томдық еңбегі. Бұл туынды «әл-Һидаяға»
қосымша Бұхараның ескі медреселерінде оқулық
ретінде де қолданылған. Кітаптың Египеттің астанасы
Каирдегі «Дарул-Кутуб» кітапханасында сақтаулы қолжазба
нұсқасының көшірмесі жасалып,
Қазақстанға әкелінді, ол қазір Алматыдағы
Ұлттық кітапханада және Қызылорда облысының Жаңақорған
қаласындағы өлкетану мұражайында тұр. Бұл кітаптың
құндылығына қатысты ханафи мәзһабы
ғалымдарына ғұмырнамалық зерттеу жүргізген
үлкен хадистанушы ғалым әл-Ләкнауи «Әл-Фауайду
әл-бәһия» атты еңбегінде: «Хусамуддин
әс-Сығанақи еңбектерінің бірі
«ән-Ниһаяға» көз жүгірттім, ол
«әл-Һидаяға» жазылған түсіндірмелердің
ішіндегі ең жеңілі әрі көптеген мәселелер мен
нәзік түсініктерді қамтыған ауқымды еңбек» деген [4, 107-б.].
Сол секілді ғалымның ислам
құқығы негіздерін зерттеп екі көлемді еңбек
қалдырған. Олар:
- «Әл-Уәфи фи усул
әл-фиқһ». Мұнда ол әл-Ахсикасидің (1247
жылы дүние салған) заманында оқулық ретінде кең
тараған «әл-Мунтахаб фи усул әл-мазһаб» («Мазһаб
негіздері туралы таңдамалы жинағына») атты кітабына егжей-тегжейлі
түсіндірген.
- «Әл-Кәфи
шарх әл-Баздауи»(«әл-Баздауиге толық шарх»). Еңбекте
имам Фахр ал-Ислам әл-Баздауидің (1010-1089) «Канзу әл-усул
ила маърифат әл-усул» («Фиқһ негіздерін білудегі
қазына») атты кітабын зерделеген.
Бұл екі еңбек те зерттеліп, алғы
сөз, түсініктерімен бірге жарық көргендігін
жоғарыда айтып өттік. Ислам құқығы
негіздеріне зерттеулер жүргізген ғалымның ислам ілімдерінің
бірқатар салаларын меңгерген болуы қажет. Себебі ислам
құқығы негіздері міндетті түрде тәпсір, хадис,
фиқһ және лингвистика секілді салалармен ұштасады. Осы
негіздерден шариғи құқықтық үкімдер
шығарылса, діни мәтіндерді түсініп, олардан үкім
шығару жолдарын білу үшін араб тілінің
заңдылықтарын жетік білу талап етіледі. Ал Хусамуддин әс-Сығнақи
ислам құқығы негіздеріне (усул әл-фиқһ)
катысты аталған екі еңбегінде шариғаттың қайнар
көздерін баяндай отырып ислам құқығында
үкім шығарудағы лингвистиканың айрықша орнын
көрсетіп, талдау жасаған. Өйткені имамның араб тіл
лингвистикасына байланысты еңбектері бар. Оның ішінде кейін зерттеу
объектісіне айналып диссертациялық жұмыс тақырыбына
айналған «ән-Нажах әт-тали тилуа әл-марах» атты
еңбегі мен осы саладағы ауқымды зерттеуі «әл-Муассал фи
шарх ал-Муфассал» атты кітабын айтуға болады.
Ғалымның тағы бір қалам
тартқан саласы ол ислам теологиясы. Орта Азияда орнығып, кең
тараған теологиялық ойлар мен ұстанымдардың негізінде
зерттеулер жүргізіп «әт-Тасдид фи шархи әт-тамһид ли
қауағид әт-таухид» атты еңбек жазған. Бұл –
Мауараннаһр өлкесінің көрнекті фиқһ
ғалымы, кәләм саласында бірнеше кітаптардың авторы,
имам Әбу әл-Муғин Маймун ибн Мұхаммед
ән-Насафидің еңбегіне жасалған түсіндірме. Ислам
теологиясына қатысты бұл еңбек Меккеде Уммул-Қурра
университетінде магистрлік диссертацияның өзегіне айналған. «Әл-Жауаһир
ал-Мудия» авторы − Әбу әл-Уфа әл-Қураши
сипаттағандай бір томды көлемді еңбек, оның өз
қолында түпнұсқаның болғанын айтып
өтеді [5, 140 б.].
Хусамуддин әс-Сығанақи
еңбектерінің көбі қолжазба күйінде
сақталса, кейбірі күнімізге дейін жетпеген.
Қорыта айтқанда қазақ
топырағынан шығып, ислам өркениетіне өзіндік үлес
қосқан бабаларымыздың рухани мұраларын білу, оны келер
ұрпақтың жадында қалдыру біздің міндетіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сығанақ
саңлағы. Шамшадин Керім. – Алматы, 2012. – 240 б.
2. Шейх Абсаттар хаджи
Дербисали. Ислам религия мира и созидания. – Астана: ТОО «Издательство АСТ Полиграф», 2011. – 516 c.
3. حسام الدين
السغناقي. "
كتاب الوافي
في أصول
الفقه". – القاهرة:
دار القاهرة،
2003 م. – 5 ج
4. محمد
عبد الحي
اللكنوي
الهندي. "الفوائد
البهية في
تراجم
الحنفية". –
بيروت: دار
الأرقم، 1998 م.- 632 ص
5. عبد
القادر بن أبي
الوفاء
القرشي، "الجواهر
المضية في
طبقات
الحنفية" –
بيروت: دار
الكتب العلمية،
2005 م. – 630 ص