Ахметов Кәрім Нұртуғанұлы
№ 3 мектеп, Ембі
қаласы
Білім беруде тарихты оқытуды
жетілдіру жолдары
Қазақстан
ғасырлар тоғысында тәуелсіз елге айналып, саяси,
әлеуметтік және
экономикалық жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде
қайта құрылуы - білім беру ұйымдарында бейіндік
оқытуды ұйымдастыру мен оқушылардың бейімдік
қабілетін анықтаудағы менеджмент қызметін
құру көкейкесті мәселе болып табылады.
«Назарбаев
Университетінде» оқыған «Қазақстан Білім
қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісінде Елбасы
Н.Ә.Назарбаев: «Заманауи әлемде елдің қуаты ең
алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Сол білімді әжетке,
тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады. Инемен құдық
қазғандай, қиын да күрделі, орасан
қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз – өмір
тұл. Терең
білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой –
азаттығымыздың алдаспаны» деп көрегендікпен білімнің
қоғамдағы орнын айқындап берді.
«ҚР 2015 жылға дейінгі
тұжырымдамасында», «ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» еліміздің
білім беру жүйесіндегі барлық сатылардағы мәселелерді
мәдени тұрғыдан жіктеп бергендігін ескеретін болсақ,
соның ішінде 12 жылдық білім берудегі кәсіби білімге
қатысты бірқатар қиын мәселелерді шешу міндеттері
ерекше аталады. «ҚР Білім туралы» Заңының 8 бабында «Білім
беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және
жалпы-адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика
жетістіктері жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және
кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін
қажетті жағдайлар жасау» делінген.
Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты - жылдам
өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең
білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін
бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға,
өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс,
адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға
қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген.
Жоғарыда аталған қағидаларды ұстана отырып
Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан
ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді
ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда
жаңа талаптар қоя отырып, ұлттық рухта болашақ ұрпаққа
бейіндік оқыту мен тәрбие беру әрі оны психологиялық
тұрғыдан алдын-ала анықтау қажет. Еліміздің даму
деңгейі осы арқылы бағаланатын әрбір мемлекеттің
мәдени-экономикалық дамуы қайсібір тарихи кезеңдерде
болмасын ондағы білім беру жүйесінің деңгейіне
байланыстылығы дәлелденді. Сондықтан да қазіргі
таңда тарихи білімге орай бейімдеп оқыту көзқарасы да,
сұранысы да әлемдік деңгейде бетбұрыс алуда.
Осыған орай білім берудің мақсаты бұрынғыдай
жастарды әмбебап біліммен қаруландыру емес, оларға аз-аздан
барлық сала жайлы білім емес, терең бір ғана сала бойынша
білім беру. Осыны жүзеге асыру үшін елімізде бейіндік оқыту
ұйымдастырылуда. Бала болашағы оның жаңа
тұжырымдарды түсінуі мен қабылдай білуіне, дұрыс
таңдау жасауына, бүкіл өмір бойына өзгермелі
жағдайларға тез икемделе білу қабілетіне байланысты
болмақ. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші
кезектегі нақты талап: ойлылық, салмақтылық,
белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, терең білімділік,
кәсіби сауаттылық.Тарихи білім беру сапасын көтеру,
мемлекеттің және қоғамның,
тұлғалық өзекті және келешектегі
қажеттіліктерді жүзеге асыру әдістерінің бірі ретінде
ұсынылып отыр. Жоғары сынып оқушыларының кәсіптік
өзін-өзі анықтауы негіздері П.П.Блонский, С.И.Вершинин,
В.И.Журавлев, Е.А.Климов, Н.Н.Чистяков, С.Т.Щацкий т.б. еңбектерінде
көрсетілген. Соңғы жылдары оқушылардың
кәсіби өзін-өзі анықтауына деген көзқарас
біршама өзгерді, әйтсе де бұл өзгерістер ең
алдымен білім беруді жетілдіру тұжырымдамаларына бейіналды
әзірліктің және жалпы білім берудің жоғары
сатысында оқушыларға бейіндік оқытуды енгізумен байланысты.
