Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы ұлтық  рух

 

Р.Б.Кажиакбарова, Жантасова З.Т.

                   М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан, Шымкент қаласы

 

        Қазақстан  тәуелсіздік  алғаннан кейінгі жылдарда  қазақ поэзиясында ұлттық тәуелсіздік жаңа көркемдік мазмұнмен жырланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи сананы ояту, ұлттық рухты көтеру басталды деп нық сеніммен айта аламыз. Дәстүрлі даму арнасынан  ауытқымаса да  мазмұн мен идеяда   жаңашылдықтар,  көркемдік жаңа айшықтаулармен ерекшеленді. Поэзияда ұлттық рух, ұлттық мұрат, тәуелсіздіктің лебі есіп тұратын кең тынысты жарлар жазыла бастады.  Қазақ поэзиясы жаңа есімдермен толықты. Ақын М. Шаханов әр адамда анасынан басқа төрт ана болуы керек, ол –туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих – тәуелсіз ұлттың төрт тірегін  атады.  Барлап қарасақ, тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы  ана тілі,  е л тағдыры, жер тағдыры ең көп жырланған тақырыптар деп айтуға болады. Қазақ тілінің тағдыры жырлағанда, тілдің қазіргі қолданысына көңіл толмау сарыны ерекше байқалады. Ана тілін менсінбеу,өзге тілде сөйлеуді мақтаныш тұтқан жандар аз емес. Ақын С.Адай «Менсінбеймін» дегенше деген өлеңінде өткір жырлайды.

   Қатты айттым!

   Сынып кеткен шыдам-бұл.

   Ұлт ішінде: Айыр тілді жылан жүр.

           Өз Тіліңді «Менсінбеймін» дегенше,

           Өз халқыңнан туғаныңды күмән қыл!...  [1, 88].   

Жас ақын Алмас Темірбайдың  ана тілі туралы толғанысы бүгінгі күннің шындығымен  өрілген. Алмас ақын ана тілінің  қазіргі күйіне көңілі толмай, ертеңіне  алаңдаулы. Ана тілі туралы «Бәлду-бәлду...», «Қазақ тілі туралы элегия» атты  жырларында  ана тілінің бүгінгі халі шындықпен жырланған. Ақын сәби  үнінен, бала бақша мен мектептен, биік мінбелер мен кеңселердегі қазақ тілінің тағдырына  қынжылады.

                   Президент қазақша сөйлеп тұр... тағы да

                    Парламент орысша ойлап тұр ішінен.. [2, 88].   

Көшедегі көрініс те мәз емес, қазақтар орысша сөйлейді шүлдіреп, жылағым келеді, күлгім де келеді деп жырлаған ақын қазақ тілінің болашағына алаңдай отырып, армандайды.  Ұлт үшін ең өзекті мәселенің бірі - дін. Алмас Исаділ   «Шоқынған бала» атты жырында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі - өзге дінге өту мәселесі жайында толғанады. Әке тәрбиесі мен ана тәлімін алған жастың өзге діннің жетегінде кетіп, шоқынуы  ұлттың ұйысуына төнген қатер.

Түс елемей  аят, Құран, ғазалды,

Кәпірлермен қоса айтысып жаңа әнді,

Мұхаммедтің  кім екенін ұмытып,

 «Иегова куәгері » саналды.

Өз тіліне,

Өз дініне қас ұлға,

Өлгеннен соң тыныштық жоқ ақында.

Қазақ болып туғаннан соң, күні ертең

Ай тұрмай ма, қабірінің басында. [3, 88].   

          Ислам діні және діннің тағылымы, қасиеті жайында иман ұғымындағы жырлар көптеп жазылуда. Ақын Бауыржан Қарағызұлының «Ислам» атты жырында:

Алақанымда дұға болып көктедім...

Жан Алланың махаббатын сезгелі,

Жан-жағыма жұпар шашып сөздері,

Маңдайыммен сүйдім, нұрлы сәждені!

Тәубә. Тәубә. Тәубә... [4.88.].   

Жер сату туралы немесе қазақтың жері менің жерім деп көз алартқандарға қарсы рухты жырлар жазылды. Ақын Бауыржан Бабажанұлының жырында елге арналған жанайқайы қатар естіледі. Жанайқайы елдің, жердің болашағы, ол дағы көп ұранға ұқсамайды.

      Есіңді жи, қазағым, сатылмаған қалды нең?

      Сату оңай , «айнаға бір қарап ал, алдымен».

      Енді «Жерді » саудалап, үкімді өзің кесесің,

     Баладайын базарға алып шыққан  шешесін.

     Анаңды да сатқасын, саған пікір өзгерер,

     Жетім елді көзге әсте, ілуші ме еді өзгелер [5, 83].

Қазақ өз жеріне иелік етуі керек. Алақандай жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен бабалар аманатына адал болайық. Тәуелсіздік алғаннан  кейін  де  қазақ  еліне, жеріне көз  сүзетіндердің  қарасы тиылар емес. Жарас  Сәрсек те осы  мәселені «Көз сүзген » атты  өлеңінде  жан  ашырлықпен  толғайды :

Менің туған жерімде төбе – дөңдер көп еді,

         Қияғы  қылыш секілді, құрағы ырыс секілді.

