Әлеуметтік астарлы шығарманың жазылу тарихынан

 

Р.Б.Кажиакбарова, Жантасова З.Т.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан, Шымкент қаласы

 

    Бір жай ақиқат – кез-келген үлкен қаламгер творчествосы жайында ол зерттеліп аяқталған деген пікір дұрыс болмайды. Творчестволық еңбек көп қабатты, көп қатпарлы дүние. Әр ұрпақ жазушы қалдырған әдеби мұраны әр қырынан келіп ашады. Әдебиетшілер айтатын «әр ұрпақтың өз Пушкині, әр ұрпақтың өз Абайы бар» деген пікір де осы жайдан туындаған. Белгілі бір уақытта зерттеліп бітер болса, ол шын жазушы емес, ал оның жазғаны шынайы көркем шығарма болмағаны. Міне, осы жайдан келіп, табиғи талантты жазушы қаламынан туған, шынайы көркем творчестволық әлемді күн өткен сайын қайта оралып келіп, қайта қарап, бұл саладағы жетістікті айтып, кемшілікті көрсетіп, ашылмаған қабаттарын ашып, айтылмаған ойларды айту әрбір кезең әдебиетшілері міндетіне айналады. Бұл заңдылық.

     Қаламгер Сәбит Мұқанов мұрасына да осы заңдылық тұрғысынан келуіміз керек. Сәбит Мұқанов өндіріп көп жазған, соңына мол мұра қалдырған жазушы. Мол мұра жайында аз жазылған жоқ. Сөйте тұра Сәбит Мұқановтың көзі тірісінде жазылған зерттеу еңбектерінің біршамасы біртекті, бірсарынды екенін де айту парыз. Атап айтқанда, ол зерттеулердің біразы тап пен тақырып төңірегінде. Үлкен қазақ жазушысы жайындағы зерттеулер әлі күнге жалпылама келеді. «Ботакөз», «Мөлдір махаббат» секілді бірді-екілі шығармалары ғана болмаса, көп туындылары жазылу, жаратылу, тарих-тағдыры тұрғысынан зерттелмеген. Сондай зерттелмеген туындының бірі «Балуан Шолақ». Тереңдік пен көркемдікті көлемге қарап өлшеген кеңестік дәуірде «Балуан Шолақ» туындысы елене қоймады. Оның үстіне бұл шығарма кезінде Кенесары Қасымұлы жайындағы тарихи шындыққа негізделген эпизодтары үшін біраз уақыт қолданыстан алынып қалған. Бірсыпыра уақыт тыйым салынған шығарма әдеби сында да көп әңгіме болмаған.

     Қазақ әдебиетінде отызыншы жылдары Ахмет Байтұрсынов теориялық еңбек жазып, Смағұл Сәдуақасов «Сіз қалай жазасыздеген бағытта анкета жүргізгені бар. Осы алғашқы нышандар творчестволық шеберханаға ену жолындағы алғашқы талпыныстар болатын. Көркем шығарманың жазылу тарихының қазақ әдебиеттану ғылымында зерттелу жайына тоқталсақ, бұл мәселе жетпісінші жылдардың басынан дұрыстап қолға алына бастады. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» былай жазылды», М. Әуезовтің «Мен «Абай» және «Абай жолы» романдарын қалай жаздым?», Л.М. Әуезованың «Исторические основы эпопеи «Путь Абая» атты зерттеу еңбегі, Х.Есенжановтың «Ақжайық» романының жазылу тарихынан» деген мақалаларынан көркем шығарманың жазылу тарихын ашуға жазушылардың жетекші болғаны байқалады.

