А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті
Гуманитарлық-әлеуметтік
факультеті
практикалық лингвистика
кафедрасының
аға оқытушысы
Абильбекова Б.Т.
Сөздік құрамды байытудың ең
тиімді жолы – жаңа сөздер.
Жаңа
сөздер-тілдің лексикасын байытудың аса өнімді жолы;
мемлекет пен мемлекет, халық пен халық арасындағы
экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың нәтижесі.
Қарым-қатынастар арқылы бір тілден екінші тілге
көптеген сөз ауысады.
Дүние жүзінде тіл атаулыға сөз
қорын байыта түсуге үлес қосқан жеке тілдер де
бар. Мысалы, ерте кезде грек және латын тілдері осындай игілікті
қызмет атқарды. Кейініректе француз және неміс тілдері
дүние жүзі тілдері сөздік қорын толықтыруға
көп үлес қосты.
Жаңа сөздердің
тілімізге ену кезеңі - алаш зиялыларының өмір
сүрген кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алаш
зиялыларының көсемі
А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар тобы
халықаралық жаңа сөздерді тілімізге енуі,
қабылдануы және олардың қолданысы жайлы өз
пікірлерін айтып кеткен. Бұл кезеңнің қоғам
үшін, біздің ұлт тіліміз үшін маңызды бағыттарының бірі- зиялы
қауымның жат сөздерді тіліміздің заңдылығына сәйкестендіріп
қабылдауы еді.
Айырықша
теориялық ғылыми пәндердің қазіргі өмір
талабына байланысты тәжірибеге араласуы қоғамдағы
қалыптасқан тілдік ахуалға байланысты.
Қазақстандағы тілдік қарым-қатынастың сан
қырлылығы мен күрделілігі қазір тілдің
типологиялық, генетикалық және функционалдық
қасиеті жөнінде тұрақталған тұжырым
айтуға негіз бола алмайтынын байқап отырмыз. Қазақ
тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты қазіргі
жағдайы нормадан ауытқушылықтарға ұрындырып,
әркімнің еркін көсеуіне айналып, ала-құла
терминдер мен аудармалардың қаптап кетуіне әкеп
соқтыруда.
Қазіргі кезде қазақ тілін басқа
ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі де осы
«қазақ тілінде сөздер қалай жазылса солай
оқылады» деген сарынмен дамып келеді. Қазақ тілін
үйрету оқулықтарының ешқайсысында транскрипциялап
оқыту әдісі жоқ, қазақ тілін меңгеріп
шыққан тұтынушыларды былай қойғанда,
қазақ тілінде ойлайтын адамдардың өзі қазақ
тілі мәдениетіндегі сөз әуезділігінен айырылған. Қазіргі
таңда қазақ мектебін бітірген қала жастарының
арасында «көне» тілдің қалыптасып келе жатқанын
байқау қиын емес.
Әрбір
халықтың тарихында үлкен әлеуметтік,
қоғамдық, мәдени өзгерістер дәуірі болады.
Бұлар сол халықтың тіліне жаңа тіркестер мен жаңа
ұғымдарды алып келеді де соған орай тілімізде жүздеген
жаңа сөздер мен тіркестер көрініс табады. Тілдегі жаңа
сөздер мен молығулар 20-30, 40-60, 80-95 кезеңдерді
қамтиды. Мәселен оқулық, мінбе, сенбілік,
еңбеккүн, өнеркәсіп - 20-30 жылдары; аялдама,
балмұздақ, бөлшек сауда, жылжымалы кітапхана, көрермен,
оқырман, басылым сөздері - 40-60 жылдары; теледидар,
азагүл, аялдама, мәлімет, құлақтандыру,
жағажай, әуежай, мейрамхана – 80-95 жылдары қалыптасты.
Ал, шамамен 95 жылдан бастап осы атаулар сұрыпталып, тың
ұғымдар аударманың бірнеше тәсілінің негізінде
нормаланып ене бастады, қазіргі таңда біз термин жасау саласында
атауларды саралап, олардың жасалуын нормалауға
әрекеттенудеміз. Бұл қазақ тіл мәдениеті мен
әдеби тілінің нормалануының соңғы кезеңі,
яғни тікелей тілдің тазалығымен әуезділігіне бет
бұрған кезең деп тануымыз тиіс.
