Қыз баланы тәрбиелеудегі іс-әрекет
бағдарын болашақ мұғалімдерде оқыту
Әлімбекова Сабира Шереханқызы
П.ғ.к., доцент м.а.
Нематова Хуршида
АКБ-012 тобының студенті
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университеті
Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы
Егемен еліміздің ертеңгі ұрпағын
тәрбиелеу мен қалыптастыруда ұлттық
құндылықтарымызды кеңінен пайдалану игілікті іс
екендігі белгілі. Бұл тұста мектептің, мектептегі оқу
пәндерін оқытудағы мұғалімдердің ролі
ерекше. Солардың бірі халық ауыз әдебиеті.
Халқымыздың ауыз әдебиеті мен жазба
нұсқаларында бойжеткен қыздың сырт пішініне көп
мән беріледі. «Түсі игіден
түңілме» дегендей, бұрынғы замандағы
қыздарымыздың сырт пішіні: сұңғақ бойлы,
сыңғырлаған дауысты, оймақ ауыз, күлім
көзді, жайдары мінезді, алма мойын, ақша бетті, талшыбықтай
бұраң белді, сүмбіл шашты, ұзын кірпікті, маржан тісті,
қыр мұрынды, ақбілек деп суреттеледі. Ал қазіргі заман
қыздарға ең қажетті осы қасиеттер негізінде
оның ел азаматы болуында, парасаттылығында, білімділігінде, нақтылап
айтқанда, өзінің ақыл-ойын, сана-сезімін, кәсіби
шеберлігін жан-жақты жетілдіре білуінде.
Қазақта қызды сынаудың
өзіндік үлгілері болған. Соның бірі қыз аларда,
оның көшкен жұртын сынаған. Шашылып жатқан
жұрттың қызына жоламаған. Тереңнен ойластыратын
халқымыз қыздың сыртқы көркіне көз тастап
тұрып, ішкі жан дүниесіне, рухани байлығына да зер сала
білген. Халқымыз сонымен қатар, зейін-зердесін, мейірімділігін,
пайымдылығын, әр нәрсені дұрыс бағалай ала ма,
жоқ па, ол жағын да ұмыт қалдырмаған.
Осыларға қоса, жас қыздарымыздың
қоғамдық білімдерден де хабары болып,
қоғамдық құбылыстарды, халқының
мұң-мұқтажын дұрыс бағалай, бағдарлай
білетін, оны дұрыс сезініп, тығырықтан шығу жолдарын
дұрыс шеше білетін азамат дәрежесіне дейін көтеріле алса,
құптарлық.
Қыздарға тән негізгі қасиет -
іскерлік, шеберлік. Қазіргі жас қыздарымыз болашақ жар, ана,
бала тәрбиешісі, отбасының негізгі ұйтқысы.
Күнделікті үй тіршілігінде кездесетін шаруашылықтың
барлық түрін асқан шеберлікпен орындай алатын болуы шарт.
Бұрынғы заман қыздарының іскерлігіне көп
мән берген. «Он саусағы
майысқан, бармағынан өнер тамған шебер» деп
те суреттеу қыздарға тән болған. Жас кезінен
бойкүйездікке салынбай өнердің барлық түрін
меңгерген. Үйінің барлық жиһаздарын өз
қолдарымен жасаған. Оған бұл шеберлікті шешесі,
әжесі, жеңгелері, әпкелері, ауыл аймағы болып
үйреткен. Тұрмыс тауқыметін білуге үйреткен.
Халық «өнерсіз
қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Әр
әйелдің ерін күте білуі — басты міндеті, бала өсіріп,
дұрыс тәрбие беруі - аналық борышы. Сондықтан,
қыз бала өз босағасында отырып-ақ, ана, жар,
тәрбиеші, үй шаруасының адамы ретінде өзін
жан-жақты жетілдіруі шарт.
ЬІдыс-аяқты сылдыратпай, үйді таза
ұстаған. Қамырдың өзін бір сағат бойы илеп
бітіре алмайтын, тым болмаса өз босағасында қамыр илеп жатқан
адамға зер салып та қарамаған келіндердің де
кездесетіні орын алады.