        Көркем шығарманың жазылу тарихының зерттелуі төл әдебиеттану ғылымымыздағы әлі де болса жас сала. Жеке шығарманың жазылу тарихын зерттеу шетел әдебиетінде, әсіресе орыс әдебиеттану ғылымында ертеден бар. XIX ғасыр орыс әдебиетіндегі әртарапты зерттеулердің бір саласыжеке шығарманың жазылу тарихын қарастыруға арналған зерттеулер. Өткен ғасырда лабораториялық зерттеулер төбе көрсеткені болмаса, өрістеп, арна тарта қойған жоқ. Орыс әдебиеттану ғылымында бүл тектес зерттеулер А.С. Пушкин,                         Л.Н. Толстой шығармашылығы төңірегінде бірді-екілі ғана көрінді. Аталған ұлы дарындардың шығармашылық сыр-сипаты, ішкі лабораториясы жөнінде зерттеу еңбектері XX ғасырда өте молынан жазылды. Ондай зерттеулерге арқау болған XIX ғасырдағы орыс әдебиеті алыптарының әдеби мұрасы. Өз заманында көркем сөзге жаңалық әкелген ұлылар әдебиеттану ғылымының шығармашылық тарихты зерттеу секілді тың арнасының ашылуына, құнарлы саласының тууына себепкер болды. Бұл саладағы алғашқы ғылыми еңбек Н.Г. Пиксановтың «Ақылдан қайғы» туындысының шығармашылық тарихы» атты зерттеуі (1928).

Белгілі бір шығарманы жазылу тарихын зерттеу, бір жазушының творчестволық лабораториясын жалпылай алып зерттеу, жалпы көркем шығармашылық психологиясын зерттеу секілді үш бұтақ бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Шындығына келгенде, қаламгердің дүниетанымынан бастау алатын, оның қай шығармасын қалай, қандай жағдайда жазғанына дейінгі творчестволық процесті бақылау сәттерінен тұрады. Біраз уақыттан бері әдебиеттану ғылымында «шығармашылық психологиясы» төңірегінде көп айтылып жүр. Шығармашылық психологиясын зерттеуге әлденеше ғылым саласының мамандары бірлесе отырып атсалысып, кешенді түрде жұмыла ортақ мәселені әр қырынан қарастырады. Әуел баста іргесін психолог Л.С. Выготский қалаған бұл әдеби зерттеу мектебі істерін шәкірттері сәтті жалғап, өз арнасын күннен-күнге кеңейтіп келеді.