Қоғамдық
қатынастар, ғылым мен техника, мәдениет пен ша-руашылықтың
дамуымен байланысты тілде жаңа сөздер мен сөз тіркестері
пайда болады. Жаңа сөздер тілге
сіңісіп, жалпыхалықтық сипат ала қоймаған. Бір
заманда діни окуды қоғамнан шегтетіп, жаңа оқуды
өмірге ендірген кезде осы күнгі мұғалім, мектеп, класс,
тақта, парта, оқушы, карта, глобус, компас деген танымал сөздердің
өзі қазақ үшін жаңа сөздер болып
саналғандығына ешбір күмән келтіруге болмайды. Одан
бергі кезендерде тілімізге қаптап енген колхоз, совхоз, электр, трактор,
радио, артист, сахна т.б. сөздер де жаңа сөздер тобын
көбейткен еді. Казіргі таңда аталған сөздердің
барлығы да жалпыхалықтық сипат алып, тілге әбден
сіңісті де, неологизмдердің қатарынан шығып
қалды. Осы кезде қазақ тілінің лексикасы жыл санап
емес, күнбе-күн өсіп толығъш отырады деуге болады.
Бүгінгі жаңа сөздер деп таныған сөзіміз 5—10 жыл
өтісімен-ақ жаңа сөздердің қатарынан шығып,
ең актив сөздердің қатарына қосылып жатады. Мысалы:
теледидар, атомоход, спутник, космос, космодром, космонавт, космогония,
космонавтика, космошлем, ракетодром, синтетика, нейлон, капрон, лавсан,
нейтрон, силон, пластикат, ракетчик, кибернетика, стиляга, абстракционизм,
культиватор т.б.
Қазақ
лексикасының жаңа сөздермен толығьп отыруы
ешқашан толастаған емес. Республикамыздың тәуелсіздік
алуына және казақ тілінің мемлекетгік мәртебесін шын
мәнінде көтеруге байланысты 2000 жылдары қазақ
лексикасы толығуының жаңа кезеңі басталды. Қазақ
тіліндегі жаңа атаулардың негізінде жаңа
ұғымдардың орыс тілінде қалыптасқан атаулары
жатыр. Бұлар қазіргі кезеңдегі саяси-әлеуметтік,
мәдени өмір мен ғылыми-техника салаларына енген
жаңалықтарды білдіреді. Қазіргі жаңа атаулардың
дені жаңа сөз немесе сөз тіркесі түрінде туып, қалыптасып
келе жатқан зат есімдік атаулар.
Бірінші,
өмірдің өзі әкелген жаңалыктарды атау
кажеттілігі. Осыған орай көптеген жаңа ұғымдарды
білдіруде қазақ тілінің өз мүмкіндігі бар екендігі,
оған бейімділігі күшті екені айқын болды. Соның
нәтижесінде 1970—80 жылдарға дейін орыс тілінде қолданылып
келген устав — жарғы, программа — бағдарлама, компенсация — төлемақы,
документ — кұжат, информация — акпарат, пенсия — зейнетакы, спонсор — демеуші,
процент — пайыз, репатриант — оралман, репрессия — куғын-сүргін, орган
— мүше, ағза т.б. қазақша аталатын болды. 1920—30 жыддары
біраз қолданылып, кейін ығыстырылған төраға,
хатшы, кұқық, құжат т.б. сөздер
кайтадан қолданыска енді. Екінші, бұрын орысша аталып немесе
суреттеме (түсіндірме) жолымен білдіріліп келген
үғымдардың қазақша жатық,
мүмкіндігінше дәл баламасын табуға әрекет, ізденіс
артты. Мысалы: жолсерік (проводник), жолсапар (командировка), телекөпір
(телемост), отбасы (семья), нарық, (рынок), мердігерлік
(подряд), ұшақ (самолет), тік-ұшақ (вертолет),
иегер (кавалер ордена т.б.), зергерхана (ювелирная мастерская), зертхана
(лаборатория), көлікжол (проезжая часть дороги), жаяужол (тротуар),
бағдаршам (светофор), өткізілім (реализация), жаһандану
(глобализация) т.б. Орыс тілінен калькалау аркылы: Қызыл кітап (Красная
книга), дөңгелек үстел (круглый стол), қайталама
шикізат (вторичное сырье), қайтарма мекен-жай обратный адрес),
кайтарым (отдача) т.б. сөздер жасалды.Үшінші,
бағалауыштық мәні бар создерді жасау кажеттілігі туды.
