Шаридияр Валиханов,
филол.ғ.к., доцент,
Ы. Алтынсарин атындағы
Арқалық мемлекеттік
педагогикалық институты
(Аркалық қ.
Қазақстан р.)
Ғабиден Мұстафиннің
«Еңбек бірлігі» әңгімесінің
көркемдік сипаты
Ғабиден
Мұстафин көркем шығармашылыққа
құмартып, қолына қалам алып газет хабарларын жаза
бастағаны сеп болып, жиырмасыншы жылдардың аяғына қарай
алғашқы прозалық туындыларын жаза бастайды. Бұл
кезең қазақтың кеш туған прозасы мейлінше
молығып, Сәкен, Бейімбет, Жүсіпбек, Мұхтар,
Жиенғалилардың, тағы да басқа қаламгерліктен
үміттенген көп талапкердің әңгіме, повесть,
романдары үсті-үстіне жазылып, жарық көріп жатқан
уақыт.
Өзінің
жазушылық жолы жайлы бір әңгімелерінде Ғабиден Мұстафин
қашан, қалай, кімнен үйреніп, өз соқпағын
іздеп жаза бастап еді деген мәселенің түп-төркініне
тартып жатқан жан сырларын ағытатыны бар.
Ғабиден
Мұстафиннің жазу мәнерін, баяндау жөндерін барлауды сол
алғашқы әңгімелерден бастауымызда жазушының шеберлік
жолындағы ізденіс, көркемдік алымындағы өзіндік
мәнер, машықтың қалыптасу сырларын айқындай
түсу мақсаты жатыр.
Ғабиден
Мұстафиннің 1927 жылы жазылған «Еңбек бірлігі» атты
әңгімесі авторлық баяндаудан басталады.
Мысықбектің тұрмыс-тіршілігі, қара сиырының
бұзаулауы мен әйелі Күләйдің бала табуы,
кішкентай шым үйі, шым үйдің қоян жарғақ
күңгірт терезелері, қорада тұрған қара
шолағы әңгімеленеді.
Мұстафиннің
осы алғашқы әңгімелерінің өзінде
қаламы ширақ. Баяндауына тұрмыс күй, көңіл
күйдің көп жайын қамтып, суретпен, бейнемен
әңгімелейді. «Ә» деп бастағанда, сол дәуірдегі
жұртын ұйытқан, қазіргі кезеңде де бей-жай
қалдыра алмайтын қара сөздің классигі Бейімбеттің
жеңіл, жинақы, ширақ, жанды, шынайы жазу
мәнерінің ықпалы да сезіліп тұр. Қазақы
қара әңгімеге болмыстың бар сәтін, әрекет,
қозғалыс, тебіреніс, толғанысты тұтас тартып желдірте
жетектеп, ой қозғап, от беріп отырып жазу үлгісі.
«Мысықбектің
Күләйі мен қара сиырының төлі бірдей.
Күләй он бала тапқанда, қара сиыр он бұзаулады.
Бірақ, бірінің баласы, бірінің бұзауы
құтаймады...
Мысықбек
өзінің қарын терезелі кішкентай шым үйінде отырып
осының бәрін көз алдынан өткізді. Байқаған
кісіге оның ой әсері сыртына да шығып еді:
қисықтау келген көзі көстие біткен
қабағының астында ойнақшып тұрды. Ұш
жағы етектілеу келген қол-ағаш сияқты танауынан
шыққан дем, селдір сақалын желпіп тұрды. Анда-санда
борбиған саусақтарын тарбитып жіберді де буындарын сырт-сырт
еткізіп уқалады. Осы пішінімен бір қатарға дейін тапжылмай
отыр еді. Бір уақытта ақбас күшігенше орнынан созылып барып
түрегелді. Шапанша тонының етегін олпы-солпы қылып
қаусырынды. Құр белбеуімен белін шорт буа салды.
Сеңсең тымағын басына апарып жапты да, желқом ерін
қолтықтай далаға шықты» [1, 16 б.].
Осы баяндауда
бірталай дүние қамтылып, көркемдіктің талабына
тартылған. Мұнда сурет бар, оқиға бар, ой бар,
қимыл бар, тіршілік қызуы бар – шынайылық, жандылық
бар.
Жазушы
өзінің естелігінде ойыма келген дүниені, көзім
көрген жайларды отыра қалып жаза бастадым дейді алғашқы
беталыс туралы.Сонда айтылғандай, көрген жайды жазған.
Бірақ жай көргенін жазбаған, басқаға да
көрсетіп, көрсете алып көркем жазған.
Мысықбектің
әңгіме басталар-басталмаста ішкі ойының шет жағасын,
жан күйзеліс, алаң көңілін, ширығуын сырт-сырт уқалаған
саусақ, ойнақшып орнында тұра алмаған қысық
көзі білдіріп қояды.
Жазушы
Мысықбектің жұпыны тұрмыс күйін, сырт пішінін,
бет бітімін, әңгіме басында біршама таныстырып тастайды.
