Г.Е.Нұртаева, Г.Б.Шарипова

Абай атындағы  ҚазҰПУ, Қазақстан

                                                                      

УАҚЫТ КОНЦЕПТІСІНІҢ  ФРАЗЕОСЕМАНТИКАЛЫҚ ӨРІСТЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

( қазақ, француз,орыс фразеологизмдері негізінде )

 

 

Қазіргі заманғы тіл білімі саласында кеңінен қолданылып жүрген өріс әдісі тілді бір жүйе ретінде қарастыруға және тілдегі жүйелілікті анықтауға мүмкіндік беретін бірден-бір әдіс болып табылады. Алғаш рет семасиологияда қолданылған өріс  атауының пайда болуы неміс ғалымдары Г. Ипсен, И. Трир есімдерімен тығыз байланысты. Жалпы бірыңғай мағына беретін сөздерді бір топқа топтастырған Г. Ипсеннің еңбегінен кейін өріс туралы түсінік қалыптаса бастады. “Лексикалық” және “ұғымдық” өріс деген ұғымдарды жіктеп, мағынасын толық ашып тіл ғылымына енгізген  И. Трир  осы жүйелілікті атауға сәйкес келетін термин атауын көп уақытқа дейін таба алмады. Кейінірек Г. Ипсен қолданған “семантикалық өріс” деген атау осы терминге лайық деп табылды.

Одан кейінгі уақытта өріс туралы ілім Л. Вайсгербер (Wortfeld) В. Порциг (синтаксистік және паратактикалық өріс), К. Бюлер (екі өріс туралы ілім- Zweіfelderlehre), В.Г. Адмони (грамматикалық өріс). Г. Мюллер (Grammatіsche Felder), Х. Бринкманн (Modalfekd) тәрізді ғалымдардың еңбектерінен көрініс тауып, ары қарай дами береді. [1,9] 

Жалпы, жеке және салғастырмалы тіл білімі деңгейінде қарастырылып келе жатқан өріс әдісінің мәні мен мазмұнының методологиялық және теориялық негіздері отандық және шетелдік тіл мамандарының еңбектерінде тереңірек зерттеліп, жаңа қырлары ашылуда.  “Лексика-семантикалық өріс” (Н.Ю. Караулов),  “лексика-семантикалық топ” (А.А.Уфимцева),  “функционалды- семантикалық өріс” ( Е. В. Гулыга, Б.И. Шендельс, Г. С. Щур, З.Қ. Ахметжанова, Г.К. Шайрахметова) деген атпен жан-жақты зерттеліп келген  өріс теориясы қазіргі заманғы тіл білімінде парадигмалық, синтагмалық, синтаксистік, морфосемантикалық, трансформациялық, мотивациялық өріс деген терминдермен толықтырылып,  өріс туралы теориялық білім кеңеюде.

         Грамматикалық  аспектідегі өріс әдісін зерттеген А.В. Бондарко бір-бірімен тығыз байланысқа түсіп, бір жүйені құрайтын тілдің барлық деңгейлерінің құрамын функционалды-семантикалық өріс деп қарастырады. Оның пікірінше, «Функционально-семантическое поле- это система разнородных языковых средств, способных взаймодействовать для выполнения определенных семантических функции». [2,8]       

Қазіргі кездегі өріс атауының анықтамасына сүйенетін болсақ, ол әртүрлі тіл деңгейіне жататын, бірақ тек біркелкі қатынастарды, мағыналарды білдіретін тіл құралдарының жиынтығы ретінде қарастырылады. Лингвистикалық түсіндірме сөздігінде өріске «заттардың, ұғымдардың қызметтік және мағыналық ұқсастығы бар құбылыстардың лексикалық жиынтығы» деп анықтама берілген және өрістердің негізгі екі түрі сипатталады, ол:

1)                         бір затқа қатысты топтастырылған заттық не денотаттық өрістер, мысалы: түсті белгілеу, өсімдіктер мен жануарлардың атауы, өлшем, уақыт көрсеткіштері, т.б.

2)                         бір ұғымға қатысты ұғымдық не сигнификатифтік өрістер, мысалы: рухтық жағдайды, ойлау, қабылдау процестерін, қажеттілік пен мүмкіндікті белгілеу.

