Алаш зиялылары қаламынан туындаған терминдердің әлеуметтік маңызы

 

С.К.Кенжемұратова,ф.ғ.к., доцент

        

         Тіл адам ойын жеткізудің  басты құралы. Қоғам өміріндегі түрлі әлеуметтік – экономикалық, ғылыми, мәдени мұқтаждықты  өтейтін де осы тіл болып табылады. Сондықтан тіл үнемі жаңару, даму, өзгеру үстінде болады. Бұл процестер қоғам өміріндегі өзгерістермен тікелей байланысты.

         Ғылым мен техниканың,  экономиканың түрлі салаларындағы  пайда болған жаңа ұғымдарды  атау тіліміздің терминологиялық жүйесінің дамуына әсер етеді.

         Қазақ терминологиясының қалыптасып, қанат жаюына  ықпал жасаған шаралар өткен ғасырда айрықша алға жылжыды. Мәселен, қазақ қоғамындағы  сауат ашу шаралары, газет-журналдар шығару, баспаханалар жұмысының  жандана түсуі осы кезеңмен орайлас. Сол себепті де  термин тануды, яғни, терминологиямыздың қалыптасу, даму тарихын сөз еткенде  алаш зиялыларының  мақсатты істері мен ұстанымдарына,  бағыттарына мән беруіміз қажет.

         Сол кезеңде өз ана тілімізде алашқы  тырнақалды  оқулықтар мен  ғылыми еңбектер жазып, топ басында тұрған зиялы қоғам өкілдері А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Қожанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қараш,. Н.Төреқұлұлы, Т.Шонанов сынды ұлт зиялылары бүгінгі терминдеріміздің  қалыптасып, дамуына өзіндік үлестерін қосқан. Өз халқы    мен еліне          адал қызмет істеген алаш ардақтыларының  еңбектерін зерттеп, зерделеу, олардың ақыл-парасаты мен ұлттық рухының жоғарғы шыңындағы саналы пікірлер мен оң  шешімдердің куәсі іспеттес. Қоғамдағы кез-келген ғылымды үйренуде  ең бастысы - сол  ғылым саласындағы арнаулы ұғым атаулары  қажет. Ахмет Байтұрсынұлы көпшілік қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық терминдерді орыс тіліндегі тұлғалық, мағыналық, құрымдық ерекшеліктерін сақтай отырып, яғни калька тәсілі арқылы аударып отырған. Мыс:

а) Мағыналық қалькалар: производитель работ – жер жұмысының чиновнигі, рядовой строй – рушылық дәуір, срок хранения - мерзімді өлшеуі, через полост – аттамалы жер, злоупотребление служебными обязанностями – қызмет бабындағы  жазықты қылмыс.

ә) Лексикалық калькалар: начальная школа – бастауыш мектеп, льгота – кеңшілік, бинт – орауыш, месячная зарплата – айлық ақы.

б) Аналитикалық калькалар: общежитие –жатып оқитын үй, черносотенцы – қаражүздер, правоуклонные – оңмінезділер, казенный суд – қазыналық сот, заверенная бумага – куәланған қағаз.

в) Синтетикалық калькалар: процент - өсім, товарищество – серіктік,  безработица – жұмыссыздық, учредитель – жасаушы, иммунитет – қарсы басытқы, уголовное дело – даушар іс, спонсорство – демеурін. т.б

         А.Байтұрсынұлы халықаралық және кірме терминдерді ұлт тілі негізінде аударумен ғана шектелмей, термин жасауда әдеби тілдің сөз жасамдық жүйесінде үлкен роль атқаратын семантикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдерді де  ұтымды пайдаланып отырған.

