Куненова П.С.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ДАУЫСТЫ ДҰРЫС ЖОЛҒА ҚОЮ АРҚЫЛЫ ӨЛЕҢ ОҚУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

         Өнер - адамзат баласының рухани байлығы дейміз, енді сол байлықты игеру, меңгеру тілмен байланысты. Яғни, сөз өнерінің байлығы тіл байлығы арқылы жүзеге асырылмақ. Театр, теледидар, радио, экран мен сахнада актер сөздің әдеби айтылудың дұрыстығын және тазалығын сақтай отырып, тіл арқылы тыңдаушымен және көрерменімен байланысқа түседі. Актер дауысы зор, икемді, барынша кең диапазонды және сахна мен көрермен залында кез келген жағдайда төзімді болуы керек. Сахнада артистің аузынан шыққан үнге қойылатын басты талап – дыбыстың таза, анық шығуы. Егер сөлеп тұрған адамның сөзінен бір дыбыс дұрыс естілмей қалса немесе күңгірттеніп, шала естілсе, онда бар сөйлемнің мән-мағынасы бұзылады. Бұл орайда материалды меңгеру үшін студентке барынша кең әрі ыңғайлы тыныс қажет, дыбысталу да әр түрлі болғаны дұрыс. Мәтіннің сезімталдығын меңгеру, өлеңнің әуезділігін сезіну, өз сөзінің құндылығына жетуге тырысу керек. Дауыстың бұл сапалары  сөйлеу аппараты таза жағдайда жасалған жаттығу процесі барысында жүзеге асырылады. Сөздің басын айтқанда, әрқашан, орта тонда салмақтылықпен, жағымды қарапайымдылықпен, момындықпен, зорлық-зомбылықсыз айту керек. Дауысты қуатты бастап, аяғына қарай төмендетіп алуға болмайды. Бет-бейне, дауыс және қол – бәрі тірілуі керек.

Дауысты дұрыс жолға қою» - дегеніміз  дауыс актерге ұзақ жылдар бойы қызмет ету үшін дауыс аппараты жұмысына жағдай туғызу деген сөз. Оның үстіне әр актер өмір бойы өз дауысын дамытып, күшейтіп, сақтап отыруға міндетті.

         Бірінші курстан бастап дикциямен және тыныс алумен жұмыс істеу «дауысты дұрыс жолға қоюдың» бастамасы болып табылады.

 Бірінші күннен дауыстағы көмей қысымына, мұрынмен дыбыстау, ашық және қатты үн жетіспеушілігіне баса назар аударылып, артикуляциямен және тыныс алумен жұмыс, резонаторды тексеру – бұның бәрі дұрыс дауысты ұйымдастырудың бірінші қадамы болып табылады. Олар анық сөйлеуді, қажетті тыныс алуды және дауыс үнділігін қамтамасыз етіп отырады. Арнайы дауыс жаттығулары өз дауысын бақылауға үйрету, тыныс алу және дыбыстау үйлесімділіктерін дамытумен жүзеге асырылады.

Ол үшін біз көмекей, желкенің бұлшық ет қысымдарын алып тастауға арналған жаттығулардан бастадық.

1-жаттығу:

Бао тао рао

Пао гао  лао

Дао као мао нао

         Әрбір тіркесті айтқанда жеңіл қимылмен басты артқа, оңға, солға, төменге иіліп  сосын қалыпты жағдайға қайта келу керек.

2-жаттығу. Енді тілдің бұлшық ет қысымын алып тастауға арналған жаттығуларды жасаймыз.

         Тілді босатып, оны төменгі ерінге қою керек. Сол қалыпта дауыссыз дыбыстардың таблицасын айтып шығыңыз. Содан кейін тілді еріннен алып тастап, дауыссыз дыбыстарды қайта айтып шығыу керек. Сөйтіп, бір мәтінді айтып, бұлшық қысымдарын тексеру.

3-жаттығу. Әріптердің өзіндік қасиетін, сан-салалы қырларын меңгерген соң енді дыбыстарды  іс-әрекет, түрлі қимылдармен байланыстыра отырып жаттығу жасау. Сазды әуеннің ырғағымен қозғалысқа түскен дене қимылы – қолға, иыққа және аяққа жан бітіріп, барлық дене мүшелерін босату арқылы бұлшық еттерінің босатады, дауысқа күш-қуат береді.

         Мысалы, нотаны қайталап айту арқылы. До-ре-ми-фа-соль-ля-си-до. До-си-ля-соль-фа-ми-ре-до.