Қазақстан тарихын зерттеуде, оны мектептерде
оқытуда зор еңбек сіңірген атақты тарихшы Ермұхан
Бекмахановтың шәкірті, қазақ елінің тарихы
жөнінде жарық көрген бірнеше оқулықтың
авторы, Қазақстан тарихын мектепте оқытудың теориясымен
әдістемесін жан – жақты зерттеп, ғылыми еңбек
жазған алғашқы ғалым –педагог
Т.Тұрлығұл Қазақтан тарихы пәнін
оқыту әдістемесін жетілдіруде мына төмендегідей ғылыми-әдістемелік
–тәжірибелік жетістіктерге жетті:
1.«Қазақ
халқының, Қазақстан тарихының мектепте
оқытылуы» – деген ғылыми- әдістемелік проблема жеке
ағартушылардың идея етіп көтергенінен бастап (Ы.Алтынсарин
заманынан), оның қазіргі мектепте жеке пән болып
оқытылуына дейінгі тарихы тұңғыш рет ғылыми
зерттеуге алынып, қорытындысы кешенді ғылыми еңбек ретінде
ұсынылды.
2.Қазақстан
тарихының мектепте оқытылған уақыты кезеңдерге
бөлінді, олар ғылыми тұрғыда негізделді.
3. Қазіргі
мектептегі Қазақстан тарихы оқу пәніне қойылатын
теориялық және ғылыми- әдістемелік талаптарға сай
келеді деген тұжырым жасады.
4.Пәннің
бағдарламалары мен оқулықтары ғылыми- әдістемелік
тұрғыда талданып, салыстырылып, жаңа
нұсқаларындағы өзгерістерімен ерекшеліктері
көрсетілді, оларды жетілдіру бағыттары анықталды, жаңа
бағдарламалар мен оқулықтар жасау қажеттігі және
олардың ғылыми – әдістемелік негіздерін ұсынды.
5.Зерттеу
жұмысы барысында мектепте Қазақстан тарихын оқытуда
бірқатар қайшылықтардың бар екені анықталып, олар
педагогикалық эксперимент әдісі көмегімен зерттеп шешті.
6.«Мектепте
Қазақстан тарихын оқыту әдістемесі» деген жаңа
пәннің ғылыми- әдістемелік моделін жасап ұсынды.
Оның құрылымымен мазмұнының бұған
дейін жеке пәндерден жасалған оқу пәндері
әдістемесі құрылымдарынан елеулі өзгешеліктері бар.
Бұлар алдымен пәнді оқытудың мақсат –
міндеттерімен білім мазмұнын іріктеудегі жаңа ұстанымнан
байқады.
Қоғамның
дамып-өркендеуі, оның әлеуметтік-мәдени этностық
ерекшеліктерін толық меңгеріп, өзгерістер,
жаңалықтар, ұғымдар туралы болып жатқан
барлық мәселелерге мән бере отырып, салауатты өмір
салтын құруда, білім беру саласындағы инновацияны
меңгеруде, қоғамымызды ізгілендіруде мұғалімдерге,
олардың кәсіптік сапаларына, білімділігі, ғылыми-зерттеу
жұмыстарын жүргізуге қабілеттілігі, мәдениеті,
парасаттылығы, т.б. қасиеттеріне байланысты екендігін,
мұғалімдік мамандықтың жан-жақты білімді, шынайы
сезімтал болуды, шәкірттеріне шексіз сүйіспеншілікті беруді талап
ететінін, еңбегінің нәтижесі әр күн сайын
балаларға қуаныш әкелгенде ғана жемісті болатынын
ұғындыру.
Бүгінгі таңда ғасырлар
қойнауында жатқан ұлттық тәрбиенің
озық әрі өнегелі дәстүрлерін, асыл
қасиеттерін оқушылардың бойында қалыптастыру,
этнопедагогика материалдарын ұтымды пайдалану – аса маңызды
міндеттердің бірі.