Жас қыздарымыздың бойында табылуы тиіс келесі
қасиет — инабаттылық, ізеттілік. Бұрынғы заман
қыздары үлкен кісілердің жолынан кесіп өтпеген. Мысалы,
Төле бидің болашақ келіні бірнеше шақырым жерде келе
жатқан бір топ кісілерді көріп, іштерінде жасы үлкендер де
бар шығар деген оймен жол кеспей, күтіп түрған.
Бұл да ақылдылықтың, үлкен ізеттіліктің бір
көрінісі екенін бағалаған Төле би бұл қызды
өз ұлына алып береді. Кейін осы Данагүл Төле
бидің, ауыл-аймақтың үлкен ақылшысы,
ақылға ақыл, дүниеге дүние қосатын
қамқоршысы болады.
Қыздар игеруге тиіс адамгершілік
қасиеттерге халық педагогикасы қоятын
мінез-құлық талаптары қатарына төмендегілер
қатысты болып табылады: мейірімділік, рақымшылдық,
кішіпейілділік, жауапкершілік, мінезділік, парасаттылық-білгірлік,
тапқырлық, ақылдылық, әдептілік,
әділеттілік, меймандостық, қонақжайлылық,
жомарттық, кеңдік, бауырмалдық, өзін-өзі тежей
білу мен ұстай алуы, басқалармен санасуы, еңбеккерлік, іскерлік,
белсенділік, дәстүрге беріктік, сыйластық, үлкенге
құрмет, кішіге қамқорлық,
ұқыптылық, ұстамдылық, сабырлық, адамдармен
қарым-қатынас жасай білу, ортақ тіл табысу,
сезімталдық, аңғарғыштық, көрегендік,
байқағыштық, бақылағыштық, адалдық,
тазалық, пәктік, қанағатшылдық, төзімдік,
ептілік, шапшаңдық, батылдық, табандылық,
имандылық, жинақылық, ар, ұят сақтау.
«Ұлдың ұяты - әкеге,
қыздың ұяты – шешеге» деп ұққан
халқымыз. Қыз жақсы әдетті халықтан,
үй-ішінен көріп өседі. Сондықтан, "Қыз өссе
- қырық рулы елден тыйым" деп, қызды жаман
әдет-құлықтан тежеп отырған. Үлкенге ізет,
құрмет көрсетіп, кішіге қамқоршы болуын
қадағалаған. Халық үлкенді сыйламаған -
жалпы адамзатты сыйламайды деп білген. Ал, сыйламаудан адамды ренжіту,
жауыздық әрекеттер туындайды. Өз міндетін дұрыс
орындамаған адам айналасындағыларға қиындық
тудырады. Елді сыйламаған - өзін де сыйлата алмайды деп
ұққан.
Қыз бала жас кезінен арын таза ұстап, намысын
сақтауы - ең негізгі талап. Қазақ «Малым -
жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» дейді.
Адал жар болу үшін арыңды сақта. Арын жоғалту -
қыз бала үшін өліммен тең.
«Шешесі қыдырмашыл болса, қызы
бастаңғышыл болады» дегендейін, балаларының теріс
жүрісіне ата-ана түрткі болмай жүргеніне кепілдікті ешкімде
бере алмайтыны белгілі. Еліміздегі жезөкшелер шет елден жер ауып келген
жоқ, отбасында әке-шешеден тәрбие көріп, ұстаздан
тағылым алған, өз ортамыздан шыққан адамдар екені
ақиқат. Сондықтан да «Қамысты бос ұстасаң
қолыңды қияды» деп білген халқымыздың
ұстанымын басшылыққа алып, ұл-қыздарымызға
орынды тыйым салып, тәрбиелеуді жүзеге асыруды қолға
мықтап алу керектігі оң мағынада қажеттілік болып
табылады.
Қазақ отбасында қыз балаға
тәрбие берудің педагогикалық-психологиялық
негіздерінің қалыптасуы мен дамуы халықтың сан
ғасырлық тарихымен, тыныс-тіршілігімен, тұрмыс-салтымен
және мәдениетімен тығыз байланысты.