         Терминдер адамның қоғамдағы қызметінің ерекше түрін атап көрсететін болса, ең алдымен, ғылыми, кәсіби деңгейлерін айқындайды. Сондықтан терминдер ғылым мен техниканың,  кәсіби және өндірістік салалардың, ғылыми таным мен әлемдік экономиканың дамуын бейнелейді. Терминдер мен терминологиялық жүйелер  қоғамның әлеуметтік құрылымының біртекті еместігін, әртүрлі топтарға, бірлестіктерге бөлініп, әрқайсысының өз тілі, өзіне ғана тән, әрі түсінікті терминологиясы барлығын айқындайды. Термин тілдің ерекше негізін құрайды, себебі, терминсіз, терминологиялық жүйесіз бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби,  өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Яғни, терминдерде әлем түсінігі жайлы арнайы білім, ұғымдар қамтылған, сонымен қатар, терминдер адамның ойлау қабілетінің, танымының, ақиқат шындықтың бейнелеуі мен көрінісінің ерекше бір түрдегі  негізін сипаттайды.

         Мұндай зор міндетті атқаруда алаш зиялыларының арасында А.Байтұрсынұлының  орны айрықша болды. Ұлы жазушымыз М.Әуезов сөзімен айтқанда, өзі өмір сүрген дәуірде, қазақ халқының “рухани көсемі” атанған дара тұлғаның  термин шығармашылығындағы  ісі өзгелерге де өнеге бола отырып, ғасыр басындағы бүкіл термин жасау процесінің бағытын белгілеуге негіз болды.

  Термин шығармашылығының сөз болып отырған тәсілін пайдалану арқылы жасалған терминдерді ғасыр басында оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған авторлардың барлығының еңбектерінен кездестіруге болады. Мысалы, С.Қожанұлының 1924 жылы Ташкентте басылған “Есептану” құралында дәреже (разряд), түбір (корень), сыр (свойство), дүркін (период) сияқты терминдер болса, Елдес Омарұлының 1928 жылы Қызылордада басылған “Пішіндеме” (геометрия) оқулығында түйін (теорема), пішін (фигура), қия (диоганаль), өріс (радиус), өре (диаметр), саты (таблица) терминдер; ал 1923 жылы Ташкентте жарық көрген М.Жұмабаевтың “Педагогика” оқулығында абай, әсер, елес, әдет, ес, жан, хиял, қайрат, құлық сияқты терминдер кездеседі. Ал, «нравственность» деген сөздің дәлме-дәл баламасын «адамгершілік» десек, бірде «имангерлік» деген сөздермен тәржімалап жүрміз. Мағжан «наравственность» деген сөзді «құлықтылық» деп аударады. «Прекрасное» атты эстетикалық терминді «сұлулық» депті.

 Болашақта, Мағжан қолданған терминдер бүгінгі ғылыми, әдеби қауымды ойландыру тиіс.

         Даналық ешқашан көнермейді. Қайда апарып көмсең де, бір күні алтын секілді тот баспаған қалпында жарқ етіп шыға келеді. Мағжанның: «Ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе болмасқа тиісті» деген сөздерін оқығанда дәл бүгін сөйлеп тұрғандай әсерде болтыны ақиқат.

Зиялы оқығандарымыздың пән сөздеріне (термин) қатысты жасаған келелі отырысында  бірауыздан мақұлдап, жамағатқа таратқан шешімдерінің  бірі мынау: ”Пән сөздері ең әуелі қазақ тілінен ізделінеді. Бүтін дүниедегі қауымға бірдей сөздердің қазақшасы табылса, ол пән сөзі әлгі көп ел алған сөзбен жарыстырыла қолданылсын. Қайсысы оңды болады – оны өмір көрсетеді. Қазақ тілінен ізделінсін. Табылса, жатырқаусыз қазақ тілі заңына бағындырылып алынсын. Ал, пән сөзі түркі жұртында да ұшыраспаса, Шығыс немесе Батыс тілдерінен алынып, ана тіліміздің заңына бас идіріп, бұрылып пайдаланылсын”.

         Бұл шешім 1926 жылы Бакуде болған Түркі білімпаздары сиезіне қолдау тапқанын жақсы білеміз. Әйтсе де осы шешімнен “пантүркілік” астар,

“түркілік томаға -тұйықтық” іздеушілер болған. Бұған тарих куә.

