Тұрдалиева Ш.Т., Сейдрахманова Р.И., Маемерова М.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БАСҚАРУ ІС-ӘРЕКЕТІНДЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қоғамдық еңбек пен өндіріс орындарында қызметкерлермен тіл табысып, олардың күнделікті мұқтаждықтары мен талап-тілектеріне жете мән беріп, оларға жете назар аударып отыру кәсіби іс-әрекеттегі үйлесімді қарым-қатынас  пен еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді. Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылғандай: «Ғасырдағы экономикалық және әлеуметтік ұмтылыстағы негізгі ерекше күш – адамдар, олардың ерік-жігері, табандылығы, білімі». Адамдардың қоғамдық жұмыс түрлерінде еңбек өнімділігін арттыруы, олардың шығарған өнімдеріне саналы түрде жауапкершілікпен қарауы, ең алдымен, сол ұжымда қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық ахуал орнатуға тәуелді болып отырғандығы мәлім. Еңбек ұжымындағы адамдардың өнімді еңбегі мен қоғамдық санасын көтеру біріншіден, сол ұжымдағы адамдардың өзара қатынасына басшылық ететін жетекші мамандардың іскерлігі мен әрбір адамның жан дүниесінің сырына бойлай қарап, оларға қамқорлық жасауларына тәуелді. Екіншіден, іскер адамдардың әлеуметтік белсенділігі мен қоғамдық санасын өрістету үшін әрбір жұмысшы мен техниктің, ұжым жетекшісі мен олардың мүшелерінің арасындағы жағымды қарым-қатынас орнатып, олармен жоспарланған істерді жүзеге асыру үшін әрбір адамның даралық мінез-құлқын да жете білуді талап етеді.

Бүгінгі кез келген басшы бұйрық, жарлықтан гөрі қарамағындағылармен жемісті ынтымақтастық қарым-қатынасқа көшуі тиіс. Мұның өзі басқару стилін өзгерте отырып, жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру деген сөз. Мысалы,  мектеп басшысы, біріншіден өз көзқарастарын өзгертіп, мұғалім мен оқушыға ықпал етудің бұйрықтық-әкімшілік түрінен бас тартып, оларға жалпы мектеп қызметінің бір мүшесі тұрғысынан қарауы қажет. Дегенмен біздің қоғамымызда психологиялық білімдермен қамтамасыз ету жақтары жеткіліксіз. Сондықтан адамдар арасындағы түсіністік те сол халде. Ал ұжым арасында өзара түсіністік болмаған жерде, ол тіпті мектепті немесе басқа еңбек ұжымын болсын басқару қиын. Мектептегі адам факторы мектеп басшылары мен мұғалімдердің әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін қамтиды. Олар: адамдардың қызығу-қалаулары, ұмтылуы, бір-бірінен күтетін мінез-құлық сапалары мен қабілеттері, жинақталған білім, іскерлік дағдылары мен әдебиеттері.

Басқару әрекетінің негізгі мәселелерін зерттеу осы ғасырдың ХХ жылдарынан бастап қолға алына бастады. Қазіргі кезде бұл мәселені іздестіруде көптеген психологиялық зерттеу нәтижелері айтарлықтай табысқа жетіп отырғаны айқын. Сөйтіп психологиялық зерттеу нәтижелері жеке адамдар мен шағын топтар, басқару ісіндегі жетекші кызметкерлер мен жұмысшылар, техникалық-инженерлік қызметкерлер арасында үйлесімді қатынас орнатып, қолайлы ахуал жасалғандырын дәйектей түседі.

М.Қ.Бапаеваның пікірінше, кез келген басшы қарым-қатынас өнерін меңгерген,  сендіре алатын, ұшқыр ойлы, ерекше ақылға ие, жан-жақты білімді қайталанбас тұлға болуы мүмкін. Алайда, ол бірінші кезекте адамдармен жұмыс жасайтындықтан, «адам инженериясының» барлық қырларын білуге әрі ізгілендіруші және психологиялық білімдерді меңгеруге міндетті.

Психологияда басқару тиімділігі басшының кімді және қалай басқаруымен анықталады. Басқару туралы ғылымның даму үдерісі басқару теориясының дамуын тежейтін ішкі қарама-қайшылықтармен бірге жүреді. Бұл дамуға ықпал ететін факторлар өндірістің қарқынды дамуы, оны жетілдіру мен қарқынды жүргізу жолдарын табысты ұлғайту негізі ретінде іздестірумен байланысты болады.