Заттық өрістерде сөздер «кеңістік» принциптеріне сай топтастырылады, ұғымдық өрістерде сөздер «уақыт» принципіне және ұғымдардың қатынасына байланысты топтастырылады. [3, 160]

Алғашқы кезде лексикаға ғана қатысты болған өріс әдісі қазіргі кезде тілдің фразеологиялық компонентін зерттеуде де зор маңызға ие. Лексикологияда әртүрлі лексикалық- семантикалық өрістер қарастырылса, фразеологияда әртүрлі лексикалық- фразеологиялық өрістер зерттеледі. Өріс әдісінің фразеологияда қолданылуы ерекше мәселе болып табылады және ол кездейсоқ емес. Ол лексика мен фразеологияның әртүрлі деңгейлерінде сөз бен сөз тіркестерін, олардың құрылымдарын салғастырмалы зерттеу қажеттігінен туындап отыр. [4,14]

         Зерттеушілер фразеологиялық өрісті екі бағытта қарастыруда. Олардың бір бөлігі фразеосемантикалық өрісті өз алдына жеке, дербес өріс деп қарастыратын болса, екінші бір бөлігі оны лексика-семантикалық өріспен байланыстырады. Себебі, көп уақытқа дейін фразеологиялық бірліктер өздерінің ерекшеліктеріне, қалыптасу құрылымына және генетикалық ерекшеліктеріне байланысты толық зерттелмей келген еді. Сөздік қордың ауқымды бөлігін құрап тұратын фразеологизмдер әр халықтың тілдік байлығын арттыра отырып, әдет-ғұрпын, ұлттық салт-дәстүрін, танымы мен санасын, қиялы мен дүниетанымын, психологиясы мен ойлау тәсілдерін  көрсетіп бере алады.

         Біздің бұл мақалада қарастыратынымыз- қазақ, орыс, француз тілдеріндегі уақыт, мезгіл өлшемдеріне байланысты туындаған фразеологизмдер.

         Уақыт ұғымын білдіретін фразеологиялық бірліктер барлық халықтың сөздік қорында кездеседі, олар   әр халықтың  ұлттық ерекшеліктеріне байланысты әр  тілде әрқалай көрініс тапқан және әр халықтың салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен етене байланысып, дамып келеді. Оның даму тарихы сонау аңшылық, егін шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысқан дәуірден бастау алып келеді. [5,128]  

Қазақ тіліндегі уақытқа байланысты фразеологиялық бірліктерге тоқталатын болсақ, олардың пайда болуы көшпенділік дәуірмен тығыз байланысты екенін көреміз.

         Біздің ата-бабаларымыз жаз жайлауда, күз күзеуде, қыс қыстауда өмір сүріп жүрген кезеңінде уақытты сағатпен өлшеуге әлі үйренбеген болатын. Таңның атысы мен күннің батысын, тәуліктік уақытты сағатпен өлшемей өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі өмірлік тәжірибесінен таба білген. Мысалы, секунд, минут, сағат өлшемдерін шамамен дәл болжап, есептей білген. «Секунд» ұғымы білдіру үшін «қас-қағым», «кірпік қаққанша», «көзді ашып жұмғанша», «дем арасында», «табан аузында», «ә дегенше» деген тұрақты сөз тіркестері қолданылады. Бұл сөз тіркестерінің жасалуы тікелей адам дене мүшелерінің қимыл-қозғалысына байланысты. Минут пен сағат ұғымдары «шай қайнатым уақыт», «сүт пісірім уақыт», «ет асым» не болмаса «ет пісірім уақыт», «бие сауым уақыт» сияқты тұрақты сөз тіркестері арқылы  беріледі. Бұл топтағы атаулар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысты туындаған, олардың ешқайсысында «секунд», «минут», «сағат» деген атаулар кездеспейді. Бұл атауларды біз орыс тіліндегі уақыт ұғымдарын беретін фразеологизмдерден кездестірдік. «С секунды на секунду», «с минуты на минуту» дегеніміз «дәл қазір» деген мағынаны, «секунда в секунду», «минута в минуту» дегеніміз нақты белгіленген уақытты, «сию секунду»- өте қысқа уақытты білдіреді. Сондай-ақ, «в мгновенье ока», «не успел и глазом моргнуть» деген тұрақты сөз тіркестері секундқа жақын уақыт деген мағынаны береді.

         Француз тіліндегі уақытқа байланысты жасалған тұрақты сөз тіркестерінің құрамында секунд, минут компоненттері жоқ. «Еn un clin d’oeil» (сөзбе-сөз аудармасы- көз қаққанша), «en un battre des cils» (кірпік қаққанша), «en un tour de main» (қолды бір айналдырғандағы уақыт), «en deux tour de main »(қолды екі айналдырғандағы уақыт ) деген тұрақты сөз тіркестерінің жасалуы адам қимылымен байланысты болып келеді. Бұл жерден біз адам мүшелерінің  атаулары мен сандарды кездестіріп тұрмыз, олар «қас-қағымда» деген мағынаны береді.