         Қазақ білімпаздары пән сөздерін қадағалайтын комиссия (қазіргі ұғымша - терминком) құру қажет деп, қаулы қабылдады. Ол бойынша комиссияда  әр салаға қатысты секциялар болу керек. Әрбір секция өз саласында тапқан сөздерін  комиссияның ғылым кеңесі алдында қоюға міндетті. Секциялар пән сөздерімен жұртты мәшһүр етуге, ол жөнінде ғалымдардың пікіріне құлақ қоюға ынталы болуға тиіс. Ғылым кеңесі мүмкіндігіне қарай пән сөздерін зерттеуге  (мемлекеттік мәні бар іске) басқа ұлт өкілдерін тартуға құқылы.

         20 жылдардағы баспасөз беттерін парақтағанда, жоғары айтылған комиссия кеңесі істерін қазақ тіліне көшіру науқанында орасан қызмет атқарғандығын пайымдаймыз. Аталған сиезде бұл комиссия құрыла қоймаса да, кешікпей-ақ жасақталғанда, оның төрағасы болып А.Байтұрсынұлы, орынбасары қызметіне М.Жолдыбайұлы сайланғанын бүгінде жас ұрпақтың бірі білсе, екіншісі білмейді.

          Білімпаздар маслихатында жіті назар қойыла сөз болған мәселенің бірі – аты-жөнді білдіретін ұлттық белгіні тауып, заңдастыру еді. Сиез уәкілдері бұл туралы да бір шешімге келді. “Бұрыннан әке атының  аяғына қойылып жүретін “ов”, ”и” сияқты орыс пен арабтың сөзі қолданылмасын. Кісі шақырғанда, сөз сұрағанда, қазақ тілінің заңы бойынша  тура өз аты аталсын. Кітаптың сыртына жазғанда, ресми қағаздарға  қол қойғанда, дәкүмент қағаздарға тіркелгенде, әуелі әкесінің аты, сонан соң өзінің аты қойылсын. Әкесінің атынан кейін  ”ұлы”, “қызы”сияқты  білдіретін сөздер жазылсын” делінген.

         Сонымен қатар басқа ғылым салалары  сияқты  техникалық  ғылыми терминдердің  де негізгі  1920-30 жылдар арасында жасала бастады. Мәселен, М.Әуезовтың аудармасымен “Құрылыс материалдары” деген кітап 1926 жылы жарық көрді. Ә.Ермековтің жоғары оқу орындарына арналған “Математика” атты оқулығы 1931 жылы басылып шықты Бұларда текшеметр (кубометр), шаршы метр (квадратметр), қосынды, жамғы (сумма), кесік (сечение), лебіз (выражение), бой (высота) т.б. сияқты терминдер алғаш рет қолданылды.

         Осы жылдары алаш зиялыларының қолға алуымен алғашқы терминологиялық сөздіктер де жарық көре бастады. Мәселен, 1927 жылы Қызылорда қаласында Қаратышқановтың құрастыруымен араб алфавитімен “Пән сөздері” деген сөздік жарық көрді. Ал 1931 жылы латын әрпімен “Атаулар сөздігі” басылып шықты. Бұларда 400-дей математикалық термин кездеседі. Сол кездегі  сөздіктерде, кітаптарда кейбір ғылыми  және техникалық терминдер былайша қолданып жүрді: гранит – шұбартас, кварц – ақтас, хрусталь – сутас, горелка – қыздырма, растворитель – ерітпе, кислота – қышқыл, аморфное вещество – пішінсіз зат, валентность – іліктік, реакция – тектесу т.б.

         Біз бұл арада техникалық ғылымдарға  ғана қатысты терминдерді сөз еттік. Ал жалпы тіл біліміне қатысты ғылыми терминдердің жасалуын терең зерттейміз, оның жақсы жақтарын пайдаланамыз десек, жоғарыда  көрсетілген еңбектерге  қоса жиырмасыншы жылдары жарық көрген Халел Досмұхаметовтің  ”Адам анатомиясы” Жүсіпбек Аймауытовтың ”Жан жүйесі” (әңгіме психология жайында), Мағжан Жұмабаевтың ”Педагогика” Жұмахан Күдериннің “Өсімдік тану” т.б. еңбектерін ескеріп, керекті терминдерін кәдеге асыруымыз керек.

         Сонымен 1920-30 жылдары жалпы тіліміздегі, соның ішінде ғылыми терминдерді жасау ісіне бүкіл зиялы қауым, халықтың барша сауатты бөлігі қатысты.