Әңгіме
жинақы, ширақ жазылған. Сол кездің прозалық
шығармаларында енді-енді орнығып жатқан сөйлеу тілін де
автор ұтымды қолданады. Диалог сөз де оқиға
беталысын, айнала дүниені көркем ашып көрсетуге жегіліп,
қызмет етеді.
Мысықбектің
қорадағы құла шолақты мініп жорта жөнелуін
құлаққағыс ету арқылы автор оның бір
шаруаға тастүйін бекіген күйін меңзейді.
Жайбарақатты көтермейтін шұғыл шаруаның хабары
жеткендей.
Медеу мен
Мысықбектің өзара жедел, асығыс тіл қатысуы
істің бет алысын айқындай түскен. Екеуі де өздері
тірлік етпей ештеңе өнбесін, біреуге қарап телмірудің
енді реті жоғын ұғына қойған. Жазушы ел
адамдарының мінез-құлқындағы жатып ішер
жалқаулықты да осы тұста бір шымшып өтеді.
«Жолшыбай
өзінің ауылдасы Медеу деген жігіт қарсы жолығып:
– Уа,
қайда барасың, Мысықбек, – деді.
– Егін
мезгілі таяған соң, Қиқымбекке сөйлескелі барам.
–
Бармай-ақ қой! Мен де сонан келем, бір аяқ тарым бар еді,
соны сіңіріп бер десем, барлық егінімді салыс дейді. Оның
егінін салып болғанша, жаздың көбі өтеді екен.
Соған бола жүрейін бе, – деді Медеу.
– Япыр-ай, ол
ит, егінді көп салады-ау! – деді Мысықбек.
– Түу!
Қиқымбек жердің түгіне тойған ба! Оған
біріккенше «құдай» елге берсін десеңші! Мысықбек
мысық мұртын сипап тұрып, Медеуге қарады да, жымиып
күлді.
–
Антұрған-ау, елдің бірі өзіміз, салмасаң егін
қайдан шығады? – деді. Екеуі де атының басын бұрып
ауылға қайтты» [1, 17 б.].
Ақыры
дағдарып келе жатып, екеуі не істеу керегін шешіп, әрекетке,
еңбекке бел байлайды, бірігіп, күш қосып еңбектенсе,
береке келеріне сенім орнап, оның үстіне қазынаның
кедейге тұқым жөнінен көмектесетінін ескеріп,
қуанысып қалады.
Жазушы
қазақ еңбекшісінің жалғыз-жарым жүріп
жоқшылықтан құтыла алмасына, ендігі бағыт
ұйымдасқан еңбекте, заманның беті солай
бұрылуында екендігіне құлаққағыс жасайды.
Әңгіменің мұраты осы. Кедей-жалшыға
күніңді көруге қолайлы жағдай туды дегенді айту.
Автор осы түпниетті шағын әңгімеде
әжептәуір оқиға құрып,
шығарманың көркем шешімін, көркем өрісін дамытып,
әсерлі, суретті, өмір сәттерін қаз-қалпынша
жеткізіп баяндап берген.
Екі
адамның сөйлесуі де жатық – өмірдегідей. Жазушы
қалам ұстап, қағазға көркем оймен
өріп түсірген өмір сол алғашқы
дүниелердің өзінде-ақ шынайы, табиғи. Жасанды
бояу жоқ. Тіл кестесі де көзге ұрарлықтай
әп-әдемі.
Әңгімеде
өмір көріністері бар, уақиға бар, адам мінездері бар.
Шығарма
құрылымы ықшам, ширақ. Баяндау жатық.
Шығарма басында дел-сал дағдарыста отырған, кедейшілік
мүжіп тастаған Мысықбекті көреміз. Мұнан
соң Медеу екеуінің шаруа жайын ойласып Толбайға келуі
баяндалады.
Келесі
көрініс егіндік басындағы шаруабасты елдің қауырт,
қарбалас қимылы. Жазушы тынымсыз тірліктің күйін
қалт еткен сәтімен, дабыр-дұбыр дыбысымен көркем
сөзге көшіруге өзі де қуанышты сияқты. Бар
болмысымен бақылайды ол еңбек күйін. Барынша айнытпай
түсіруге тырысады ақ қағаздың бетіне.
«Қара
жердің қыртысы бырт-бырт сөгіліп, шымдар қолмен
жатқызғандай жығылып жатты», – дейді жазушы соқа
тартып, таспаша тілінген жердің көрінісін ашып.
Әңгімедегі
бірер ауыз тіл қатысынан-ақ болмыс-жаратылысы байқалып
жатқан момын ел адамдарының, сонау бір сәуірдегі
тағдыр, тарихы өзіндік өрісімен ерекше қазақы
шаруа, кедей болғанымен, кеудесі басылмаған, екі қолға
бір жұмыс деп, адал нан тауып жеуге жұмылған қарапайым
адамдардың шынайы бейнесі есте қалады.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТ
1
Мұстафин Ғ. Жиырма бес. – Алматы, 1970. – 312 б.
РЕЗЮМЕ
В статье
говорится о художественных особенностях раннего рассказа
Г. Мустафина «Трудовое единство».