      Әдеби шығармашылық жазушының өмір тарихымен ұштасып жатқан процесс. Бала жасынан эпос жаттап өскен жазушының есте сақтау қабілеті ерекше болған. С.Мұқанов болашақ туындыларының кейіпкері Балуан Шолақпен 1913 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Марьевка деген жерде кездеседі. Осы кездесуден соң әнін тыңдап, өнерін қызықтаған бала Сәбиттің бойында өнерге деген құштарлық туады. С. Мұқанов «Балуан Шолақ» туындысына түрткі болар әсерді көбіне бала кезден санасында сақталған естеліктер негізінде тапқан. Балуан Шолақ болашақ жазушы көңілінде айырықша әсер қалдырған түлға. Өмірлік материалдың негізгі көзі жазушының жеке өмірбаяны. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдың жас шағында санасында қалған Кавказ және Севастопольдік әсерлерінің, алған мәліметтерінің бай болғаны соншама, басқа шығармаларын былай қойғанда, бір ғана «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясына толық жеткен екен. Осындай жазушылық табиғатты қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов табиғатынан да көруге болатын еді. Жазушы С. Мұқановтың бала шағынан жаттап өскен жыр-қиссалары, естіген аңыз-әңгімелері, көзбен көрген жайлары шығармаларына үлкен арқау болған. Бұған бірсыпыра шығармаларын мысал етуге болады. Атап айтқанда, «Өмір мектебі», «Балуан Шолақ», «Ұмсын сұлу» суреткер өмірінен туған тақырыптар. Бала шағында жүздескен әсермен Балуан Шолақ бейнесі көңілінде берік орнығады. Сегіз қырлы, бір сырлы Балуан Шолақты өнердің биік тұлғасы ретінде бағалады. Мемуарлық шығарма «Өмір мектебінде» халық әні мен енеріне сусындап өскен бала Сәбит бейнеленеді. С.Мұқанов жас шағынан Арқаның атақты өнер иелерімен жүздескен. Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сынды сал-серілер өнерін тамашалаған. Мемуарда баяндалған өмірбаяндық мәліметтердің деректік маңызы бар. Жазушы Балуан Шолақ бейнесін былай суреттейді: «... Кескіні бірсыдырғы көркем екен, имектеу зор мүрынды, қалың қабақты, қою қасты, үлкен қара көзді, ат жақты, қою, үзын қара мұртты, дөңгелектеу қою қара сақалды... Ерекше көзге түсетін киім-кешегі екен: сыртына желбегей салған ақ ботаның түбітінен тоқыған шекпен, астары батсайы, өңіріне жалпақтығы төрт елі қып құндыз үстаған, басында батсайымен тыстаған ақ бүйра тымақ, ішкі қара барқыт камзолының беліне жалпақ қып-қызыл жібек белбеу байлаған... Бұл сияқты киінген кісіні мен өмірде көрген емен» [1,233]. Жеке тұлғаның рухани, адамгершілік әлемі, гуманистік-эстетикалық мәселелер жалпы адамзаттық мәңгілік проблемалар. Классик жазушы А.М. Горький былай деп жазады: «Көркем шығарма өмір шындығынан туады. Бірақ тіршілік бетінде шашырап жатқан құбылыс өздігінен тізіліп бас құрамайды. Әдебиеттің қадірлі мүлкі саналатын туындылар өмір байланыстарын жан-жақты зерттеудің, жеке адамдар тағдырын үлкен қоғамдық даму заңцылықтарымен ұштастырудың нәтижесінде ғана пайда болады. Бұл мәселенің сыртқы, обьективті жағы болса, болмыстық факторларын біріктіріп, оларға қан жүргізетін, ерекше қуаттандыратын нәрсе суреткердің өз басын қатты толқытқан аңсар, идея. Көркем туынды суреткер белгілі бір идеялармен жалындап, көкірегіне ұялаған сырын айтпауға болмайтындай халге жеткенде ғана жазылуға тиіс» [2, 228].

Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы жазушы болашақ образдың жалпы бітімін, түлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек оқшау танытып тұратын оның тек өзіне ғана тән өзгелерде жоқ ерекшеліктері болуы – заңдылық. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан адам мінезін даралау әрекетімен ұштасады. Бұл жөнінде орыс халқының көрнекті ғалымы Юрий Оклянский: «Жазушы мақсаты - қайнаған өмір, тіршілік жәрмеңкесі арасынан өз қаьарманын табу. Бұл болашақ кейіпкерінің түптұлғасы. Алайда, образ жайында әңгіме болғанда түптұлғамен шектеліп қалу орынсыз. Өйткені, көркем образ жасау – кейіпкерге түптұлға іздеуге қарағанда анағұрлым күрделі процесс» дейді [3.43]. Қаламгер тарихи тақырыпты өзіндік игеріп, өмірлік деректі өз дүниетанымы тұрғысында баяндап, мұрат тұтқан образ арқылы көркем шығарма жазып, өз концепциясын білдіреді. Қандай жазушы болсын алған тақырыбын мұқият зерттейді. А.С. Пушкин «Капитан қызы» атты шығармасын жазу үшін патша архивіндегі материалдарды қарастырған. Жинаған дерегінің молдығынан «Пугачевтің тарихы» атты зерттеу еңбегін жазып шыққан. С.Мұқанов та «Балуан Шолақ» туындысын жазуды мақсат тұтқан соң өнерпаздың өмірі мен шығармашылығын терең зерттегені сөзсіз. Балуан Шолақ туралы көркем шығарма жазу үшін суреткер бұрыннан білетіндерін ізденіспен толықтырып, көп еңбектенген. «Балуан Шолақ» (1942 жылы жарық көрген) тарихи тұлғаның өмірі қазақ халқының тіршілігімен сабақтастырыла суреттелген туынды. Тарихи және көркемдік шындық арасындағы ара қатынасты ескере отырып тарихи тұлғадан қаһарман бейнесін сомдау әдеби процестегі ежелгі дәстүр. Көркем шығарманың негізгі арқауы қазақтың XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында өмір сүрген асқақ әншісі, ақыны, балуаны, өнерпазы Нұрмағамбет Баймырзаұлының өмір жолы. Балуан Шолақ сал-серілік дәстүрді жалғастырып, қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосқан тарихи тұлға. Белгілі өнер зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың Балуан Шолақ жайлы зерттеулері оқырманға белгілі. Өнер адамының бейнесін жасауда қаламгер үшін оның өмірбаяндық мәліметтерімен бірге өзі қалдырған әдеби мұраның маңызы зор. С.Мұқанов шығарманы жазу барысында тарихи дерек ретінде жиналған естелік, әңгімелермен бірге Балуан Шолақтың өз өлеңдеріне сүйенгені белгілі. Балуан Шолақ шығармаларының бір ерекшелігі өмір-тарихы, шыққан тегі, өзінің табиғи бітімі, тұлғасы, мінез ерекшелігі өлеңдерінде көрініс тауып отыратындығы. Жазушы Балуан Шолақ өлеңдерін пайдаланғанда онда қамтылған өмір деректеріне сүйене отырып, ол шығарма арқылы әдеби тұлғаның эмоциялық көңіл-күйін, психологиясын ашады. Ірі суреткер М. Әуезов Абайдың бейнесін жасау барысында негізгі тарихи мәні бар деректерді Абайдың өз туындыларынан табады, Балуан Шолақтың ән-өлеңдері өзінің басынан кешірген оқиғаға, сол дәуірдегі әлеуметтік, қоғамдық жағдайға байланысты туған. Сәбит Мұқанов өмірлік дерекке аса жауапты қараған жазушы. Ғалым С. Қирабаев қаламгер шығармашылығы жайлы: «... Сәбит –тарихшы жазушы. Жазушы қазақ қоғамының даму жолын ондағы негізгі бетбұрыс кезеңдерді өз шығармаларында үлкен шыншылдықпен бейнелеп келеді. Бірде дәуірдің тарихи оқиғаларына сүйене, бірде кітаптарын өмірде нақты болған адамдардың іс-әрекетіне құра отырып, ол халық өмірі дамуының бұлтарыссыз шындығын өз творчествосының өзекті тақырыбы етуде» дейді [5, 46]. Жинақтап айтсақ, Балуан Шолақ ғұмырнамасы Сәбит Мұқанов ойына тақырып ретінде өмірдің өзінен келген. Ал, тақырыпты көркем шығармаға айналдырып жазу жолында жазушы көптеген материалдар пайдаланған. Көркем шығарманың жаратылысына қарап отырып оны біз: 1) өзі көзбен көрген жайлар, 2) ел аузындағы естеліктер, 3) архивтік деректер, 4) әнші-ақынның өлеңдеріндегі, әндеріндегі психологиялық сәттерге бойлау деп төрт салаға жүйелей айтамыз. Орыстың атақты тарихшыларының бірі М.