П.ғ.к., доцент Исаева К. Р.
Е. А. Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
магистрант Әлімбеков Д. Е.
Е. А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
Болашақ
кәсіптік оқыту бакалаврына сапалы білім беру мәселесі
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз
сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай
сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан.
Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен
және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын
меңгеруге дайын болуға тиіс.
Сондай-ақ
балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың
функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу
қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы
үшін бұл аса маңызды [1].
Елбасымыз Н. Ә.
Назарбаев «Қазақстан-2050» бағдарламасында атап
көрсеткеніндей, еліміздегі білім жүйесін, жоғары оқу
орындарында білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру
біздің басты міндетіміз. Сапа мәселесі қай
қоғамда болмасын қанағаттанарлық дәрежеде
шешілген емес, себебі мемлекет дамыған сайын білім сапасына деген
сұраныс өсе түседі. Біздің қазіргі мемлекетіміз
бен ең алғаш тәуелсіздік алғандағы кезімізді ойша
салыстырып көріңіз, анық айырмашылық байқалары
сөзсіз. Себебі, қазіргі біздің мемлекетіміз, дамушы
елдердің қатарында, ал 2050 жылға қарай әлемдегі
дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарлануда. Міне осындай
үлкен себептермен біз, Қазақ елінің азаматтары білім
сапасын арттыруды жан-жақты қарастыруымыз керек. Жалпы
алғанда, қай мемлекеттің болмасын даму деңгейін
анықтайтын негізгі факторлары - экономикасы, сындарлы саясаты және
білім беру сапасы.
Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру
бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа
тетіктерін әзірлеу; білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен
қамтамасыз ету; педагог қызметкерлердің еңбегін
мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту; білім берудегі
менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару
принциптерін енгізу, білім беруде мемлекеттік-жеке әріптестік
жүйесін қалыптастыру; білім беруді дамытудың мониторинг
жүйесін жетілдіру, оның ішінде халықаралық талаптарды
ескере отырып, ұлттық білім статистикасын құру;
оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау; 12
жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын
жаңғыртумен қоса жүзеге асыру – бізге негізделген
міндет болып табылады [2]. Болашақ кәсіптік оқыту бакалаврына
сапалы білім беру қазіргі кездегі ең өзекті мәселе.
Білім сапасы педагогика ғылымының назарынан еш уақытта сырт
қалған емес.
Бакалаврдың жан-жақты дамуына, өзінің
ой-пікірін еркін жеткізуіне, өзін-өзі танып, келешегін
мақсатты түрде анықтауға, қоршаған
ортасында белсенді болуына, саяси, экономикалық, мәдени
өмірге араласуына айқын бағдар көрсетіп, зор
ықпал ететін кәсіби сапалы білім және ұлағатты
тәрбие.
С.Қ. Омаровтың зерттеулерінде, «білім беру сапасы»
ұғымы мәнінің даму тарихының келесі ретін
көрсетуге болады: оқушылардың білімі сапасы оқыту
компоненттерінің тиімділігі оқыту процесінің тиімділігі
оқытуды оңтайландыру оқыту сапасы білім беру сапасы [3].
Сапалы білім алу үшін тек қана оқытушы мен
бакалаврдың қатысуы, қазіргі жаһандану дәуірінде
аздық етері сөзсіз. Демек, оқу орнының
материалдық-техникалық базасы заманауи дәрежеде
жабдықталу; шеберханалардың талапқа сай даярлану;
қажетті құрал-жабдықтардың жеткілікті болу;
инновациялық-компьтерлік құрылғылармен
толықтырылу қажеттілігі байқалады. Сонымен қатар білім
беруші мұғалімнің кәсіби шеберлігі, білім
деңгейі, шығармашылығы, салалы ізденісі үйренушіден
оқ бойы озық тұруы керек.