         Қазақ терминолгиясының тарихында  жоғары бағаға ие болуға тиісті көзқарастар мен пікірлердің денін қазіргі ғылыми көзқарастар тұрғысынан, ХХ ғасыр басында  өмір сүрген зиялы қауымның, яғни Алаш ардақтыларының еңбектері құрап отырғандары белгілі. Терминология жөніндегі  ой-пікірлерінің  құндылығы жағынан  да басым түсіп жататын кезең – осы кезеңдегі  ойлар мен пікірлерге  келіп тіреледі. Алаш ардақтылары  еңбектеріндегі  ойлар мен пікірлердің, терминологияны қалыптастыру ісіндегі жасаған құнды істердің  бұлай бағалануы негізсіз емес. Оның өзіндік себептері бар екендігі анық. Олар:

1)Алаш зиялылары өмір сүрген кезең тіл тарихында да  маңызды шешімдер қабылданған өтпелі кезең болып есептеледі. Сондықтан осындай шешімдер сол кезеңде қабылданып, оң нәтиже берген де. Мұны тарихи дәйектер, олар қалыптастырған  терминдер дәйектей алатындығы анық. Тіпті, ол қазіргі зетрреушілер тарапынан да зерттеліп, дәлелденген құндылықтар;

         2)Бұл кезең өзінің күрделілігімен қазақ тарихының, оның ішінде мәдениет дамуы тарихының ішінде сипатталады.  Осы күрделі кезеңде өмір сүргендігіне, саяси идеологияиар соққысына қарамастан, ұлт мүддесі мақсатында тілдік мәселелердің шешілуі – осы кезеңге тән басты ерекшелік. Ал бұл ерекшелік сол тұстағы  ғылыми ойлар мен шешімдердің  құндылығын арттыра түсетін ерекшелік бола алатындығы дау тудырмайды.

3)Тілдің даму деңгейі алғаш рет ірі ықпалдар мен соққыларға ұшыраған кезең осы тұсқа сай келеді. Алғаш кедергілерге тап болған тіл дамуының  тарихындағы  кезеңде қазіргіге қарағанда нәтижелі шешімдер қабылдана білген. Мұның айғағы, ұлттық тілді ұлт дыбыстарына сәйкес дыбыстай білуі, ұлт тілін қолданушы тұлғалардың өзге сананы меңгермей, таза ұлттық санамен таза тілді сақтап қалуға ұмтылуы, соған сәйкес қазақ табиғатына жат болмайтын ұлт тіліндегі терминдер мен  сөздерді жасап, қалыптастыра алғандығы әсер еткен.

         Осындай ерекшеліктері бар, құндылығы жоғары Алаш зиялы қауымның ғылыми ойлары, ізденістері сол кезеңде “халықаралық” деп атап жүрген  терминдерді қабылдауда да  тиімді қолданып, дұрыс бағыт-бағдар ұстанған. Сондықтан “халықаралық” терминдерді қабылдау жөніндегі ХХ ғасыр басындағы зиялы қауымның еңбектері мен ғылыми пікірлерін  де салыстыра зерттеп, алдағы уақытта негізге алу, халықаралық терминдерді қабылдау барысындағы жұмыстарда ұстану мақсатында талдап көрудің қажеттілігі бар екендігі анық.

         Осы тұста А.Байтұрсынұлының Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайда ұсынған жүйеленген терминологиялық қағидаттарындағы  әлемдік терминдерді  қабылдауға байланысты бөлімдері толығырақ тоқтала кетуді қажет етеді:

         1. Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің  табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Оларды алмастыруға болатын жағдайда таңдауды қоғамның өзі жасауы үшін,  екеуі де қатар алынуы тиіс. Жаппай қолданылатын деп біз араб сөздерін емес, қазіргі кең тараған Еуропа сөздерін  айтып отырмыз. Араб сөздеріне  қарағанда оларға басымдық беріп отыруымыздың себебі біз қазір араб емес еуропа мәдениетіне ден қойып отырмыз. Еуропа мәдениетінің барлық  жетістіктері  тұтастай Еуропа тілдерінде атала алады. Алайда, кірме терминдер біздің қазақ тіліне айтылуына  бағынуға тиіс, яғни оларға тілдің  қалыпты артикуляциясынан бастау алатын біздің  тіліміздің  дыбысты заңдылықтары үстемдік етуі (таратылуы) керек.

