Оқытушы Нұрмағанбетова Г.Б.

 «Болашақ» университетінің колледжі, Қызылорда, Қазақстан

Қазіргі заман шарттарындағы білім мен ақпараттың рөлі

 

Өткен ғасыр адамзат үшін мол ғылыми-техникалық жетістіктерге толы болды. Ақпараттандыру ғасырына дейін өркениетті өмір салтын қалыптастыруға қоғам мүшелеріне материалды, еңбек және қаржылай ресурстар қажеттілігі басым болса, бүгінгі таңда олардың қатарына ақпарат ресурстарын пайдалану қажеттілігі туындады. Бүгінде кез келген ақпараттың жылдам түрде жеткізілуі оның ерекшелігін танытады. Бұл оның қол жетімділік шарттарындағы әмбебаптылығын көрсетеді. Ақпарат өнімі өзінің тұтынушылық сапасын жоғалтпайды, керісінше оның даму деңгейі жоғарылауда. Бұл көрсеткіш басқа ресурстардың дамуына ұйытқы болатыны анық.

90-жылдардың басында елімізде орын алған реформалар әр тап өкілдері өмірінің әлеуметтік-экономикалық шарттарын өзгеріске ұшыратты. Бүгінгі Қазақстанның жас буыны жеке білім алу ресурстарын игеруді күшейтіп, алдағы уақытта оны тиімді жүзеге асыратындықтарына толық сенімді. Осы контекстте білім мен ақпараттың әлеуметтік-экономикалық даму шарттарымен сәйкес келу қажеттілігін айта кеткеніміз жөн. Өйткені ақпарат пен білім бір-бірімен тығыз байланысты түсініктер.

ХХІ ғасырдың басы көрсеткендей, адам өмірінде ақпараттың рөлі жоғары. Тұлға қажетті деңгейдегі білім иеленген сайын маман және қызметкер ретінде жоғары бағаланады, қоғамдағы мәртебесі жоғарылай түседі. Бұл жаңа кезеңге бет бұрған әлем үшін маңызды қажеттілік. Сондықтан  Майер Амшель Бауэр Ротшильдтің (Mayer Amschel Bayern Rothschild) «Кім ақпарат көзін иеленсе, сол әлемді билейді» сөзімен келісеміз [1].

ХХІ ғасырдың адамзат қызметіндегі ең маңызды салаларға жататын білімнің қазіргі әлемдегі жағдайы өте күрделі және қарама-қайшылық тұстары көп. Бұл саладағы ірі жетістіктер өткен ғасыр мен өмір сүріп отырған ХХІ ғасырға тән әлеуметтік, ғылыми-технологиялық өзгерістердің негізін қалады. Білім саласының кеңеюі және оның мәртебесінің өзгеруі білім беру дағдарысына да алып келуі әбден мүмкін. Аталмыш дағдарыс жолдарын жеңу үдерісінде радикалды өзгерістер орын ала отырып, жаңа білім жүйесінің қалыптасуына ықпал жасайды. Сондықтан саладағы өзгерістер әлемдік қауымдастықтағы әлеуметтік-саяси және экономикалық өмірдегі процестермен тығыз байланысты.

Білімнің дамуындағы маңызды сипаттамалық белгі оның жаһандануында жатыр. Бұл қазіргі әлемнің қоғамдық өміріндегі барлық салаларындағы мемлекеттер арасындағы өзара байланыстардың интеграциялық процестерін танытады. Ұлттық басымдықтар категориясындағы білім ұлттар қауымдастығы негізінде әлемдік басымдықтар категориясына өтеді.

Сонымен бірге, жоғарыда аталған аспектілер жиынтығы адамзаттың рухани дамуына ықпал жасайды. Өмір күрделенгені сонша, дүниеге келген нәресте мол ақпарат ағынына еніп, жеке білімнің кері бағытта игерілуіне әсер етеді. Нәтижесінде технологиялық және инновациялық шаршау пайда болады және жинақталады. Ақиқатында адам шығармашылық тұрғысынан әлсіреп, ақпарат ағынында өзгереді және тұлға ретінде өзін жоғалтады.

Адамзат өркениеті күнделікті өмір-салтының дамуы кезеңіндегі өтпелі мезгілде өмір сүріп жатыр. Жоғарғы технологияларға негізделген ғылым экономикалық және саяси қатынастар трансформациясының негізгі факторлары саналады. Әлемнің дамыған елдері білімге негізделген ақпараттық қоғам қатарына енгеніне біршама уақыт болды. Жалпы ХХ ғасырдың соңында бес миллионнан астам азамат ғылыммен айналысса, адамзат тарихында ойлап табылған ғылыми жаңалықтар мен өнер табыстарының 90 пайызға жуығы ХХ ғасырға сәйкес келеді. Сол себепті әлемдік ғылыми ақпарат көлемі әрбір 10-15 жылда жаңарып отырғандықтан, жоғарыдағы ойға сәйкес 90 пайызға жуық ғалымдар біздің замандасымыз саналады. Бұл қазіргі әлемдегі тұрғындардың әл-ауқаты мен мемлекет қуатының білім, ғылым және жоғарғы технологияларға байланысты екендігінің дәлелі [2].

Бүгінгі қоғам дайындалған, тиімді, айқын және әділ ақпараттық саясатпен қатар, қоғам мүшелерінің ақпаратпен жүйелі түрде танысатын дайындықты қажет етеді. Бұл қоғамның ақпараттық сауаттылығы жөніндегі мәселелерді зерттеу қажет екендігін танытады.

Жоғары білімнің жалпы Еуропалық кеңістігін құру мақсатындағы жоғары білім жүйесінің жақындасуы мен ықпалдасуы процесі саналатын Болон үдерісіне алғаш рет Орталық Азия елдері арасынан бірінші енген Қазақстанның бүгінгі жетістігі нәтижелі саясаттың жемісі. Қазақстандағы білім беру саясаты инновациялық даму жолдарын белгілеп, еліміздің заман ағымындағы кез келген қиындықтарға төтеп бере алатынын танытады. Сондықтан білім мен ақпараттың өзара байланысы шеңберінде әлеуметтік-экономикалық даму өз кезегімен жүретіндігі анық.

 

Әдебиет:

1.    Паридинова Б.Ж., Бегалиева Қ.Б. Әлеуметтік-экономикалық даму шарттарындағы білім мен ақпараттың орны // «Социально-экономическое развитие и качество жизни: история и современность»» материалы международной научно-практической конференции – Прага: Vědecko vydavatelske centrum «Sociosfera-CZ», 2013. – С. 41.

2.    Насимов М.О. Модернизация образовании и науки в Республике Казахстан // Collection of Treatises in Celebration of the 20th Anniversary of the Establishment of Diplomatic Relations Between the Republic of Korea and the Republic of Kazakhstan. – Graduate School of International Studies, Hanyang University: Seoul, Korea, October, 2012. – P. 113-114.