4-жаттығу. Келесі кезекте біртіндеп әртүрлі әуенге қосу арқылы жаттығу жасаймыз.

         Сонымен, оның нәтижесі: қимыл – сөз - әуен-сөз-қимыл яғни, жалғасуын тудырады. Әріптерді әр түрлі қимыл әрекеттермен байланыстыру, яғни  сазды әуеннің ырғағымен қозғалысқа түсіп, билей жүріп әріптерден құралған сөздерді айту.

Мысалы:

                                   Мен мен мен едім,

                                          Мен нарында жүргенде

                                   Еңіреп жүрген ер едім.

                                  Исатайдың барында

                                 Екі тарлан бөрі едім

                                 Қай қазақтан кем едім,

                                 Мың қазаққа тең едім - әуенге қосып, билеп жүріп айту.

Фонация кезінде адам өз дауысының дыбысталу сапасын, оның тембрін нақты белгілей алмайды.

         Актерге дауыс регистрінің қимылын белгілеу үшін, өзінің дауыс аппаратын қалпына келтіру үшін, резонатор жұмысымен байланысты тербелмелі сезім қажет.

 Кеуде регистріне кеуде қуысы резонаторлары қатысты. Яғни желбезек тербелгенде актер дауысының сөйлеу фундаменті болып табылатын кеуде резонаторы туындайды.

         Бас регистріне бастың бет бөлігі қуысының резонаторлары қатысты болып табылады. Тербеліс сезімі бастың жоғарғы жағында, желке тұсы мен төбесінде де туындайды. Сөйтіп, резонатор екіге бөлінеді: жоғарғы (бас) резонатор және төменгі (кеуде) резонатор. Жоғарғы резонатор жұмыс істеген кезде тербеліс сезімі бастағы әртүрлі резонаторлық нүктелерде бір мезгілде сезілуі мүмкін. Мұның бәрі дауыс диапазоны тонының өзгеруіне және үннің шығу характеріне байланысты.

         Ал, кеуде резонаторына келсек, дауыспен дұрыс басқарған кезде, үн кеуде клеткаларының барлық жерінде тербеліс  сезімін тудырады. Сөйтіп, дауыстың жоғарғы резонатордағы тербеліс сезімі арқылы - төменгі резонатордағы тербелісті бақылайды. Ол үшін беттің  және мойынның бұлшық еттеріне жаттығу жасаймыз.

1-жаттығу. Мысалы, еркін тұрып бас ақырындап артқа шалқаяды, демді мұрын арқылы ішке тартып, «М» дыбысын айту арқылы  бас иекпен кеудеге құлайды, дыбысты айту басталады.

Бас оң иыққа еркін, қалыпты қозғалыс жасайды. Дыбысталуды жалғастырып, қимыл артқа, сол иыққа қозғалады.

2-     жаттығу. «Ұшақ» арқылы жаттығу жасау. «М» дыбысы арқылы қол оңға қарай баяу қозғалысын бастайды, яғни ұшақтың қозғалысын бейнелейді. Бас  қолмен қозғалуы керек.

3-жаттығу. Жаттығуға студенттер екіден қатыса алады. Олардың бірі қасындағы жолдасынан бір нәрсені беруді, алуын, тиіспеуін сұрайды. Студент  оны: да-да-да-да фразалары арқылы, екінші студент: жо-жо-жо-жо фразаларымен бас тартады. Сонда бірінші студент на-на-на-на фразасымен қайта сұрайды, екіншісі ни-ни-ни-ни фразасымен табанды түрде бас тартады, оған келіспейтінін білдіреді. Бұндай жаттығулар резонатормен жұмыс барысында ғана емес, студенттердің ой -өрісіннің, қиялының дамуына да өзіндік септігін тигізеді.

4-жаттығу. Мәтінді жоғары регистрден төменгі регистрге жеткізу арқылы дауыс күшіне немесе әр түрлі ой мен мақсатқа құрып жаттығу жасау керек. Мысалы, жаңылтпаш арқылы  жаттығу жасап көрейік:

    Ей, Тайқарбай дегенде, бай Тайқарбай,

   Малыңды Ақшалғынға жай, Тайқарбай.

   Тайқарбай, Майқарбайлар  толып жатыр,

   Сенің айтып жүргенің қай, Тайқарбай!