Басқару психологиясы арнайы ғылым ретінде еңбек ұжымының іс-әрекетін басқару мәселесін шешуде қолданылатын психологиялық білімді зерттейді. Басқару психологиясының ерекшелігі оның объектісі ретінде адамдардың ұйымдасқан іс-әрекетін зерттеу болып табылады. Ұйымның ережелері, нормалары және талаптары тек ұйымдағы адамдардың арасындағы ерекше психологиялық қатынастарды қалыптастырады - бұл адамдардың басқарушылық қатынастары. Әлеуметтік-психологиялық қатынастар - мақсат, міндет және біріккен іс-әрекеттің құндылықтарымен байланысқан адамдардың өзара қатынастары. Басқару психологиясы саласындағы мамандардың ұйымдағы өзекті психологиялық мәселелері туралы пікірлері бірлікті құрайды.

Олардың қатарына мыналар кіреді: барлық деңгейдегі басшылардың кәсіби біліктігін көтеру, яғни, басқару стилін, тұлғааралық қатынастарды, шешім қабылдауды, стратегиялық жоспарды, стрессті жеңуді жетілдіру, басқару персоналын даярлау және қайта даярлау әдістерінің тиімділігін арттыру, ұйымның адамзаттық құндылықтарын іздеу және жетілдіру, әлеуметтік-психологиялық ахуалды бағалау және жетілдіру, персоналды ұйымның ортақ мақсатына жұмылдыру.

        Ұйымдағы қызметкерлерге қарым-қатынас жоғарыдан төмен байланыстар болып қана қоймай, сонымен бірге төменнен жоғары көтерілуші қарым-қатынаста болады. Ұйымдар бірнеше бөлімшелерден тұратын болғандықтан олардың ортасындағы қарым-қатынас айналымы мақсаттарды үйлестіріп, іс-қимыл әрекетін жасау үшін керек. Басқарушылық нәтижелігінің феномені - ертерек түсіндіру әрекеті - басқарушының тәртібінің бір параметріне көңіл бөледі, яғни қойылған міндетке бейімделе білу. Ал, өте кеш зерттелген жұмыстар басшының тәртібіне көңіл бөлуді қарастырған, бірақ басқадай айналымдарды ескермеген. Ұжымның тиімді жұмыс атқаруы белгілі көлемде ұжымды басқару стиліне байланысты. Әр басшы басқару іс-әрекетінде қызметтік міндеттерді өзіне тән стильде орындайды.

         Іскерлік қарым-қатынас мәдениетінің бір бөлігі ұнамды бейне – имидж жасау. Онсыз қоғамға беделге ие болу мұмкін емес. Іскер адам үшін кәсіптік имидж жасау мақсат емес, бірақ оны игеру адамның жеке басының және кәсіптік мінездемесінің маңызды бөлігін құрайды. Имидж адамның сырт бейнесін ғана емес оның ішкі әлемінен де олардың психологиялық типінен де хабар береді.

Егер басқарушы тұлғасын психологиялық тұрғыдан зерттеп, сипаттама берсек, оны кәсіби психологиялық функцияларын қолдану тәсілдері мен  әдістемесімен қаруланып, оны нәтижеге бағдарланған басқару үрдісінде пайдаланса, онда басқарушы тұлғасының психологиялық білім сапасының дамуы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі, өйткені басқарушының психологиялық функцияларын, басқару стильдерін, басқару әдістерді қолдану басқару психология мазмұнын тиімді меңгеруге ықпал етеді.

Өндіріс орындарында ұжымдар ішінде туындап отыратын талас-тартысты, дау-дамайлы мәселелер негізінен жеке адамдардың мақсат-мүдделерінің, көзқарастары мен қалыпты жағдайлардың өзгеруіне, олардың жеке бастарының мінез-құлық ерекшеліктерінің қанағаттанбау сезімінің салдарынан туындап жатады. Жетекші қызметкерлердің өз бойындағы қабілетін, мінез-құлқындағы ұнамды және ұнамсыз қалықтарын таразылап, қарамағындағы адамдарға істің жайын ашық та, шынайы түрде айтып отыратын болса, оның ұжымдағы беделі артып, іскерлік әрекеті мен өзгелерімен қарым–қатынасы нығая түсері даусыз.