ХХІ ғасыр – қатаң
бәсеке ғасыры. Еліміздің білім беру жүйесі
әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Бүгінгі
күні қазақ халқының ұлттық мәдениетінің
қайта өркендеу жағдайында жеткіншек ұрпақты
ұлттық дәстүрлерде тәрбиелеудің заңды
объективті қажеттігі туды. Қай заманда болсын жас
ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік
ұлттық тәлім-тәрбиесі болатындығы белгілі.
Егеменді Қазақстан Республикасының болашақ
ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын,
оның ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен
сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең
өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі
көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасының
«Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті –
ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылықтармен практика жетістіктері негізінде жеке адамды
қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға
бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар
жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді
ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық
коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Қазіргі мектеп
жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне
оқыту мен тәрбие берудің соңғы әдіс-тәсілдерін,
инновациялық технологияны игерген, психологиялық,
педагогикалық жұмыста қалыптасқан, ескі сүрлеуден
тез арада арылуға қабілетті және нақты
тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік
даңғыл жолын салуға икемді, шығармашылық
педагогикалық зерттеуші болуды талап етеді.
Қазіргі
таңда жас ұрпаққа жан-жақты білім беру күн
тәртібінде тұрған өзекті мәселе болып отыр. Ел
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына
Жолдауында: «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің
тығырыққа тірелері анық. Біз, болашақтың
жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды
өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауға
тиіспіз. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап,
кең ауқымды жаңаша ойлай білетін осы заманғы
басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра
алмаймыз» делінген. Біз Елбасының осы сөздерінен кейін жас
ұрпақты тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру
мұғалімдердің алдындағы үлкен жауапкершілік.
Соның ішінде болашақтың кілті қолдарына алған жас
ұрпаққа патриоттық тәрбие мен
дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыратын тарихшы
мұғалімдердің орны ерекше. Бүгінгі таңда
өзіміз тәлім – тәрбие беріп жатқан ұрпақ
ертеңгі күні тек білімді маман ғана емес, Отанын жанындай
сүйетін, ұлттық тарихы мен мәдениетін
қастерлейтін, рухани кемелденген азамат болып жетілуі қажет.
Қазіргі елдігімізді біліп, еңсемізді көтерумен бірге
ұлттық тәрбиені жаңартып-жаңғырта отырып,
ұрпақ тәрбиесін халық даналығымен,
дәстүрлі құқық нормаларымен
ұштастырып, дамытуға тиіспіз.
Қазіргі заман ағымына байланысты
оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін
мұғалімдерге жаңа талаптар қойылуда. Сол себепті
оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, мектеп
тәжірибесіне енгізілуде. Жан-жақты ізденістің
нәтижесінде білім беру саласында жаңа педагогикалық
технологиялардың саны да, сапасы да өсіп келеді. Технология –
белгілі бір істегі адамның әдісі, шеберлігі. Осы шеберлік
арқылы мұғалімнің өз сабағын
оқушыға жоғары сатыда жеткізуіне мүмкіндік
береді. Мұғалім үнемі шығармашылықпен,
ізденіспен жұмыс жасап отырса жаңашылдыққа жақын
болғаны. Өзгелердің үлгісін өз ісінде пайдалана
білсе, оған өзіндік қолтаңбасын қосып отырса –
оқушы тәрбиелеу мен білім берудегі жетістігі сол болмақ.
Қазіргі педагогикалық әдебиеттерден 50-ден астам оқыту
технологиялары қолданысқа енгізілгені белгілі болып отыр.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жаңаша
құрылымы бар демократиялық қоғам
құруға кіріскеніне біршама уақыт өтті.