         Бетегесі жусандай, орасан ол да  шөп  еді,-  деп  қазақ  халқының  табиғи сұлулығын  мадақтай  отырып:

         Тіреуі сынды  аспанның  шілмей  төмен  қараған,

         Жебесі  қолдан  түскен  соң жау жылап  кеткен  жер  еді,

         Содан  соң  бейбіт  өмірге маужырап  кеткен  жер  еді.

         Есігін  түнде  ілмеген  еркіндеу  жатқан  елі бар

         Өзеуреп келген  есерге бейіттер жатқан  белі  бар.

Автор қырмызы тектес қыздарын да көз сүзгендерге бауырынан  үзіп  бермеген, жау боп  келгеннің жерін – тозақ, жайымен келген жанға – жұмақ екенін  дәріптейді. Қазақ елі қашан да  меймандостығымен ерекшеленеді. Осы  өлеңде:    Көңілін  берген  адамға көктемгі қар боп ерігем,

                  Көңілім қалған адамға қара тас боп көрінем.

                  Шіренгенімді  көрсең  сен – үзеңгі  бауым  үзілген,

                  Қуанғанымды  көрсең сен – қоралы  қойым  кеміген [6, 112].

Байқағанымыздай қолы  ашық  елдің болмысын  табиғи  түрде  мақтана айтады. Сөз соңында:

         Көңілшектігім  қартайған

         Жасарып қазір келемін

         Құдайсынбаған, көз сүзген, бола да  қоймас дегенің 

деп  батыл  үн  қатады. Тәуелсіздік жылдарындағы жазылған жырлар  ұлттық сарын, ұлттық идеядан туындайды. Сонымен қатар Атамекенге оралған  қандастарымыздың поэзиядағы  өрнектері қазақ лирикасын дамытуға да өзіндік үлесін қосты. Жәркен Бөдеш, Кәп Құмарұлы, Зейнел Сүрмелі, Имашхан Байбатырұлы, Мұрат Бұштайұлы, Бақытхан Қазанғапұлы жырлары атамекен аңсаған бауырларымыздың мұң-шері іспетті. Ақын Бауыржан Бабажанұлының «Бесқаладан ағылып көш келеді» атты жырында жан сауғалап Арал, Әму жағасына кеткен қандастарымыздың  атамекенге оралған көшінің көрінісі жырланады. Атамекенге оралған қазақтардың сағынышы мен арман-мақсатымен бірге туған жерде қарсы алар кім бар деген алаңдаушы-лығын  да жасыра алмайды.

                          Бұрын Отан ортақ деп көсіліпті,

                          Туған жердің қадірін кеш ұғыпты.

                          Қара қалпақ кигені қумаса да,

                          Ала шапан кигеннің сесі мықты [5, 81].

Ағылып келген көш туған жердің тасын да дос көреді деп жырлаған ақын, жырын «Уа, қарсы алатын кім бар?» деген сұрақпен  аяқтайды. Ақын - өзі өмір сүріп отырған қоғамның айнасы яки барометрі. Елдегі келеңсіздікті, қоғамдағы кемшіліктерді ең алдымен ақын көреді, жырлай отырып, қоғам дертіне ем іздейді. Бауыржан Бабажанұлының «Қазақстан» атты жырында елдегі қағазбастылық сыналады. Қазақстан деген елдегі «қазақты алдау» деген  ойынды ойнайтын да ұтылатын қазақтар деп шошынады. Ол ойынның ерекшелігін ақын:

                          Сөзден басқа не әкелер жұртқа бақ,

                          Мынау-мінбер, сөйлегін.

                          Өз мүддесін өткізерде тықпалап,

                          Қазақ үшін дейді Ерім [5,  85].

Ел үшін айтылар сөздің өз пайдасынан туындап, биік мінбердегі сөздердің жалғандықпен айтылар ойынға айналғанын, бұл ойыннан тек қана қазақ қана азап шегетінін ойлаған ақын қоғамнан осы ойынды тоқтатар күшті шошына іздейді. «Ғасыр басындағы көңіл-күй» өлеңіндегі қоғамдағы келеңсіздіктерді сынай отырып, үмітсіздікке бой алдырмайды. Төрін өзгелерге беріп, өзгеге есесі кетіп жүрген қазақтың  болашағын алақан жайып тәңірден сұрайды.

                       Жапырақтар құшар кезде ажалын,

                       Қабағына  мұң ілінер күздің де.

                       Үш жүз болып тайталасқан қазағым,

                       Енді тағы бөлінер ме жүз дінге?

 «Қазақ айтады»деген өлеңінде де ұлттың күрделі мәселелерін  ақын ұлттың  монологы ретінде толғайды.

                        Мен, мен едім, мен едім,

                        Тауға айналдым төбе едім.

                        Егеменді ел болдым,

                        Енді мәңгі жайқалады желегім

                        ... деп едім.

