Э.ғ.к. Әбдіғапар С.А. Магистрант Берекетов М.Ж.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті

Шағын кәсіпкерлікті дамыту халықтың тұрмыс деңгейін арттыру тетігі ретінде

Шағын кәсіпкерлік халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мәселесін шешу шеңберiнде халықтың әртүрлi санаттарына, соның iшiнде оның әлеуметтiк осал топтары - жұмыссыздарға, жалғызілікті аналарға, оралмандарға көмек көрсетуге және жұмыс орындарын ұсынуға қабiлеттi. Шағын кәсіпкерліктiң тұрақты қызметi мемлекеттiк бюджетке түсетiн салық түсiмдерiнiң өсуiн қамтамасыз етедi және тиiсiнше, елдiң әлеуметтік мұқтаждарына шығыстардың ұлғаюына ықпал етедi. Бірақ еліміздегі ЖIӨ көлемінде шағын бизнестiң үлесi күнi бүгiнге дейiн мардымсыз болып отыр.

Шағын және орта кәсіпкерлік халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс істейтіндердің саны бойынша, өндірілетін және сатылатын тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен қызметтердің көлемі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жетекші рөл атқарады. Сондықтан кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті болып табылады.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мына мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:

- жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсету арқылы халықтың кедей жiктерiнiң шағын бизнеске қатысуға қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету;

- бизнес жүргiзу және кәсiпкерлiк қызметпен айналысу негiздерiне оқыту орталықтарын құру жөнiндегi жұмысты күшейту;

- тоқтап тұрған кәсiпорындарды және тиiмдiлiгi аз өндiрiстердi белгiленген тәртiппен кейiннен шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бере отырып, оларды сегменттеудi одан әрi жалғастыру;

- бизнес-инкубаторлар құру жөнiндегi жұмысты жалғастыру, сондай-ақ бұл үрдіске үкіметтік емес ұйымдарды тартуды жандандыру;

- шағын кәсiпкерлiк саласына кредиттiк ресурстар тартуға ықпал ету;

- өзiн-өзi қамтушыларға өз iсiн ұйымдастыруда арнайы көмек шараларын әзiрлеу қажет.

Жалпы шағын кәсіпкерлікті қолдаудың төрт негізгі тетігін ұсынуға болады:

1.Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау;

2.Ақпараттық қамтамасыз ету;

3.Салық жеңілдіктерін беру;

4.Білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Шағын кәсіпкерлік секторы бірнеше маңызды әлеуметтік функцияларды орындайды. Тұрмыс деңгейін арттыру тұрғысынан алатын болсақ, шағын бизнес экономикалық белсенді тұрғындарға өзін және өз отбасын қамтамасыз етуге жеткілікті табыс табуға мүмкіндік береді. Шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасай отырып жұмысбастылық мәселесін шешуге болады.

Олай болса, елімізде тиімді нарықтық экономиканың дамуында шағын кәсіпкерліктің мәні зор. Өйткені шағын кәсіпкерліктің дамуы мыналарды қамтамасыз етеді:

- бәсекелестік ортаның дамуын;

- рыноктың тауарлармен және қызметтермен толтырылуын;

- жергілікті билік органдарының экономикалық базасының нығаюын;

- ауылдар мен қалалардың дамуын.

Шағын кәсіпкерліктің артықшылықтарына капитал салымдары қайтарымының жылдамдығы, өндірушілердің өңірлік рынокқа ориентациясы, сұраныстың өзгеруіне жылдам бейімделуі, жұмысбастылықтың өсуі жатады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі шағын бизнесті дамыту болып табылады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 6533 шағын бизнес субъектілері тіркелген, оның 5770-і жұмыс жасап тұр тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр .

Шикізаттық емес саладағы шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13  сәуір № 301 қаулысымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бекітілді. Бұл аталған  бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2010 жылы 30 млрд. теңге көзделген, оның ішінде:

1)     жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға 12 млрд. теңге;

2)     кәсіпкерлік секторды сауықтыруға 16 млрд. теңге;

3)     экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдауға 2 млрд. теңге [1].

Маңғыстау облысының даму басымдылықтарының бірі экономикалық өсудің, рынокты жандандырудың және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды факторы ретінде шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бұл  секторды дамыту үшін шағын және орта бизнес субъектілерінің экономикалық қызметіне қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін микроқаржыландыру желілерін дамыту керек.

Микроқаржыландыру нарығы кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсете отырып және кедейлік деңгейін төмендете отырып Қазақстан экономикасында барынша маңызды орынға ие болып отыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша микрокредиттердегі деген мұқтаждық өте жоғары болып отыр. БҰҰ зерттеулері Қазақстандағы микрокредиттерге сұранысты шамамен 800 млн. АҚШ доллары көлемінде екенін анықтады [2].

Халықаралық тәжірибе дәлелдегендей, микроқаржыландыру – тұрмыс деңгейін арттырудың және шағын кәсіпкерлікті дамыту есебінен экономикалық өсуді ынталандырудың тиімді құралы.

Облыстық және қалалық әкімшіліктің басты мақсаты қосымша жұмыс орындарын ашу арқылы халықты еңбекпен қамту, маман даярлау және қайта даярлау, тұрғындардың іскерлік белсенділігін арттырып, дағдарыстан кейінгі тұрақты дамуға қолайлы жағдай туғызу болып отыр. Осы мақсатта шағын және орта бизнестің атқаратын рөлі орасан зор.

Дамыған елдерде шағын бизнес еңбекке қабілетті тұрғындардың 50-60%-ын тартады және  70-80% жаңа жұмыс орындарын қалыптастырады, жалпы ұлттық өнімнің 20%-дан 60%-ға дейінгі мөлшері оның үлесіне тиеді. Тұтыну сұранысының өзгерісіне тез бейімделу мүмкіндігіне ие бола отырып, шағын кәсіпкерлік нарықтық экономикаға қажетті икемділік береді. Осының барлығы жаңа жұмыс орындарының генераторы ретінде орын алуға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шағын кәсіпкерліктің функциясын мынадан айқын көруге болады: АҚШ-та, мысалы, жаңа жұмыс орындарының жалпы өсімінде шағын бизнестің үлесі 2/3 құрайды, олардың ішінде 20 адамға дейін жұмысшылары бар кәсіпорындарда – 70%-дан жоғары [3].

Әдебиеттер:

1     Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13  сәуір № 301 қаулысымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы.

2           «МИКРО» - кішкентай дегенді білдірмейді // Мир финансов. Капитал. Инвестиции. Технологии. – 2009. – №11-12. – С.90-91.

3         Рыночная экономика Казахстана: проблемы становления и развития, в двух томах / под ред. М.Б. Кенжегузина.– Алматы: Экономика, 2001. – Т.2. – С.221.

4      Мухтарова К. Распределение доходов населения Казахстана // Саясат. – 2005. – 3. – С. 17-19.

5      Стратегия территориального развития Мангистауской области до 2015 года. - Актау, 2007. – С. 144.