5-жаттығу. Сөз сөйлеуде, мәтінді оқуда дауыс қарқынын, ырғағын өзгертуде, мәтіндегі оқиғаның басталуында, күшеюінде, шиеленісуінде, аяқталуында әр әріптің құбылуына, оның өзгеріп шығуына да бұл жаттығулар өзіндік ықпал етеді. Дыбыс күші өкпеде жиналған ауаның санына байланысты емес, ең алдымен оның дұрыс таралуына байланысты екендігін ұмытпау керек. Дауыс күші айқайлаудың қаттылығымен емес, керісінше, дыбысталудың қуаттылығы мен кеңдігіне сүйенеді.

Мысалы, әуендету арқылы  жаттығу жасап көрейік:

            ми-ме-ма-мо-му,                     пи-пе-па-по-пу

               ни-не-на-но-ну .                  те-те-та-то-ту

 

         Міне, әр түрлі бағытты дауыс жаттығуларын жасап,  өз дауысымызды бақылау арқылы тыныс алу және дыбыстау үйлесімділіктерін  дамытуға жағдай жасаады.

Енді, мәтіндермен жұмыс істеуге көшеміз. Соның ішінде өлең оқу ерекшеліктеріне тоқталып өтсек. өлең - мәндік жағынан, құрылымы, орындалу жағынан да қара сөзден өзгеше  көркемсөздің бір түрі. Біз өткен сабақтарда жасаған жаттығуларды үздіксіз пайдалана отырып, меңгеру арқылы дикциямызды дұрыс жолға қойсақ, сахнада кез – келген көркем шығармаларды  оқуға көмектеседі.

Өлең – ырғақты, ашық, дыбысты шығарма. Өлеңнің табиғатын, әуенінің әуезділігін сезінбей, шығарманың идеясы мен мазмұнын жеткізбей, оның оқылу заңдылықтарын меңгермей тыңдарманның жүрегіне автордың айтар ойын жеткізу мүмкін болмайды. Театр мектебінде ең қажетті және қиын жұмыстардың бірі - өлеңді оқу шеберлігі. Студентке өлеңмен жұмыс істеу барысында ақын тілін түсінуге, оның заңдылықтарын шығармашылықпен меңгеруге, әуеннің өзін әуезді етуге, шығарманың идеясы мен мазмұнын жеткізуге үйрету керек.

Ырғақ - өлең жазудағы ақындық өнердің негізгі құралы болса, дыбыс үндестігінің арқауы да болып табылады. Өлең оқушының өлеңді оқу, тыңдау, тебірену, сезіну мен толқуы – бәрі де ырғаққа байланысты.  Өлеңді терең танып білу үшін оның ырғағына баса назар аудару керек. Поэзиядағы ырғақтың жасалу жолдары қызық, әрі ірі алуан болып келеді.

 Мысалы,

Әйнегі күн, шатыры аспан,

Кең дала.. Төсі толқыған егін

Көлдері көкке күмістер шашқан,

Қазақстан – Республикам менің!

Бұл өлеңде метафора орын алады, яғни құбылту, суреттеліп отырған құбылысты мазмұнын тереңдетіп, ажарландыра түсу үшін өздеріне ұқсас өзге затқа балау арқылы әсерін күшейту.  

Бұл өлең негізінде ашық үнмен, көңілді, яғни, патриоттық рухта оқылады.

 Кейбір өлеңді оқу барысында оқиға алдымен басталады, күшейеді, шиеленіседі, содан соң шегіне жетіп аяқталады, яғни, оқиғаға құрылған. Демек, әріптердің  айтылуы кезінде дауыс бірде күшейеді, бірде бәсеңдейді, дауыс ырғағы өзгеріп отырады.

Мысалы, Ш. Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастанын алсақ:

 Қалқаман:

- Ей, Мамыр, адамды Алла жаратыпты,

Хауа – Ананы адамға қаратыпты.

Бірін еркек, біреуін әйел қылып,

Екеуінен көп жанды таратыпты.

Мамыр:

- Қалқаман, тегі жоқ, Құдай жалғыз,

Мұқтаж емес жолдасқа тіпті армансыз.

Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз

Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

 Орындау күрделілігіне байланысты кейбір лирикалық өлеңдер монологқа жақындау келеді. Өлең шумақтарын оқып тұрған студент, автор ойындағы - қуаныш пен қайғыны, ашыну мен күйінуді дауыс ырғағы арқылы жеткізіп бейнелейді, әсерлейді, әрлендіреді Ол өлең сөзбен жазылған монолог болып та есептеледі. Мысалы, өлеңмен жазылған «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасынан үзінді оқып көрсек:

Күнім сөнді, көңілім өлді!

Ақан сүйсе арманым не еді?