                      Бірақ, бірақ  азат, дархан еліме

                      Тілім керек болмады,

                      Ділім керек болмады.

                      Дәл осылай кете берсе,түбінде,

                      Менің-дағы болар ма екен керегім?!

Ақын  қоғамдағы күрделі жайттарды жырлайды да, шешімін сауал күйінде ұсынады. Бұл да ақынның оқырманды ойландыруға ұмтылысынан туындаса керек. Қазақ айтады деген өлеңінде қазақ өзінің шерін өзі айтады, көнбістігі де қылаң береді, келер күннің қайырлы болатынан күдер үзбей отырып, бірақ қашан боларына да көзі жетпейді.

                        Түбі қайыр болса,әйтеуір ел үшін,

                        Неге болса көнемін.

                        Босағада отырғанмен дәл бүгін,

                        Төрге бір күн шығарыма сенемін.

                        Бірақ, қашан?!

Ақын жырларының  басым көпшілігі оқиғаға құрылады. Сол оқиғаны айта отырып, өзінің тұжырымын ұсынады. «Қайрақ», «Қазақ» деген өлең-дерінде  намыс, ұлттық намыс туралы жырланады.

Ақын Шәмшия Жұбатова  «Босаға» атты жырында  өз елінде  өзгелерді төрге оздырып, босағада қалып қойған халықтың мұңын жырлаған еді.  Ақынның арманы төрге озғандарды шығарып салар күнді аңсайды.

               Киелі деп босаға қорғаладым,

               Менің нәзік жаныма сол ғана мұң.

               Құс көпшікті жастанып, күй шертуге

               Өз төріме шыға алмай қор боламын.

               Қуанамын асауға бұғалық сап,

               Асаулыққа толы еді бұлалық шақ.

               Тұрсам,шіркін, өзімнің босағамда

               Қонақтарды құрметпен шығарып сап [7, 89].

Өлеңді оқығында, еліміздің бар байлығының талан-таражға түсуі, жеріміздің байлығынан шалқып байыған шетелдіктердің қазақ жерінде тайраңдау, «біз кең пейіл халықпыз» деп мақтанатын халықтың босағада қалған тағдыры көз алдыма келеді. Ақын жырындағы  өз төрін өзі иеленген  кезді сізде  аңсайсыз. Ақын Дәурен Берікқажыұлының 2008 жылы «Гүл мен қылыш жырлары» атты жыр жинағында  қоғамның бейнесі шынайы көрініс береді. «Намыс»  атты жырда  қоғамдағы мәңгүрттік, құл мінезден арыла алмай ақша мен атаққа  санасы уланған кезеңнің  кемшіліктерін сынайды.  Кемшіліктерді сынай отырып,   бабалардың рухынан кешірім сұрайды.

Ақынның қылыш жырларында алдаспандай өткір ойларды айтуды мақсат еткен. Ақын қоғамның дертін бүкпелемей жайып салады. «Құрдым» атты өлеңде қоғамның құрдымға бет алған көрінісіндегі кемшіліктерін санамалап,қанжардай кескілеп жайып салады. Қоғамдағы ашкөздік дерті, тоғышарлық қанжар жырдың қырына іліккен.  Тәуелсіздік жылдарындағы поэзияда ең алдымен тәуелсіздікті қастерлеу басым мәнге ие. Дінді жырлай отырып, Алланы, пайғамбарларды жырлай отырып, имандылық  арналарын дамытуда поэзиянының тағылымдық мәні артты.  Ата-баба дәстүрін сақтауға, тілді, салт-дәстүрді сақтап, ұлттық рухты асқақтату  ұлттық мүдде тұрғысынан жырлануда. Қазақ поэзиясы  1991-2012 жылдар аралығында  жаңа есімдермен, жаңа мазмұндармен толықты. Поэзия ұлттық сипат алды, ұрпақты тәрбиелеуде көркем жырлар жазылды. Мектеп бағдарламаларына  енгізіліп, қазіргі қазақ жырының көркемдік танымы мен ұлттық сипаты тұрғысынан  оқытылса, тәуелсіз  елдің ұрпағының рухани дамуына  өз үлесін қосары анық.

                 

                             Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Адай С. Әр қазақ – менің жалғызым. – А.,Үш қиян, 2001

2. Темірбай А. Мың бір мұң. Өлеңдер. – Алматы: Жалын, 2008. –64 б.

3. Алмас Исаділ.  Көңіл алаң. – Алматы: Жалын, 2008. – 80 б.

4. Бауыржан Қарағызұлы. Өң мен түс.  – Алматы: 2009. – 230 б.

5. Бабажанұлы Б.Уәде.Өлеңдер мен  поэма. – Алматы: Жазушы, 2006. – 136 б.  

6. Сәрсек Ж. «Түнемел» А.:  Жалын, 2008. 112 б. 

7. Жұбатова Ш.Қайта оралған көктем. – Алматы: Өлке, 2010. – 256 б.

8. Берікқажыұлы Д. Гүл мен қылыш жырлары. Алматы: Жалын, 2008. 80 б.