Шанбаева Л.Р.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР МЕН ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДЕ

ҚОЛДАНЫЛҒАН ТҮР-ТҮС АТАУЛАРЫНЫҢ СЕМАНТИКАСЫ

 

Түр мен түс бұл екі сөз. Шығу тарихы жағынан бір-бірімен туыстас мағынасы жақын сөздер. Олай дейтін себебіміз: кейбір буынды және екі буынды түбірлердің түркі тіліндегі ротацизм заңы бойынша соңғы дауыссыз дыбыстарының (р/з/ш) сәйкестігіне байланысты. Осыған байланысты «түр» мен «түс» түбірлері о бастан бір сөз болып, даму нәтижесінде екі дербес сөзге айналуы ықтимал. «Түр» түбірінің мағынасын «қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» «ажар, пішін, әлпет» және «бір заттың бетіне салынған әртүрлі өрнек» деп, түс түбірінің мағынасын «түр, келбет, нұсқа, рең» деп түсіндіреді. Бұл анықтамалардан түр мен түстің айырмашылығынан гөрі өзара жақындығы көбірек сезілетін тәрізді.«Түр» көбінесе заттың, құбылыстың сыртқы бейнесін, әрі алуан формасы мен қалпын бағдарласа, «түс» сөзі көбіне көп сол зат пен құбылыстың реңкін, бояуын, өнің білдіретін сияқты [1; 22].

Түр-түс атаулары қазақ тілінде басқа тілдер сияқты біршама зерттелген

категория. Кейбір түс атауларының шығу тарихы мен тілдік табиғатын қарастыратын зерттеулерді, көбінесе, Орхон-Енисей және орта ғасырлық жазба ескерткіштерге арналған еңбектерден де кездестіруге болады. Бекешева Р.Е. «Түр-түс атауларының мақал-мәтелдегі концептілік негіздері» деген мақаласында түр-түстің мақал-мәтелдерге қатысты концептісін анықтайды.

Түркологияда қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір салалық фразеологизмдер өз ішінде толып жатқан тақырыптық топтарға жіктелуі мүмкін.

Тақырыптық топтар дегеніміз – бір саладағы мақал-мәтелдердің және тұрақты сөз тіркестердің іштей жіктеліп мазмұн, мағына, тақырып жағынан

бір-бірінен оқшауланып не өзара шоғырланып тұратын тобын айтамыз.

Осы принципке сай түр-түске байланысты мақал мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерін төмендегідей топтарға бөлуге болады. Олар:

- табиғатқа байланысты;

- адамға байланысты. Бұл топқа адамның психикалық-физиологиялық ерекшеліктерін, моральдық қалпын, іс-әрекетін, ойлау, сөйлеу қабілетін, туыстық қатынастарын, сыртқы тұлғасын, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасын, тән және жан қажеттіліктерін білдіреді;

- әлеуметтік, қоғамдық тұрмыс-тіршілікке, салт-дәстүр, наным-сенімге

қатысты;

- алғыс-қарғыс, тілек-тілеу және мадақтауға байланысты тұрақты тіркестер және мақал-мәтелдер.

Мақал-мәтелдер халық – даналығы. Олар белгілі бір халықтың дүниетанымын, табиғат, қоғам құбылыстарын өз тұрғысынан бағалауға, қоғамдық қарым-қатынасты, салт-сананы, әдет-ғұрыпты, наным-сенімді анықтауға арналған сан ғасырлық тәжірибенің жиынтығы. Сондықтан да мақал- мәтелдердің мәдени рухани өмірімізге қатысы жоқ саласы кездеспейді. Тіл мүмкіншілігін мейлінше кең пайдаланып, ылғи толығып, толассыз дамып отыратын осы қазынамыз түр-түс атауларын да мол қамтиды екен.

