Ниеталина Ә.Н.
Б.Сүлейменов атындағы орта мектеп,
Қазақстан
Дарынды оқушыны дамыту –
ұстаз парызы
Бүгінгі
таңда мектептер алдында еліміздің интеллектуалды және
шығармашылық потенциалын өсіру қажет. Осыған орай
мектептердің педагогикалық ұжымы алдында дарынды және
талантты балаларды айқындау, олардың шығармашылық
жұмыстарына барынша қолдау көрсету және қабілетін
дамыту бағытында орасан жұмыстарды атқару міндеті тұр. Қазіргі
білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты
мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық
деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы
жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға
даярлау. Олай болса, алға қойған мақсаттарды орындау
үшін еліміздегі оқушы жастарымыздың шығармашылық
әлеуетін жан-жақты
өсіруге ден қою қажеттілігі туындайды.
Дарынды
баланы анықтау, оқыту, тәрбиелеу, дамыту – қазіргі
уақытта білім беру жүйесіндегі қолға алынып
отырған өзекті мәселе. Дарынды, ерекше талантты жасты
ғылымға жетелеу, қабілетін шыңдау, өз жолын
табуға көмектесуді ұстаз ретіндегі парызым деп санап, заманның
озық өнегесін дарынды шәкірттерімнің санасына
сіңіріп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты
дамытуды басты мақсат еттім.
Дарынды
баланы дамытуда мынадай ұстанымдарды басшылыққа алдым:
1.
Баланың жеке ерекшелігі мен қабілетін
зерттеп, зерделеу, түрлі ақпарат көздері арқылы
мағлұматтар беру.
2.
Шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік
іс-әрекетін бақылауға алу, баланың дамуын назарда
ұстау.
3.
Баланың қызығушылығы мен
бейімділігі бағытында түрлі пәндік-танымдық
сабақтарға, интеллектуалдық олимпиадаларға, сыныптан тыс
іс-шараларға қатыстыру.
4.
Әр түрлі психологиялық «кедергілерді»
жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану
арқылы оқушыны жігерлендіру.
Дарындылықты
дамытуда оқытудың әр түрлі жаңа технологияларын
тиімді пайдаланудың маңызы зор. Оқыту мен дамыту арасында
тығыз байланыс бар екендігі ғылымда дәлелденген.
Оқытуды өзектендірудің әдістемелік тәсілдерін
назарда ұстап, оқудың ғылымилық-зерттеушілік
бағытындағы танымдық тапсырмалар арқылы білім берсек,
дарынды балалар қабілеті шыңдалады. Қазіргі талантты
балаларды дәстүрлі сабақтар жалықтырары сөзсіз.
Дарынды оқушылармен сабақ жүргізу әрекетінде
мұғалімге үлкен міндеттер жүктеледі.
Мұғалім тапсырманы алған білімді жаңғыртатын,
эвристикалық ізденіс тәсілдерін қажет ететін, зерттеу
элементтерін пайдаланатындай етіп құруы керек. Тапсырманы
түрлендіре отырып, дарынды бала бойындағы қабілетті басты
назарда ұстау қажет. Тапсырмалар ойлануға, талдап
жинақтауға, абстрактілеуге құрылады. Түпкі
нәтижеде оқушы өздігінен ізденеді, зерттеу жүргізеді,
теорияны тәжірибе арқылы талдауға талпынады. Сын
тұрғысынан ойлау мен дамыта оқыту технологияларына
негізделген сабақтар оқушының қабілетін жан-жақты
ашуға, оқушы көзқарасын қалыптастыруға
септігін тигізеді. Мұндай шығармашылық сипаттағы
сабақтар арқылы оқушылар дербес ізденіп, жаңа білімді
өз белсенділіктерімен алу әрекетін ұйымдастырады, өзара
ой алмасады. Сабақ процесіндегі шығармашылық
бағыттағы тіл дамыту жұмыстары, оқылған
көркем шығармаға рецензия жазу, тақырып бойынша
мәтін құрастыру, ойтолғау жазу, ұсынылған
тақырыпқа сценарий жазу, мектеп, ауыл өмірі, игі бастамалар,
үлгілі істер туралы мақала жазу, әдеби кейіпкерлермен
сырласу, оларға ашық хат жазу, баяндамалар жазу, рефераттар
қорғау, тақырыптық кештерде өзіндік
көзқарасын білдіріп, ұсыныс, пікірлер айту сияқты ойлау
мен жазу әрекеті арқылы оқушы шығармашылық жұмысқа төселеді.