Халқымыз қыз бала тәрбиелеуді
үлкендердің, ата-анасының, елге белгілі кісілердің
жақсы істерін үлгі ету, тәрбиеге "ұят",
"намыс", "ар" ұғымдарын кең пайдалана
отырып сендіру, үйрету, жаттықтыру, көтермелеу,
мадақтау, мақұлдау, жазалау, тыйым салу, талап қою
әдістері арқылы жүзеге асырып отырған.
Қазақ отбасының күнделікті тіршілігінде қыз бала тәрбиелеуде
педагогикалық ықпал етудің түрлі тәсілдері
баласының адамгершілік, имандылық сезімдерін ояту мақсатында
олармен қайырымды, ілтипатты, қамқорлық қатынас
жасау; тұлғалық қалыптасуына ықпал ету
мақсатында жанама ықпал ету, моралдық қолдау, сенім арту,
өзіне деген сенімін нығайту, жауапкершілік жүктеу,
қызықты іс-әрекетке тарту; әдептен асудың алдын
алу мақсатында еркелете кінә арту, жалған енжарлық
көрсету, ренжу, наразылық білдіру, ашулану, айыптау, бұйыру,
т.б. қазір де өз мағынасын жойған жоқ.
Қазақ халқының
қыздарға педагогикалық ықпал етудегі ең кең
тараған тәсілі - тұспалдап айту. Онда өткір сөз,
юмор пайдаланылған. Қыз баласына арналып айтылған
тұспал сөздер бейнелі-абстрактылы ойдың дамуына әсер
етеді. Той-думан, ойын-кештерде, ақындар айтысында, күнделікті
қарым-қатынас кезінде әзіл-қалжың,
жұмбақ ретінде астарлы сөзді жиі пайдаланған.
«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Ымды
түсінбеген, дымды түсінбейді», «Таяқ еттен, сөз
сүйектен өтеді» деген халық, нақылдары осының
кепілі.
Қыз бала өмірлік ғибратты өзі
туған отбасы, одан ары өскен ауылының
тұрғындарының үлгі-өнегесі арқылы бойына
сіңірген. Олар бала кезінен сән-салтанатты сауық-сайрандардың
үнсіз куәгері бола отырып, көріп, біліп, есте сақтап,
өздері үйренген тұспал сөздерді
құрбы-құрдастарының арасында пайдалануға
алғашқы қадам жасаған. Осылайша зеректікке,
тапқырлыққа жаттыға отырып, кейін келе өз
өнерін ұштауда орнымен пайдаланған. Отбасында қыз
баласына тәрбие беруде талап ету тәсілдері пайдаланылған:
- астарлап сөйлеп, тұспалдай
отырып талап ету;
- әзіл, ойын-күлкісі аралас
түріндегі талап;
-
шарт қоя отырып талап ету;
-
сес көрсете талап ету;
-
қағытып, кекету түріндегі талап;
-
ишара, ым ретінде талап ету;
-
кеңес түріндегі талап;
-
сенімсіздік білдіріп, күдік көрсете отырып талап ету;
-
нақты талап ету.
Қазақта
қаталдық пен талап етушілік - халық педагогикасының
негізі. Біріншіден, мейірімділік, сонан соң барып белгілі бір дәрежеде өктемдік орын алады. Ол дәрежеде тәрбие беру барысында айқын
өктемдік аса қажет емес. Ата-ананы, үлкенді, туыстық
байланыстарды терең құрметтейтін
ұлттық әдет-ғұрыптар, салт пен дәстүрлер үлкендердің беделін
онсыз да қамтамасыз етеді.
Қай
халықтың болсын әлеуметтік-мәдени және рухани құндылықтары
ұрпақ тәрбиелеуде, оны тұлға етіп қалыптастыруда
маңызды рөл атқарады. Сондықтан, халық
педагогикасының тарихи жолын електен
өткізіп, орнымен пайдалана білу қазіргі жағдайда
оқушылар мен жасөспірімдерді тәрбиелеудің ең күрделі деген
мәселелерін шешуге жәрдем
етеді.