Дегенмен, мақал-мәтелдердің түр-түс әлеміне қатыстығын сөз еткенде айта кетер жағдайлар да бар. Солардың бірі – мақал-мәтел жасаушы түр- түске қатысты тіркестердің көбі өздерінің түстік мағынасында қолданылмайды. Кез келген осындай тіркесті ашып қарасақ, бірден байқала бермейтін, түп негізі, дүниеге келу жолы тіпті арыдан басталатын экономикалық, әлеуметтік, этнографикалық салт-санамен астарлас жатқан ұғымдарға, түсініктерге барып саятынын көреміз.

«Ақ» түсі. Тұрақты сөз тіркестерін жасаушы түр-түс атауларының ішіндегі төресі – «ақ» сөзі. Бұл сөз басқа түркі тілдерінде ақ (татар) // аг (азербайджан) // ак (түрікмен) // ок (тува) // юринг (якут) формасында қолданылып, бір-біріне жақын үш топ мағына аңғартады [1;32]:

«ақ» деген негізгі түр-түстік мағына («белый»). Оның төңірегіне:

     -ақшыл («белизна»), көздің ағы («бельмо»), жұмыртқаның ағы («белок»), жарық түс («светлый»), шаштың, сақалдың ағы («седой», «седина»), ақ боз («сивый»), өңсіздік («бледный»), сүт тағамдары («молочные продукты»), боз түсті кездеме («бельевая ткань»), т.б. мағыналар туған;

-«ақ» сөзінің ауыс мағыналары: кіршіксіз таза («чистый»,«незапятнан

ный»), айыпсыз («невинный», «безгрешный»), ақ жүрек, адал («честный»,

«чистосердечный»).

     - керемет, тамаша, ғажайып мағынасында [1,32].

«Ақ» сөзінің этимологиясы жөнінде, оның заттық не түстік негізі жайында түркологтар арасында тиянақты пікір жоқ. Кейбір ғалымдар, мәселен, М. Менгес, М. Рясянен т.б. «ақ» сөзінің қытай тілінен енген кірме сөз деп қарайды. Бұл пікірмен келісу қиын. Өйткені қытай тілінен түркі тілдеріне енген элементтердің таралу шегі белгілі региондармен шектелген. Бұл көне де байырғы түркі сөзі [1,33].

«Ақ» сөзі қазақ тілінде аса бай, соншалықты нәзік cан қырлы сырлы мағынаға ие. Жалпы халқымыз киелі нәрселер мен қасиетті заттарды ақ атауымен атап, оларды аққа балаған. Себебі, бұл қазақтың ең қасиетті тағамы – сүттің түсі. Сондықтан да сүттің түсі қазақ ұғымында көптеген жағымды ұғымдардың рәмізіне айналған. Осы бір жақсылықтың, адалдықтың, әділдіктің белгісі болып саналатын ақ сөзі мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркес құрамында бұдан өзге де мән-мағынаға ие болады.

Ақ түсіне байланысты тұрақты тіркестер:

Бұл саладағы тұрақты тіркестер табиғат құбылыстарын, жер мен оның

бедерін, жыл, ай, апта, тәулік мерзімінің әртүрлі көрінісін анықтауға

қатысады.

Ақ туман – боз тұман, ақ бұлттай ұйыған туман [1,35].

Ақ жауын – ұзаққа созылып майдалап жауатын жаңбыр [1,23].

Ақ түтек боран – көз ашқысыз желдете жауған қар[1,35].

Ақ қар, көк мұз – қыстың қақаған аязды кезі [1,35].

Ақ тақыр – беті кеуіп, шаңдағы шығып жатқан тақыр [1,35].

Ақ алаң шақ – уақыт мезгілі, елең-алаң, таң атып келе жатқан кездегі

немесе күн батып бара жатқан кездегі көк жиектің бозарыңқы тартуы [1,35].

Ақ адыр – жем-шөбі мол тау сілемі [1,36].

«Қара» түсі. Басқа түркі тілдерінде: қара (татар) // гара (әзердбайжан) // гара (түрікмен) // қора (өзбек) // қара (қырғыз) // қара (тува) // хара (якут) тұлғаларында келеді.