Осындай өзіндік ойлау мен ізденушілік әрекеттің
нәтижесі оқушыны ғылыми-зерттеушілік жұмысқа
бағыттайды.
Дарынды
оқушылардың дүниетанымын кеңейту,
шығармашылық жұмысқа баулу, ізденушілік
қабілеттерін жетілдіруде сыныптан тыс жұмыстарды
жүргізудің маңызы зор. Оқушылардың пәнге
қызығуын оқу бағдарламасы шеңберінде
қанағаттандыру мүмкін емес, сондықтан да сыныптан тыс
әр түрлі жұмыстар жүргізіледі. Сыныптан тыс
жұмыстардың маңызды ерекшелігі – оқушылардың
шығармашылық мүмкіндіктерін жетілдіру. Дарынды
балалардың қабілетін дамытуда ізденімпаздық шаралардың
маңызы зор.
1.
Ғылыми-практикалық конференция (ғылыми
баяндама жасау, рефераттар қорғау, жоба қорғау)
2.
Пәндік үйірмелер, олимпиадалар
3.
Интеллектуалдық ойындар, дебат
4.
Ақындар айтысы, шешендер сайысы
Осындай
бағыттағы жұмыстар арқылы бала белгілі бір шеберлікке
жеткен соң, оның шығармашылық қабілеті дамиды,
өзіндік идеясы туып, үлкен ізденіс пайда болады. Оқушылар
қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу
әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде
емес, өзі ашады. Психологтер «зерттеу тәртібін»
тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуда
маңызды деп көрсетеді. Әрбір оқушының жас
ерекшелігіне, қабілетіне қарай дарындылығын айқындау
және дамыту көп жағдайда әр түрлі
әдістермен, оның ішінде ғылыми-зерттеу қызметімен
ұштасады. Қандай да бір зерттеушілік іс-әрекетті
жүргізу үшін шығармашылық зерттеушілік
жұмыстардың тәсілдерін меңгеру қажет.
Барлық зерттеу жұмыстарының құрылымы проблеманы
айқындау, негіздеме материал, қорытындыдан тұрады.
Зерттеу кезеңдері:
1. Оқулықтармен жұмыс, қажетті қосымша
материалдар көздерін іздеу, кітапханалармен байланыс. (Электронды
каталогтармен, библиографиялық материалдарды дұрыс пайдалану
әдістерімен танысу)
2. Зерттеу күнделігін жүргізу. (жұмыс біткенге дейін
жүргізіледі)
3. Осы саладағы ғалым мамандармен кездесу.
4. Ғылыми мекемелерге, мұражайларға, көрмелерге бару.
5. Интернет арқылы қажетті ақпараттарды іздеу.
6. Жинақталған мәліметтерді қағаз бетіне
түсіру.
7. Жинақталған материалдарды нақтылау, өңдеу,
саралау.
Осындай
бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстар арқылы
оқушыларда дағды қалыптасады. Олар өздіктерінен
ғылыми-бұқаралық әдебиеттермен, әдістемелік
журналдармен жұмыс жасауға жаттығады, зерттеушілік
іскерліктері мен машықтары шыңдалады. Ғылыми-зерттеу
жұмысына төселген, шығармашыл тұлғалар
ерекше даралық сипаттарға
ие болады. Ғылыми-зерттеушілік іс-әрекетке
шыңдалған дарынды тұлға моделі:
- зерттеу кезінде білімге ерекше құштарлық танытатын
жоғары қажеттілік;
- тек кешегі мен бүгінгі ғана емес, болашақ абстрактылы
идеялар мен теорияларға қызығушылық;
- өз бетімен белгілі бір мақсатқа жетуге табандылық
көрсете білу;
- абстрактылы-логикалық ойлаудың жоғары деңгейін
таныту;
- тапсырмаларды өз бетімен ойлай және шеше білуге ұмтылу;
- стандартты емес идеялар мен мәселені шешудің жаңа
тәсілдерін таба білу қабілеті;
Жас
таланттың бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті,
дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына
бағыт-бағдар бере білу - жауапты іс. Алайда әр баланың
жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз
парызы. Ендеше бүгінгі таңда ұлттық рухы жоғары,
білімді, дарынды ұрпақ тәрбиелеп шығару әр
педагогтің алдында
тұрған ең маңызды міндет болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1 Қ.Жарықбаев Психология Алматы – 1993
2 Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа
Қазақстан» 28.02. 2007
3 Н.Б.Шумакова «Обучение и развитие одаренных детей» М., 2004
236-бет