Қазақстан қоғамындағы мұндай жағдайда
өзекті мәселелердің бірі – өзгермелі әлеуметтік
және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын
ғана емес, айналасындағы шынайы өмірге белсенді
қатынасын байқатып, оны жақсартуға ықпал ете
алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны
қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты жеке
тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы
орынға шығады: креативтілік, белсенділік, әлеуметтік
жауапкершілік, ой-өрісінің кеңдігі, жоғары кәсіби
деңгейлі сауаттылық, танымдық әрекетке
қызығушылығының басымдылығы [4].
Оқыту барысында бакалаврдың оқуға деген
өзіндік ынтасын қалыптастырып, бейінін, кәсіби
қызығушылығын, қарым-қабілетін аша түсу
әр педагогтың тікелей міндеті болып табылады. Бакалаврдың
кәсіби зейінін байқауға, оны әрі қарай
жетілдіруге, сапалы кәсіби білім алуына
жан-жақты қолдау көрсетуге, ең бастысы өмірден
өз орынын таба аларлық тұлға қалыптастыруға
педагогтардың ықпалы зор. Сапалы білім беру барысында педагог пен
бакалаврдың өзара тығыз байланыста болуы, бірлесе отырып
төмендегідей мәселелердің шешілуіне себеп:
- бакалаврдың сапалы білім алуына
қатысты мәселелерді шешуде
ортақ
көзқарастың болуы;
- қоршаған орта мен қоғам
жағдайындағы қабілет, сапа жағынан дамуын
және
әлеуметтенуін тиімді ұйымдастыру ұстанымын қою;
- мәдени, саяси,
әлеуметтік-педагогикалық даму жағдайын ескере
отырып, сапалы білім
алудың мақсаты мен міндеттерін дұрыс анықтау;
- бакалаврдың жан-жақты
үйлесімді, құзырлы дамуы үшін ықпалды,
тиімді және
нәтижелі ұйымдастыру білім беруде жағымды факторларға
негізделген өзара еңбектің маңыздылығын арттыра
түседі.
Болашақ
кәсіптік оқыту бакалаврының білім сапасын арттыру және
нәтижеге бағытталған үлгіге бет алуы барысында
мұғалімдер мемлекеттік стандарттарда берілген нәтижелерге
жетуде кәсіби шеберлікпен меңгерген зерттеу біліктері мен
дағдылары нәтижесінде қандай да болмасын
мәселенің шешімін таба алатын,
ақпараттық-коммуникативті, ізденушілігі басым, өзіндік
ұстанымы қалыптасқан, кәсіби білімі, мәдениеті
жоғары, тұлғалық-дамытушылық функцияны
атқарады. Қазіргі заман адамның осындай кәсіби
сапалық құзыреттілікті меңгере отырып, тек кәсіби
икемділігін оңтайландыруды қамтамасыз ету ғана емес,
оның іске асырылу мүмкіндігін, үнемі оқып-үйрену
және өзін-өзі жасау талабын қалыптастыра алады. Білім
беру сапалылығы бакалаврдың жеке тұлғасының
іс-әрекетті орындауға деген қабілеті мен
даярлығының қалыптасқан болуын, ішкі
ой-жүйесінің
қасиеттері мен күйінің дайын болуын
қадағалайды.
Білім беру
сапасы – қоршаған ортадағы білім беру үдерісінің
жағдайын, нәтижесін, шама-шарқын, сондай-ақ жеке
тұлғаның кәсіптілігінің,
құзырының қалыптасуын және даму
болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік
санат. Білім беру сапасы білім беру мекемелеріндегі жастарды, білім алушыларды
оқыту мен тәрбиелеу қызметтерінің сан түрлі
көрсеткіштерінің жиыны, яғни білім берудің мәні,
оқыту формасы мен әдістері, материалдық техникалық
базалары, т.б. бойынша анықталады.
Болашақ кәсіби
оқыту педагогтарының даярлықтарын үнемі жетілдіріп
отырудың қажетті шарты жоғары оқу орындарынан
шығатын маманның өндірістің талаптарына сәйкес
келуі болып табылады. Технологияның қазіргі кезде
қарқынды дамуы кәсіби білім беру жүйесінде үнемі
жаңа идеяларды іздестіріп отыруды және оның
қажеттіліктерін таңдап алуды міндеттейді. Сондықтан
өндіріс саласындағы жаңа технологиялар мамандарды оқыту
технологияларында көрініс табуы тиіс, ал кәсіби білім беру
мазмұны өндіріс технологияларының жаңару келешегіне сай
жүзеге асырылуы тиіс [5].