Ал табиғатта, адам қоғамында басқа түр-түстер сияқты қара түстің де толып жатқан ауыспалы, шартты, символикалық мағыналары бар. Бұл тек қазақ тілінде ғана емес бүкіл түркі дүниесіне ортақ құбылыс. Түркі тілдеріндегі түр- түс атауларының мағынасын арнайы зерттеген академик А.Н.Кононов тек «қара» сын есімнің өздерінде ғана 20 шақты қосымша, қосалқы, ауыспалы мағыналар бар екенін ескертеді. Олар орысша мынандай сөздердің баламасы ретінде қолданылады: 1) « темный»,«мрачный»; 2) «суровый»; 3) «печальный», «несчастный»; 4) «скот»; 5) «талпа» т.б.

Табиғатқа байланысты түр-түстердің қолданылу ерекшелігі

Қазақ халқы да табиғат құбылыстарын бақылай отырып, ауа райын дәл болжай білген. Ұзақ күндер бойы ұлан ғайыр дала төсінде мал бағып, түнде жұлдызды аспан астында мал күзете жүріп, қазақ халқы аспан денелерін, табиғат құбылыстарын, жануарлар мен құстардың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылай келе табиғат құбылыстары жайында құнды да бағалы тәжірибе жинақтаған [2,119].

Сәуір болса күн күркірер,

Күн күркіресе, көк дүркірер.

Сәуірде жаңбыр мол болса, көк те мол болады. Көк жеген малдың сүті де болады. Қазақтың «сәуір болмай, тәуір болмас» дейтіні де сондықтан. Сәуір айында жауын-шашын көп болса, көк те көп болады [2, 120]. Табиғатқа байланысты да тіркестер кездеседі.

Көк – аспан әлемі мағынасын береді [1,74].

Жеті қат көк. Бұл сөйлемдегі жеті қат көк – шырқау биік, шексіз аспан мәлім береді. Байырғы шығыс астрономдарының кеңінен қолданған термині. Мұндағы жеті саны жеті жұлдызға сәйкес келеді [1,74]. Көк шалғын. Көк шалғын – шөбі мол жайсаң жерді бейнелейді [1,74]. Көк тайғақ. Алдынғы күні түскен қалың қардан көше көк тайғақ (Исабеков Д. Таңдамалы, Т. 2, 100), [1,74]. Көктемнің көк өзегі. Осылар келеді, осылар жейді, осылар рахатын көреді деп көктемнің көк өзегінде берілген белді бір жазбай ертеден қара кешке дейін терімнің бекер болғаны ма? (Исабеков Д. Таңдамалы. Т. 2,313). Көктемнің көк өзегі – көктемнің қиын кезін бейнелейді [1,75]. Адамға байланысты түстердің мән мағынасы.

«Ақ – шындықтың, қуаныштың, бақыттың символы»-дейді Ә.Марғұлан. Ал қазақ халқының жанына жақын, көңіліне қалаулы түс – ақ түс. Себебі, қазақта ақ – пәктік пен ақтықтың нышаны, қуаныш пен жақсылықтың белгісі, махаббат, үміт, қайырымдылық деген ізгі сезімдердің символы. Өйткені бұл қазақтың ең қасиетті тағамы – сүттің түсі. Өмірдегі заттар мен құбылыстардың сапасы мен қасиеті қандай болса да, олардың бір қатарын ақ деп айқындау ұлттың мол мейірім, іңкәр

көңілінің, үлкен үміт, телегей тілегінің, шалқар сезімінің, асыл арманының куәсі [3;20].

Ағаның үйі – ақ жайлау, інінің үйі інгішек /ауыс/. Жасы үлкен аға-жеңгенің үйіне барған інісі, әдетте, арқасы кеуіп, қол-аяғын еркін ұстайды, ал іні мен келіннің үйіне барған аға-жеңге қысылып, қымтырылып, онша бір еркіндікті сезбейді. Өйткені ағаның үйінде інісі мен келінді көлдей көңіл, кең пейілмен қарсы алады да, інінің үйі дәл сондай ықылас білдіре алмайды – үйі тар, дастарханы жұпыны келеді. Демек, бұл «ағаға тән көңілдің кеңдігі мен жомарттығы ініде бола бермейді» дегенді аңғартады [4,165] деп, Ә. Қайдар халық даналығы кітабында түсінік беріп кеткен. Ал «ақ» түсі сонда ауысы мағынада адамның көңілінің кеңдігін білдіріп тұр.

Ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды /ауыс/. Пейілі кең, ниеті түзу адам берекеге кенеліп, бақ-дәулеті тасып, жаны жомарт жүретіндіктен, ол ел-жұртқа қызмет етуден шаршамайды, жалықпайды, аты да арымайды, тоны да

тозбайды [4, 184].

Ақтың атын ақымақ өшіре алмайды /ауыс/. Барша өмірін адал еңбекпен өткізіп, жақсылықтың, игіліктің отын тұтатып, таза жүріп, таза тұрған адамның істеген оң ісін есерсоқ, ақымақ адамдар жоққа шығара алмайды, себебі «адамның оң-теріс ісіне әрқашан да қауымның өзі-ақ әділ бағасын бере алар» [4,185]. Дененің ақтығы мен қаралығы моншаға түскенде белгілі. 1. Адам үнемі киім киіп жүретін болғандықтан, дене түсі басқаларға білінбейді. Оны тек шешініп, моншаға түскенде көруге болады; 2. Адамның сыры ішінде, оның сырт пішініне, түр-түсіне қарап білуге болмайды, оны тек реті келгенде, іш сырын ақтарысып сөйлескенде ғана білуге болады [4; 273]. Табиғаттың енді бір ғажабы, жаратылыс кереметі – адам. Бұл саладағы тұрақты тіркестерді төмендегідей топтарға жіктеуге болады:

А) Адамның сыртқы қабілеті, түр-тұлғасын портретін

сипаттайтын тіркестер.

Ақ құба – сұлу, сымбатты кісінің көркі туралы айтылады.

Ақ маңдай – әйелге тән әдемілікті, қабілеттілікті аңғартады.

Ақ білек- әдемілікті, қабілетілікті ажарлайды [1,36].

Ә) Адамның жеке басына тән қасиеттерді, ішкі жан дүниесін

айқындайтын оралымдар.

Ақ жүрек – таза, адал көңілді аңғартады.

Ақ пейіл- кіршіксіз, таза пейілді айқындайды [1,37].

Ақ көз – надан, ақымақ, қараңғы деген мәнді береді.

Ақ адам- адал, таза, жақсы адам [1,38].

Б) Адамның физикалық қалпын, физиологиялық ерекшеліктерін

бейнелейтін тұрақты тіркестер.

Ақ тер, көк тер болды – қара суға түсті.

Қосағымен қоса ағару – өмірлік жарымен бірге қартаю мағынасын

береді.

Ақ сайтаны ұстады – ашу-ызасы келді, арқасы қозды деген мағынада.

Ағынан ақтарылды – еш нәрсені жасырмады, ішіне еш сыр бүкпей,

ашық айтты, бар сырын ақтарды дегенді білдіреді [1,38].

Ақ сүтін ақтау – адал ниетімен борышын өтеу, ата-ананың ізгі тілегін

орындау. Қазақ халқы дүние тұтқасы, барлық тіршіліктің бесігі, адамзат

өмірін өрбітуші ананы «ақ ана» дейді, оның махаббат мейрімімен, іңкәрлік

сезімімен қайнар бұлақтай құйылған тіршілік нәрін – «ақ сүт атаған».

Көзін ағартты – ізін таптырмай кетті [1,39].

Қазақта қуаныштың, адалдықтың, сән-салтанаттың, жақсылықтың символына айналған ақ түске қарама-қарсы қайғы қасіреттің, жамандықтың белгісі – қара түс. Қара түске байланысты мақал-мәтелдерде адам бойындағы жаман қасиеттерге қатысты айтылса керек.

Қарау адам – күншіл, Мекер адам – міншіл. Қарау адамның қараулығы барды көре алмауға байланысты болса, қу адамның мекерлігі – біреуге мін таққыштығы, кемітіп-кемсітіп отыруы [4,389].