Қазіргі жағдайда қыз баласына
қатысты тәрбиені қалай жүзеге асыру қажеттігі
нақты жағдайдан шығу керектігін көрсетеді және
сол үшін де зерттеу жұмыстарының негізінде
анықталған төмендегідей халықтың тәрбие тағылымын
ұсынуға болады:
1.
Жас баланы қорқыту,
ұрсу арқылы тәрбиелеу тиімді нәтиже бермейді. Өйткені қорқыту сәбиді жасытып, жігерсіздікке
ұрындырады.
2.
Тікелей өзі емес, қызы арқылы
әзіл-әжуа түрінде жолдаған сауал-келіннің
ұялуына тәрбие ісіндегі ағат қылығын
түсінуге, ойлануына, одан дұрыс тұжырым жасауына мүмкіндік
беретін тиімді жол.
3.
Тәлімдік мәндегі пәтуалы пікір
ойға терең дарып, бойға қонуы үшін қандай
кезде, кім арқылы айтудың да өзіндік орны бар.
4.
Қандай тиімді, өте қажет деген
әдептік ереженің өзі де нақты оқиға,
дәлді мәселеге байланысты ретін тауып айтпаса, көкірекке
қонып, бойға дарымайды.
5.
Үлкен адамды құрметтеп, сыйлы
кісінің абройлы беделін сақтау үшін, шайпау адаммен бетпе-бет
тәжкелесу немесе басалқы айтып мезі қылу-дұрыс
ойдың теріс бағдар алып, тәрбиелік мәнін кемітіп
жіберуі де ықтимал.
6.
Халық педагогикасы қазақтың
ежелден келе жатқан танымдық тәліміне тән жанай
айтылатын ұтқыр ой, тапқыр сөз, ділмарлыққа
бас иіп, құлақ асқандығына айғақ
боларлық тәлімдік, өнегелік әдістемелер мол екендігін
адамгершілік тәрбиесінде, әсіресе, жаны нәзік, қолдау
мен қорғауды сүйетін қыз бала өнегесінде орны ерекше
екендігін үнемі ескерген.
Кезінде Б.Момышұлы атамыз “Немересіне ертегі
айтып бере алмаған әжелерден қорқамын. Немерелерге
бесік жырын ыңылдап жеткізе алмаған келіндерден
қорқамын. Қазақтың әдет-ғұрпы
мен салт-санасын ұмытқан жастардан қорқамын” - деген
өсиет қалдырған екен. Шын мәнісінде
халқымыздың салты мен дәстүрі, әдеті мен
ғұрпы рухани құндылығымыз, ғасырлар бойына
жинақтаған асыл қазынамыз. Халқымыздың салты,
ғұрыпы, дәстүріндегі жол-жоралғылары
қатарына жататындар: байғазы, көрімдік, кәде жасау
ғұрпы, шашу шашып қарсы алу, сыйлық беру,
сүйінші, жолын беру, теңге тағар, шілдехана ырымдары, бата
беру, тілек, сырласу (қайын сіңлі, жеңге,
құрбысы), бүйімтай, қалау, қолқа салу,
сауға сұрау, базарлық, сәлемдеме жіберу, сыбаға
сақтау, беру, бастаңғы, ерулік беру, бесікке салу, жарыс
қазан, сәбиді қырқынан шығару, қонақ
(қарсы алу, шығарып салу), тайға мінгізу,
қарғыбау тағу, сүндет той, тұсау кесер, бата
қылу, тоқым қағар. Бұларды ұрпақ
тәрбиесін ұйымдастырушы аға буын білмесе, онда кейінгі
ұрпаққа кінә тағудың орны дұрыс
болмас.
Адамзат баласының
тарихындағы ғұламалардың, өз
дәуірінің озық ойлы тұлғаларының
пікірлерінде адам үшін ең қиыны: өзін-өзі тану
екен. Ал керісінше ең оңайы басқа кісіге (өзге
адамдарға) кеңес беру көрінеді. Шын мәнісіне
үңілетін болсақ, оның ақиқат екендігін
көреміз. Сондықтанда ата-ана өз ұрпағын
тәрбиелемес бұрын өзінің танып білуі қажеттілігі
туындайтынын көруге болады.