Қазіргі таңда
білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, инновациялық
дамыған технологиямен оқытуға Қазақстанның
әрбір мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының шамасы
жетеді. Сондықтан тың оқу жүйесі қалыптастырылып,
оған айқын міндет жүктелді.
Жоғары оқу
орындарында білім беру міндетін іске асыру үшін:
- білім үстемділігі
айқындалуы;
- білім беруде
материалдық-техникалық базаның, оқу-әдістемелік
кешенінің оқу талабына сай заманауи, жаңартылған
әрі жеткілікті болуы;
- бакалаврдың тілдік,
құзырлық, ақпараттық, әлеуметтік,
экономикалық, сапалық, іскерлік даярлығының
күшейтілуі қажет.
Яғни,
қоғам алдыға қарыштап дамыған сайын білім беру
технологиясы, әдіс-тәсілдері, білім сапасы жетіле түсіп,
білім берудегі тәжірибе ұштала береді. Бәсекеге
қабілетті бакалавр тәрбиелеу үшін оған жан-жақты
білім беріп, оқу үдерісі мен тәжірибесін қатар
қолдануға үйретіп, шығармашылық талабын ашу
керек. Жай ғана оқу жеткіліксіз алған білімді
тәжірибеде сынап көру керек, осындай жағдайдың болуы
үшін, материалдық-техникалық базалардан тәжірибеден
өтуге, мамандыққа сәйкес келетін цехқа,
зауыт-фабрикаларға жиі барған дұрыс.
Күнделікті беріліп
жатқан білімнің дәрежесін көріп, біліп отырмайынша,
білімнің сапалы болуын қамтамасыз ету мүмкін емес [6].
Кәсіптік
шеберлік және шығармашылық, маманның
құзыреттілік, қабілеттілік,
өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған
әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық – әдістемелік,
әлеуметтік коммуникативтілік, белсенділік, тұлғалық
сауаттылық бакалавр үшін ерекше бағалы қасиеттер
топтамасы. Өзінің алған біліміне сенген бакалавр ғана
болашағына қаймықпай қадам баса алады. Кәсіптік
оқыту бакалаврының сұранысқа ие екенін бакалаврға
көрсеткен дұрыс. Себебі нарық заманында кімнің де
болсын ойлайтыны ертеңі, яғни ертеңінің қалай
болары. Сондықтан бүгінгі міндет - ертеңгі
сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, кәсіби
құзыретті сапалы маман даярлау болып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Назарбаев Н. Ә.,
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты: - Егемен
Қазақстан. – 2012. – 15 желтоқсан(№828-831)
2.
Қазақстан
Республикасындағы білім беруді дамытудың
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы: -
Егемен Қазақстан – 2010. – 18 маусым(№237-239)
3.
Омаров С.Қ., Білім беру
сапасы мәселесінің педагогика ғылымында дамуы. «12
жылдық білім беруге көшу жағдайында педагогикалық
кадрларды кәсіби даярлаудың ерекшеліктері» /Республикалық ғылыми-практикалық
конференциясы материалдары:- Қарағанды.- 2009. - Б.351
4.
Әбдікәрімұлы
Б., Айқынбаева Г.Қ. 12 жылдық мектепке өту
мәселесінің педагогикалық-практикалық ерекшеліктері:
Ғылыми басылым. – Астана: ЕГИ, 2008. – 284 б.
5.
Әбілқасымова Г.,
Болашақ кәсіби оқыту педагогының
инновациялық-технологиялық даярлығын жетілдіру:
Диссертацияның авторефераты. – Қарағанды, 2009. – Б.10
6.
Дәулетов Н., Сапалы білім
жаңа экономикалық дамудың негізгі факторы: - Қазақстан мұғалімі.
– 2007. – 5 маусым(№14-15)