Мысалы: ғарыш (космос), ғарышкер (космонавт), ғарышнама
(космология), атомгер (атомщик), мадактама (грамота), өмірнама
(биография), ғаламшар (планета), әнұран (гимн),
елтаңба (герб), зейнетақы (пенсия), т.б. терминдік ресми атаулар алғашында
экспрессия, көтеріңкілік сияқты бағалауыштық
мәні бар, қосалқы атаулардан пайда болған.
Жаңа атаулар казақ
тілінде ежелден белгілі сөзжасам тәсілдері арқылы жасалады.
Мысалы: жұрнақ жалғау арқылы (-гер: баспагер,
тыңгер; -нама: жаднама, дерекнама; -хана: ойынхана, дәмхана; -ғы:
кұрылгы, басытқы; -ым: койылым, басылым, сұраным; -ма:
бағдарлама, дәйектеме т.б.); түбірлерді біріктіру аркьілы
(гүлтәж, зейнетақы, тілашар, қаршақыз,
жолкіре, сөзтізбе т.б.); сөз тіркесі арқылы (алтын
кітап, жұлдызды соғыс, аралатпа сауда т.б.);
бұрынғы сөзге жаңа мағына қосу арқылы
(сапар сөзі тек "жол жүру" дегенді емес, лауазымды
адамдарға немесе біреуте барып жолығу мәнінде, желік "желігу"
мағынасынан басқа әскери желік тіркесінде "военный
психоз" мәнінде терминдік мағынаға ие болған).
Жаңа атауларды
жасауда олардың жұртшылыққа қолайлы болу жағы,
сөз қолданудың тіл тәжірибесінде
қалыптасқан дағдысы сиякты факторлар ескерілуге тиіс. Осы тұрғыдан
карағанда жаңа колданыстағы сөдердің бәрі
бірдей сәтті шықы деуге болмайды. Мәселен, казақ тіліне
ертеректе еніп, сіңісіп кеткен жаңа сөздер аз емес, осылардың баршасына
қазақша балама іздеу дұрыс емес. Мысалы, газетті — үнқағаз,
телефонды — үнсандық, самолетті — өзіұшар
т.б. деп атауды жұртшылық қабылдамады, тілге кірікпеді. Сол
сиякты ғылым, өнер, техниканың әр саласындағы
интернационалдық создердің терминдік мағънасьн білдіретін
казақ сөздерін табу немесе қолдан жасау сәтті бола бермейді.
Жаңа
қолданыстағы атауларға байланысты әлі де реттейтін,
нақтылайтын жайттар аз емес. Кейбір жаңа атаулар сөздіктерде
бірнеше нұсқада беріліп, жарыса қолданылып жүр. Мысалы,
Мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен
"Орысша-қазақша — қазақша-орысша терминдер мен
атаулар сөздігінде" праязык — ана тілі, төркін тіл, универсальный
— әмбебап, указание — нұскау, дубликат — телнұсқа,
легализация — жария ету, тенденция — үрдіс, үдеріс
түрінде берілген.
Жалпы, қорыта айтқанда, біз үшін жаңа
сөздер керек пе? Менің ойымша, әрине керек. Біріншіден, біз
өз ана тілімізді байытуымыз қажет, ал ол үшін жаңа
сөздерді қазақ тілімізге енгізуіміз қажет. Бірақ
оны тек енгізіп қана қоймай, оларды пайдалануымыз, жаратуымыз
қажет. Екіншіден, күнбе- күн заманымыз өзгеріп келеді,
сондықтан да заманға сай жаңа сөздеріміз, жаңа
сөздік қорымыз болуы тиіс.
Әрине, қазақ
халқы өмір сүріп келгеннен бері көп нәрсе
өзгерді. Соның ішінде, біздің тіліміз де. Көптеген
жаңа сөздер еніп жатыр, көптеген терминдер, кірме
сөздер т.б. еніп жатыр. Қалай болғанымен, менің ойымша,
қазақ тілі- ең көркем, ең бай, ең
мәдениетті тіл деп санаймын!
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Ш.Сарыбаев.
Қазақ тіл білімі мәселелері. Алматы, 2000
2.С.Аманжолов.
Тіл және жазу. Өскемен, 2006
3.Байтұрсынұлы
А. Әдебиет танытқыш. -Алматы: Атамұра, 2003.
4. Жұбанов
Қ. Қазақ тілінің грамматикасы. -Алматы:
Ғылым, 1996.