М. Боголовский бүкіл өмірін Бірінші Петр тарихын зерттеуге арнаған. Ол өзінің қойын дәптеріне: «Ұлы Петрдің тарихын жазу үшін өзіңе де ұлы Петрге ұқсап бағу керек» деп жазады [4, 11]. Демек, жазушы туындысының негізгі объектісінде тарихи тұлғаның болуы үлкен міндет жүктейді деген сөз. Басты кейіпкердің әрекетінен автордың да үні естіледі, яғни суреткер өзінің азаматтық позициясын білдіреді. Қаһарманның көңіл-күйі, жүрек соғысы жазушы бітімімен сабақтас. Ойымызды ұлы суреткер М.О. Әуезов сөзімен жеткізсек: «Ескі өмірден алынған кейіпкерлерінде де жаңа дәуір таңын тосқан асыл сезімдер жүреді. Ауыл тірлігін революция жолымен жаңғыртам деп алысқан жеке-жеке адамдардың бәрінде үлкен оптимистік наным мол болады. Осылай етіп суреттеу жазушының өз кеудесіндегі үлкен нанымнан туған» [5, 10]. Оптимистік романтикалық сарын С.Мұқанов шығармаларының қай-қайсысынан да айқын сезіліп түрады. Оның кейіпкерлері – табиғатынан арманшыл, таза көңіл, риясыз сезімнің адамдары. Қаламгер рухани дүниеміздің тазалығы, ұлттық болмыс пен мінезіміздің байлығын ашуды мұрат көреді. Ұлы сыншы В.Г.Белинский А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы туралы: «Мұнда оның бар өмірі, жаны, махаббаты, сезімі, түсінігі, аңсары. Демек, мұндай шығарманы бағалау, ақынды оның шығармашылық қызметі аясында бағалау деген сөз» дейді [6.431]. Жазушы толғанысы мен қиялының жемісі - әдеби кейіпкерге суреткер жаратылысының шарпуы тиюі заңды нәрсе. Ғалым С.М. Петров: «Әдеби қаһарманға дербестік сипатты суреткердің ойдан қосуы, қиялы емес, тарихтың өзі береді. Дербестік тарихи шындық өзегінен туындайды, демек, өз уақыты мен заманындағы нақтылы-тарихи өмірдің даму ерекшелігі арқылы тұлғаланады» дейді [7.132]. Мемуарлық туынды шығармашылық шеберхананың сырын ашып, қосымша дерек көзін береді. Жазушының «Балуан Шолақ» туындысында баяндалған эпизодтық оқиғалар, кейіпкерлердің табиғи болмысы мемуар деректерімен байланысып жатуы салдарынан «Өмір мектебі» шығармасымен өзара салыстырып қараймыз. Жазушы Сәбит Мұқановтың мемуарлық шығармасындағы мына бір сурет Балуан Шолақтың балалық шағымен үндескендей әсер қалдырады. «Есенейдің ен дәулетін меңгеріп алғаннан кейін, Торсан ояздық және губерниялық әкімдерге алым беріп, дос болады да, өзі бұл елдің болысы болып сайланады. Өкімет қолына тиген соң ол қарсы жақтан кек алуға кіріседі. Сонда, оның қырына көбірек алғаны, «Андабай-Отарбай» аталатын біздің аталарымыз, өйткені Торсанның Біжікенге үйленуіне көбірек қарсылық білдірген солар екен. Торсанның тілегіне қарай осы кезде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары) аштық және жерсіздік салдарынан ішкі Россиядан көшкен орыстар келіп жатады, соларға жер керек. Қолында үстемдік тұрған Торсан біздің ауылдың жерін переселендерге әпереді де, қыс ішінде мекенінен қуады» [1, 30]. Суреткердің «Балуан Шолақ» туындысында осы жайтқа ұқсас көрініс беріледі. Халыққа ауыр тиген реакцияшыл саясаттың бірі – жер аударылған орыс келімсектеріне қазақтың құнарлы жерінің зорлықпен алып берілуі еді. Жер мәселесі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында қазақ халқы үшін ең бір ауыр, жанға тиген, арға