Айғыр туған жампоз бар, нар демесең нанғысыз,

Қарадан туған жігіт бар, ханға күнін салғысыз [5,57].

Мұндағы қара ханның төменгі сатысы, күңінен туған жігіт мағынасында берілген.

Жаман адам – құлқынның қара қабы. Кәрі атын мақтаған қара жаяу

қалар [5,47] деген мақалдарда қара түсі адамға байланысты қолданылса керек.

Тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, сенім-нанымға байланысты түр мен түс

семантикасы.

Бұл тақырыпқа байланысты ақ түсімен тіркесетін мақал-мәтелдер.

Ақ серке қой бастайды,

Ақын жігіт той бастайды. Мұнда ақ серке деп кәдімгі малға қатысты түс тура мағынасында айтылса керек.

Ақ қар көп болса,

Ақ нан көп болар. Бұл мақал жалпы еңбекке қатысты айтылғанымен, ақ түсі қардын, нанның түсін білдіріп тұр.

Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс – айтқаны болған, әмірі жүрген, айтқаны екі болмайтын [1;40].

Ақ киізге отырғызды – Ақ киізге орап, хан сайлады. (Бұрын хан сайлағанда, ақ киізге көтеріп отырғызатын, топ алдынан ақ киізге салып көтеріп өтетін болған) [1,40].

Ақ ауыл – қараша үйлі ауылдан бөлек, оқшау отыратын шымқай ақ үйлі бай ауыл [1,42].

Ақ жаулық – әйел, жұбай дегенді білдіреді. Неке қию кезінде күйеу қалыңдығының жеңгелеріне ақ жібектен, бөзден, бәтестен көйлектік кездеме сыйлайды, сол кездемелердің бір шаршысы қалындықтың қасына жабылады

[1,42].

Ақ дастархан – адал көңіл, таза ниетпен жайылған дастархан. Қазақ кез келген адамды шын ниетімен қарсы алады, барын алдына қояды. Адамға деген құрметі қазақ халқының өмірге деген құштарлығын айқындайды [1,45].

Алғыс-қарғыс мәндегі түстердің мағынасы.

Жүзі қара! (қарғыс). Жүзі қара – ұятсыз, арсыз, қара бет мағынасын береді.

Қараң өшкі! (қарғыс). Қараң өшкір – көзің жоғалсын мәнін аңғартады.

Көсегең көгерсін! (алғыс). Бұл тіркес өркенің өссін, бағың ашылсын мәнінде [1;79].

Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер белгілі бір халықтың дүниетанымын, табиғат, қоғам құбылыстарын өз тұрғысынан бағалауға, қоғамдық қарым-қатынасты, салт-сананы, әдет-ғұрыпты, наным-сенімді анықтауға арналған сан ғасырлық тәжірибенің жиынтығы. Сондықтан да олардың мәдени, рухани өмірімізге қатысы жоқ саласы кездеспейді. Тіл мүмкіншілігін мейлінше кең пайдаланып, ылғи толығып,толассыз дамып отыратын осы қазынамыз түр-түс атауларын да мол қамтиды екен.

Түр мен түске байланысты мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері тақырыптық жағынан топтастырғанда анықтағанымыз: адамға байланысты оның сырт келбетін, психикалық-физиологиялық ерекшеліктерін, моральдық қалпын, іс-әрекетін, ойлау, сөйлеу қабілетін, туыстық қатынастарын, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасын, тән және жан қажеттіліктерін бейнелейтін тіркестер өте мол.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Ахметжанова Ф., Р.Қайырбаева. Түр-түске байланысты тұрақты сөз тіркестері.  Алматы, 2001-131б.

2.     Жүсіпова Р.Б. Табиғат құбылыстарына қатысты ағылшын және қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы.-

3.     Қанапина С.Ғ. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің концептілік негіздері (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде) Алматы, 2006.

4.     Қайдар Ә. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу).- Алматы, 2004.

5.     Тұрманжанов Ө., Ақтамбердіұлы К. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: Раритет, 2004 - 439 б.