Еліміздің болашағын жасайтын жастар білімімен қатар
шығармашылық қасиеті жоғары, өзіндік
көзқарасы бар, елге тұлға болатын азаматтар болуы
керек. Ал ол азаматтарды оқытып, тәрбиелеп шығаратын негізгі
орта – мектеп. Сондықтан қазіргі мектеп ішінара қайта
құруларға жол беріп, көп істерде оң
өзгерістерге қол жеткізуде. Тарих пәні
мұғалімдерінің міндеті – мәдениетті түрде
білімді, іскер, жеке тұлғаны дамыту, ұлтымыздың рухын
көтеру, осы мақсатқа жететіндей тиімді жол іздеу. Тарих –
мектептегі оқу пәні ретінде жалпы негізгі білім беретін
барлық гуманитарлық және қоғамтанушылық
курстардың негізін құрайды. Тарих – ұлттық
өзіндік сана – сезімді және адамгершілік – этикалық
нормаларды қалыптастыра отырып, оқытудың
дүниетанымдық негізін қалыптастырады. Тарих басқа
пәндермен өзара тығыз байланыса отырып, талдау және
логикалық таным әдістерін қолдануға мүмкіндік
туғызады. Мысалға картамен, мәтінмен жұмыс жасау,
оқиғалар мен құбылыстардың ерекшеліктерін
айқындап, ортақ әдіс-тәсілдер арқылы іске асады. Сапалы
білімді қамтамасыз етуде қазіргі қолданылып жатқан
әдіс-амалдар өте мол, оқушылардың
қызығушылығын арттыруда жаңа технологиялар да артуда,
тек әр ұстаз, өз оқушыларына ыңғайлысын
қолдана білуден ұтады. Соның бірі мектепте тарихты
оқытуда қолданылған шығармашылық тапсырмалар,
оқушылар өздері ізденеді, тілге деген құрметі артады,
әр тақырыптың мәні ашылып, талданады, қазақ
халқының салт-дәстүрімен таныстырылып,
сыйластыққа үйретеді, пәнге деген қызығушылықтары
да арта түседі деп ойлаймыз. Қазіргі жас жеткіншектердің
қабылдау ерекшеліктері, жаңа әлеуметтік-экономикалық
міндет, оқыту міндеті қанша тапсырма берілгенге емес,
әдістемелердің құрылымы мен түрлеріне байланысты.
Нәтижелі әдістемелерден соң интеллектінің дамуы
көтеріледі, эрудициясы өседі, өмірлік
құндылықпен приоритеті өзгереді. Оқушылардың
тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін сапалы
білім берудің тиімді жолдарын таңдап, тарихи және
мәдени мұралармен таныстыру, тарихи деректерді оқып білуге
дағдыландыру, баяндама, рефераттар, өз бетінше оқып білім
алып, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау,
педагогикалық технологиялар, әдістер мен тәсілдерді пайдалану
және т.б. Осы сөзімді жандандыру үшін орыстың ұлы
педагогы К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін
үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім,
оқуды ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де
жойылады»деген сөзін әрбір мұғалім естен
шығармауымыз керек.
Қорыта келгенде,
оқушыларды дайындауды жүйелі
ұйымдастыру қабілеттері мен бейімділіктеріне қарай
ғылымның, өндірістің, өнердің белгілі бір
саласында озық нәтижеге қолжеткізе алатын мамандықты
таңдауға бағыттайды деп есептеймін. Оқушының
оқудағы, шығармашылық, әлеуметтік,
коммуникативтік қызмет саласындағы
құзіреттілігін айқындай отырып, жеке
жетістіктерінің негізінде өз бейінін айқындау мен
шыңдай түсуде оқытудың жаңа формалары мен
психологиялық қызметті құру әрі оның жан
-жақты жұмыс жасауы көптеген тиімділіктерді береді деген
сенімдемін.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан өз
дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында». Астана,
2006. 43-б.
2.Қазақстан
Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан
білім қоғамы жолында» атты «Назарбаев Университетінде»
оқыған интерактивті дәрісі. Егемен Қазақстан,
2012, 6 қыркүйек.
3.Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы.Астана, 2004.
4.Қазақстан
Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана,2011.
5.
«Қазақстан Республикасының Білім туралы» заңы.Астана,
2007.
6.Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта
білім беру тұжырымдамасы. Астана, 2010.