салмақ салған әлеуметтік теңсіздік мәселелерінің бірі ретінде көрінгені мәлім. Ел үшін аса бір ауыр жағдайға айналған бұл мәселе XIX ғасырдың өзінде «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» беттерінде кейде бүркемеленіп, кейде ашық көрініп отырды. Сонымен қатар бүл мәселе XX ғасыр басында «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті тарапынан халықтың «жан айқайы» ретінде жеткізіліп жазылғаны тағы да белгілі. Расында, бұл кезең қазақтың өз жеріне өзі ие бола алмай қалған, содан да мейлінше қорланған сәті. Қазақ халқы үшін әлеуметтік теңсіздіктің асқан көрінісі болған бүл мәселе жөнінде, кезінде Жер проблемасын елдік проблемамен сабақтастыра көтеріп, көкейкесті ойлар айтқан Телжан Шонанұлы мынадай пікір тербеген болатын: «Қазақ жерінің отарлануын және қазақ даласының талануын тарихи мақсатына, уақытына, отарлаған еліне қарай екіге бөлуге болады. Әуелгі дәуір орысқа бағынғаннан бастап XIX ғасырдың 80 жылдарының басына дейін. Бүл атты қазақтардың пайдасына, әскерлік кісілердің пайдасына деп жер алу дәуірі. Екінші дәуір өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғынан патшашыл өкімет құлағанға дейінгі дәуір. Бүл қара шекпендер үшін жер алу дәуірі» [8]. Ел билеген би-болыстар патша әкімдерімен бір болып, кедейлердегі шұрайлы, құнарлы жерлерді көшіп келгендерге беріп, жергілікті халық тіршілікке қолайсыз, құнарсыз аймаққа ығыстырылды. Осы жайларды көзбен көріп, біліп өскен Сәбит Мұқанов кейін жазушы болып қалыптасқанда өз шығармаларында оны айтпай, үндемей қала алмады. Өзінің «Өмір мектебі» мемуарлық шығармасында да, «Балуан Шолақ» романында да жер, «переселен» мәселелерін қайта-қайта оралып суреттейтін себебі де осыдан. Жоғарыда келтірілген эпизодтардан байқалғандай, ол шындық мемуарлық шығармада көзбен көрген оқиға ретінде сипатталса, ғұмырнамалық туындысында кейіпкерлер арасындағы тартысты өрістетін әлеуметтік теңсіздік оқиғасы ретінде суреттеледі. Айтылған жайларды «Балуан Шолақ» шығармасының жазылу тарихы тұрғысынан қарасақ, бұл жерде жазушы бала жасында көрген, естіген-білген өмір оқиғаларын көркем шығармада кейіпкерді тұлғалайтын жинақталған көркемдік шындық ретінде пайдаланғанына көз жеткіземіз. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі тарихи туындылар мен ғылыми-зерттеу еңбектерінде Қазақ елінің Ресейге қосылуы, орыс шаруаларының Ресейден көшіріліп келіп қоныстандырылуы прогресшіл маңызды роль атқарды деп насихатталып келген болатын. Сөз зергері С. Мұқанов өмірдің қат-қабат шындығын көркем шығарма өзегіне айналдырған жазушы. Тақырыпты ашуға автор үлкен дайындықпен келгендігін, ел аузындағы әңгіме, естелік материалдарды зерттегенін байқатады. «Балуан Шолақ» әлеуметтік астарлы шығарма. Балуан Шолақ өміріне қатысты оқиға деректерін суреттей отырып, сол дәуірдегі қоғамдық жағдайлардың шындығын ашқан.

 

Әдебиеттер:

 

1.     Мұканов С. Өмір мектебі. 1-кітап. – Алматы: Жазушы, 1970. 487 6.

2.     Горький М. Әдебиет туралы. Алматы, 1984. 280 6.

3.     Оклянский Ю. Рождение книги. (Жизнь. Писатель. Творческий
процесс).
– Москва: Худ. лит. 1973. – С.302.

4.     Пушкин А.С. Капитанская дочка. Ленинград: Наука, 1984. С.170.

5.     Сәбит Мұқанов тағылымы. Әдеби-сын макрлалар№ – Ататы: Жазушы,
1990.
384 6.

6.     Белинский В.Г. Поли. собр. соч., т.7. Москва, 1956. С.107.

7.     Петров С.М. Проблемы реализма в художественной литературе.
Москва: 1962. С.157.

8.     Шонанұлы Т. Қазак, жері мәселесінің тарихы. //Социалистіқ Қазақстан. 1991. 16 наурыз.