         2. Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің  сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес  өзгертілуі керек. Бұл дегеніміз, біріншіден, құрамында қазақ тіліне жат дыбыстары бар барлық сөздердің тиісті төл дыбыстарымызбен алмастырылады, екіншіден, кірме сөздердің  жұрнақтары қазақ жұрнақтарымен алмастырылады, үшіншіден, қосарлы дыбыстардың біреуі ғана қабылданады, төртіншіден қазақ тіліне жат қосымшалар Оренбург- Орынбор, Самара- Самар, пуховой –бөкебай, покров- боқырау, Адамовский-Адамау т.б. (5,422-423-б)

         1930 жылға дейін алаш зиялыларының жасаған терминдері Н.Қаратышқановтың құрастыруымен 1927 жылы жарық көрген “Пән сөздері” мен 1931 жылы шыққан “Атаулар сөздігі” терминологиялық сөздіктеріне  енген. Бұл  сөздіктердегі терминдердің барлығы  ғалымдардың жоғарыда аталып кеткен қағидаттарына негізделіп жасалған. Мәселен, Еуропа халықтарының тілдерінен қазақ тілінің  дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп алынған терминдері мынадай: абансы- (аванс), әлімін (аллюминий), әспалт (асфальт), бәктері (бактерия), үністеті (институт),  кемесие (комиссия), кіристал (кристал), псиқалогия (психология), ыспорт (спорт), өніберістет (университет), ыстанса (станция), пыролог (пролог), атпекет (адвокат), детсіметр (дециметр), диәгірәм (диаграмма), аптыр (автор), әрие (ария), гірәмәпон (грамофон), декаратсие (декорация), кино үндістрия (кино индустрия), кәмедиә (комедия), миниетір (миниатюра), мүзикелі драма (музыкалы драма), өктәбе (октава). т.б.

         Аталмыш сөздіктерде сәтті жасалған көптеген атаулар ұлт тілінде жасалған терминқорымызды байытып, сол кезеңнен бері қолданыстан шықпады. Мысалы, өт (желчь), баяндама (доклад), қызмет орын (должность), заң (закон), меруерт (жемчуг), дәстүр (традиция), көлік (транспорт), көміртегі (углевод), көшірме (выписка), дәріқана (аптека), тоңазытқыш (холодильник(, мінездеме (характеристика) т.б.

         1910-30 жылдар аралығында алаш зиялыларының қаламынан туындаған көптеген терминдер кейінгі уақытта  қолданыстан шығып қалды. Ал, біраз терминдер тобы егемендік алып, ұлттық терминқорымызды  өз тіліміздің  сөздерімен толықтыру ісі қолға алынып отырған кезде, қайта қолданысқа  түсе бастады. Оған мысал ретінде кеңес (совет),  санақ (перепись),  тақырып (тема), қисын (теория),  баспақана (типография), әдіс (метод) т.б. терминдерін алуға  болады.

         Жоғарыдағы терминдер қолданысқа қайта енген болса, аталмыш сөздіктердегі  терминдердің едәуір бөлігі  мүлде қолданылмай,  шеттетіліп қалған. Мысалы, бернелеу (аллегория), сияқ (аналогия), іліктік (ассоциация), төрік (аукцион), гәпс (гипс), пайда ,сыбаға (дивидент), ыспаттама (документ), лұғат (словарь), байна (пункт), нақыс (симметрия), сөз кені (лексика), серке (лидер), сөл (лимфа), жиангер (империалист), ырымдау (диссимиляция), жабайы еңбек (простой труд), әлеміш (узор).

         Алаш зиялыларының өз заманында қоғамның барлық ісіне бірдей  араласқаны бізге белгілі. Бұдан шығатын қорытынды, халқы үшін қызмет еткен тұлғаларға сол кезеңнің аумалы-төкпелілігі. Өздерінің осы пән атаулары бекітіліп, сөздік болып құрастырылып шығуын жылдамдатқандары сондықтан болар.