         Құрамында «pas»-аттам немесе қадам, «moment»-мезет сөздері қолданылып тұрған «de ce pas », «d’un moment à l’autre»,  «de moment en moment» фразеологизмдері «дәл қазір» деген мағынаны беру үшін қолданылады.

Тәулік пен жыл ішіндегі мерзімдерді дәл ажырату үшін ата-бабамыз Ай, Күн, Шолпан, Жетіқарақшы, Үркер, Темірқазық, Есекқырған тәрізді аспан денелерін пайдаланған. Мысалы, таң мезгілін «үркер туа», «үркер төбеге келгенде», «үркер жерге түспей» деп білдіріп отырған.

Таңның ату көрінісіне қарай қалыптасқан көптеген тұрақты тіркестер бар. Мысалы, «таң білінер-білінбесте», «таң сыз бергенде», «таң қылаң бергенде», «таң құлан иектенгенде», «таң сәріде», «таң бозарғанда», «таң сазарып атқанда», «таң алагеуімде», «таң аппақ атқанда», «таң сібірлей», «шолпан туа», «таң сарғайғанда», «құлқын сәріде», т.с.с. Сондай-ақ, «торғай шырылдағанда», «тауық шақырғанда» дегеніміз де таңның атқанын білдіреді.

Орыс тілінде «ни свет ни заря», «чуть свет» тәрізді фразеологизмдер  таңның атқанын білдіреді. Бұл жерде «свет», «заря» компоненттері бар.

Ал француз тіліндегі таңның атқанын білдіретін «le bon matin», «le grand matin», «le petit matin» құрамында «matin» сөзі «жақсы», «үлкен» және «кішкентай»  тәрізді сын есімдермен бірге қолданылып тұр. Барлығы таңертеңгілік мезгілді білдіреді.

Қазақ тілінде күннің қозғалысына қарап  туындаған  тұрақты сөз тіркестері  көптеп кездеседі. Олар таңертеңгі, түскі, кешкі мезгілдерді білдіреді: «күн шығар алдында», «күн шыға», «күн көтерілгенше», «күн найза бойы көтерілгенде», «күн арқан бойы көтерілгенде», «күн төбеге келгенде», «күн төбеден ауғанда», «күн еңкейгенде», «күн бата», «күн ұясына кіргенде».

Дәл осындай сәйкестікті француз тілінде кездестірдік. Мысалы, «point du jour»(кішкене күн), «jour naissant»(туып келе жатқан күн), «jour levant»(көтеріліп келе жатқан күн) таңертеңгілік мезгілді білдіреді. «Au jour faillant» (күннің аяқталған кезінде), «au declin du jour»(күн батқан кезде) кешкі мезгілді білдіреді.

Бұл топтағы ерекшелік-қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында планета атауы алынып тұр, ал француз тіліндегі «jour»-күн-уақыт көрсеткіші.

Қазақ тілінде түскі уақытты білдіретін «түс», «бесін», «сәске», компоненттерімен жасалған «ұлы түс», «шаңқай түс», «сиыр сәске»,  «ұлы бесін», «кіші бесін», «тайдай тал түс», «тапа тал түс» деген фразеологизмдер тобы бар.

Ал француз тілінде осыған сәйкес келетін «à midi sonnant»- түс мезгілін білдіреді.  Бұл тұрақты сөз тіркесі «midi»-түскі уақыт, яғни сағат түскі 12 болған кез  және «sonner»- соғу етістігінен құралған.

Күн ұясына кіргеннен кейінгі уақыт бірнеше кезеңге бөлініп қарастырылған. Мысалы, «ел орынға отыра», «көз байлана», «қас қарая», «ымырт жабыла», «қызыл іңірде», «іңір қараңғысында», «ел шырт ұйқыда жатқанда», «жылқы жусар кезде», «ел бір ұйықтап оянғанда».

Орыс тіліндегі «на ночь глядя» және  француз тіліндегі «à la nuit sonnant»(сағат түнгі 12-ні соққан кезде) фразеологизмдері  түн мезгілін білдіреді.

Бұл жерде байқағанымыз, қазақ тіліндегі фразеологизмдер әр түрлі сөздерден құралған, ал, орыс және француз тілдерінде «түн» сөзі бар.

Ежелгі Ресейде қандай мезгіл болғанын әтештердің шақыруы арқылы біліп отырған. Осыған байланысты бірнеше тұрақты сөз тіркестері қалыптасқан. «Вставать с первыми петухами»-таңертеңгілік мезгілді, «ложиться с петухами»- кешкі мезгілді білдіреді. Қазақ  тіліндегі «тауық шақырғанда» және француз тіліндегі «à premier chant du coq»- таңғы уақыт жөнінен хабар береді.