Енді сүйген сол Ақаннан безген боп,

Арғымаққа жараспаған жабудай,

Жалбалаңдап, қашпақшымын мен арсыз.

Көз жасым көл,

Қайғым қара түнектей,

Мен ескексіз, алдым жар.

Лирикалық өлеңдер мен өлең сөзбен жазылған ертегі, лирика -эпикалық өлеңдерден, әңгімелерден едәуір айырмашылығы бар. Яғни, онда белгілі бір уақиғаны баяндау емес, ішкі жан дүниеңнен шығатын ой, ішкі тебіреніс, толғану және көңіл күй жеткізіледі.  Сондықтан да өлең сөзбен жұмыс жасау үшін алдымен автордың жан дүниесін терең зерттеп, оның толғанысын,   айтайын деген ойын жақсы ұғыну қажет. 

Мысалы, М.Шахановтың:

Замана тұр бөркін алып ойланып,

Сол түнгі ойлар кетті бізді қайда алып?

Сол түні біз сенің туған сіңліңнің

Он сегізге толған күнін тойладық.

Мен қуана тост көтердім қызға арнап:

-   Ал, сапарың сәтті болсын қызғалдақ,

Өмір мынау:

Қатар тосқан жеңілі мен ауырын,

Қайғысы мен сауығын,

Шуағы мен дауылын.

Бүгін , міне, сенің туған күніңде

Қандай тілек айтсам екен, бауырым?

 Өлең сөздің басты айтар ойын түсініп, оның өлеңдегі қозғалысын анықтап алмай  ой мен сезімнің ішкі суретін беру мүмкін емес. Бейнелі, сезімге толы сөздерді меңгеру барысында,  егер ол сөздің мән-мағынасы терең ашылса, онда белсенді шығармашылық табиғатын ашады, жаттығу барысында табылған ептілік, шеберлік пен тәсіл-әдістерді әбден анықтап алуға көмектеседі. Егер адам айтылып жатқан жайды көз алдына ойша елестететін болса, онда ол нақты әрі сенімдірек болады. Әдеби жұмыс істеу барысында біз өзімізге тән жетіспеушілікті жеңіп шығуды үйренуіміз керек.

                                  Жарқыра, Күн!

                                  Мен бүгін де көктеммін, таң-тұрағым!

                                  Бұл әлемде жабырқап жүргендерге,

                                  Бір жақсылық етсем деп талпынамын.

                                  Жүректе – сүйікті емес,

                                  Мәңгілік Күн – жанымда, биікте емес,

                                  Бұл әлемде ең биік – Адам ғана,

                                  Мұңдануға ешкім де тиісті емес!

 

         Студент бұл өлең жолдарын оқи отырып, оның барынша мәнерлі шығуын ойлайды, соның жолдарын іздейді. Бұл ретте студентке ең алдымен елестету арқылы сезіну көмектеседі. Көз алдыңдағы елес барынша көлемді, нақты болған сайын сөзді оқу да оңайға түседі. Мұнда, автордың ойы жарқыраған күннің шұғыласын адам жанының шұғыласымен теңестіру арқылы, адамның күн сияқты жаны да, тәні де сұлу, мейірімді екенін айтқысы келеді.

         Егер жұмыс барысында студентке дыбыстардың дұрыс айтылмағанын қайталап ескертіп тұрса, онда ол алдағы уақытта соны өзі де сезінетін болады және қателік жібермеуге тырысады. Көркемсөз, өлең оқу  тілдің әр түрлілігі мен дауыс ырғағы байлығын дамытуда басты роль атқарады. Нақты сезімді елестетуден сенімді, әуезді де әуенді сурет туындайды. Сезімге толы оқиға  дауыс ырғағының байлығын беруге  және сезінуге көмектеседі. Өлең мен шығармашылық жұмыс істеу сезімнің артуына, ішкі елестетудің тереңдеуіне, мәтіндегі әрбір сөздің нақты әрі анық шығуына ықпал етеді. Студенттің сөйлеу мүмкіндіктері тереңірек ашылады.

 

 

 

 

 Әдебиеттер:

1.                      Д. Тұранқұлова «Көркемсөз оқу шеберлігі» Алматы 2001.

2.                      М.Байсеркенов «Сахна және актер». Алматы 1993.

3.                      Д. Тұранқұлова «Сырлы сөз- сахна сәні» Алматы 2003.

4.                      М. Шаханов  «Жаңа қазақтар» – Алматы 2000.

5.                      Ғ.Мүсірепов «Ақан Сері – Ақтоқты» драмасы. Алматы 1982.