Басшылар мен қызметкерлердің арасында кездесіп отыратын талас–тартысты мәселелердің мән жайына жете көңіл аударып, олады дер кезінде шешіп отыру еңбек ұжымдағы қалыпты психологиялық ахуал орнатудың басты шарты болып саналады. Мұндай жағдайда жетекші өзінің басшылық ісін мынадай ретпен жүзеге асыруды мақсат етеді:

- конфликт туғызған мәселе мен оның жағдайы. Бұл жәйтті анықтауда жетекші қызметкерлер болған оқиғаның себептерін, оның туындауы туралы қажетті мағлұматтарды толық білуі керек:

 - сол конфликтілі мәселелердің түйінін шешіп, оны болдырмаудың тиімді амал – тәсілдерін белгілейді:

- сондай-ақ адамдар арасындағы талас-тартысты мәселенің одан әрі шиеленіспеуі үшін оны барынша қысқа мерзім ішінде шешуді қарастыру қажет;

- талас-тартысты топтардың арасында туған қақтығыс мен мәселелер өршіп кетпеуін тоқтату үшін жанжалдасушы жақтардың мақсаттарын қанағаттандырарлық тиімді жолдарын бірлесе отырып шешкен жемісті болары күмәнсіз және ол топтардың мақсаттарын да жүзеге асырудың амал-тәсілдерін іздестіру керек.

Басқару қызметіндегі адамдардың тұлғалық ерекшеліктерін, жеке даралық қасиеттерін олардың кәсіби шеберлігінен, кәсіби шыңға жетуінен білуге мүмкіндік береді. Ал басшының кәсіби шеберлігінің шыңына жетудегі маңызды факторлар: нышан, дарындылық, қабілет, талант, ұйымдастырушылық, тілтасбысқыштық қабілеттер, отбасылық тәрбиенің алғышарттары, тәрбиелеу институттары (кәсіби шеберліктің негізін қалыптастырудың бастауға дейінгі кезеңі),  кәсіби бағдар мен білім беру мектептері (кәсіби шеберліктің бастау алды кезеңі). Қазіргі таңда адамның кәсіби шеберлік шыңына жетудің жолдарын, оның заңдылықтарын зерттейтін, жаратылыстану, қоғамдық және гуманитарлық пәндер тоғысында пайда болған, белгілі бір іс-әрекет сферасында адамның жоғары дәрежеде акме дамуы жөніндегі ғылым  - акмеология.  Ал психологиялық-акмеологиялық қызмет - бұл психологиялық және акмеологиялық құралдар арқылы еңбек ұйымының мамандарының әлеуетін тиімді пайдалану, басшының басқару шеберлігін,  олардың кәсіби-тұлғалық өсуі мен кәсіби іс-әрекеттегі сәттілік, сол ұйымның жұмысының тиімді жоғарлауын, оның бәсекеге қабілеттілігін дамыту мен кәсіби жетілуін қамтамасыз ететін құрылымдық жүйе.

Басқару саласында басшылардың кәсіби-тұлғалық өсуін зерттеу оның жеке даралық ерекшеліктерін танып-білуге, психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ол үшін психологиялық-акмеологиялық қызмет арқылы басшының кәсіби-тұлғалық өсуіне арналған акмеограмма құру маңызды. Онда келесі өлшемдер қарастырылады:

-        интеллектуалды әлеуеті;

-        биологиялық әлеуеті;

-        мінез-құлық әлеуеті;

-        бағыттылық әлеуеті;

-        шығармашылық әлеуеті.

Басшы мен бағынушының өзара әрекеттестігінің  тиімді түрде ең жоғарғы дәрежеде жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін, жұмыста қызметкерлер тек еңбегінің төлемақасынан ғана емес, сонымен бірге еңбек процесінің өзінен қанағат алатындай ұйымдастыруға ықпал ететін басқарушылық қызметті саналы психологиялық мазмұнмен толтыру. Сонымен,  басқару іс-әрекетінде психологиялық қызметті ұйымдастыру «адам-адам» жүйесінің кәсіби қатынасы мен өзара әрекет деңгейлеріндегі жеке даралық ерекшеліктерін көруге мүмкіндік береді.

                Қолданылған әдебиеттер

 

1. Ахтаева Н.С.,Әбдіғапарова А.І. Басқару психологиясы. А., – 2009.

2. Бапаева М.Қ., Бапаева С.Т. Психологиялық менеджмент. А., - 2011.

3. Ревская Н.Е. Психология менеджмента. СПб.:Альфа, - 2001.

4. Андреева Г.М. Социальная психология.  Аспект Пресс, - 2002.