Қазақ, орыс, француз тілдеріндегі уақыт ұғымын беретін фраазеологизмдерді бір-бірімен салыстыра отырып біз олардың арасында жасалу жолы  ұқсас әрі бірдей мағына беретін фразеологизмдерді байқадық. «Кірпік қаққанша», «көзді ашып жұмғанша»,  «не успел и глазом моргнуть», «еn un clin d’oeil», «en un battre des cils» бір-біріне эквивалент болып келеді, барлығы да  уақыттың көз ілеспес, шапшаң өтетін бір мезетін білдіреді. Сондай-ақ, «Вставать с первыми петухами»,  «ложиться с петухами», «тауық шақырғанда» және «à premier chant du coq». Барлығында да үй құсының атауы бар. 

Осы мысалдар арқылы біз бір-біріне ұқсамайтын 3  тілдегі фразеологиялық бірліктердің  өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан бір-біріне жақын болып келетініне көз жеткіздік. Олардың семантикалық жағынан жақын болуы олардың бірдей немесе ұқсас жағдайды көрсетуінен болып отыр.

Жасалу жолы мүлдем бөлек, бірақ бір мағына беретін тұрақты сөз тіркестері де бар, мысалы, қазақ тіліндегі «ақ пен қызыл арасында» және француз тіліндегі «entre chien et loup» (ит пен қасқыр арасында)-кеш мезгілін білдіреді. «Entre chien et loup» дегеніміз- ит пен қасқырды бір-бірінен айыра алмайтын, көз байланған кез. 

Ислам дінінің қазақ даласында таралуына байланысты намаз оқу, ораза тұту, ауыз ашу, ауыз бекіту мерзімдері де уақыт өлшеміне айналды. «Таң намазы», «намазшам», «намаздыгер», «ұлы бесін», «кіші бесін», «екінді», «екінді мен бесіннің арасы», «ауыз ашар уақыт» деген өлшемдік ұғымдардың кейбірі архаизмге айналса, бірқатары күнделікті өмірімізде ауызекі тілде қолданылып келеді. Олар таңғы, түскі, кешкі мезгілдердің болғанынан хабар беріп отырады.

Қазақ тілінде күнделікті тіршілік көзімен байланысты пайда болған тұрақты сөз тіркестерінің тағы да бір тобы бар. «Қар еріп жатқанда», «қара өзек шақта», «жуанның созылып, жіңішкенің үзілген шағында», «төл алып жатқанда», «ел қосқа шыққанда», «бие байлап жатқанда», «ел жайлауға көшерде» деп көктемді, «пішен шауып жатқанда», «ел жайлауда отырғанда», «қырық күндік шілдеде», «жаз шыға», «жаз ортасында» деп жаз мезгілін, «күздің қара суығында», «ел күзекте отырғанда», «егін алып жатқанда» деп күзді, «қақаған қаңтарда», «ақ қар көк мұзда», «қыстың көзі қырауда», «ел қыстауға қонғанда», «соғым сойып жатқанда» деп қыс мезгілін ажыратқан.

Бұл тек қана қазақ тіліне тән ерекшелік, себебі, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы бірде жайлауға көшіп, бие байлап жатса, бірде пішен шауып, егін алып жатқан, енді бірде қыстауға көшіп, соғым сойып жатқан. Осы әрекеттерді сипаттау арқылы жылдың қай мезгілі екенін білдіріп отырған.

 

 

Қолданылған әдебиеттер :

 

1.  Гулыга Е.В., Шендельс Е.И. Грамматико-лексические поля в   

     современном немецком языке. М. “Просвещение”, 1969. с. 9-10.

2. Бондарко А.В. Грамматическая категория и контекст. Л, «Наука» 1971,

    с.8.

3. Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. А.,               

     2002,  160 б.

4. Исабеков С.Е. Метод поля во фразеологии/ Сборник материалов

   конференции, посвященой 75-летию профессора М.М. Копыленко. А.

   1997. с. 14.

5. Дуйсекова К.К. Основы сопоставительного изучения фразеологии

   французского и казахского языков. А, 2005, с. 128 

6. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А,1977.

7. Фразеологический словарь русского языка. Под ред. Молоткова А. И.

    М,1967.

8. Alain Rey, Sophie Chantreau. Dictionnaire des expressions et des locutions.

    Paris, 1993.

9. Ермекова К., Садықова Г., т.б. Французша-қазақша сөздік А, 2003.

10. Larousse. Dictionnaire de français. Librairie Larousse, 1987.

 

 

                                                   

                                                       Резюме

         Статья посвящена выявлению общих и различительных черт фразеологизмов казахского, русского и французкого языков, служащих для выражения временных отношений.

 

 

Summary

 

         The artіcle reveals similarities and differences between Kazakh, Russian and French phraseological units that express the temporal meaning.