Тәрбиелеу тәсілін
ата-ананың таңдауы және пайдалануы жалпы
жағдайларға байланысты, оның ішінде:
- ата-ананың өз
баласын толық мәнді білуіне;
- ата-ананың жеке өз
тәрбиесіне, оның беделіне, отбасына қатысына;
- ата-аналардың
тәрбие тәсілін білуі және сабақтастық
іс-әрекеттерді бірігіп істеуіне;
- ата-ананың
педагогикалық мәдениетіне.
Ұлттық мәдениетті игеру бойынша қазақ
қыздарының іс-әрекет түрлері мақсаттары
төмендегідей болуы тиіс.
- танымдық іс-әрекет мақсаты: ұлттық
мәдениет сферасы білімдерін (теориялық мағлұматтарды)
меңгеру;
- қоғамдық іс-әрекет мақсаты:
ұлттық мәдениетке негізделген өмірлік
көзқарасты, дүниетанымды, патриотизмді қалыптастыру;
- материалдық-еңбектік іс-әрекет мақсаты:
ұлттық мәдениеттің элементтерін практикалық
тұрғыдан игеру;
- қарым-қатынас мақсаты: қоғамдағы,
салт пен дәстүрдегі ұлттық
моральдық-этикалық нормаларды өзара
қарым-қатынаста игеру;
- бағалау іс-әрекеті мақсаты: ұлттық салт
пен дәстүр, жөн-жоралғыларға тән және
этностық мәдениетке құндылық қатынасты,
оның әлеуметтік мәнін түсінуін қалыптастыру;
- этностық іс-әрекет мақсаты: ұлттық
(этностық) үлгілерді танып білуге ұмтылу және
оның үлгісі бола білу, жат әрекеттерге тиым салу.
Қыз бала тәрбиесін ұлттық тұрғыдан,
дәстүрлі тәрбие құралдары арқылы
жүзеге асыруда ЖОО «Этнопедагогика» (Кәсіптік оқытудағы
этнопедагогика) пәнінің өзіндік орны бар. Бұл
бағыттағы ғылыми зерттеулер жүргізген және
оқу, оқу-әдістемелік құралдарын жазған
педагог ғалымдардың (Ұзақбаева С., Қожахметова
К., Асанов Ж., Бөлеев Қ. және т.б.) еңбектері
басшылыққа алынуы тиіс деп білеміз.
5B012000 – Кәсіптік оқыту мамандығында
қыздардың тәрбиесіне бағытталған
төмендегідей тақырыптар «Этнопедагогика» пән
мазмұнында қарастырылған:
1.
Кәсіптік білім беруде ұлттық қолөнер
кәсібінің маңызы.
2. Қазақ отбасында
қыздарды тұрмыстық еңбек түрлеріне үйрету.
3.
Қазақ халық педагогикасындағы жастарды
қолөнер кәсібіне баулу
4. Сәндік қолданбалы
өнерге баулуда қыздардың жас және жыныстық
ерекшеліктерін ескеру.
ЖОО аталған пәнді оқыту ойын технологиясымен, пікір
талас түрінде ұйымдастырылуы студенттер үшін
қызықты және берері мол оқу жұмысы болып
табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1 Қазақ қызы:
өткені, бүгіні, ертеңі. Халықаралық
ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. -Алматы:
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, 2003.
І том, 344 бет
2 Қажыбеков Е.З.
Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках (явление
синкретизма). Алма-Ата. 1986. с.252.
3 Мүсірепов Ғ.
Күнделік. –Алматы. 1997. -141 б.
4 Бес ғасыр жырлайды. 2-ші том.
1984. -311-312 бб.
5 Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. -А. 2001. -168 б.
6 Арғынбаев Х. Қазақ
отбасы. -А. 1996. -57 б.
7 5В012000 – «Кәсіптік
оқыту» мамандығы бойынша ҚР МЖМБС 3.08.270-2006 жоғарғы
кәсіптік білім стандарты және пәннің типтік бағдарламасы